4. Активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтару туралы келісімнің, бітімгершілік келісімнің немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімнің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жасалған өзге де келісімдердің барлық талабын орындаған субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
2026.03.01. № 251-VIII ҚР Заңымен 4-тараудың тақырыбы алып тасталды (2026 ж. 8 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24-бап. Активтерді қайтару тәсілдері (тетіктері)
1. Активтерді қайтару ерікті немесе мәжбүрлі сипатта болуы мүмкін.
2026.03.01. № 251-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Активтерді ерікті түрде қайтару заңсыз иемденілген активтердің барлығын немесе бір бөлігін мемлекетке беру не қаражатты ұлттық экономикаға және (немесе) әлеуметтік-мәдени объектілер салуға инвестициялау, не елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзге де үлес қосу арқылы жүзеге асырылады.
3. Активтерді мәжбүрлеп қайтару осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен, Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
25-бап. Активтерді ерікті түрде қайтару
1. Тізілімге енгізілген тұлғалар, сондай-ақ меншігінде, иелігінде немесе бақылауында активтер болатын өзге де тұлғалар өздерінің меншігіндегі, пайдалануындағы, иелігіндегі немесе бақылауындағы активтерді:
1) активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес бітімгершілік келісім;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес кінәні мойындау және активтерді қайтару туралы процестік келісім;
2026.03.01. № 251-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2026 ж. 8 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер жасасу арқылы мемлекетке ерікті түрде қайтаруға құқылы.
Өзге де келісімдер деп активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлғалармен және өзге де тұлғалармен жасасатын келісімдер түсініледі.
Өзге де келісімдерде экономикалық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістерді, кәсіпорындарда қосымша жұмыс орындарын ашуға инвестициялар көзделуі мүмкін.
Өзге де келісімдерде әлеуметтік-мәдени объектілер салу, халықтың әртүрлі санаттарына көмек көрсету бойынша әлеуметтік, қайырымдылық және өзге де жобаларды іске асыру, сондай-ақ халқының игілігі үшін Қазақстанның орнықты әлеуметтік және экономикалық дамуына өзге де үлес қосу да көзделуі мүмкін.
Қажет болған жағдайда, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік органдар өзге де келісімнің қатысушылары (тарапы) бола алады.
Өзге де келісімнің шарттарын орындау мақсатында мемлекеттік органдар тізілімге енгізілген тұлғалармен, сондай-ақ өзге де тұлғалармен мемлекет мүддесінде активтерді беру туралы басқа да келісімдерді жасаса алады.
2026.03.01. № 251-VIII ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 8 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көзделген келісімдерді жасасу нәтижесінде қайтарылған немесе мемлекет кірісіне берілген активтер заңсыз деп танылмайды.
2. Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою берілгенге дейін тұлға мен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалады.
3. Қазақстан Республикасының соттарында активтерді мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы азаматтық істер қозғалған тұлғалармен жасалған бітімгершілік келісімдерді тиісті азаматтық істі қарайтын сот бекітуге тиіс.
4. Шет мемлекеттердің қолданылатын заңнамасына сәйкес жасалған, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдердің тарабы болып Қазақстан Республикасының атынан активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган әрекет етеді.
Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім жобасын дайындау барысында тұлғамен бірлесіп, келісу рәсімдерін жүргізеді, соның шеңберінде мемлекетке беруге жататын активтер тізбесі және оларды беру шарттары айқындалады.
Шарттар ақшаны төлеуді, активтердің бір бөлігін немесе барлығын беруді, толық алынбаған салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасын, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың сомасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу салдарынан туындаған, келтірілген залалдың сомасын, тұлға активтерді иеленген жалпы кезеңде алған үстеме кірістердің, бірақ мемлекетке келтірілген залалдан, субъект және (немесе) оның үлестес тұлғалары активті иемдену кезінде қабылдаған орындалмаған инвестициялық және өзге де міндеттемелерден және өзге де іс-шаралардан кем емес сомасын мемлекетке өтеуді көздеуі мүмкін.
Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттарын айқындау кезінде активті дамытуға қосқан үлесі, активтен алынған кірістерді қайта инвестициялау, құрылған жұмыс орындарының саны және активтің тиімділігі мен пайдаланылу шарттарын сипаттайтын өзге де факторлар ескеріледі.
Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттарында тұлға кәсіпкерлік қызметті жүргізудің, оның ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген бәсекелестік емес қолайлы жағдайларына байланысты, сол сияқты тиісті тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер нарығында экономикалық ресурстарды нақты шоғырландыру нәтижесінде, оның ішінде тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие болатын және (немесе) ие болған нарық субъектілерінің акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама иелену жолымен үстеме кірістер алған жағдайда, тұлға активтерді иеленген жалпы кезеңде алған осындай үстеме кірістердің сомасын қайтару көзделуге тиіс.
Тұлға алған үстеме кірістердің сомасын есептеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттарында Қазақстан Республикасына қаражатты қайта инвестициялауды, кәсіпорындарда қосымша жұмыс орындарын құруды, өндірістік қуаттарды экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға инвестицияларды және тараптар келіскен басқа да шараларды қоса алғанда, мемлекет пен Қазақстан Республикасы халқының бұзылған мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған қажетті шараларды іске асыру да көзделуге тиіс.
Активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімді жасасу, оның ішінде қайтарылуға жататын активтерді (көлемін, құрамын), активті дамыту жөніндегі шараларды және өзге де шараларды айқындау шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Активтерді қайтаратын тұлға келісім жасалатын күнге дейін бес жұмыс күнінен ерте емес уақытта, қайтарылатын активтерге өз есебінен орындалған тәуелсіз бағалауды ұсынуға тиіс, оның нәтижелері мемлекетке қайтарылуға жататын соманы айқындау кезінде есепке алу үшін активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға берілуге тиіс.
6. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарттары орындалмаған жағдайда, активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы және шығыстардың, оның ішінде талап қоюға байланысты шығыстардың сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.
Келісім жасасқан тұлғалардың өздеріне қатысты активтерді мәжбүрлеп қайтару жөніндегі шаралар қолданылатын өзге де активтері кейіннен анықталған жағдайда, мұндай тұлғалар келісімдерді жасасқан күнгі жағдай бойынша активтерді иеленудің жалпы кезеңінде алған үстеме кірістердің сомасын мемлекетке толық көлемде қайтаруға, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалды өтеуге міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген ережелер активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның келісім жасасқан тұлғалардың кейіннен анықталған барлық өзге де активтерін, сол сияқты олармен байланысты үстеме кірістер мен залалдарды толық көлемде мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру жөніндегі шараларды іске асыру құқықтарын жоққа шығармайды.
7. Осы бапта көзделген шарттар активтерді ерікті түрде қайтару жөніндегі келісімдерге, бітімгершілік және өзге де келісімдерге енгізілуге тиіс.
26-бап. Активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру негізі
1. Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер деп тану Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылған шешімдері бойынша активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыруға негіз болады.
2. Азаматтық сот ісін жүргізуде активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру үшін негіздер мыналарға:
1) қылмыстық сот ісін жүргізу қағидалары бойынша айыптау үкімінің болуына;
2) қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің аяқталуына, ақтау үкімінің шығарылуына, қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылуына;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген тәртіппен тіркелген және жүргізілетін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің болуына;
4) іс-әрекеттерді жасау кезінде қолданыста болған заңдарға сәйкес қылмыстық деп сараланатын және жазаланатын осы іс-әрекеттерге қатысты қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерінің өтуіне;
5) осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін қабылданған, мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау және (немесе) қылмыстық жауаптылықтан босату туралы заңнамалық актілердің (тиісті заңнамалық актілердің шарттары бойынша заңдастыруға жатпайтын, сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыс санаттарын жасау нәтижесінде алынған мүлікке қатысты) болуына қарамастан қолданылуы мүмкін.
3. Азаматтық сот ісін жүргізуде активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру осы іс-әрекеттерді жасау кезінде қолданылған заң нормаларына сәйкес іс-әрекеттердің заңдылығы, қылмыстылығы және жазалануы мәселелерін саралау кезінде жүзеге асырылады.
