ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
2025 - 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы
1-бап. 2025 - 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет тиісінше осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларға сәйкес, оның ішінде 2025 жылға мынадай көлемдерде бекітілсін:
1) кірістер - 21 392 054 673 мың теңге, оның ішінде:
салықтық түсімдер бойынша - 15 193 343 932 мың теңге;
салықтық емес түсімдер бойынша - 435 325 855 мың теңге;
негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша - 5 200 000 мың теңге;
трансферттер түсімдері бойынша - 5 758 184 886 мың теңге;
2) шығындар - 25 193 022 392 мың теңге;
3) таза бюджеттік кредиттеу - 252 140 981 мың теңге, оның ішінде:
бюджеттік кредиттер - 510 480 002 мың теңге;
бюджеттік кредиттерді өтеу - 258 339 021 мың теңге;
4) қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо - 46 891 300 мың теңге, оның ішінде:
қаржы активтерін сатып алу - 46 891 300 мың теңге;
5) бюджет тапшылығы - -4 100 000 000 мың теңге немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 2,7 пайызы;
6) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы - -10 999 700 000 мың теңге немесе елдің жалпы ішкі өнімінің 7,3 пайызы;
7) бюджет тапшылығын қаржыландыру - 4 100 000 000 мың теңге.
2-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 54 050 000 мың теңге сомасында және әскери полигондарды пайдаланғаны үшін 9 418 330 мың теңге сомасында жалдау төлемақыларының түсімдері көзделсін.
3-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберілетін 2025 жылға арналған түсімдердің көлемдері осы Заңға 4-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
4-бап. Тиісті бюджеттің кірісіне мыналар есепке жатқызылатын болып белгіленсін:
1) Бірыңғай бюджеттік сыныптаудың бюджет түсімдері сыныптамасының «Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық» коды бойынша - жер қойнауын пайдаланушылардың роялти бойынша берешегі, сондай-ақ салық режимі тұрақтылығының кепілдіктері сақталатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша роялти;
2) Бірыңғай бюджеттік сыныптаудың бюджет түсімдері сыныптамасының «Әлеуметтік салық» коды бойынша - бұрын Зейнетақы қорына, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа, Міндетті медициналық сақтандыру қорына, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорына аударылып келген жарналар бойынша берешек, сондай-ақ автомобиль жолдарын пайдаланушылардың бұрын Жол қорына түсіп келген аударымдары.
Бұл ретте салық режимі тұрақтылығының кепілдіктері сақталатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер жоғарыда көрсетілген аударымдарды немесе әлеуметтік салықты «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес есептелген, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдардың сомаларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының сомасына азайтады.
5-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінен республикалық бюджетке бюджеттік алып қою көлемдері 504 192 231 мың теңге сомасында көзделсін, оның ішінде:
Атырау облысынан - 178 103 098 мың теңге;
Алматы қаласынан - 251 515 914 мың теңге;
Астана қаласынан - 74 573 219 мың теңге.
6-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінен трансферттер түсімдері 3 992 655 мың теңге сомасында көзделсін.
Облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінен трансферттер түсімдерін бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.
7-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт мөлшері 2 000 000 000 мың теңге сомасында көзделсін.
8-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған мақсаттарға 3 250 000 000 мың теңге сомасында көзделсін.
9-бап. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) жалақының ең төмен мөлшері - 85 000 теңге;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері - 32 360 теңге;
3) зейнетақының ең төмен мөлшері - 62 771 теңге;
4) айлық есептік көрсеткіш - 3 932 теңге;
5) базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы - 46 228 теңге болып белгіленсін.
10-бап. Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 8,5 пайызға көтеру ескеріле отырып көзделген деп белгіленсін.
11-бап. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2 пайызы болып белгіленсін.
12-бап. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерьлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшері 3 739 теңге сомасында белгіленсін.
13-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге және республикалық маңызы бар қала бюджетіне берілетін субвенциялардың көлемдері 5 774 300 885 мың теңге сомасында көзделсін, оның ішінде:
Абай облысына - 251 802 902 мың теңге;
Ақмола облысына - 383 299 707 мың теңге;
Ақтөбе облысына - 318 046 527 мың теңге;
Алматы облысына - 203 587 891 мың теңге;
Шығыс Қазақстан облысына - 270 135 370 мың теңге;
Жамбыл облысына - 465 951 698 мың теңге;
Жетісу облысына - 386 544 063 мың теңге;
Батыс Қазақстан облысына - 266 852 747 мың теңге;
Қарағанды облысына - 347 076 005 мың теңге;
Қызылорда облысына - 476 697 239 мың теңге;
Қостанай облысына - 340 665 775 мың теңге;
Маңғыстау облысына - 166 821 060 мың теңге;
Павлодар облысына - 146 670 494 мың теңге;
Солтүстік Қазақстан облысына - 336 217 821 мың теңге;
Түркістан облысына - 1 103 589 982 мың теңге;
Ұлытау облысына - 59 142 606 мың теңге;
Шымкент қаласына - 251 198 998 мың теңге.
