(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ЖОЛ ЖҮРІСІ ТУРАЛЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2014 Ж...

Предыдущая страница

6) көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жұмыстарын орындайтын және қызметтерін көрсететін ұйымдардың тәуекелі. Бұған көлік құралдарын жасаушы зауыттар белгілеген нормалар мен қағидаларды, дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттердің талаптарын және көлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларына қойылатын талаптарды бұза отырып, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді жүргізу тәуекелі жатады;

7) көлік құралдарын жобалау мен жасап шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған:

көлік құралдарын олардың жол жүрісі жағдайларындағы қауіпсіздігі талаптарын ескермей жобалау және жасап шығару;

жасап шығарылатын көлік құралдары мен олардың құрауыштарына қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін конструкцияның, технологиялық процестердің немесе сериялы және жаппай жасап шығару өнімдерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеу тәуекелі жатады;

8) сәйкестікті растау жөніндегі органдардың және сынақ зертханаларының тәуекелі. Бұған:

көлік құралдарының қауіпсіздігін техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарының, оларға орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау;

жаңа көлік құралы конструкциясының жекелеген элементтерінің жетілдірілмеуі, болмауы немесе техникалық ақауы салдарынан жол-көлік оқиғасын жасау;

пайдалануға енгізілетін жаңа көлік құралдары мен олардың компоненттеріне қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін технологиялық процестердің немесе сериялы және жаппай жасап шығару өнімдерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеу тәуекелі жатады;

9) техникалық қарап тексеруді жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған:

пайдаланылатын көлік құралдары мен олардың құрауыштарына қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін технологиялық процестердің немесе көлік құралдарын техникалық қарап тексеру желілерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеуі;

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу салдарынан механикалық көлік құралдарын техникалық қарап тексеруден сапасыз өткізу жатады;

10) сауда жасаушы ұйымдардың тәуекелі. Бұған көлік құралдары қауіпсіздігінің техникалық талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектерді сату тәуекелі жатады;

11) жолдар мен көлік құралдары иелерінің тәуекелі. Бұған жол-көлік оқиғаларын жасаудың жоғары қаупін туғызатын шарттармен қоса жолдар мен көлік құралдарын пайдалану тәуекелі жатады.

2. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі осы Заңда белгіленеді.

 

20-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі

1. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі жол-көлік оқиғаларының орын алу ықтималдығын, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын ауыр зардаптарды (адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын) азайтуға бағытталады.

2. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі - жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін тәуекелдерді және олардың зардаптарын анықтау, бағалау, мониторингілеу, азайту үшін жол жүрісі саласында мемлекеттік органдар жүзеге асыратын, ұдайы құрылымдалған процесс.

3. Тәуекелдерді басқару процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:

1) тәуекелдерді айқындау:

тәуекелдерді және тәуекел түзетін факторларды бағалау (жол-көлік оқиғаларының барлық ықтимал себептерін жүйелі түрде және ұдайы бақылау, талдау, олардың ықтималдығы мен мөлшерлерін сапалы бағалау);

тәуекелдерді сыныптау (тәуекелдер және олардың туындауына әкеп соғатын, дамуына әсер ететін факторлар ерекшелігін зерттеу, тарихи деректерді сараптамалық бағалау, тәуекелдер картасы);

2) тәуекелдерді өлшеу (бағалау), олардың өткізілу мерзімділігі тәуекелдің маңыздылығына қарай, бірақ жылына кемінде екі рет болып белгіленеді;

3) тәуекелдерді талдауды жүзеге асыру;

4) тәуекелдерді басқару әдісін таңдау және қолдану;

5) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесін түзету;

6) бақылау іс-шараларын жоспарлау және жүргізу.

4. Жол жүрісі саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады, онда мыналар қамтылуға тиіс:

1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттері, олардың жауапкершілігі;

2) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау рәсімдері;

3) тәуекелдердің жол берілетін мөлшеріне олардың жол жүрісі саласындағы сыныпталуы бойынша жеке-жеке лимиттер;

4) уәкілетті органға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі есептілікті табыс етудің ішкі рәсімдері;

5) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлері.

Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде белгілейді.

5. Жол жүрісі саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бақылау және қадағалау органдары мен уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

6. Мемлекеттік органдардың бақылау қызметін жоспарлауы осы Заңда белгіленген жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жүзеге асырылады.

 

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 21-баптың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

21-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау

2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жоспардан тыс тексеру жəне бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 129-бабының 4-тармағында көзделген мемлекеттік бақылау осы Заңға сəйкес жүзеге асырылады.

 

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

22-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:

2025.30.06. № 203-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2025 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы;

2025.30.06. № 203-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшесі басшысының орынбасарлары;

2025.30.06. № 203-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2025 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің мемлекеттік бақылау жөніндегі қызметкерлері;

2025.30.06. № 203-VIII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2025 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары;

2025.30.06. № 203-VIII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2025 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;

2025.30.06. № 203-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2025 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік бақылау жөніндегі қызметкерлері жатады.

 

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

23-бап. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері

1. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының:

2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) заңды тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және лауазымды адамдарға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар беруге, ал мұндай нұсқамалар бойынша қажетті шаралар қолданылмаған жағдайда, кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тартуға құқығы бар. Нұсқамаларды қолданылатын шаралар туралы ақпарат ұсыну мерзімдерін көрсете отырып, өз құзыретіне сәйкес жазбаша нысанда береді;

2) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарының алдын алу және (немесе) жою, қолайсыз жол-климат жағдайлары кезінде; көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруі үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде не егер көлік құралдарын пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса; егер теміржол өтпелері оларды жол жүрісі үшін қауіпсіз жағдайда күтіп-ұстау қағидаларына сай келмесе; жолдарда жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде; терроризмге қарсы операциялар және (немесе) күзет іс-шараларын жүргізу кезінде жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, оның ұйымдастырылуын өзгертуге;

3) жолдарда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізуді шектеуге немесе оларға тыйым салуға;

2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4) көлік құралдары мен олардың тіркемелерін, тракторларды және басқа да өздігінен жүретін машиналарды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, оның ішінде мұндай тыйым салуға негіз болған себептер жойылғанға дейін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін алып қоя отырып, сондай-ақ тізбесін уәкілетті орган бекітетін ақаулар және жағдайлар болған кезде пайдалануға тыйым салуға, ал тиісті техникалық пайдалану қағидаларында көзделген ақаулар болған кезде троллейбустар мен трамвайларды пайдалануға тыйым салуға; тораптарының және агрегаттарының нөмірлері не мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жасырын, қолдан жасалған, өзгертілген, сол сияқты көлік құралдарының таңбалануы тіркеу құжаттарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеген кезде көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға;

5) іс жүргізуде жатқан істер мен материалдар бойынша жеке тұлғаларды және лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен шақыртуға, олардан қажетті түсініктемелер, анықтамалар және құжаттар (олардың көшірмелерін) алуға;

2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

6) шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жеке тұлғаларды медициналық ұйымға жеткізу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да жағдайларда, шет мемлекеттердің дипломатиялық, консулдық және өзге де өкілдіктеріне, халықаралық ұйымдарға тиесілі көлік құралдарынан және арнайы мақсаттағы көлік құралдарынан басқа, жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен шығындарды өтей отырып пайдалануға;

7) жол жүрісі қағидаларының сақталуын техникалық бақылау құралдарын, жол-көлік оқиғасы орнында оның зардаптарының ауырлығын азайту мақсатында қолданылатын авариялық-құтқару жабдығын, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететін өзге де техникалық құралдарды, автоматтандырылған жүйелер мен аспаптарды әзірлеу және жасау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс берушінің уәкілетті органға жүктелген функцияларын орындауға қатысуға;

8) іздестірудегі көлік құралдарын ұстауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға;

2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы уақтылы орындалмаған қаулысы және (немесе) айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамасы бар адамға оларды орындағанға дейін мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуға;

2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

10) ішкі істер органы қызметкерінің өміріне немесе денсаулығына жүргізуші тарапынан қауіп-қатер (құқыққа қарсы мінез-құлық, іздеудегі адаммен ұқсастық, масаң күйде деген күдік) болмаған жағдайларда, оған көлік құралының кабинасын (салонын) тастап кетуге рұқсат беруге құқығы бар.