27-бап. Активтерді азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде мәжбүрлеп қайтару ерекшеліктері
1. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тізілімге енгізілген тұлға активтерінің иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қисынды күмән келтірген жағдайда, комиссия материалдарды қарағаннан кейін прокурор барлық қажетті мән-жайларды қарау негізінде, комиссияның ұсынымдарын негізге ала отырып, мұндай активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне айналдыру туралы сотқа талап қоюды беру жөнінде шешім қабылдайды.
2. Прокурордың активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюы:
1) субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының, олардың мұрагерлерінің және құқықтық мирасқорларының;
2) активтерді субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан өтеусіз түрде не нарықтық емес жағдайларда иемденген не осындай мүліктің қылмыстық не өзге де заңсыз жолмен пайда болғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған өзге де (осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген) тұлғалардың меншігіндегі активтерге қатысты берілуі мүмкін.
Осы Заңның 26-бабы 2-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар осы тармақта көрсетілген азаматтық талап қоюды қайтаруға негіз болмайды, талап қоюды беруге және оларды сот ісін жүргізуге қабылдауға, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен істі қарауға және соттың шешім шығаруына кедергі келтірмейді.
Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер деп тану негізі бойынша берілетін талап қоюға комиссия хаттамасынан үзінді-көшірме қоса тіркеледі.
Талап қоюды қарау осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріліп, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
Соттың істі қарау мерзімі істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап алты айдан аспайды.
Істі қарау мерзімі оның нақты күрделілігі, іске қатысатын тұлғалардың мүдделері ескеріле отырып, қисынды әрі жеткілікті болуы есепке алынып, қосымша бір жылға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Жауапкердің келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
3. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, адал иемденушіден активті талап ету жүргізілмейді.
Егер мемлекетке қайтарылуға жататын актив адал иемденушіге берілсе немесе оны сәйкестендіру, бөлу немесе мемлекеттің кірісіне айналдыру мүмкін болмаса, онда активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тиісті талаптарды мәлімдеген кезде сот шешімімен жауапкерден талап қою берілген кездегі жағдай бойынша, көрсетілген активтің нарықтық құны мөлшеріндегі сома өндіріп алынуы мүмкін.
4. Егер мемлекетке қайтарылуға жататын активке адал кредиторлардың заңмен қорғалатын құқықтарымен, сондай-ақ өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтарымен ауыртпалық салынса, онда талапкердің талап етуі бойынша сот шешімімен актив мемлекет кірісіне айналдырылуы мүмкін не жауапкерден талап қою берілген кездегі жағдай бойынша, көрсетілген активтің нарықтық құны мөлшеріндегі сома өндіріп алынуы мүмкін.
Актив мемлекет кірісіне айналдырылған кезде адал кредиторлар мен өзге де тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында не шарттарда көзделген негіздер бойынша олардың қолданылу мерзімі өткенге немесе тоқтатылғанға дейін сақталады.
Активтер мемлекет кірісіне айналдырылған жағдайда, жосықсыз кредиторлардың өздері қамтамасыз ететін міндеттемелер бойынша активтерге қатысты мүліктік құқықтары соттың осындай активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тоқтатылады.
Өтеусіз түрде не нарықтық емес жағдайларда шарттар жасасқан және тізілімге енгізілген тұлғаларға қатысты үлестес болып табылатын, үлестес болуын сот анықтаған тұлғалар адал кредиторларға (кез келген мүліктік құқықты адал иемденушілерге) жатпайды.
5. Егер мүлікке тұлғамен үлестес заңды тұлғаның немесе онымен туыстық қатынастары бар тұлғаның мүліктік құқықтарымен ауыртпалық салынса не егер мүлік тиесілі болатын тұлға осы мүліктік құқықтардың бенефициары болса, онда осы құқықтар соттың мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тоқтатылады.
6. Прокурор банкке көрсетілген мемлекеттік қолдау сомалары шегінде, зиян келтірген тұлғалардың әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірілген осындай зиянды, сондай-ақ егер мұндай әрекеттердің (әрекетсіздіктің) салдарынан банктер алынған мемлекеттік қолдау сомаларын мемлекетке өз бетінше қайтара алмайтындай жағдайда болса, мемлекеттің банкке мемлекеттік қолдау көрсетуге жұмсалған шығыстарын өтеуді мемлекеттің атынан талап етуге құқылы. Тұлғалардың өздері келтірген зиянды және мемлекеттің банкке мемлекеттік қолдау көрсетуге жұмсалған шығыстарын өтеуі банктің мемлекетке қайтаруға тиісті сомаларының мөлшерін осындай зиян мен шығыстардың өтелген сомасы шегінде азайтады.
7. Активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюда тұлға (тұлғалар тобы) активті иеленген бүкіл кезең ішінде алған үстеме кірістерді қайтару, мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптар, активтерді қайтару бойынша жүргізілген шығыстарды өтей отырып, бөтеннің иелігінен талап етіп алдыру туралы талаптар және өзге де заңды талаптар қамтылуы мүмкін.
28-бап. Пайда болуы түсініксіз активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру
1. Пайда болуы түсініксіз активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қоюды қарау кезінде мынадай мән-жайлар:
1) активтерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер (сипаттамасы, тұрған жері және өзге де мәліметтер);
2) активтердің жауапкерге тиесілі болуы және жауапкерге не оның үлестес тұлғаларына қатысты тізілімге енгізу үшін осы Заңда көзделген негіздердің болуы;
3) жауапкердің не оның үлестес тұлғаларының активтерді иемдену құны немесе ол болмаса, иемдену кезіндегі нарықтық құны, егер құны белгіленбесе, онда талап қою берілген кездегі нарықтық құны;
4) жауапкердің не оның үлестес тұлғаларының заңды кірістерінің не активтерді иемдену үшін пайдаланылған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздерінің мөлшері және осындай кірістер не оларды иемдену үшін шығыстарды жабу көздері мөлшерінің сәйкестігі;
5) істі дұрыс қарау үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.
Талапкер осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мән-жайларды ақылға қонымды анықтылық дәрежесінде дәлелдеуге тиіс.
Жауапкер осы тармақтың 3) - 4) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар бойынша айқын әрі сенімді дәлелдемелерді ұсынуға тиіс.
Егер талапкер жауапкердің талап қойылған активтерді тікелей немесе жанама түрде иемденуі (алуы) заңнаманы, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін не өзге де тұлғаларды қоса алғанда, мемлекеттің, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын ұйымдардың мүліктік құқықтарына не мүдделеріне залал келтіруге алып келген елеулі түрде бұзу арқылы жүзеге асырылғанын анықтылығын ескере отырып дәлелдесе, онда жауапкер олай емес екендігіне айқын әрі сенімді дәлелдемелер ұсынуға тиіс. Егер талапкер жауапкердің талап қойылған активтерді тікелей немесе жанама түрде иемденуі (алуы) заңнаманы, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін не өзге де тұлғаларды қоса алғанда, мемлекеттің, мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын ұйымдардың мүліктік құқықтарына не мүдделеріне залал келтіруге алып келген елеулі түрде бұзу арқылы иемденілген (алынған) өзге де активтерді (өзге де активтерді не олардан түскен кірістерді) пайдаланудан немесе өткізуден түскен кірістерді тарта отырып жүзеге асырылғанын анықтылығын ескере отырып дәлелдесе, онда жауапкер олай емес екендігіне дәлелдемелер ұсынуға тиіс. Егер жауапкер сотқа осындай дәлелдемелерді ұсынбаса, онда сот тиісті активтерді толығымен не олардың бір бөлігін иемденудің (алудың) заңды көздері пайдаланыла отырып, иемденілген (алынған) деп тани алмайды.
Өзге мән-жайларды өз талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде оларға сілтеме жасайтын тұлға Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген дәлелдеудің жалпы қағидалары бойынша дәлелдейді.
2. Талап қою нысанасы болып табылатын активтер, егер жауапкер осы Заңға сәйкес мән-жайларды дәлелдемесе немесе талапкер көрсеткен мән-жайлардың болуын жоққа шығармаса, сот шешімі негізінде пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекеттің кірісіне мәжбүрлеп өтеусіз айналдырылуға жатады.
3. Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою үшін талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
Активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап қою үшін талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тұлға (тұлғалар тобы) активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсынған күннен басталады. Егер декларация ұсынылмаса, талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі тұлға (тұлғалар тобы) активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсынуға құқылы болған мерзім өткен күннен басталады.
29-бап. Сот шешімі және оның орындалуы
1. Сот шешімі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 223-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.
