«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 16 наурыздағы № 124 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 15 тамыздағы № 502 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 16 наурыздағы № 124 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10506 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 25 маусымдағы № 118 (28596) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 8-6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Атақ бір адамға келесі он жыл ішінде бір реттен артық берілмейді.»;
6, 7, 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Конкурс жыл сайын екі кезеңде 1-қосымшаға сәйкес «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беруге үміткердің жұмысын бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштеріне» сәйкес өткізіледі:
1) I кезең - ЖОО-ның ішінде, ол ағымдағы жылғы қазанда өткізіледі. Конкурсты ЖОО-ның ішінде өткізу тәртібін ЖОО дербес айқындайды.
ЖОО-ның ішкі конкурсы нәтижелері бойынша 50 штаттық оқытушыға 1 үміткерден аспайтын есеппен ғылыми кеңестің шешімімен Конкурстың II кезеңіне қатысуға ұсынылатын ЖОО-ның үздік оқытушылары айқындалады. Оқытушылардың штаттық саны 50 адамға жетпейтін ЖОО-да 1 үміткер айқындалады.
Бұл ретте ғылыми-педагогикалық өтілі 15 жылдан аспайтын оқытушылардың еңбек өтілі 15 жылдан асатын оқытушыларға қатынасы ұсынылған үміткерлердің жалпы санының үштен бірінен кем болмауы керек.
2) II кезең - республикалық, ол ағымдағы жылғы желтоқсанда өткізіледі.