«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 442-V Заңы (2026.07.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

4) АЭС персоналын даярлауды, қайта даярлауды жəне олардың біліктілігін жетілдіріп отыруды ұйымдастыруға қатысады;

5) АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімін қалыптастыруға қатысады;

6) АЭС жобаларын іске асыру шеңберінде тапсырыс беруші ретінде əрекет етеді;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

2026.07.07. № 336-VIII ҚР Заңымен 12-2-баппен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

12-2-бап. АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит берудің ерекшеліктері

1. АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит желісі нысанында бюджеттік кредит беру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сəйкес ақылылық, мерзімділік жəне қайтарымдылық қағидаттарында мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:

1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылатын АЭС жобаларын қаржыландыру үшін бюджеттік кредит желісі нысанындағы бюджеттік кредит беру бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету жəне өтеу туралы шешім қабылдау рəсімін қамтитын процесті білдіреді;

2) бюджеттік кредит желісі АЭС жобаларын іске асыру мерзімі кезеңінде қаражаттың траншпен (бөліктермен) бөлінуін білдіреді;

3) бюджеттік кредит желісі мынадай нысандарда беріледі:

ақшалай нысанда - АЭС ұлттық операторына қолма-қол ақшаны бақылау шотына ақша қаражатын аудара отырып, республикалық бюджет қаражатынан бөлінеді;

аккредитивтік нысанда - бюджеттік кредит желісі бойынша берешекті ұлғайту есебіне уəкілетті органмен, мемлекеттік қазынашылықпен келісілген АЭС ұлттық операторының тапсырмасы бойынша, қаражат көзі экспорттық кредит қаражаты болып табылатын кредиттік қаражатты пайдалану шеңберінде төлем міндеттемелерін орындай отырып;

аралас нысанда - қарыз қаражатының бір бөлігі АЭС ұлттық операторының қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады, ал қалған бөлігі - мемлекеттік қазынашылықтың аккредитивті орындауы арқылы бюджеттік кредит желісі бойынша берешекті ұлғайту есебіне аударылады;

4) бюджеттік кредит желісі осы бапта белгіленген, Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының мынадай:

қарыз алушының міндеттемелерін орындауды бюджеттік кредит желісі бойынша қамтамасыз етудің болуы;

бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау;

қарыз алушының кредит алуға қабілеттілігін бюджеттік кредит желісі бойынша растау;

инвестициялық ұсынысты, техникалық-экономикалық негіздемені жəне қаржылық-экономикалық негіздемені əзірлеу сияқты жекелеген талаптарын қолданбауға жол беретін ерекшеліктер ескеріле отырып беріледі;

5) жобаны мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.

 

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 12-3-баппен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

12-3-бап. АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы

1. АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы уəкілетті орган бекітетін АЭС ұлттық операторының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сəйкес жүзеге асырылады.

2. АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізілген əлеуетті өнім берушілер арасында «толық бітіріп берілетін» құрылыс бойынша кешенді жұмыстарды сатып алу туралы шарттарды орындау шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай қағидаттарға сəйкес жүзеге асырылады:

1) ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздіктің басымдығы;

2) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы жəне тиімді жұмсау;

3) өнім берушілердің коммерциялық құпияға құқықтары жəне (немесе) заңды мүдделері сақтала отырып, сатып алу процесінің ашықтығы жəне айқындығы;

4) қазақстандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өнім берушілеріне Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

5) əлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бəсекелестік, сатып алуға қатысушылар арасындағы сөз байласуға жол бермеу;

6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, əлеуетті өнім берушілерге сатып алуды өткізу рəсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

7) сатып алынатын тауарлардағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың сақталуы.

 

13-бап. Ядролық физикалық қауіпсіздік

1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланушы ұйым ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

2. Ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді физикалық қорғау жүзеге асырылады, ол:

1) атом энергиясы пайдаланылатын объектіні ядролық материалдарды рұқсатсыз алып қоюдан, ұрлаудан немесе ядролық қондырғыны заңсыз басып алудан қорғауды;

2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді диверсиядан қорғауды;

3) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде болуы ықтимал диверсияның радиологиялық салдарын жеңілдетуді немесе барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиіс.

3. Радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды күзетуді ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері жүзеге асырады.

 

14-бап. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiн мемлекеттік есепке алу

1. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерi уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттiк есепке алынуға жатады.

2. Ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу ядролық материалдардың, иондандырушы сәулелену көздерінің қолда бар санын, олармен жұмыс істеу кезінде олардың орын ауыстыруын және орналасқан жерін айқындауды қамтамасыз етеді.

3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға ядролық материалдар мен иондандырушы сәулелену көздерiнің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептерді ұсынады.

4. Уәкілетті орган иондандырушы сәулелену көздерінің бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы алынған ақпаратқа талдау мен салыстыруды жүзеге асырады және оны иондандырушы сәулелену көздерінің тізіліміне енгізеді.

