(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ» 2025 ЖЫЛҒ...

Предыдущая страница

тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

4. Бағалау жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар нәтижелерді бағалау қорытындыларын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, жергілікті атқарушы органға ұсынады.

 

 

3-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫНЫ БАСҚАРУ

 

11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫНЫ БАСҚАРУ НЕГІЗДЕРІ

 

47-бап. Мемлекеттік қаржыны басқару туралы жалпы ережелер

1. Мемлекеттік қаржыны басқарудың мақсаты бюджет саясатын айқындау және тәуекелдерді бағалау ескеріле отырып, оны іске асыру арқылы оның ұзақ мерзімді орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау болып табылады.

Осы Кодекстің мақсаттары үшін ұзақ мерзімді және орта мерзімді перспективада ішкі және (немесе) сыртқы экономикалық және (немесе) макроэкономикалық және басқа да факторлардың әсері салдарынан туындайтын, мемлекеттік қаржыны басқаруды қиындататын белгісіздік тәуекел болып табылады.

Бюджет саясатында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен бекітілетін, мемлекеттік қаржыны басқару жөніндегі пайымдауды, тәсілдер мен шараларды айқындайтын құжаттар әзірлеу және нысаналы бағдарлар қамтылады.

Мемлекеттік органдардың бюджет саясатын айқындау жөніндегі қызметін үйлестіруді бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік қаржыны басқару мынадай құралдар:

1) Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы;

2) әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;

3) бюджеттік қағидалар жүйесі;

4) бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есеп;

47-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

5) салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп;

6) болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік;

7) шоғырландырылған қаржылық есептілік;

8) мемлекеттік қаржы статистикасы туралы есеп пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттік қаржының жай-күйі туралы мәліметтерде:

республикалық, мемлекеттік, шоғырландырылған бюджеттердің параметрлері;

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, бюджеттен тыс қорлардың түсімдері мен шығыстары;

мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелері;

бюджеттік қағидалар мен нысаналы бағдарларды сақтау туралы ақпарат;

басқа да деректер қамтылады.

Мемлекеттік қаржының жай-күйі туралы мәліметтер ашық болып табылады және осы Кодекстің 40-бабына сәйкес статистикалық ақпарат нысанында жыл сайын жариялануға жатады.

Мемлекеттік қаржының жай-күйін болжауды бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстанның ұзақ мерзімді даму болжамы және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде жүзеге асырады.

Мемлекеттік қаржының жай-күйі туралы болжамды мәліметтердің есеп-қисаптарын, осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген лимиттерді айқындауды, сыртқы қарыздарды тарту құқығы берілген квазимемлекеттік сектор субъектілері тізбесінің өлшемшарттарын айқындауды және оларды қалыптастыруды әдіснамалық қамтамасыз етуді бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

Мемлекеттік қаржының жай-күйін мониторингтеуді және ол туралы мәліметтер қалыптастыруды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган орталық салалық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

 

48-бап. Бюджеттік қағидалар жүйесі

1. Мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік қағидалар мен нысаналы бағдарлардың жиынтығы бюджеттік қағидалар жүйесі болып табылады.

Бюджеттік қағида - республикалық бюджетті бекіту және нақтылау кезінде қолданылатын, бюджет параметрлеріне қатысты олардың шекті мәндері (бюджеттік қағидалар бойынша шектер) нысанындағы шектеу.

Нысаналы бағдарлар - мемлекеттік қаржының шекті параметрлері және ұзақ мерзімді кезеңдегі бюджет саясатына қатысты өзге де шарттар.

2. Бюджеттік қағидалардың түрлері:

1) кепілдендірілген трансферт туралы қағида;

2) республикалық бюджет шығыстары туралы қағида болып бөлінеді.

Бюджеттік қағида кепілдендірілген трансферт туралы қағида болып табылады, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферттің көлемі кесімді баға кезінде мұнай секторының ұйымдарынан Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына болжанатын түсімдердің көлемінен аспайтын мөлшерде жоспарланады.

Кесімді баға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен айқындалады.

Бюджеттік қағида республикалық бюджет шығыстары туралы қағида болып табылады, оған сәйкес қарыздарды өтеуді есепке алмағанда, республикалық бюджет шығыстарының (жоспарлы кезеңге арналған) өсу қарқыны инфляция бойынша нысаналы бағдарға ұлғайтылған ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейімен шектеледі.

Ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейі жоспарлы кезеңнің алдындағы он жылдағы нақты жалпы ішкі өнімнің орташа өсу мәні ретінде айқындалады.

