«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (2026.21.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

 

 

14-тарау. КҮШЕЙТІЛГЕН ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ОРНЫҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

 

87-бап. Күшейтілген қадағалау режимі

1. Күшейтілген қадағалау режимі деп банктің қаржылық орнықтылығының нашарлауын болғызбау мақсатында уәкілетті органның шешімі бойынша банкке қолданылатын қадағалаудың ерекше тәртібі түсініледі.

2. Уәкілетті орган күшейтілген қадағалау режимінің қолданысы кезеңінде осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша:

87-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының қолданысы 2027 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 135-баптың 3-тармағының 2) тармақшасының редакциясында қолданылады

1) ақпаратты, қаржылық және өзге де есептілікті жеке айқындалған кезеңділікпен, оның ішінде деректер витринасы арқылы алуға;

2) банктің қаржылық және мүліктік жай-күйіне бағалау (талдау) жүргізуге, оның ішінде банкке бару және (немесе) көрсетілетін қызметтері банк қаражатының есебінен төленетін (өтелетін) бағалаушыларды, аудиторлық және (немесе) өзге де мамандандырылған ұйымдарды тарту арқылы жүргізуге;

3) банктің қолайсыз макроэкономикалық жағдайларға орнықтылығына талдау жүргізуге;

4) банктен банктің ағымдағы қаржылық жағдайына сәйкес қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын қайта қарауды және жаңартуды талап етуге;

5) банктен, банктің ірі қатысушыларынан, банк холдингтерінен банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдауды, оның ішінде банктің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде банктің және (немесе) банк конгломератының меншікті капиталын ұлғайтуды талап етуге;

6) банктен және (немесе) банк холдингінен капиталына банк және (немесе) банк холдингі қатысатын ұйымдармен, сондай-ақ банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдармен операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруды және (немесе) жекелеген мәмілелер жасауды, егер мұндай операциялар және (немесе) мәмілелер банктің, банк холдингінің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына теріс әсер ететін (әсер етуі мүмкін) болса, тоқтата тұруды талап етуге;

7) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардан олардың үлестес тұлғаларымен операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруды және (немесе) жекелеген мәмілелер жасауды, егер мұндай операциялар және (немесе) мәмілелер банктің және (немесе) банк холдингінің және (немесе) банк конгломератының қаржылық орнықтылығына теріс әсер ететін (әсер етуі мүмкін) болса, тоқтата тұруды талап етуге;

8) банктен корпоративтік басқаруды және (немесе) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін жақсартуды талап етуге;

9) банктен және (немесе) банк холдингінен банкке күшейтілген қадағалау режимін қолданудың өзге де негіздерін жоюды талап етуге құқылы.

3. Уәкілетті орган осы Заңның 80-бабының 3, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарды ескере отырып, осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді жазбаша нұсқама нысанында қолданады.

4. Уәкілетті органның банкке күшейтілген қадағалау режимін қолдану туралы шешімі көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің назарына жеткізіледі және аталған тұлғалар оны таратпауға (жария етпеуге) тиіс.

5. Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері банкке күшейтілген қадағалау режимін қолдануға негіз болған себептерді жою үшін қажетті (жеткілікті) шараларды қабылдауға міндетті.

6. Күшейтілген қадағалау режимі оны қолдану негіздері жойылған және банк қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін және өзге де пруденциалдық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциалдық нормативтер мен лимиттерді сақтаған кезде уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатылады.

7. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін банктің ірі қатысушылары мен банк холдингтері деп Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы түсініледі.

 

88-бап. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспары

1. Банктің өзіне қатысты уәкілетті орган қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолданған жағдайда қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары болуға міндетті.

Банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарында мыналар көзделеді:

1) банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері қабылдайтын банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шаралар, көрсетілген шараларды қаржыландыру көздері, оның ішінде банкті қосымша капиталдандыру түріндегі қаржыландыру көздері, оларды іске асыру мерзімдері;

2) банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыруға жауапты басшы қызметкерлерді бекіту.

Банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарын банктің басқару органы бекітеді және оны банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері келіседі.

2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына қатысты қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолданған жағдайда оның қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары болуға міндетті.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарында мыналар көзделеді:

1) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі қабылдайтын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шаралар, көрсетілген шараларды қаржыландыру көздері, оның ішінде резерв ретінде қабылданатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының активтерінің мөлшерін ұлғайту түріндегі көздер, оларды іске асыру мерзімдері;

2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыруға жауапты басшы қызметкерлерді бекіту.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекітеді.

3. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары жаңартылып отыруға тиіс және банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы оның тиімділігін бағалау үшін, сондай-ақ кез келген мынадай:

банктің ірі қатысушыларының және (немесе) банк холдингтерінің құрамы өзгерген (банк үшін қолданылады);

банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығына едәуір әсер етуі мүмкін және (немесе) басқа себептер бойынша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарына өзгерістер енгізу қажеттілігіне алып келетін банк қызметінің түрлері және (немесе) жүзеге асырылатын ауқымы өзгерген жағдайларда жылына кемінде бір рет уәкілетті органға жіберіп отырады.

Уәкілетті орган қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарының тиімділігіне бағалау жүргізеді.

Уәкілетті органның ескертулері және (немесе) ұсыныстары болған кезде банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын пысықтауға міндетті.

4. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарында банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру үшін мемлекеттік қаражатты пайдалануы көзделмеуге тиіс және он екі айдан асатын іске асыру мерзімі көзделмейді.

Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарының мазмұнына қойылатын талаптар, оны уәкілетті органға ұсыну тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

 

89-бап. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі

1. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі деп банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері уәкілетті органның шешімі бойынша банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру, оның ішінде банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі мен өтімділігін қалпына келтіру, сондай-ақ банкке қатысты реттеу режимін немесе мәжбүрлеп таратуды қолдануды болғызбау мақсатында жүзеге асыратын шаралар кешені түсініледі.

2. Уәкілетті орган осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимінің қолданысы кезеңінде:

1) осы Заңның 87-бабының 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді қолдануға;

2) банктің және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың активтерін сатуды және (немесе) олардың сапасын жақсартуды қоса алғанда, осы активтердің құрылымын өзгерту жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын талап етуге;

3) банктің басшы қызметкерлерін ауыстыруды қоса алғанда, банктің ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізуді талап етуге;

4) банктің, банк холдингінің және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың операциялардың және (немесе) мәмілелердің жекелеген түрлерін уәкілетті органмен алдын ала келісу қажеттігін қоса алғанда, оларды жасауының ерекше тәртібін белгілеуге құқылы.

3. Осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді уәкілетті орган осы Заңның 80-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптар ескеріле отырып, жазбаша нұсқама немесе жазбаша келісім нысанында қолданады.

4. Уәкілетті органның банкке қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешімі көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына жеткізіледі және аталған тұлғалар оны таратпауға (жария етпеуге) тиіс.

5. Уәкілетті органның банкке қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешімінде көрсетілген күннен бастап:

1) банк осы Заңның 88-бабының 1-тармағында көрсетілген қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын, осындай жоспарды осы баптың 6-тармағының талаптарына сәйкес жаңартылған кезіне дейін өз бетінше орындауға кіріседі;

2) банк Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда жалақы (сыйлықақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдерден басқа) және өзге де кепілдік берілген төлемдерді төлеуді қоспағанда, пайданы бөлу, дивидендтер төлеу, банктің ірі қатысушылары және (немесе) банк холдингтері алдындағы кез келген қаржылық міндеттемелерді орындау, сондай-ақ банктің басшы қызметкерлеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдерді қабылдауды, сондай-ақ осыған дейін қабылданған шешімдерді орындауды тоқтата тұрады;

3) банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесі жоқ банк акционерлері мен Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды иеленуші тұлғалар банк акционерлерінің жалпы жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.

Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режиміндегі банк акционерлерінің жалпы жиналысын өткізу үшін акционерлердің жалпы жиналысына банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесіне ие барлық акционерлер мен Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды иеленуші тұлғалар қатысқан кезде кворум сақталған болып есептеледі.

6. Уәкілетті орган банкке қатысты қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банк уәкілетті органның мақұлдауына банктің ағымдағы қаржылық жағдайы ескеріліп жаңартылған қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын ұсынуға міндетті.

Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері уәкілетті орган жаңартылған қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын мақұлдағаннан кейін оны дереу орындауға кірісуге және көрсетілген жоспарда белгіленген мерзімдерде орындау нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

7. Уәкілетті орган кез келген мынадай:

1) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары уәкілетті органға осы Заңның 88-бабында немесе осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен ұсынылмаған;

2) банк қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимінде болған кезде қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары онда белгілеген мерзімдерде орындалмаған жағдайларда банкке, банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады.

8. Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары бұзылған жағдайда, уәкілетті органның талабы бойынша бұзушылықтарды түзету жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

9. Уәкілетті орган кез келген мынадай:

1) банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда;

2) осы Заңның 87-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүргізілген банктің қаржылық және мүліктік жай-күйін бағалау (талдау) нәтижелері бойынша осы Заңның 101-бабында айқындалған тәртіппен банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті тағайындауға құқылы.

10. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (оны уәкілетті орган тағайындаған жағдайда) немесе банк (банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік тағайындалмаған жағдайда), оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі қолданыла бастаған күнге дейінгі үш жыл ішінде банк жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) осы Заңның 122-бабының 2-тармағында көзделген мәмілелердің жарамсыздық негіздері болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі шеңберінде мәмілелерді жарамсыз деп тануға осы Заңның 122-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылады.

11. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі оны қолдану негіздері жойылған және банк қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін және өзге де пруденциялық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтаған кезде уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатылады.

12. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін банктің ірі қатысушылары және банк холдингтері деп Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы түсініледі.

 

 

15-тарау. РЕТТЕУ РЕЖИМІ

 

90-бап. Банкті реттеу жоспары

1. Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банкке реттеу режимі қолданылған жағдайда жүйелік маңызы бар банктің реттеу жоспарын әзірлейді және қажеттілігіне қарай жаңартады.

Уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банк болып табылмайтын банктердің реттеу жоспарларын әзірлеуге және қажеттілігіне қарай жаңартуға құқылы.

2. Банкті реттеу жоспарында мыналар көзделеді:

1) реттеу құралдарын қолданудың ықтимал сценарийлерінің тізбесі және оларды талдауы;

2) үздіксіз жүзеге асыруды талап ететін аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың түрлері;

3) банкке, банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдарға қатысты қабылданатын шаралар;

4) банкке реттеу режимін қолдану кезінде мемлекеттік органдардың және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның өзара іс-қимыл тетіктері;

5) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің қызметі жөніндегі іс-шаралар;

6) банкті реттеуге бағытталған өзге де ережелер.

Банкті реттеу жоспарының мазмұнына қойылатын талаптар, оны әзірлеу және жаңарту тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

3. Банкті реттеу жоспарын әзірлеу немесе жаңарту процесінде, оның ішінде уәжді пайымдауды пайдалана отырып, банкті реттеуге кедергі келтіруі мүмкін банктің, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің, банк конгломератының және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың қызметіндегі кемшіліктерді, тәуекелдерді және (немесе) бұзушылықтарды анықтаған уәкілетті орган анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді және (немесе) бұзушылықтарды жою үшін осы Заңның 80-бабында көзделген қаржылық жай-күйді жақсарту және (немесе) тәуекелдерді азайту жөніндегі шараларды қолданады.

 

91-бап. Банктің қызмет қабілетін бағалау

1. Банктің қызмет қабілетін бағалау:

1) банктің қаржылық, бухгалтерлік және экономикалық жағдайын, оның ішінде банктің:

уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтау;

өзінің депозиторлары, өзге де кредиторлар мен клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау, сондай-ақ орнықты негізде банк қызметін жүзеге асыру қабілетін;

2) жүзеге асырылудағы үздіксіздігін қамтамасыз етуді талап ететін банктің аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың түрлерінің болуын;

3) банкті төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз деп тану үшін негіздердің болуын;

4) банк төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз деп танылған жағдайда, банкке мәжбүрлеп таратумен салыстырғанда реттеу құралдарын қолданудың мүмкіндігі мен орындылығын, оның ішінде:

банкке реттеу құралдарын қолдану мүмкіндігіне байланысты банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің жағдайы, сондай-ақ банкті реттеу режимін қолданбай мәжбүрлеп тарату кезіндегі олардың жағдайын;

банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда жүйелік тәуекелдердің және (немесе) банк жүйесіне едәуір теріс әсер ету тәуекелдерінің болуын;

жүйелік маңызы бар банкті реттеуге мемлекеттің қатысуының орындылығын айқындау мақсатында уәкілетті орган, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және (немесе) өзге де мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып жүргізетін кешенді талдау болып табылады.

Уәкілетті органның банктің қызмет қабілетін бағалауды жүргізуге байланысты шығыстары банк қаражаты есебінен төленеді (өтеледі).