 

15-бап. Атом энергиясын пайдалану саласында экспорт пен импортты жүзеге асыру

2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, жабдықтардың, қондырғылардың, технологиялардың, иондандырушы сәулелену көздерінің, қосаланған мақсаттағы жабдықтардың және тиісті тауарлар мен технологиялардың, оларды шығаруға байланысты жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты уәкілетті органның келісуі бойынша өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның біржолғы лицензиясы негізінде жүзеге асырылады.

2. Өнімнің немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерінің экспортына, егер мұндай өнім немесе зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелері ядролық қаруды немесе оның компоненттерін әзірлеуде, жасауда, сынауда және беруде пайдаланатындығы экспорттаушыға анық белгілі болса, тыйым салынады.

2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Атом энергиясын пайдалану саласында өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы нормалар мен талаптарды қамтамасыз ету мақсатында экспорттаушылар Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасына сәйкес өзіндік ерекшелігі бар тауарларды фирмаішілік бақылау жүйелерін құрады.

 

16-бап. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау

1. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау көліктік қаптама комплектілерін дайындауға және оларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүктерді дайындауға, тиеуге, жөнелтуге, транзиттік сақтауды қоса алғанда, тасуға, соңғы межелі пунктте түсіруге және қабылдап алуға байланысты, оның ішінде авариялық жағдайлармен байланысты барлық операциялар мен жағдайларды қамтиды.

3. Жүк жөнелтуші, тасымалдаушы және жүк алушы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдауды қауіпсіз орындауға қажетті жағдайларды жасауға міндетті.

4. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.

5. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тасуға рұқсат етілген ядролық материалдар, радиоактивті заттар және радиоактивті қалдықтар қаптамасының коды мен типі, тасу шарттары, тіркеу нөмірі мен күні, олардың қолданылу мерзімі көрсетіле отырып, конструкциясын уәкілетті орган бекітетін көліктік қаптама комплектілерінде жүзеге асырылады.

 

17-бап. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу

1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілген радиоактивті қалдықтар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңінде халық пен қоршаған ортаны радиациялық қорғауды қамтамасыз ететіндей түрде көмілуге тиіс.

2. Радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды барынша азайту шараларын қабылдауға міндетті.

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Пайдаланылып болған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз орналастыру олардың түзілуіне алып келетін қызметтің кез келген түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және пайдалану құжаттамасында көзделуге тиіс.

4. Пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеуге заңды тұлғалар ғана жіберіледі.

5. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.

2026.07.07. № 336-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Радиоактивті қалдықтармен және (немесе) пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

2026.07.07. № 336-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Радиоактивті қалдықтармен жəне пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталуға тиіс.

 

18-бап. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметті жүзеге асыру

1. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызмет осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.

2. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтарда осы аумақтардың шекаралары олардың радиоактивті ластануы ескеріле отырып белгіленеді.

2026.07.07. № 336-VIII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

3. Осы бапта көрсетілген аумақтарда орналасқан радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, ядролық мұра объектілерін оңалту ерекшеліктері Қазақстан Республикасының радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасында жəне Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасында айқындалады.

 

19-бап. Құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардың пайдаланылуын бақылау

1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке жатпайтын өндірістік қызметте пайдаланылатын материалдардың құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтердің болуына байланысты жұмыскерлер мен тұрғындардың сәуле алуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтерден аспауға тиіс.

2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары жұмыскерлер мен тұрғындарды құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардан нормативтен тыс сәуле алудан қорғау мақсатында радиациялық бақылауды жүзеге асырады.

 

20-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігі

1. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті, авариялық әзірлікті қамтамасыз ету және ядролық және (немесе) радиациялық аварияларға ден қою үшін атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті біліктілігі болуға тиіс.

2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал мынадай санаттарға бөлінеді:

1) мамандар - жоғары буын басшыларын, аға басшыларды (бөлімдер мен секторлардың бастықтарын); кіші буын басшыларын (аға операторларды, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтарын және олардың орынбасарларын) қамтитын персонал; қызметі атом энергиясы пайдаланылатын объектіні пайдалануға байланысты инженерлік және (немесе) ғылыми персонал;

2) техниктер - бақылау-өлшеу аппаратурасының техниктерін, радиациялық бақылау техниктерін, химиялық зертхана техниктерін, техник-механиктерді, техник-электриктерді және электрондық аппаратура техниктерін қамтитын персонал, сондай-ақ ядролық қондырғыны пайдалануға байланысты жұмыстармен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персонал;

3) жұмысшылар - дәнекерлеушілерді, слесарьларды, механиктерді, электриктерді, механизмдер операторларын қамтитын персонал және басқа да білікті жұмысшы персонал.

3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.

