«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (2026.21.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

 

127-бап. Қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясы

Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған күннен бастап Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясын тағайындайды, ол Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату рәсімін жүзеге асырады.

Қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясы оның кредиторларымен есеп айырысуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды.

Қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының тарату комиссияларын тағайындау және босату тәртібі, тарату комиссиясының төрағасына және мүшелеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату тәртібі және тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

Тарату комиссиясы төрағасының және мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, оның ішінде сыйақыға құқығы, қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының істері мен мүлкін басқару жөніндегі өкілеттіктердің көлемі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде және тарату комиссиясы кредиторлар комитетімен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып жасасатын келісімде реттеледі.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату комиссиясының төрағасына, мүшелеріне және қатыстырылған өзге де қызметкерлерге төленетін сыйақының ай сайынғы мөлшері олардың әрқайсысына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын жалақының он еселенген ең төмен мөлшерінің сомасынан аспауға тиіс.

 

128-бап. Қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату массасын қалыптастыру ерекшеліктері

1. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату массасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қалыптастырылады.

2. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату массасына осы Заңның 116-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында және 3-тармағында көрсетілген бағалы қағаздар, активтер және қамтамасыз ету ақысы кірмейді.

3. Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тарату массасына инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлік кірмейді. Көрсетілген мүлік, сондай-ақ инвестициялық депозиттер бойынша міндеттемелер тарату комиссиясының исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын басқа банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына берілуге тиіс.

Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын таңдау және оларға инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлікті және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының инвестициялық депозиттер бойынша міндеттемелерін беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

 

129-бап. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтату

1. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын банкке немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына аудару арқылы қайтару жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

Жеке тұлғалардың депозиттерін Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына аудару осы Заңның 22-бабының 7-тармағында көзделген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару және (немесе) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару жүзеге асырылғаннан кейін Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтатуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатпен уәкілетті органға жүгінуге құқылы.

Көрсетілген өтінішхатқа:

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекіткен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін тоқтату жөніндегі іс-шаралардың іске асыру мерзімдері көрсетілген тізбесі;

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының өз міндеттемелері бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін қаражатының жеткілікті екенін куәландыратын активтер мен міндеттемелер туралы есеп;

басқа да қажетті мәліметтер қоса берілуге тиіс.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтатуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатқа қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер тізбесі, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтатуға арналған рұқсатты беру тәртібі, сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару, оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

3. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтату осы Заңның 117-бабының 3, 4 және 7-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Қызметін ерікті түрде тоқтатуға арналған рұқсатты алған кезде Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы тарату комиссиясын құрады.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының қызметін ерікті түрде тоқтататын тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

5. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін тоқтату туралы есеп бекітілгеннен кейін күнтізбелік жеті күн ішінде оны уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтату рәсімін аяқтау туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтату рәсімі аяқталған кезде тарату комиссиясы архивке құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен тапсыруға және бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

6. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы кредиторларының талаптарын қанағаттандыру және Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының қызметін ерікті түрде тоқтатуға байланысты барлық шығыстар, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданған активтерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің қаражаты есебінен ғана жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының резерв ретінде қабылданған активтерін Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының барлық кредиторының талаптары қанағаттандырылғаннан кейін пайдаланады.

 

130-бап. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының қызметі тоқтатылған кездегі өкілеттіктері

Уәкілетті орган осы Заңның 115-бабына сәйкес қызметі ерікті түрде және мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының тарату комиссияларының қызметін бақылауды жүзеге асырады.

 

 

9-БӨЛІМ. АРНАУЛЫ, ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

23-тарау. АРНАУЛЫ, ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

131-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заңның нормалары өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын барлық банктерге, оның ішінде оларды ұйымдастырудың бастапқы кезеңін регламенттейтін жекелеген нормативтік құқықтық актілердің негізінде ерекше тәртіппен құрылған банктерге де, сондай-ақ банктердің тікелей және жанама акционерлері (қатысушылары) болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2. «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын банктер мен өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылмайды.

3. Осы Заңның 6-бабы 3-тармағының күші осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін мемлекеттік бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражатын алған банктерге қолданылады.

 

132-бап. Өтпелі ережелер

1. Жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйым:

1) жарғылық капиталды қалыптастыру үшін акциялар, сондай-ақ өз қызметін қаржыландыру үшін облигациялар шығаруға;

2) меншікті орналастырылған акциялары мен облигацияларын сатып алуға;

3) банктердің және (немесе) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардың активтерін, құқықтарын (талаптарын) сатып алу туралы шешім қабылдау мақсатында олардың сапасына бағалау жүргізуге;

4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен және банктерден күмәнді және үмітсіз активтерді, өзге де құқықтарды (талаптарды) және активтерді сатып алуға, оларды басқаруға, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру арқылы басқаруға, оларды иеленуге және (немесе) өткізуге құқылы.

