Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығы
(2021.10.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 18 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы бұйрыққа өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы ҚР Қаржы министрінің 2021 жылғы 19 қаңтардағы № 28 бұйрығын қараңыз (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 64-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің Бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті (Т.М. Савельева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.