4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілік талаптарына сай келмейтін және (немесе) мәлімделген жұмыс түріне медициналық қарсы көрсетілімдері бар жұмыскерлерді жіберуіне тыйым салынады.

5. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті кәсіби деңгейін қолдау және білімі мен дағдыларын арттырудағы қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

 

21-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал біліктілігі мен кәсіптік даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкес келуіне уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аттестаттаудан өтеді.

2. Персоналды аттестаттау ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білуін тексеру, сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатында жүргізіледі.

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Уәкілетті орган:

1) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін мамандарды;

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бақылау, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін ядролық қондырғы персоналын;

3) радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін радиациялық, электрофизикалық қондырғы персоналын аттестаттауды өткізеді.

Өзге персоналды атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларына сәйкес аттестаттайды.

4. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге бөлінеді:

1) бастапқы аттестаттау;

2) мерзімді аттестаттау;

3) кезектен тыс аттестаттау;

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды

4) қайта аттестаттау.

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

5. Персоналды бастапқы аттестаттау жұмыскер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде жүргізіледі. Мерзімді аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:

1) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде оқыс оқиғалар туындағанда - олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;

2026.07.07. № 336-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) бақылау жəне қадағалау органының тексерулері, тергеп-тексерулері жəне қашықтан бақылауы нəтижесінде анықталған ядролық жəне (немесе) радиациялық жəне (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сəулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылғанда - бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты;

3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.

Қайта аттестаттау бастапқы немесе мерзімді немесе кезектен тыс аттестаттау қорытындысы бойынша теріс нәтиже алынған жағдайда тағайындалады.

2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

6. Жұмыскер бастапқы немесе мерзімді немесе кезектен тыс аттестаттау нәтижелері бойынша теріс қорытынды алған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қайта аттестаттау нәтижелерін алғанға дейін жұмысынан шеттетіледі.

Қайта аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілігінің және кәсіптік даярлығының жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмейтіні туралы теріс қорытынды алған жұмыскермен еңбек шарты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатылады.

 

22-бап. Қондырғыларды пайдаланудан шығару, ядролық немесе радиациялық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және көму пункттерін жабу

1. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау сатысында ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көму пунктін жабудың алдын ала жоспарын Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес әзірлейді.

2. Пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін немесе көму пунктін жапқаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.

3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану кезінде пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.

4. Ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.

5. Пайдаланушы ұйым қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді өмірлік циклдің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.

6. Ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға алып келген немесе алып келуі мүмкін, ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған жағдайда және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізделген мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

7. Көму пунктін жабу туралы шешімді оны жабу жөніндегі іс-шаралар аяқталған кезде уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Уәкілетті органның ұсынуы:

1) көму пунктін пайдалану салдарынан ластанған аумақты рекультивациялауды;

2) көму пункті орналасқан алаңдағы радиациялық ахуалды бақылап өлшеуді жүргізуді;

2026.07.07. № 336-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) көму пунктінің заттарын, материалдарын, конструкциясын, көму пункті орналасқан алаңның геотектоникалық, геологиялық жəне геофизикалық сипаттамаларын толық сипаттай отырып, құжаттама топтамасын архивке беру үшін ресімдеуді қамтитын, пайдаланушы ұйым орындаған көму пунктін жабу жөніндегі іс-шараларға негізделеді.

 

23-бап. Авариялық әзірлік және ден қою

1. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:

1) ядролық немесе радиациялық аварияның әсер ету факторлары авариялық ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы орналасқан алаңның шегінен тысқары шыққан немесе олардың шығу қатері болған жағдайда;

2) әсері немесе әсер ету қатері Қазақстан Республикасының аумағына таралатын, басқа мемлекеттің аумағында орын алған трансшекаралық ядролық немесе радиациялық авариялар кезінде уәкілетті органның шешімімен қолданысқа енгізіледі.

2. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:

1) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ядролық немесе радиациялық авария жағдайындағы құқықтары мен міндеттерін;

2) ядролық және радиациялық аварияларға әзірлік және ден қою жөніндегі әрекеттер мен іс-шараларды басқару тәртібін;

3) ядролық немесе радиациялық авария жағдайында және оның салдарын жою жағдайында ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіруді айқындайды.

3. Уәкілетті орган тиісті ядролық немесе радиациялық авария туралы ақпаратты алған кезде ол жөнінде, сондай-ақ ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын қолданысқа енгізу туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға дереу хабарлайды.

4. Пайдаланушы ұйымдар аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірлейді және бекітеді. Аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларында оқыс оқиғалар кезінде және авариялар мен олардың салдарын жою кезінде ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының радиациялық қауіптілік санатына сәйкес персоналға, тұрғындарға және қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайту жөніндегі әрекеттер тәртібі мен іс-шаралар көзделеді.

5. Пайдаланушы ұйымдар атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде авариялық әзірлік және ден қою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.

6. Атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.