Құқықтар (талаптар) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымға ауысқан жағдайда, мұндай ауысуға қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілдік берушінің және өзге де тұлғалардың келісімі талап етілмейді;

5) банктер шығарған акцияларға және (немесе) облигацияларға бағалау жүргізуге;

6) заңды тұлғалардың, оның ішінде құқықтары (талаптары) банктерден және (немесе) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған заңды тұлғалардың акцияларын және (немесе) жарғылық капиталға қатысу үлестерін сатып алуға, оларды басқаруға, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру арқылы басқаруға, оларды иеленуге және (немесе) өткізуге;

7) банктер шығарған акцияларды және (немесе) облигацияларды сатып алуға, оларды басқаруға, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру арқылы басқаруға және (немесе) оларды өткізуге;

8) банктерден және (немесе) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған және (немесе) алынған мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беруге немесе осындай мүлікті уақытша өтеулі пайдаланудың өзге де нысанын пайдалануға, оны сенімгерлік басқаруға беруге;

9) банктерден және (немесе) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған құқықтарды (талаптарды) және басқа да активтерді секьюритилендіру бойынша операциялар жүргізуге;

10) күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алатын ұйым құруға (сатып алуға);

11) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардан құқықтарды (талаптарды) және (немесе) акциялар мен жарғылық капиталға қатысу үлестерін қоса алғанда, өзге де активтерді сатып алуға, оларды басқаруға, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру арқылы басқаруға және (немесе) оларды өткізуге құқылы.

Егер осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген мәміленің нәтижесінде екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым активтерінің мөлшерінен он және одан да көп пайыз сомасында мүлік сатып алынған жағдайда, онда мұндай мәмілені жасасу туралы шешімді осы ұйымның акционері қабылдайды.

Егер осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген мәміленің нәтижесінде кредитор құқықтарының (талаптарының) ауысуы орын алған жағдайда, қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілдік берушінің және өзге де тұлғалардың мұндай ауысуға келісімі талап етілмейді. Бұл ретте жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін елеулі маңызы жоқ деп танылады;

12) бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын сатып алуға, сондай-ақ ақшаны екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне банктік шот және банктік салым шарттары талаптарында орналастыруға;

13) ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен банктерді және (немесе) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғаларды қаржыландыруды жүзеге асыруға;

14) стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін сатып алуға;

15) Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеген және бекіткен арнаулы бағдарламаларды іске асыруды жүзеге асыруға;

16) активтер, оның ішінде құқықтар (талаптар) бойынша берешекті қайта құрылымдауды жүргізуге, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды), өзге де берешекті толық немесе ішінара есептен шығаруға және (немесе) олардың күшін жоюға, активтерді басқаруға және оларды өткізуге, көрсетілген әрекеттер салдарынан туындауы ықтимал залалдарды мойындауға;

17) банктерден және (немесе) бұрын банктер болып табылған заңды тұлғалардан сатып алынған және (немесе) алынған құқықтарды (талаптарды) өтеу есебіне қабылданған және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес активтер ретінде ескерілетін мүлікті өткізуге және (немесе) мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беруге;

18) орындалуы тоқтатылған міндеттемелерді ішінара немесе толық есептен шығаруға (кешіруге);

19) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асырылған банктік қарыздар бойынша берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерді тартуға, сондай-ақ осы Заңның 61-бабының 9-тармағына және 62-бабының 2-тармағына сәйкес төлем талабын қою арқылы қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаға даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолдануға;

20) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның осы тармақта көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ ол сатып алатын (сатып алған) активтерге және құқықтарға (талаптарға) қойылатын талаптар тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым банктік қарыз шарттары бойынша өзіне берілген құқықтар (талаптар) бойынша банктік қарыз операциясы бойынша кредитор (қарыз беруші) болып танылады және оның банктік қарыз шартында белгіленген барлық құқығы мен міндеті болады.

2. Бұрын банк болып табылған, өзіне қатысты заңды күшіне енген сот актісі негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қайта құрылымдау жүргізілген, дауыс беретін акцияларының тоқсан немесе одан да көп пайызы 2013 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болған заңды тұлға:

1) өз атауында «банк» сөзін сақтап қалуға құқылы;

2) осы бапта көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілген, бас банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асыруға құқылы;

3) өзіне берілген құқықтар (талаптар) бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және кредитордың (банктің, қарыз берушінің) банктік қарыз шарттарында белгіленген қалған құқықтары (талаптары) бойынша құқықтары мен міндеттері сақталады;

4) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген заңды тұлғаның талаптары бойынша қарыз алушыларға банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамау және (немесе) тиісінше орындамау бойынша осы Заңның 66-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда:

1) көрсетілген заңды тұлғаның барлық активтері, оның ішінде құқықтары (талаптары) және міндеттемелері, оның ішінде оны қайта құрылымдауға, активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру жөніндегі операцияға және қайта ұйымдастырылғанға дейін жасалған өзге де операцияларға (мәмілелерге) байланысты құқықтары (талаптары) және міндеттемелері оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) бөлу балансына және (немесе) беру актісіне сәйкес өтеді;

2) көрсетілген заңды тұлғаның активтерін, оның ішінде құқықтарын (талаптарын) және міндеттемелерін оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) беру көрсетілген заңды тұлғаның жеке және заңды тұлғалармен жасасқан шарттарына жаңа тарапты көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді талап етпейді;

3) көрсетілген заңды тұлғаның активтерін, оның ішінде құқықтарын (талаптарын) және міндеттемелерін оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) беру қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілдік берушінің және кез келген өзге де тұлғаның келісімін алуды талап етпейді.