2. Егер істі қарау кезінде талап қоюдың нысанасы болып табылатын активтер кредиторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз ететіні анықталса, сот шешімінде осындай кредиторлардың осы Заңға сәйкес адалдығы немесе жосықсыз екендігі туралы тұжырым болуға тиіс.
Активтер, оның ішінде қолма-қол ақшасыз нысандағы ақша, құжатсыз бағалы қағаздар бойынша талап қою қанағаттандырылған жағдайда, сот шешімінде осындай активтерді сәйкестендіру үшін жеткілікті ақпарат (шот деректемелері, шот иесі туралы деректер, активтерге құқықтарды есепке алуды жүргізетін тұлға туралы деректер және басқа да деректер) қамтылуға тиіс.
30-бап. Активті ақшалай баламада тәркілеу не мемлекет кірісіне айналдыру мүмкіндігі
1. Осы Заңда көзделген активтерді қайтару тәсілдері (тетіктері), алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары ішінара немесе толық өзгертілген немесе түрлендірілген не өздеріне активтер ішінара немесе толық қосылған активтерге қатысты, осындай өзгерту, түрлендіру не қосу тәсіліне қарамастан қолданылуы, сол сияқты осындай активтерді пайдалану арқылы алынған нәтижеге, өнімдерге, кірістерге қатысты қолданылуы да мүмкін.
2. Егер заңсыз иемденілген активтер басқа активтерге толық немесе ішінара қосылған болса, заңсыз иемденілген активтердің белгіленген құнына сәйкес келетін қосылған активтердің бір бөлігі ғана қайтарылуға жатады. Тыйым салу және өзге де алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары заңсыз иемденілген активтерге қатысты белгіленуі мүмкін.
3. Егер қайтарылуға жататын активтерді заттай қайтару мүмкін болмаса, прокурор сотқа тиісті талап қоюды берген күнге осындай активтердің ақшалай немесе өзге де мүлік түріндегі құны өтелуге жатады.
31-бап 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
31-бап. Азаматтық іс жүргізуді қозғаудың өзге де негіздері
1. Осы тараудың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасының сотында активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы істер бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және заңнамасында көзделген жағдайларда, тікелей шет мемлекеттің құзыретті органының арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
2. Сот Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, тәркіленген мүлікті немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активті не оның ақшалай баламасын толығымен немесе бір бөлігін шет мемлекетке беру туралы шешім шығаруға құқылы.
5-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОР ЖӘНЕ БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯ
32-бап. Арнаулы мемлекеттік қор
1. Арнаулы мемлекеттік қор - Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында түсімдерді есепке жатқызу және ақшаны жұмсау үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.
2. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес Республикалық бюджет комиссиясында орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары міндетті түрде қарала отырып жүзеге асырылады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты жыл сайын жариялауға тиіс.
3. Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері мыналар болып табылады:
1) ақша, оның ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден түскен ақша;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқарушы компанияның меншігіне не оның активтерді басқару жөніндегі қызметі нәтижесінде түскен өзге мүлікті өткізуден алынған ақша.
Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын пайдалану және мониторингтеу тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
1. Басқарушы компания Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз құрылтайшысы және қатысушысы болатын коммерциялық ұйым болып табылады.
Басқарушы компанияның мақсаттары осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу болып табылады.
2. Басқарушы компанияның мүлкі:
1) осы Заңда көзделген тәртіппен қайтарылған активтер;
2) өз қаражаты есебінен құралады.
Ақшалай нысанда қайтарылған активтер тікелей Арнаулы мемлекеттік қордың есебіне жатқызылады.
Басқарушы компания өз қаражаты бойынша және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген тәртіппен қайтарылған активтер бойынша бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және бөлек қаржылық есептілікті ұсынады.
3. Басқарушы компанияның міндеттері:
1) мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау;
2) мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету;
4) активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету болып табылады.
4. Басқарушы компанияға берілген активтер:
1) кепіл нысанасы бола алмайды;
2) кредиторлардың талабы бойынша өндіріп алынбайды;
3) мүлікке тыйым салу немесе өзге де ауыртпалық салу нысанасы бола алмайды;
4) басқарушы компания мен үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша инкассолық өкіммен өндіріп алынбайды;