«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

1) «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 1, 2, және 4-тармақтарында, 5-тармағының 1) және 9) тармақшаларында және 6-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, қарыз алушылармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен кредитор мен борышкердің банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын өзге де талаптар мен шектеулерді сақтауға міндетті.

10. Құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты бойынша сервистік компания ретінде әрекет ететін стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым өз қызметін ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тоқтатқан жағдайда, оның қызметін ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тоқтату туралы шешім қабылданған (күшіне енген) күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұл туралы:

1) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлікпен басқару шартында көзделген тәсілдермен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарттары жасалған тұлғаларды;

2) «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәсілдердің бірімен құқықтары (талаптары) стрестік активтерді басқару жөніндегі көрсетілген еншілес ұйымға сенімгерлік басқаруға берілген банктік қарыз шарттары, микрокредит беру туралы шарттар бойынша борышкерлерді хабардар етуге міндетті.

11. Құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты бойынша сервистік компания ретінде әрекет ететін стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым өз қызметін ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тоқтатқан жағдайда, оның қызметін ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тоқтату туралы шешім қабылданған (күшіне енген) күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде:

1) өзіне банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлғаға не оның нұсқауы бойынша мұндай тұлға құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқарудың жаңа шартын жасасқан басқа сервистік компанияға құқықтар (талаптар) стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымға сенімгерлік басқаруға берілген банктік қарыз шарттары, микрокредит беру туралы шарттар бойынша, өз қызметін ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тоқтату туралы шешім қабылданған (күшіне енген) күнгі жағдай бойынша барлық мәліметтер мен құжаттарды беруге;

2) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқарудың барлық жасалған шарттарын бұзуға міндетті.

Өзіне банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға не мұндай тұлға құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқарудың жаңа шартын жасасқан сервистік компания осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, мәліметтер мен құжаттардың қабылдануын қамтамасыз етуге міндетті.

 

31-бап. Банктің филиалдары мен өкілдіктерін ашу және жабу

1. Әмбебап банк лицензиясы бар банк банктің директорлар кеңесінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында да, сонымен қатар оның шегінен тысқары жерде де өз филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін уәкілетті органның келісімінсіз ашуға құқылы.

Базалық банк лицензиясы бар банк банктің директорлар кеңесінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында өз филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін уәкілетті органның келісімінсіз ашуға құқылы.

Базалық банк лицензиясы бар банктің шет мемлекеттің аумағында филиалдар және (немесе) өкілдіктер ашуына тыйым салынады.

2. Әмбебап банк лицензиясы бар банк уәкілетті орган мен тиісті шет мемлекеттің қаржылық қадағалау органының арасында банктік қадағалау саласында ақпарат алмасу туралы келісім, оның ішінде өзара түсіністік туралы меморандум, қадағалау ақпаратымен алмасу туралы хаттар және (немесе) хат-хабарлар түріндегі келісім болған кезде ғана Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде филиалдар ашуға құқылы.

3. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында қосымша үй-жайларға ие болуға құқылы.

4. Банк филиал, өкілдік, қосымша үй-жай ашылған не жабылған не олардың тұрған жері өзгерген жағдайда, банк олардың ашылғаны немесе жабылғаны не олардың тұрған жерінің өзгергені туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы қосымша үй-жайлар ашылған не жабылған не олардың тұрған жері өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі олардың ашылғаны не жабылғаны не олардың тұрған жерінің өзгергені туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.

5. Әмбебап банк лицензиясы бар банк Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде филиалдар және (немесе) өкілдіктер ашылған жағдайда, шет мемлекетте олар тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды көрсетілген тіркеуді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.

6. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының аумағында банк қызметін және (немесе) өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын өз өкілдігін уәкілетті органның келісімін алмастан ашуға құқылы.

Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі Қазақстан Республикасының аумағында өз өкілдігінің ашылғаны немесе жабылғаны не оның тұрған жерінің өзгергені туралы Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі тиісті шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

 

32-бап. Банктер қатысатын қауымдастықтар

1. Банктер өз қызметін үйлестіру, ортақ мүдделерді қорғау және білдіру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзге де ортақ міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қауымдастықтар құруға құқылы.

Банктер қатысатын қауымдастықтар коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

2. Банктер басқа ұйымдармен қауымдастықтарға (одақтарға) кіруге және олардың қызметіне қатысуға құқылы.

3. Банктер қатысатын қауымдастықтарды қаржылық көрсетілетін қызметтер нарығындағы бәсекені шектеу мақсатында пайдалануға болмайды.

