Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(Нұр-Сұлтан қ., 2019 жылғы 20 маусымда)
ҚР 2021 жылғы 24 маусымдағы № 55-VII Заңымен ратификацияланды
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімнің, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартының (бұдан әрі - Жалға беру шарты) және 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің ережелерін ұстанатындығын растай отырып,
бірлескен халықаралық ғарыштық бағдарламалар мен коммерциялық ғарыштық жобаларды іске асыру арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың тиімділігін арттыру мүдделерінде әрекет етуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан поляр маңындағы орбиталарға ғарыш аппараттарын ұшыру үшін солтүстік бағыттағы жаңа трасса бойынша «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде Тараптар мен құқықтық қатынастардың басқа да қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеу үшін ұйымдық-құқықтық негіз белгілеу осы Келісімнің нысанасы болып табылады.
1. Осы Келісімді орындау бойынша жұмыстарды үйлестіруге жауапты уәкілетті органдар:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті;