Бірінші санаттағы төлем ұйымының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарды, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну тəртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 19-4-баппен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
19-4-бап. Бірінші санаттағы төлем ұйымы қызметінің қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздігін, оның ішінде киберқауіпсіздігін жəне үздіксіздігін қамтамасыз ету
1. Бірінші санаттағы төлемұйымы қызметінің қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздігін, оның ішінде киберқауіпсіздігін жəне үздіксіздігін мынадай қағидаттар негізінде қамтамасыз етеді:
1) заңнаманы жəне міндетті стандарттарды сақтау қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына жəне қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздік жəне киберқауіпсіздік саласындағы міндетті стандарттарға сəйкестігі тұрғысынан киберқауіпсіздікке тұрақты тексерулер мен аудит жүргізуі;
2) басшылықтың тартылуы қағидаты - қызметтің қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздігін, оның ішінде киберқауіпсіздігін жəне үздіксіздігін қамтамасыз етуге бірінші санаттағы төлем ұйымының атқарушы органы басшысының немесе мүшесінің қатысуы, олардың тарапынан бақылау жəне жауапкершілігі;
3) кешенділік қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті, оның ішінде киберқауіпсіздікті сыртқы жəне ішкі қатерлерді ескере отырып, ұйымдастырушылық, техникалық жəне кадрлық деңгейлерде іске асыруы;
4) шектеулі қолжетімділік қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздікке, оның ішінде киберқауіпсіздікке əрбір қатысушыға өзінің функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті жəне жеткілікті ақпарат пен ресурстарға ғана қолжетімділік беруі;
5) деректерді сақтауды барынша азайту қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының бірінші санаттағы төлем ұйымы жүзеге асыратын міндеттерді орындау үшін қажетті жəне жеткілікті ақпарат пен деректерді ғана сақтауы;
6) мониторингтеу қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының цифрлық инфрақұрылымындағы пайдаланушылардың əрекеттері мен оқиғаларды бірінші санаттағы төлем ұйымының тіркеп-белгілеуі жəне уақтылы талдауы;
7) хабардар болу қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының бірінші санаттағы төлем ұйымы қызметкерлерінің қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздік жəне киберқауіпсіздік саласындағы кəсіби білімі мен дағдылар деңгейін жүйелі түрде арттыруы жəне тұрақты түрде тексеруі;
8) қорғауды жаңарту жəне тестілеу қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының бағдарламалық қамтылым мен операциялық жүйелерді уақтылы жаңартып отыруы, сондай-ақ бірінші санаттағы төлем ұйымының цифрлық инфрақұрылымында осалдықтардың бар-жоғына тұрақты түрде тексерулер мен ену тестерін бірінші санаттағы төлем ұйымының өткізуі;
9) үздіксіздік жəне қалпына келтіру қағидаты - бірінші санаттағы төлем ұйымының деректерді резервтеуі, бірінші санаттағы төлем ұйымының цифрлық инфрақұрылымын қалпына келтіруді жоспарлауы жəне тестілеуі.
2. Бірінші санаттағы төлем ұйымы қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті, оның ішінде киберқауіпсіздікті басқару жүйесінің бар-жоғын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген талаптарға сəйкес қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті, оның ішінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Бірінші санаттағы төлем ұйымы киберқауіпсіздікті басқару жүйесінің бар-жоғы туралы, сондай-ақ киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуы туралы мəліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрландыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша айқындаған тəртіппен жəне мерзімдерде Киберқауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығына ұсынады.
4. Бірінші санаттағы төлем ұйымы қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздік, оның ішінде киберқауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеуді, қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің, оның ішінде киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына нақты уақыт режимінде ден қоюды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тəртіппен қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің, оның ішінде киберқауіпсіздіктің оқыс оқиғаларын тергеп-тексеруді жүргізуді қамтамасыз етеді.