2. Уәкілетті органның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

 

24-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру

1. Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша:

1) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын тұжырымдауға және іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіруге қатысуға;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметімен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынастарда уәкілетті органның атынан өкілдік етуге;

3) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарына және ұйымдарға Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар (қаулылар, ұсынулар) енгізуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіруге;

5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының қызметіне басшылықты жүзеге асыруға құқығы бар.

2. Мемлекеттік инспекторлар жүргізілген мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша мынадай актілер шығарады:

1) тексеру жүргізу нәтижелері бойынша акт;

2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды

1-1) автомобиль жолдарына, жол құрылыстарына, жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарына және теміржол өтпелеріне зерттеп-қарау жүргізу нәтижелері бойынша акт;

2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;

3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;

4) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасы бұзылған жағдайда, кінәлі адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулы.

2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Жеке және заңды тұлғалар жол жүрісі саласындағы нормалардың, қағидалардың, техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың сақталуы тұрғысынан бақылауға жатады.

2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар береді, ал осы нұсқамалар бойынша қажетті шаралар қолданылмаған жағдайда, кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартады.

Жол қауіпсіздігін және регламенттерді, нормативтер мен стандарттарды сақтау саласында әкімшілік полиция бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты қараңыз

 

 

5-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ ЗАРДАПТАРЫН ЖОЮҒА

БАҒЫТТАЛҒАН ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ

 

25-бап. Жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар

1. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкілетті орган, жергiлiктi атқарушы органдар, қарамағында жолдар бар жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ уәкілетті органның аумақтық бөлiмшелерi жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды оның қауiпсiздiгi мен жолдардың өткiзу қабiлетiн арттыру мақсатында жүзеге асырады.

2. Жолдардың өткізу қабілетінің жоғары болуын және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол иелері:

1) жол жүрісін ұйымдастыру және аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі құжаттама негізінде жол жүрісін ұйымдастыру және көліктік жоспарлау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;

2) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын тәулік бойы пайдалануды және жедел жөндеуді қамтамасыз етеді;

2015.27.10. № 364-V ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды

3) жолдарда жүріс жолағының ені мен саны тек қоғамдық көліктің, оның ішінде жеңіл рельсті көліктің жүрісін ғана қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жеке бөлінген жолдарды ұйымдастырады.

3. Аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

1) аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттаманы әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етеді;

2) жобаларды келісуді және қаржыландыру көздерін айқындауды қоса алғанда, аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру саласында бірлескен жобалауды және іс-шараларды іске асыруды өңіраралық және өңірлік үйлестіруді қамтамасыз етеді;

3) адамдар жаппай келетін объектілер салуды жоспарлау кезінде аумақтық көлік жүйелерінің тасымалдау және өткізу мүмкіндіктерін есепке алуға қойылатын талаптарды белгілейді;

4) елді мекендердің көлік жүйелерінің тасымалдау және өткізу қабылетін есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында күрделі құрылыс объектілерін орналастыру және оларды көше-жол желісіне қосу тәртібіне қойылатын талаптарды белгілейді;

5) көліктік жоспарлау, көліктік инфрақұрылым объектілерін дамыту және орналастыру кезінде елді мекендердегі автомобильдендірудің қазіргі бар және перспективалық деңгейін есепке алуға қойылатын талаптарды белгілейді;

