Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 219 бұйрығы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 71-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 219 бұйрығымен
бекітілген
Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидалары (бұдан әрі - Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 71-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарта отырып, геология саласындағы ұлттық оператордың мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде жүзеге асырылады.
3. Осы Қағидаларға сәйкес аккредиттелген ғылыми ұйымдар орындайтын жұмыстар геология саласындағы ұлттық оператордың тапсырмасымен жүзеге асырылады.