Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шараларды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 7 қарашадағы № 934 Қаулысы
«Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-1-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шаралар (бұдан әрі - шаралар) бекітілсін.
2. Орталық атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), өзге де ұйымдар (келісу бойынша) шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін, сондай-ақ жартыжылдықта бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігіне олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (келісу бойынша) жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-ы күнінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына шаралардың іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат беріп тұрсын.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2025 жылғы 20 қарашада қолданысқа енгізіледі.