Тұрғын үйлерге қойылатын техникалық талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 153 бұйрығы
«Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 10-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған тұрғын үйлерге қойылатын техникалық талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Министр | Е. Досаев |
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Қ. Қасымов
2015 жылғы 17 наурыз
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы
№ 153 бұйрығымен бекітілген
Тұрғын үйлерге қойылатын техникалық талаптар
1. Осы Тұрғын үйлерге қойылатын техникалық талаптар (бұдан әрі - Талаптар) «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-2-бабының 10-13) тармақшасына сәйкес әзірленді және тұрғын үйлерге қойылатын техникалық талаптарды белгілейді.
2. Тұрғын үйлер қала құрылысы талаптарының негізінде сәулет-жоспарлау тапсырмасының талаптарына сәйкес тұрғын ғимараттардың сыныптамасы бойынша бөлінеді.