(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ» 2025 ЖЫЛҒ...

Предыдущая страница

5. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша, қажет болған жағдайларда, мемлекеттік мекемелерде өз жүйесінің бухгалтерлік есепке алу жөніндегі жалпы ережелерін қолдану тәртібі туралы нұсқаулар шығара алады, бұл ретте олардың қызметінің өзіндік ерекшелігі ескеріледі және мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізудің белгіленген тәртібі сақталады.

6. Бухгалтерлік есепке алуды дұрыс жүргізу және қаржылық есептілік жасау мақсатында:

1) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен республикалық бюджетті, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органдардың;

130-баптың 6-тармағының 2) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

2) жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның бухгалтерлік есепке алуды жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдары міндетті сертификатталуға жатады.

7. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және республикалық бюджетті, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетін, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың бухгалтерлік есепке алуды жүргізуге және қаржылық есептілікті жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдарын сертификаттау тәртібін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

 

131-бап. Мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігі

1. Қаржылық есептілік мемлекеттік мекеменің қаржылық жағдайы және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпаратты білдіреді.

2. Мемлекеттік мекеменің қаржылық есептілігі мыналарды:

1) бухгалтерлік балансты;

2) қаржылық қызмет нәтижелері туралы есепті;

3) таза активтердің (капиталдың) өзгерістері туралы есепті;

4) қаржыландыру көздері бойынша мемлекеттік мекеменің шоттарындағы ақша қозғалысы туралы есепті;

5) түсіндірме жазбаны қамтиды.

3. Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу деректеріне негізделген берешегінің жай-күйін мониторингтеу үшін қаржылық есептілік құрамына берешектің жай-күйі туралы қаржылық есептілік қосылады, ол мынадай есеп түрлерінен тұрады:

дебиторлық берешек туралы есеп;

кредиторлық берешек туралы есеп;

ұзақ мерзімді міндеттемелер бойынша кредиторлық берешек туралы есеп.

4. Мемлекеттік мекеменің қаржылық есептілігі бастапқы құжаттармен расталады.

5. Мемлекеттік мекеме барлық операцияны бірыңғай бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді.

6. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы қаржылық есептілікті жасайды, ол тиісті қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстан, қаржылық қызметтің нәтижелері туралы есептен, таза активтердің (капиталдың) өзгерістері туралы есептен, ақша қозғалысы туралы есептен, түсіндірме жазбадан тұрады.

7. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қаржылық есептілікті жасау және ұсыну нысандарын, кезеңділігін және тәртібін белгілейді.

 

132-бап. Қаржылық есептілікті ұсыну

1. Мемлекеттік мекемелер қаржылық есептілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне ұсынады.

2. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарына аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы қаржылық есептілікті ұсынады.

3. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік қазынашылыққа қаржылық есептілікті ұсынады.

4. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті органға қаржылық есептілікті ұсынады.

5. Қаржылық есептілік Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ұсынылады.

6. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган аралық қаржылық есептілікті ұсыну мерзімдерін айқындауға және өзге де, бірақ жылына бір реттен кем емес кезеңділікті белгілеуге құқылы.

7. Жылдық қаржылық есептілік үшін 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы күнтізбелік жыл есепті кезең болып табылады.

Жаңадан құрылған мемлекеттік мекеме үшін бірінші есепті жыл ол мемлекеттік тіркелген кезден бастап сол жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезеңді қамтиды.

 

 

27-тарау. ШОҒЫРЛАНДЫРЫЛҒАН ҚАРЖЫЛЫҚ

ЕСЕПТІЛІК

 

133-бап. Шоғырландырылған қаржылық есептілік туралы жалпы ережелер

1. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасауға міндетті.

133-баптың 2-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

2. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен квазимемлекеттік сектордың ведомстволық бағынысты субъектілерінің қаржылық есептілігінің деректерімен жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды.

3. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі тиісті уәкілетті органға шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынады.

Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар мемлекеттік қазынашылыққа шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынады.

4. Мемлекеттік қазынашылық жергілікті бюджеттер бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті, мемлекеттік бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасайды, олар бекітілуге жатпайды.

5. Шоғырландырылған қаржылық есептілік осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

134-бап. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілік

1. Мемлекеттік қазынашылық республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды, ол тиісті қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстан, қаржылық қызметтің нәтижелері туралы есептен, таза активтердің (капиталдың) өзгерістері туралы есептен, ақша қозғалысы туралы есептен, түсіндірме жазбадан тұрады.

2. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің атқарылуы туралы, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептіліктен тұратын облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды және мемлекеттік қазынашылыққа ұсынады.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетін атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды, ол тиісті қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстан, қаржылық қызметтің нәтижелері туралы есептен, таза активтердің (капиталдың) өзгерістері туралы есептен, ақша қозғалысы туралы есептен, түсіндірме жазбадан тұрады.

4. Аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды, ол тиісті қаржы жылындағы бухгалтерлік баланстан, қаржылық қызметтің нәтижелері туралы есептен, таза активтердің (капиталдың) өзгерістері туралы есептен, ақша қозғалысы туралы есептен, түсіндірме жазбадан тұрады.

Аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілік аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы қаржылық есептілікті қамтиды.

5. Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілік осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

135-бап 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

135-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есебі

Мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есеп - әкімшілік, басқарушылық шешімдер қабылдау мақсатында және талдамалық мақсаттарда бюджет процесінде, оның ішінде халықаралық салыстыруларда қолдану үшін мемлекеттік қаржының жай-күйі туралы мәліметтерді қамтитын құжат.

Мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есеп мемлекеттік басқару секторы, мемлекеттік сектор және тиісті кіші секторлар бөлінісінде жасалады, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес әзірленген сыныптауыштар негізінде және жалпыға бірдей қабылданған халықаралық стандарттар негізінде айқындалады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есепті:

1) осы Кодекстің 120 және 121-баптарына сәйкес қалыптастырылатын шоғырландырылған, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептер;

2) осы Кодекстің 133 және 134-баптарына сәйкес қалыптастырылатын республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілік;

3) осы Кодекстің 64-бабына сәйкес қалыптастырылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есеп;

4) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының орындалуы туралы есептер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімінде және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес қаржылық есептілік депозитарийінде көрсетілетін қосымша мәліметтер мен өзге де ақпарат негізінде жасайды.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есепті жасау, уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау және ақпаратты ұсыну тәртібін айқындайды және бекітеді.

Мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі есеп қаржы жылының қорытындысы бойынша жасалады, сондай-ақ осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.

 

 

7-БӨЛІМ. ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДЫҢ БОРЫШТЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН БАСҚАРУ,

МЕМЛЕКЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР, БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ ЖӘНЕ ГРАНТТАР

 

28-тарау. ҚАРЫЗ АЛУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДЫҢ

БОРЫШТЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН БАСҚАРУ

 

136-бап. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару және қарыз алу туралы жалпы ережелер

1. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару бюджетке түсетін борыштық жүктеменің өсуін шектеу, дефолтқа жол бермеу, валюталық тәуекелдерді төмендету, сондай-ақ сыртқы және ішкі қарыз алуды, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз алуын пайдаланудың тиімділігі мен тәртібін арттыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерді басқару тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қаржыны басқару кезінде талдамалық мақсаттар үшін шоғырландырылған ақпаратты қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды.

2. Тараптардың міндеттемелерді орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсімдерін қоса алғанда, қарыз қаражатын тарту қажеттілігі туралы шешім қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және оған қызмет көрсету тәртібі мен шарттарын айқындау рәсімдерін, келіссөздер, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету және оған кепілдік беру, қарыз бойынша, қарыз шартын ратификациялау (егер мұндай ратификациялау Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген болса) бойынша тиісті құжаттарды ресімдеу және қол қою, қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсімдерін қамтитын процесс қарыз алу болып табылады.

3. Қарыз алу нысаны бойынша қарыздар:

1) қарыз шарттарын жасасу;

2) эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару болып бөлінеді.

Қарыз алушының қарыз қаражатын алуына негіз болатын және қарыз берушінің алдында оны қайтару және сыйақы төлеу бойынша және қарызға байланысты басқа да төлемдер бойынша міндеттемені алатын келісім қарыз шарты болып табылады.

Қарыз шарты бойынша мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қарыз берген тұлға - қарыз беруші, ал мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қарыз қаражатын алған тұлға қарыз алушы болады.

Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу арқылы бірінші иеленушілерге иеліктен шығару жолымен жүзеге асырылады.

Бағалы қағазды ұстаушының Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергілікті атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарызға қатысты құқықтарын куәландыратын немесе бағалы қағазды ұстаушының жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан кірістер алуға құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз болып табылады.

