ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026.04.11. № 561 бұйрығымен Кәсіптік стандарт жаңа редакцияда (2026 ж. 22 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және
құрылыс министрінің
2023 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 163 бұйрығына
10-қосымша
Кәсіптік стандарт:
«Оқшаулау жұмыстары жөніндегі жұмысшылар»
(2026.22.11. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Оқшаулау жұмыстары жөніндегі жұмысшылар» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген, білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға, оның ішінде кәсіпорындарда персоналды оқытуға, қызметкерлер мен білім беру ұйымдары түлектерінің кәсіптік біліктілігін тануға, сондай-ақ құрылыс саласында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпорындарда персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерді шешуге қойылатын талаптарды белгілейді. Кәсіптік стандарт Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің, техникалық реттеу, қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы заңнаманың, құрылыс саласындағы мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың, сондай-ақ бекітілген жобалау және технологиялық құжаттаманың талаптары ескеріле отырып қолданылады.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер, анықтамалар мен қысқартулар қолданылады:
1) объектіні пайдалануға қабылдау актісі - бекітілген құрылыс жобасына және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарға сәйкес құрылыстың аяқталғанын және құрылыс объектісінің пайдалануға толық дайын екенін растайтын құжат;
2) бетон - тұтқыр зат, су, ірі және ұсақ толтырғыштар қоспасының, ал қажет болған жағдайда әртүрлі химиялық және минералдық қоспалардың қатаюы нәтижесінде алынатын жасанды тас материал;