5. Бірінші санаттағы төлем ұйымы цифрлық инфрақұрылымдағы осалдықтар туралы, оның ішінде үшінші тараптардан алынған ақпаратты, сондай-ақ цифрлық жүйелердегі бұзушылықтар мен іркілістер туралы мəліметтерді қоса алғанда, қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздіктің, оның ішінде киберқауіпсіздіктің оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тəртіппен жəне мерзімдерде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.
6. Бірінші санаттағы төлем ұйымы цифрлық инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін деректерді өңдеудің резервтік орталығының жəне резервтік байланыс арналарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
7. Бірінші санаттағы төлем ұйымы клиенттерді бірінші санаттағы төлем ұйымының ішкі құжаттарында жəне (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда белгіленген тəртіппен жəне мерзімдерде төлем операциялары мен өзге де операциялардың клиенттер үшін қолжетімділігіне əсер ететін, цифрлық инфрақұрылымда жүргізілетін жоспарланып отырған жұмыстар туралы хабардар етеді.
8. Бірінші санаттағы төлем ұйымы клиенттерге банк операциялары мен өзге де операцияларды үздіксіз ұсынудың кепілді деңгейін қамтамасыз етеді, ол бірінші санаттағы төлем ұйымының ішкі құжаттарында белгіленеді. Бірінші санаттағы төлем ұйымының көрсетілген ішкі құжаттары бірінші санаттағы төлем ұйымының интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
9. Бірінші санаттағы төлем ұйымының цифрлық инфра-құрылымының үздіксіз жұмыс істеуіне қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 19-5-баппен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
19-5-бап. Құжаттарды сақтау
Бірінші санаттағы төлем ұйымы есептілік жасау кезінде бухгалтерлік есепке алуда пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуын жəне сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Сақтауға жататын негізгі құжаттардың тізбесі мен оларды сақтау мерзімдерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20-бап. Төлем ұйымын қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру)
1. Төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімімен төлем ұйымдары акционерлерінің (қатысушыларының) шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Бірінші санаттағы төлем ұйымдарын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тəртіппен жүзеге асырылады.
3. Екінші санаттағы төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне келісуге мыналар ұсынылады:
1) төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру туралы шешім;
2) төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастырудың болжамды шарттарын, нысандарын, тəртібін жəне мерзімдерін сипаттайтын құжаттар;
3) қайта ұйымдастырылатын төлем ұйымдарының атқарушы органдарының басшылары қол қойған біріктіру (қосу) туралы шарт;
4) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сəйкес аудиторлық есеп;
5) төлем ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыру нəтижесінде құрылған қызметті жүзеге асыру қағидалары.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы баптың 2-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттарды қарайды жəне олар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы жазбаша түрдегі хабарлама жібереді.
5. Қайта ұйымдастырылатын екінші санаттағы төлем ұйымдары ерікті түрде қайта ұйымдастыруды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында тиісті хабарландыруды жариялау арқылы өздерінің барлық клиентіне жəне көрсетілетін төлем қызметтерін берушілерге жүргізілетін қайта ұйымдастыру туралы хабарлауға міндетті.
6. Ерікті түрде қайта ұйымдастыру нəтижесінде құрылған екінші санаттағы төлем ұйымын есептік тіркеу осы Заңның жəне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сəйкес жүргізіледі.
7. Қайта ұйымдастырылған төлем ұйымдарының тізілімінен шығару ерікті түрде қайта ұйымдастырылған екінші санаттағы төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізіліміне енгізілген күні бір мезгілде жүзеге асырылады.
8. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) төлем ұйымының ерікті түрде қайта ұйымдастыру нəтижесінде құрылған атқарушы органының басшысы осы Заңның 19-бабының талаптарына сай келмейтін;
2) төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастыру көрсетілетін төлем қызметтері нарығына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға кедергі келтіретін, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін алушылардың мүдделеріне зиян келтіретін жағдайларда, екінші санаттағы төлем ұйымдарын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға келісім беруден бас тартады.