3. Өз қызметін осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген, банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензия негізінде жүзеге асыратын банк осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде осы Заңның 19-бабында айқындалған тәртіппен көрсетілген лицензияны әмбебап банк лицензиясына қайта ресімдеу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінуге міндетті.

Меншікті капиталының мөлшері осы Заң қолданысқа енгізілген күні әмбебап банк лицензиясы бар банктің меншікті капиталының уәкілетті орган белгілеген ең төмен мөлшеріне сәйкес келмейтін банк осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде өзінің меншікті капиталы мөлшерінің көрсетілген ең төмен мөлшерге сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.

Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген талап орындалмаған жағдайда, банк осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішінде осы Заңның 19-бабында айқындалған тәртіппен әмбебап банк лицензиясын базалық банк лицензиясына қайта ресімдеу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінуге міндетті.

4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған банк омбудсманы өкілдерінің кеңесі өзінің қызметін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырады.

132-бабының 5-тармағы 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады

5. Қарыз алушы жеке тұлға банкке жүгінгеннен кейін банк омбудсманына мынадай:

1) қарыз алушы ұсынған өзгерістерді банктік қарыз шартына енгізуден бас тарту туралы банктің шешімін алған;

2) банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген;

3) қарыз алушының, оның ішінде банктік қарызды алаяқтық тәсілмен ресімдеуге байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жәбірленуші деп танылған қарыз алушының құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру бөлігінде банкпен келісімге қол жеткізілмеген жағдайларда, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жүгінуге құқылы.

Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қарыз алушы жеке тұлға банк омбудсманына жүгінгені туралы банкті бір мезгілде хабардар ете отырып, күнтізбелік он бес күн ішінде банк омбудсманына жүгінуге құқылы.

Банк омбудсманы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыдан ипотекалық қарыз, оның ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша түскен жолданымды қараған кезеңде кепілге қойылған мүлікке сот арқылы немесе соттан тыс өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

 

133-бап. Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлтты Банкінің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау

1. Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банк қызметін реттеу, бақылау және қадағалау саласындағы шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

Уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банктерге, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қадағалап ден қою шараларын (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) қолдану, банк лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру, күшейтілген қадағалау режимін, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін, реттеу режимін және реттеу құралдарын және (немесе) жазбаша нұсқамаларды қолдану туралы шешімдеріне шағым жасау шағым жасалатын шешімдердің орындалуын тоқтата тұрмайды.

133-бабының 2-тармағы 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді

2. Сот банкке реттеу режимін қолдану заңдылығы туралы шешімді осы Заңның 91-бабына сәйкес жүргізілген банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелерін ескере отырып қабылдайды.

3. Сот уәкілетті органның, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің және (немесе) банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалатын уақытша әкімшіліктің шешімі негізінде жасалған мәмілені жарамсыз деп таныған жағдайда, тараптардың осындай мәміле бойынша алғандарының барлығын қайтаруына жол берілмейді.

 

134-бап. Қазақстан Республикасының банк заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының банк заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

 

135-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Заң:

1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 52-бабы 6-тармағының үшінші бөлігін және 58-бабының 17-тармағын;

2) 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 8-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасын, 9-бабы 1-тармағының екінші және үшінші бөліктерін, 19-бабы 13-тармағының 3) тармақшасын және 14-тармағының 2) тармақшасын, 26-бабының 2 және 3-тармақтарын, 52-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасын, 58-бабының 21-тармағын, 61-бабының 9-тармағын, 63-бабының 9-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының төртінші абзацын, 67-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасын және екінші бөлігін, 69-бабы 6-тармағының 10) тармақшасын, 7-тармағының бірінші бөлігін және 9-тармағының 5) тармақшасын, 78-бабы 2-тармағының 13) тармақшасын, 83-бабы 1-тармағының 14) тармақшасын және 4-тармағының 7) тармақшасын, 84-бабын, 6-бөлімін, 133-бабының 2-тармағын;

3) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 1-бабының 15) тармақшасын, 61-бабының 7 және 8-тармақтарын, 64-бабының 5-тармағын, 65-бабын, 69-бабының 19-тармағын, 75-бабының 5-тармағын;

4) 2027 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 61-бабының 11-тармағы 4) тармақшасының екінші бөлігін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.