6) қызыл сызықтарды орнату және жаңартып отыру, олардың шекарасындағы аумақтарды пайдалану регламентін міндетті түрде сақтау, сондай-ақ көліктік инфрақұрылым объектілерінің жоспарлы орналастырылуы үшін аумақтарды резервке қою жөніндегі талаптарды енгізеді;

7) аумақтардың көліктік байланыстылығын және қолжетімділігін бағалаудың құқықтық критерийлерін және оған қойылатын нормативтік талаптарды белгілейді;

8) аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі қызметтің өзара байланысын қамтамасыз етеді;

2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9) қолданылуы стандарттау жөніндегі құжаттарда регламенттелген және жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі құжаттамада көзделген техникалық құралдарды, құрылғылар мен конструкцияларды пайдаланады;

10) жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын орнатуға және пайдалануға қойылатын негізгі нормативтік құқықтық талаптарды белгілейді;

11) елді мекендерде және оларға іргелес аумақтарда көлік жүйелерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін көлік жүйелеріне, жол жүрісін ұйымдастыруға және көліктік инфрақұрылымға қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптарды белгілейді.

4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде көлік ағынының нормативтен тыс жүктемесімен және қоршаған ортаға антропогендік жүктемемен сипатталатын, жекелеген қала аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әртүрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін арнайы ұйымдастыру аймақтарын құруға құқылы.

5. Көше-жол желісінің көліктік-пайдалану сипаттамаларының көлік жүйесінің қажеттіліктеріне сәйкес келуін бақылау мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жолдарда, елді мекендердің көшелерінде, олардың жекелеген учаскелерінде, көлік тораптарында, көше-жол желісіне тән учаскелерінде көлік құралдары жүрісінің параметрлері (қозғалыс жылдамдығы, қарқындылық, жүктеме деңгейі, жүру аралығы, жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарының орналасуы мен жай-күйі) туралы деректерді жинау, өңдеу және жинақтау арқылы жол жүрісіне мониторингті жүзеге асырады.

2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді

6. Айрықша мақсаттағы автомобильдердің жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана және Алматы қалаларында - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі, ал басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктерде ұлттық қауіпсіздік органдары автомобиль жолдары немесе автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері (арнайы трассалар) бойынша олардың жүру жылдамдығы мен маршруттарын айқындауға және осы жолдарда көлік құралдарының жүруіне, аялдауына және тоқтап тұруына шектеу енгізуге, жол жүрісінің бағытын уақытша өзгертуге құқылы.

Күзет іс-шараларын жүргізу кезінде арнайы трассалардағы және оларға іргелес жатқан аумақтар мен акваториялардағы жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге де жұмыстардың барлық түрлерінің жүргізілуі Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісу бойынша жүзеге асырылады. Күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде арнайы трассалардағы жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге де жұмыстардың барлық түрлері тоқтатыла тұруы мүмкін.

 

26-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру процесiнде оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар

1. Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарының оң жақпен жүруі белгіленген.

2. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жол жүрісінің бірыңғай тәртібі, жол жүрісін реттеудің техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданылуы жол жүрісі қағидаларында белгіленеді.

Қазақстан Республикасының жолдарында орнатылған жол белгілері мен сигналдар, жарық жол сигналдары және жолдардың таңбалануы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келуге тиіс.

3. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi қызмет қолданылуы техникалық регламенттерде регламенттелген және жол жүрiсiн ұйымдастырудың жобалары мен схемаларында көзделген техникалық құралдар мен конструкцияларды кешендi пайдалану негiзiнде қауiпсiздiк талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.

 

27-бап. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту

1. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту жолдарда жаяу жүргіншілердің, көлік құралдарының және өздігінен жүретін машиналардың жүру бағыттарын өзгерту, жүруіне уақытша тыйым салу немесе уақытша шектеу енгізу, оның ішінде көлік құралдары, өздігінен жүретін машиналар қозғалысының жылдамдығын, олардың массасын, білікке түсетін жүктемені, габариттік мөлшерлерін шектеу арқылы жүзеге асырылады.