Инфляция бойынша нысаналы бағдарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.

3. Нысаналы бағдарлар осы Кодекстің 47-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін құжатта айқындалады.

4. Бюджеттік қағидалар бойынша шектерді және нысаналы бағдарларды сақтау туралы ақпарат Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында көрсетіледі.

5. Бюджеттік қағидалар мен нысаналы бағдарлардан ауытқуға:

экономикалық өсудің болмауына және бюджет кірістерінің төмендеуіне, мемлекет міндеттемелерінің және бюджет кірістерімен жабылмайтын бюджет шығыстарының өсуіне алып келген дағдарыс жағдайларында;

Қазақстан Республикасындағы төтенше немесе соғыс жағдайы ахуалында;

осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жол беріледі.

Қазақстан Республикасындағы дағдарыс жағдайларында және төтенше немесе соғыс жағдайларында бюджеттік қағидалардан және нысаналы бағдарлардан ауытқу болған жағдайда бюджеттік қағидалардың бастапқы шектеріне және нысаналы бағдарларға оралу Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында түзетілетін көрсеткіштер көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп бекітетін іс-қимылдар жоспарын әзірлеу арқылы кейінгі үш жыл ішінде жүзеге асырылады.

 

49-бап. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелері

1. Мыналар мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелері болып табылады:

мемлекеттік борыш;

шартты борыштық міндеттемелер - мемлекет кепілдік берген борыш, экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттеме, мемлекет кепілгерлігі;

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышы;

квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы;

мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер.

Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелері мемлекеттік қаржыны басқару үшін талдамалық мақсаттарда шоғырландырылады және пайдаланылады.

2. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін болжау және бағалау осы Кодекстің 137-бабына сәйкес жүзеге асырылады және осы Кодекстің 51-бабына сәйкес жасалатын Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына енгізіледі.

3. Осы баптың 2-тармағының ережелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына қолданылмайды.

 

50-бап. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы

1. Салық-бюджет саясатын қалыптастыру үшін экономикалық, макроэкономикалық көрсеткіштердің және мемлекеттік қаржының болжамды жай-күйін айқындайтын құжат Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы болып табылады және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде олардың қаржылық қамтамасыз етілуін айқындау кезінде қолданылады.

2. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы үш жылда бір рет он жылдық кезеңге әзірленеді.

3. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамында:

әлеуметтік-экономикалық дамудың сыртқы және ішкі жағдайларының нұсқалары;

бюджет қаражатын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын қаржыландырудың өзге де көздерін пайдаланудан нақты және (немесе) күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалауды, нәтижелер көрсеткіштерінен ауытқулар және олардың себептері туралы ақпаратты, таңдалған мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттердің, нәтижелер көрсеткіштерінің шынайылығын талдауды қамтитын әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау;

ұзақ мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму тәуекелдері;

ағымдағы салық-бюджет саясатының орнықтылығын бағалауды, барлық болашақ өзгерістер салдарының бюджетке әсерін бағалауды, мемлекеттік сектордың борышын бағалауды қамтитын мемлекеттік қаржының орнықтылығын бағалау;

ұзақ мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму тәуекелдері ескерілген және жүргізіліп жатқан инвестициялық саясатпен, экономика салалары бойынша саясатпен, өңірлік саясатпен, мемлекеттік активтерді басқару саясатымен, мемлекеттік қолдау шараларымен байланыстырылған Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму болжамының нұсқалары және дамудың сыртқы және ішкі жағдайларының өзгеруі есепке алынатын басқа да нұсқалар;

мемлекеттік қаржының жай-күйінің болжамы;

өзге де ережелер қамтылады.

4. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп әзірлейді, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдайды және ол осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

5. Бюджетті нақтылау және түзету кезінде Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын нақтылауға немесе түзетуге болмайды.

6. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын әзірлеу тәртібін, мерзімдерін, құрылымы мен мазмұнын, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

7. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

51-бап. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

1. Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамы негізінде Қазақстан Республикасының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерін айқындайтын құжат әлеуметтік-экономикалық даму болжамы болып табылады.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жылжымалы негізде жылына бір рет жоспарлы кезеңге әзірленеді.

2. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында міндетті түрде есепті қаржы жылында мақұлданған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының болжамды деректерімен және Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді даму болжамымен салыстырғанда болжамды деректердің ұқсас кезеңдегі алшақтық сомалары мен себептері туралы ақпарат қамтылады.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері ескеріле отырып, жылжымалы негізде жылына бір рет жоспарлы кезеңге әзірленеді.

4. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамы экономиканы дамытудың ішкі және сыртқы жағдайларының өзгерістері ескеріле отырып нақтылануы мүмкін.

5. Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдарына арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің және бюджеттік параметрлердің болжамы индикативтік сипатта болады және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгерістері, мониторинг және нәтижелерді бағалау, басқа да ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырып, кезекті жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында мақұлданады.

6. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, оның ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамның бөлімдерін әзірлеу тәртібін, мерзімдерін және құрылымын бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

Әлеуметтік саланың жоспарлы кезеңге арналған болжамды көрсеткіштеріне қойылатын талаптарда гендерлік аспект ескеріле отырып, олардың міндетті түрде көрініс табуы қамтылады.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштерінің есеп-қисаптарын әдіснамалық қамтамасыз етуді осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу тәртібіне сәйкес тиісті орталық уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

7. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын тиісінше бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы әзірлейді, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мақұлдайды және ол осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

8. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бюджетті жоспарлау процесінде қолдану үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынылады.

 

52-бап. Бюджет түсімдерін болжау

1. Мемлекеттік және республикалық бюджеттерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжауды бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму параметрлері, алдыңғы және ағымдағы жылдардағы бюджеттің атқарылуын талдау, осы баптың 3, 4, 5 және 6-тармақтарында айқындалған уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынатын мәліметтер және басқа да деректер негізінде жүзеге асырады.

Бюджет түсімдерін талдау мемлекеттік кірістер органдары мен салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар ұсынған деректер негізінде жүзеге асырылады.

2. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың санаттары, сыныптары және кіші сыныптары бойынша мемлекеттік және республикалық бюджеттерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына кірістерді болжауды бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

Бюджет кірістерін болжау бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін бюджет кірістерін болжау әдістемесі негізінде жүзеге асырылады.

Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың санаттары, сыныптары және кіші сыныптары бойынша жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді болжау осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес әзірленетін әдістеменің негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Салықтық және салықтық емес түсімдерді мемлекеттік кірістер органдары және салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар қамтамасыз етеді және әкімшілендіреді.

4. Бюджеттік кредиттерді өтеуден түсетін түсімдерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган айқындайды.

5. Мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.

6. Қарыздардың түсімдерін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.

7. Мемлекеттік кірістер органдары, салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдар және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды алуға жауапты және олардың түсуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар:

төлемдердің, алымдардың, баждардың, айыппұлдардың және басқа да төлемдердің республикалық немесе жергілікті бюджетке уақтылы әрі толық түсуін қамтамасыз етеді;

олардың түсуіне, түсімдердің артық (қате) төленген сомаларының қайтарылуына немесе олардың берешектерді өтеу есебіне бюджетке есепке жатқызылуына бюджеттік мониторингті жүзеге асырады;

олардың түсімдері туралы есептілікті, оның ішінде талдамалық есептілікті жинақтау және тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке енгізу үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органға ұсынады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган салықтық емес түсімдер бөлінісінде республикалық бюджетке, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, Жәбірленушілерге өтемақы қорына, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдардың және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды алуға жауапты және олардың түсуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар тізбесін айқындайды.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органы салықтық емес түсімдер бөлінісінде жергілікті бюджеттің салықтық емес түсімдер жөніндегі уәкілетті органдарының және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларын, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдерді, қарыздарды алуға жауапты және олардың түсуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар тізбесін айқындайды.

 

53-бап. Бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есеп

1. Бюджеттік тәуекел - бұл орта мерзімді перспективада ішкі және (немесе) сыртқы экономикалық және (немесе) макроэкономикалық және басқа да факторлардың әсері салдарынан мемлекеттік қаржыны басқаруды қиындататын және бюджеттің шынайылығын төмендететін белгісіздік.

2. Бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есепті жыл сайын кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу кезінде бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, олар айқындаған тәртіппен қалыптастырады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

3. Бюджеттік тәуекелдер туралы талдамалық есеп:

макроэкономикалық, квазифискалдық тәуекелдерді, қаржы секторының тәуекелдерін, мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерімен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелермен байланысты тәуекелдерді және басқа да ерекше тәуекелдерді қамтиды;

салық және (немесе) бюджет саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыру, ұзақ мерзімді және орта мерзімді болжау, кезекті жоспарлы кезеңге бюджетті жоспарлау кезінде ескеріледі;

бюджеттік тәуекелдердің бюджеттік параметрлерге әсерін бағалау үшін қолданылады;

республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

54-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

54-бап. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп

1. Салықтық шығыстар - бұл Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушілерге берілетін салықтық жеңілдіктер.

2. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есепте салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалау қамтылады.

3. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есептің құрамына салықтық алшақтық көрсеткіші енгізіледі.

Салықтық алшақтық - бұл салықтық әлеует пен нақты түскен салықтар арасындағы айырма.

Салықтық әлеует - салықтық шығыстар мен қадағаланбайтын экономиканы қоса алғанда, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерінің ықтимал сомасы.

Салықтық алшақтық есепті қаржы жылы бойынша есептеледі және салық саясатын, салықтық әкімшілендіруді және салықты жинаудың тиімділігін талдау үшін пайдаланылады.

4. Талдамалық есепті қалыптастыру мақсатында жыл сайын ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті органға:

уәкілетті мемлекеттік органдар - жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық шығыстарды мониторингтеу және бақылау жөніндегі мәліметтерді;

бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган - салық төлеушілер қолданған салықтық жеңілдіктердің көлемі және олардың бюджетке түсетін түсімдерге әсері туралы мәліметтерді ұсынады.

Салықтық алшақтық салықтық түсімдердің толық жиналуын талдау кезінде қолданылады және салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті орган жүзеге асыратын экономиканың дамуына саланың әсерін талдау өлшемшарттарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік кірістер органдары мен салық саясаты саласындағы уәкілетті орган қызметінің нәтижелері көрсеткіштерінің бірі салықтық алшақтықты азайту (қысқарту) болып табылады.

5. Салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп:

Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті орган кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу кезінде жыл сайын қалыптастырылады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі;

салық және (немесе) бюджет саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыру, ұзақ мерзімді және орта мерзімді болжау, бюджетті кезекті жоспарлы кезеңге жоспарлау кезінде ескеріледі;

осы Кодекстің 73-бабының 2-тармағына сәйкес енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау кезінде талдамалық ақпарат ретінде қолданылады;

республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;

осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

55-бап. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің бюджеттен тыс қызметі

1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында жеке немесе заңды тұлғалардың мемлекетке немесе өңірге мүліктік және мүліктік емес игіліктер, оның ішінде ақшалай нысанда беруге бағытталған міндеттемелері көзделсе, уәкілетті салалық мемлекеттік органдар және (немесе) жергілікті атқарушы органдар:

орталық салалық мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен сомаларын көрсете отырып, жоспарланған іс-шараларды іске асырудың тиісті есептілігін қалыптастыру арқылы мониторингтеуді;

мониторинг пен есептілік нәтижелерін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қосуды;

мониторинг пен есептілік нәтижелерін ресми интернет-ресурста жариялауды жүзеге асырады.

2. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функциялары Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес бәсекелес ортаға берілген жағдайда, тиісті орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар аутсорсинг, мемлекеттік тапсырма, заңды тұлғаларға арналған трансферттерді беру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, пайдаланушылар есебінен беру, міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу арқылы орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының тізіліміне сәйкес бәсекелес ортаға берілген функциялардың жүзеге асырылуын мониторингтеу нәтижелерін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке қосады.

Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органның функцияларын бәсекелес ортаға беру нәтижесінде қызметтер көрсететін және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтін жекелеген заңды тұлғалардың (бұдан әрі осы тармақта - заңды тұлға) пайдасына жеке және заңды тұлғалар төлейтін, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін міндетті нысаналы төлемдер парафискалдық төлемдер болып табылады.

Заңды тұлғаның өкілеттіктері және қызметінің мазмұны, функциялары, парафискалдық төлемдердің мақсаты және олардың жұмсалуы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

Заңды тұлға және парафискалдық төлемдерді алып қою тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

Салық саясаты саласындағы орталық уәкілетті орган және тиісті жергілікті атқарушы орган түсімдердің сомаларын көрсете отырып, парафискалдық төлемдердің тізілімін жүргізеді және олардың сақталуы, таратылуы немесе бюджетке берілуі тұрғысынан оларды талдауды жүзеге асырады.

Парафискалдық төлемдердің тізілімі Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы орталық уәкілетті орган қалыптастыратын, парафискалдық төлемдерге алып келетін, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының тізілімі негізінде жүргізіледі.