2. Банктің қызмет қабілетін бағалау мынадай негіздердің кез келгені болған кезде жүргізіледі:

1) банктің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенттерінің және (немесе) өтімділік коэффициенттерінің уәкілетті орган белгілеген ең төмен мәндер деңгейінен төмендеуі;

2) банктің ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты жеті жұмыс күні ішінде депозиторлар және (немесе) өзге де кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін орындамауы;

3) банктің ақшаның болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) тиісінше орындамауы;

4) банктің корпоративтік басқаруында және (немесе) тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесіндегі банктің қаржылық орнықтылығына едәуір теріс әсер ететін айтарлықтай кемшіліктер;

5) банктің реттеушілік немесе қаржылық есептілігінде едәуір бұрмалаулардың болуы, оның ішінде залалдарды қасақана бұрмалау немесе мойындамау, есеп саясатына айла-шарғы жасау;

6) уәкілетті органның қадағалау функциялары шеңберінде банктің қаржылық орнықтылығына және (немесе) оның депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттері мен корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін жағдайдың қалыптасуына алып келуі мүмкін белгілерді анықтауы;

7) осы Заңның 80-бабында көзделген қаржылық жай-күйді жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралардың және (немесе) осы Заңның 81-бабында көзделген қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларының орындалмауы;

8) банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру жоспарының орындалмауы немесе тиімсіздігі;

9) күшейтілген қадағалау режиміндегі немесе қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режиміндегі банктің өзінің қаржылық орнықтылығының нашарлауына алып келетін мәмілелер (операциялар) жасауы, оның ішінде:

банктің активтері сапасының едәуір нашарлауы орын алатын мәмілелер (операциялар) жасауы, оның ішінде, егер көрсетілген мәмілелер (операциялар) банктің залалдарына алып келсе, активтерді, кепіл нысаналарын сату, алмастыру;

банктің залал шегуіне әкелетін нарықтық емес шарттарда мәмілелер (операциялар) жасауы, сондай-ақ осы Заңның 50-бабында белгіленген талаптарды және (немесе) уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолдану арқылы белгілеген шектеулерді бұза отырып, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалармен мәмілелер жасасуы;

банктің басқа депозиторлар және (немесе) өзге де кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерді толық немесе ішінара орындауын мүмкін етпеуге алып келген міндеттемелерді қабылдауы;

мүлікті (оның ішінде уақытша пайдалануға) өтеусіз не салыстырымды экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас мүлік бағасына қарағанда банк үшін нашарлау жағына қарай едәуір айырмашылығы болатын бағамен не негіздері болмаса да, банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіре отырып беру;

10) банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру үшін осы Заңда белгіленген негіздердің болуы;

11) осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздердің кез келгені келесі алты ай ішінде банкке қатысты туындайтынын көрсететін мән-жайлардың (мәліметтердің) болуы.

3. Банктің қызмет қабілетін бағалауды жүргізу тәртібі, жүйелі тәуекелдердің және банк жүйесіне едәуір теріс әсер ету тәуекелдерінің болуының өлшемшарттары, жүзеге асырылудағы үздіксіздігін қамтамасыз етуді талап ететін аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың болуының өлшемшарттары, сондай-ақ банкті залалға ұшырататын нарықтық емес шарттарда жасалатын мәмілелердің (операциялардың) тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

4. Банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелеріне байланысты уәкілетті орган банкті:

1) банк қаржылық орнықтылықты қалпына келтірудің жаңартылған жоспарын орындаған жағдайда өзінің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіруге қабілетті;

2) төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз деп таниды.

5. Банкті төлемге қабілетсіз немесе ықтимал төлемге қабілетсіз деп таныған жағдайда мынадай:

1) егер банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелері банкті мәжбүрлеп таратумен салыстырғанда реттеу құралдарын қолданудың мүмкіндігін және орындылығын растаса, осы Заңның 92-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен банкке реттеу режимін қолдану туралы;

2) егер банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелері банкке реттеу құралдарын қолдану мүмкіндігінің және (немесе) орындылығының болмауын растаса, уәкілетті органның банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыруы және банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім алу үшін сотқа жүгінуі туралы шешімдердің бірі қабылданады.

Банкке реттеу құралдарын қолданудың орындылығы осы Заңның 92-бабының 1-тармағында көзделген реттеу мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігімен расталады.

 

92-бап. Реттеу режимі

1. Реттеу режимі деп уәкілетті органның банкке осы Заңның 93-бабында көзделген реттеу құралдарын мынадай мақсаттарда қолдануы түсініледі:

1) банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

2) жүйелік тәуекелдерді азайту және банк жүйесіне едәуір теріс әсердің алдын алу, оның ішінде реттеу режиміндегі банк тарапынан басқа банктер мен қаржы ұйымдарына теріс әсердің таралуына жол бермеу арқылы азайту;

3) банктің аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудағы үздіксіздігін қамтамасыз ету.

2. Реттеу режимі мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банктің бухгалтерлік есебіндегі және қаржылық есептілігіндегі банктың іс жүзіндегі және күтілетін залалдардың мөлшеріне банктің меншікті капиталының шамасын міндетті түрде азайту;