Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 4 мамырдағы № 361 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің 92-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2026 жылғы 4 мамырдағы
№ 361 қаулысымен
бекітілген
Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі 92-бабының 4-тармағына, мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес әзірленді және резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) елді мекеннің аумағы - қалалық немесе ауылдық елді мекеннің белгіленген шекаралары (сызықтары) шегіндегі кеңістік;
2) елдi мекеннiң бас жоспары - қала құрылысы регламенттері ескеріле отырып, елді мекенді аймақтарға бөлудi, оның жоспарлы құрылымын және аймағын функционалдық ұйымдастыруды, көлiктік және инженерлiк коммуникациялар, көгалдандыру мен абаттандыру жүйесін белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды дамытуды және оларда құрылыс салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
3) қонысаралық аумақтар - елді мекендердің шекарасынан (шегінен) тыс орналасқан аумақтар;
4) резервтегі аумақтар - елді мекендерді дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды дамытуға (абаттандыруға) арналған аумақтар;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері -Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмір сүру және тіршілік ету ортасын қалыптастыруға және дамытуға қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;