14-бап. Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне:
1) ішкі істер органдарының азаматтық қызметшілері қатарындағы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге;
2) табиғатты қорғау және арнаулы мекемелер жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге;
3) эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге;
4) ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
5) ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруді жүргізуге арналған құралдарды (бұйымдарды) және атрибуттарды сатып алуға;
6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге;
7) Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға;
8) еңбек мобильділігі орталықтарының қызметін қамтамасыз етуге;
9) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге;
10) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, ұйымдар жұмыскерлерінің, қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге;
11) мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбегіне төленетін ақыны ұлғайтуға;
12) мектепке дейінгі мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлерінің еңбегіне төленетін ақыны ұлғайтуға;
13) ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарын қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлерінің еңбегіне төленетін ақыны ұлғайтуға;
14) жекеменшік орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға;
15) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияның мөлшерін ұлғайтуға;
16) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі мемлекеттік білім беру ұйымдарының медицина қызметкерлерінің еңбегіне төленетін ақыны ұлғайтуға;
17) «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде жергілікті деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;
18) жергілікті деңгейде денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;
19) вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуға;
20) жергілікті атқарушы органдардың денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге;
21) халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар сатып алуға;
22) радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
23) мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының медицина қызметкерлерінің еңбегіне төленетін ақыны ұлғайтуға;
24) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуге;
25) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдерін сайлауды қамтамасыз етуге және өткізуге 2025 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.
Облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің осы баптың бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген, 2025 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.
15-бап. Ауыл халқының кірісін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану мақсатында ауыл халқына микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттерге кредит беруге арналған қаражатты бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.
16-бап. Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға кредит беруге арналған қаражатты бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.
17-бап. «Қарағандышахтатарату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу және (немесе) пайдаланудың тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.
18-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылға арналған резерві 375 704 477 мың теңге сомасында бекітілсін.
19-бап. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылға арналған шығындарының құрамында жаңарту тәртібінде шығарылған материалдық құндылықтарды өткізуден түскен 5 200 000 мың теңге сомасындағы қаражат республикалық бюджеттің кірістерінде көрсетіле отырып, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруға және сақтауға 10 490 926 мың теңге сомасында қаражат көзделгені ескерілсін.
20-бап. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің 2025 жылға арналған шығындарының құрамында мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына аудару үшін 179 531 062 мың теңге сомасында қаражат көзделгені ескерілсін.
21-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктерін беру лимиті 2025 жылы 1 000 000 000 мың теңге мөлшерінде белгіленсін.
22-бап. 2025 жылы экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру лимиті 200 000 000 мың теңге мөлшерінде белгіленсін.
23-бап. 2025 жылға мемлекеттің кепілгерліктер беру лимиті қолданылмайды деп белгіленсін.
24-бап. 2025 жылғы 31 желтоқсанға үкіметтік борыш лимиті 32 843 600 000 мың теңге мөлшерінде белгіленсін.
25-бап. 2025 жылға Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиті 4 278 352 764 мың теңге мөлшерінде белгіленсін.
26-бап. 2025 жылға арналған республикалық бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайтын республикалық бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі осы Заңға 5-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2025 жылға арналған жергілікті бюджеттерді атқару процесінде осы Заңға 6-қосымшаға сәйкес жергілікті бюджеттік бағдарламалар секвестрлеуге жатпайды деп белгіленсін.
27-бап. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарының болжамы осы Заңға 7-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
28-бап. Осы Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2024 жылғы 4 желтоқсан
№ 141-VІІІ ҚРЗ
«2025 - 2027 жылдарға арналған
республикалық бюджет туралы»
2024 жылғы 4 желтоқсандағы
Қазақстан Республикасының
№ 141-VIII ҚРЗ Заңына
1-ҚОСЫМША
2025 жылға арналған республикалық бюджет