4-тарау. ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАДАҒАЛАУ (ОВЕРСАЙТ),
КӨРСЕТІЛЕТІН ТӨЛЕМ ҚЫЗМЕТТЕРІ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БАҚЫЛАУ
21-бап. Төлем жүйелерін реттеу және оларды қадағалау (оверсайт)
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төлем жүйелерін реттеу мақсатында:
1) төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
2) Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
3) маңызды төлем жүйелері өлшемшарттарының көрсеткіштерін бекітеді;
4) төлем жүйелерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингін жүзеге асырады;
2) жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін халықаралық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан талдауды және бағалауды, оның ішінде төлем жүйесіне қатысушы маңызды клиенттердің төлем жүйелерінің жұмысына әсерін талдауды жүзеге асырады;
3) бағалы қағаздармен және шетел валютасымен операциялардың нәтижелері бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын талдауды жүзеге асырады;
4) операторлардан, операциялық орталықтардан және төлем жүйелеріне қатысушылардан төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша ақпарат, оның ішінде жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелері арқылы жүргізілген, көрсетілген төлем жүйелеріне қатысушы маңызды клиенттер жүзеге асырған төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының көлемдері жөніндегі мәліметтер алады;
2024.22.11. № 138-VIII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2024 ж. 4 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйелері операторларының және (немесе) операциялық орталықтарының, оның ішінде олармен жасалған шарт бойынша төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызметтер көрсетуге уәкілеттік берілген кез келген өзге де тұлғаның қызметіне «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау жəне қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізеді;
6) жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қатысушылардың ұйымдастыру шараларына және жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды орындауын байқауды жүзеге асырады;
7) жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге төлем жүйелерінің тізілімдерін жүргізеді және өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
3. Төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттік органдармен, төлем жүйелері операторларымен және оларға қатысушылармен және Қазақстан Республикасының өзге де қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне бағалау жүргізген кезде шет мемлекеттердің төлем жүйелерінде орталық банктермен және өзге де қадағалау (оверсайт) органдарымен, халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ынтымақтастық туралы келісімдер (шарттар, меморандумдар) жасасу арқылы ынтымақтастық жасайды.
22-бап. Жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингі, жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдау және бағалау
1. Жүйелік маңызы бар төлем жүйелерінің мониторингін, жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелерінің операторларынан, операциялық орталықтарынан және оларға қатысушылардан алатын ақпарат негізінде жүзеге асырады.
Жүйелік маңызы бар, маңызды төлем жүйелерінің жұмыс істеуін халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағалауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қажет болған кезде жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйелерінің операторымен, операциялық орталығымен бірлесіп, халықаралық қаржы ұйымдарының мамандарын тарта отырып не оларды тартпастан жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алынған ақпаратқа талдау мен тиісті есептілікті және қадағалаудың (оверсайттың) өзге де нәтижелерін қалыптастыруды жүзеге асырады. Жүргізілген талдаудың жиынтық нәтижелері жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 23-баптың тақырыбы өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23-бап. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу, оларды бақылау мен қадағалау
1. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) көрсетілетін төлем қызметтерін беруші көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілерге жатқызылатын көрсеткіштерді бекітеді;
2) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды;
3) көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлейді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеу, бақылау мен қадағалау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) көрсетілетін төлем қызметтері нарығын талдауды жүзеге асырады;
2) төлем құралдарының қолданылуын талдауды жүзеге асырады;
3) көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер ұсынатын қызметтерді талдауды және бағалауды жүзеге асырады;
4) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілерден олар ұсынған көрсетілетін төлем қызметтері бойынша мәліметтер алады;
5) көрсетілетін төлем қызметтерін берушілерден көрсетілетін төлем қызметтері туралы мәліметтерді, төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу мәселелері бойынша өзге де ақпаратты алады;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1) бірінші санаттағы төлем ұйымдарының қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны береді (беруден бас тартады), қайта ресімдейді, тоқтата тұрады, тоқтатады немесе одан айырады;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 5-2) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5-2) бірінші санаттағы төлем ұйымдарының қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді, оларда:
лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынылатын құжаттардың тізбесін қоса алғанда, бірінші санаттағы төлем ұйымдарын лицензиялау тəртібі;
ұйымдық-құқықтық нысанға, құрылтайшыларға (қатысушыларға) жəне бенефициарлық меншік иесіне, оның ішінде олардың жарғылық капиталға салымдарының шығу көздерін ашып көрсетуге, басшы қызметкерге қойылатын талаптарды, олардың мінсіз іскерлік беделіне, жарғылық капиталдың мөлшеріне жəне оны қалыптастыру тəртібіне, бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін реттейтін оның ішкі құжаттары мен регламенттеріне қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірінші санаттағы төлем ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары;
бірінші санаттағы төлем ұйымдары клиенттерінің банктік шоттардағы ақшасын пайдалану тəртібі, жағдайлары мен шарттары;
бірінші санаттағы төлем ұйымының сақталуға тиіс негізгі құжаттарының тізбесі мен оларды сақтау мерзімдері;
бірінші санаттағы төлем ұйымының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарының мазмұнына қойылатын талаптар, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну тəртібі мен мерзімдері;
бірінші санаттағы төлем ұйымының цифрлық инфрақұрылымының жұмыс істеуіне жəне қаржы саласындағы ақпараттық қауіпсіздігін, оның ішінде киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;
бірінші санаттағы төлем ұйымы есептілігінің ұсынылу нысандарын, тізбесін, кезеңділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, оны ұсыну тəртібі де айқындалады;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 5-3) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5-3) бірінші санаттағы төлем ұйымдары үшін пруденциялық нормативтерді жəне сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, олардың шекті мəндерін жəне есептеу əдістемелерін бекітеді;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 5-4) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5-4) бірінші санаттағы төлем ұйымдары үшін тəуекелдерді басқару жəне ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 5-5) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5-5) өз құзыретіне кіретін мəселелер бойынша қадағалап ден қою шараларын бірінші санаттағы төлем ұйымдарына қолдану қағидаларын бекітеді;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 5-6) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5-6) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында бірінші санаттағы төлем ұйымдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекітеді;
2026.23.07. № 352-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) екінші санаттағы төлем ұйымдарын есептік тіркеуді жүзеге асырады;
7) төлем ұйымдарының тізілімін жүргізеді;
8) көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар болып табылмайтын көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің (бұдан әрі - көрсетілетін төлем қызметтері нарығының өзге субъектілері), төлем жүйелері операторларының және төлем жүйелері операциялық орталықтарының Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын сақтауына бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) төлем жүйелері операторларының, төлем жүйелері операциялық орталықтарының және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының өзге субъектілерінің қызметіне тексерулер жүргізеді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар болып табылатын көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын сақтауына бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және олардың қызметіне тексерулер жүргізеді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Көрсетілетін төлем қызметтері нарығын реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шет мемлекеттердің орталық банктерімен және көрсетілетін төлем қызметтері нарығын өзге де қадағалау органдарымен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 24-баптың тақырыбы өзгертілді
24-бап. Төлем жүйелері операторларына, төлем жүйелерінің операциялық орталықтарына, көрсетілетін төлем қызметтерін берушілерге қатысты шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын және санкцияларды қолдану
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.08.07. № 116-VІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 9 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде төлем жүйелерінің операторларына, төлем жүйелерінің операциялық орталықтарына және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының өзге субъектілеріне Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен шектеулі ықпал ету шараларын және санкцияларды қолданады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың шетелдік төлем жүйелеріне қатысуын, Қазақстан Республикасының аумағындағы төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, төлем ұйымдарының қызметін, егер осы төлем жүйесінің одан әрі жұмыс істеуі немесе төлем ұйымдарының қызметі Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайларда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен тоқтата тұрады.
3. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, төлем ұйымдарының қызметін, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың шетелдік төлем жүйелеріне қатысуын қайта бастау олардың қызметінің тоқтатыла тұру себептері жойылғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті төлем жүйесінің операторын, төлем ұйымын, банкті және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жіберілген олардың жұмыс істеуі мен тиісінше қатысуын қайта бастау мүмкіндігі туралы жазбаша хабарламасының негізінде жүзеге асырылады.