4. Есепке жазылатын сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) сомаларын есепке алмағанда, қарыз берушіден алынған және оған қайтарылмаған қарыздың өтеуге жататын сомасы қарыз бойынша негізгі борыш сомасы болып табылады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның немесе банктің қарыз алушының шоттарындағы қарыз қаражатының пайдаланылуын және қарыз алушының сыйақы төлемдерін, комиссиялық төлемдер мен қарыз талаптарына сәйкес өзге де төлемдерді жүзеге асыруын есепке алу жөніндегі қызметі қарызға қызмет көрсету болып табылады.

Қарыз алушының қарыз шартында белгіленген тәртіппен алынған қарыз сомасын қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын басқа да міндеттемелерді орындауы борышты өтеу болып табылады.

Қарыз алу талаптарынан туындайтын, белгілі бір уақыт кезеңінде сыйақыны, комиссияларды, айыппұлдарды және өзге де төлемдерді жиынтық төлеу борышқа қызмет көрсету болып табылады.

Қалыптасқан бағамдық айырма нәтижесінде не тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі өткізілген конкурстық рәсімдердің қорытындылары бойынша пайда болған, мемлекеттік не мемлекет кепілдік берген қарыз есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша пайдаланылмаған қаражат қарыздар бойынша қаражатты үнемдеу болып табылады.

Қарыз алушының қарыз шартының талаптарына сәйкес мемлекеттік не мемлекет кепілдік берген қарыз есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша игерілмеген қарыз қаражатының толық немесе ішінара сомасын жоюы қарыз қаражатының күшін жою болып табылады.

Тараптардың келісуімен қарыз шарты бойынша не шығарылған облигациялар бойынша олардың міндеттемелерді орындау мерзімдерін, қаржылық және өзге де талаптарын өзгерту қарызды қайта құрылымдау болып табылады.

Мемлекет уәкілеттік берген органдардың мемлекет атынан борышты қалыптастыру, өзгерту, оған қызмет көрсету және оны өтеу процесін есепке алу, талдау және бақылау жөніндегі қызметі борышқа мониторинг жүргізу болып табылады.

5. Қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып қабылданған және мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды тарту, пайдалану немесе өтеу талаптарын нашарлататын актілерінің заңдық күші болмайды.

Мемлекеттік борышты немесе мемлекет кепілдік берген борышты басқаруды қоса алғанда қарыз шарттарына, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарға, үкіметтік кепілдіктерге, кепілгерліктерге немесе олармен байланысты қызметке қатысты туындайтын даулар мен келіспеушіліктер, мүмкіндігінше, келіссөздер арқылы не қарыз шарттарында, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару қағидаларында белгіленген дауларды шешудің бұрын келісілген рәсімдеріне сәйкес шешіледі.

Шетелдік қарыз берушінің Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен дауларын қоса алғанда, осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделмеген басқа даулардың бәрін, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешеді.

6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қарыз алуы мемлекеттік қарыз алу болып табылады.

Мемлекеттік қарыздар қарыз алушыға қатысты:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыздары;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыздары;

3) жергілікті атқарушы органдар мен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының қарыздары болып бөлінеді.

Мемлекеттік қарыз алу, мемлекет кепілдік берген қарыз алу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қарыз алуы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметін, жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, Қазақстан Республикасы резиденттерінің қарыз алуы мемлекеттік емес қарыз алу болып табылады.

Қазақстан Республикасының резиденттері мемлекеттік емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулерді ескере отырып, кез келген мөлшерде, валютада және нысанда дербес жүзеге асырады.

Заңды тұлғалар мемлекеттік емес қарыздарды мемлекеттік кепілдіктермен тарта алады.

8. Несие капиталының нарықтарына қарай қарыздар:

1) Қазақстан Республикасының бейрезиденті қарыз беруші болатын сыртқы қарыздар;

2) Қазақстан Республикасының резиденті қарыз беруші болатын ішкі қарыздар болып бөлінеді.

9. Лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қарыз алу жөніндегі жауаптылығы осы Кодекстің 44-бабында айқындалады.

 

137-бап. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару

1. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару:

1) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйін жыл сайынғы бағалауды жүзеге асыруын қамтиды.

Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйін бағалау бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады және мыналарды:

мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйі туралы мәліметтер мен оны талдауды (нарықтық құрылымы, валюталық құрылымы, кредиторлар (қарыз алушылар) бойынша, өтеу мерзімдері, сыйақы мөлшерлемелері бойынша құрылымы);

жинақталған және болжанатын борыш портфелі бойынша негізгі тәуекелдерді;

Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына, жергілікті атқарушы органның борышына жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызмет көрсете алуын және өтей алуын талдауды;

осы баптың 3) тармақшасына сәйкес белгіленген лимиттердің сақталуы туралы ақпаратты қамтиды;

2) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және мемлекеттік қазынашылықпен бірлесіп, үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету көлемі сәйкесінше белгіленетін көрсеткіштерді айқындай отырып, мемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың, экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет кепілгерлігінің, квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекет міндеттемелерінің орта мерзімді кезеңге арналған болжамын жүзеге асыруын қамтиды;

3) нысаналы бағдарларын ескере отырып, бюджеттік саясат жөніндегі орталық уәкілетті органның республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін:

үкіметтік борыштың;

жергілікті атқарушы органдар борышының;

мемлекеттік кепілдіктер берудің;

экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер берудің;

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің;

жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің;

мемлекет кепілгерлігін берудің;

квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы борышының лимиттерін айқындауын;

4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алу көлемдерін, нысандары мен шарттарын, үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету көлемдерін айқындауын;

5) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өзі айқындаған тәртіппен мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алудың және борыштың, экспортты қолдау жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелердің, мемлекет кепілгерлігінің тоқсан сайынғы мониторингін жүзеге асыруын;

6) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының тоқсан сайынғы мониторингін жүзеге асыруын;

7) мемлекеттік қазынашылықтың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен мемлекеттік қарыздарды тіркеуді және есепке алуды жүзеге асыруын;

8) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның рәсімдер мен операцияларды регламенттеу, белгіленген лимиттер мен талаптарды сақтау, құралдар мен нарықтарды әртараптандыру, түрлі туынды қаржы құралдарын қолдану әдістерін пайдаланып отырып, тәуекелдерді анықтауды, сәйкестендіруді, бағалауды және барынша азайтуды қоса алғанда, мемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет алдындағы борыштың тәуекелдерін басқаруды, сондай-ақ үшінші тұлғалар алдындағы борыштық міндеттемелері мемлекет кепілдіктерімен және кепілгерлігімен қамтамасыз етілген заңды тұлғалардың борышын басқаруда уақтылы ден қоюды және қажетті шараларды қабылдауды;

9) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік борыштың, квазимемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың ағымдағы жай-күйі туралы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жөніндегі мемлекет міндеттемелері туралы, мемлекет кепілгерлігі, мемлекеттік борышты өтеу есебіне төленген ақша сомасы, берілген мемлекеттік кепілдіктер мен экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер туралы және мемлекеттік кепілдіктер мен экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жөніндегі мемлекет міндеттемелері бойынша төленген ақша сомалары туралы мәліметтерді статистикалық ақпарат нысанында осы Кодекстің 40-бабына сәйкес тоқсан сайын ресми жариялауын;

10) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның осы Кодекстің 90-бабы 2-тармағының 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген деректер мен материалдарды қалыптастыруын және оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберуін қамтиды.

2. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына қолданылмайды.

 

138-бап. Мемлекеттік борыш

1. Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына немесе мәслихаттардың шешімдерімен жергілікті атқарушы органдардың борышына жатқызылған, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың алынған (игерілген) және өтелмеген қарыздарының белгілі бір күнге сомасы, сондай-ақ борыштық міндеттемелердің белгілі бір күнге сомасы мемлекеттік борыш болып табылады.

2. Мемлекеттік борыш ішкі және сыртқы мемлекеттік борышты қамтиды.

Мемлекеттік ішкі борыш Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы ішкі қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлігі болып табылады.

Мемлекеттік сыртқы борыш Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы сыртқы қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлігі болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етілетін үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді алады.

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттердің қаражатымен қамтамасыз етілетін өз борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді алады.

Жергілікті атқарушы органдардың үшінші тұлғалар үшін қарыздар бойынша міндеттемелерді кез келген түрде және кез келген нысанда қабылдауына жол берілмейді.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

5. Қарыз берушілерге негізгі борыш сомасын қайтарған және борышқа қызмет көрсету бойынша төлемдерді толық мөлшерде төлеген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелері орындалды деп есептеледі.