 

 

7-тарау. ИСЛАМДЫҚ БАНК ОПЕРАЦИЯЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

33-бап. Исламдық банк операциялары

1. Исламдық банк операцияларын ислам банкі, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы, сондай-ақ исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы (бұдан әрі - исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы) жүзеге асырады.

2. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы осы Заңның 22-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген операцияларды өз ақшасы және (немесе) инвестициялық депозиттерге тартылған ақша және (немесе) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда коммерциялық кредит ретінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын басқа да банктерден, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарынан, халықаралық қаржы ұйымдарынан, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорынан тартылған қаржыландыру есебінен жүзеге асырады.

Көрсетілген жағдайларда:

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) инвестициялық депозит бойынша олардың клиенті (клиенттері) өздерінің ақшасы есебінен сатып алынған мүлікке ортақ үлестік меншік құқығын иеленеді;

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы ортақ үлестік меншікке жататын мүлікті басқаруды жүзеге асыратын сенімгерлік басқарушылар болады.

Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын, ортақ үлестік меншікке жататын мүлікті сенімгерлік басқарушы ретінде әрекет ететін банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді, көлік құралдарын және өзге де жылжымалы мүлікті тіркеу туралы өтініш беруге құқылы.

Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сатып алынған мүлікке ортақ үлестік меншікке қатысушыларды есепке алуды жүргізеді.

3. Исламдық банк операцияларды жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сауда делдалы ретінде әрекет ететін, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын басқа да банктерден, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарынан, халықаралық қаржы ұйымдарынан, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорынан мынадай талаптарды сақтай отырып, коммерциялық кредит туралы шарт негізінде коммерциялық кредит алу арқылы қаржыландыруды тартуға құқылы:

1) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және сауда делдалы ретінде әрекет ететін, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын басқа да банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, халықаралық қаржы ұйымы, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры арасында жасалатын коммерциялық кредит туралы шартта:

тауардың атауы мен мөлшері;

тауарға үстеме бағаның мөлшері көрсетіле отырып, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сауда делдалынан тауарды сатып алатын баға;

сауда делдалы исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына ақшалай нысанда жүзеге асырылатын төлемді бөліп төлеу түрінде беретін коммерциялық кредиттің талаптары;

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тауарды сауда делдалының үстеме бағасын есепке алмастан, коммерциялық кредит туралы шартта көрсетілген мөлшерде және бағасы бойынша үшінші тарапқа кейіннен сатуы туралы талап қамтылуға тиіс;

2) коммерциялық кредит туралы шартта тауар ретінде халықаралық тауар биржаларында өткізілетін және халықаралық тауар биржаларында сауда делдалы сатып алатын тауар айқындалады.

Осы тармақшаның мақсаттары үшін осы Заңның 41-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетін тауар биржасы халықаралық тауар биржасы деп танылады;

3) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына тауарды сату бағасы осы тауарды сауда делдалының сатып алу бағасы мен оны исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына коммерциялық кредит туралы шарт бойынша сатқан кездегі тауарға үстеме бағаның сомасынан құралады;

4) тауарды сатушы тіркеп-белгіленген сома немесе тауарды сатып алу бағасының пайызы түрінде белгілейтін тауарға үстеме бағаның сомасы коммерциялық кредит туралы шарт бойынша сауда делдалы алатын сыйақы болып табылады;

5) сауда делдалы, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және үшінші тарап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес өзара байланысты тараптар болып табылмайды.

Коммерциялық кредит туралы шартқа осы тармақта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, тауарларды кредитке (төлемді бөліп төлеу арқылы) сатып алу-сату шартының қағидалары қолданылады.

4. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы:

1) клиенттерге исламдық банк операцияларымен байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы хабар беруге;

2) клиентке ұсынылатын құжаттарға банктік көрсетілетін қызметтің исламдық банк операцияларына жататындығы туралы белгі (жазба) қоюға (көрсетуге) міндетті.

 

34-бап. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын, әмбебап банк лицензиясы бар банкке, әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына қойылатын талаптар

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын, әмбебап банк лицензиясы бар банкке, әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы мыналарды:

1) ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін исламдық банк операцияларын жүзеге асыру үшін бөлінген активтердің болуын;

2) исламдық банк операцияларына жататын активтер мен міндеттемелерді банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының өзге де активтері мен міндеттемелерінен бөлек есепке алуды қамтамасыз етуге міндетті.

2. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын, әмбебап банк лицензиясы бар банкте, әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалында исламдық банк операцияларына жататын активтер мен міндеттемелерді өзінің өзге де активтері мен міндеттемелерінен бөлек есепке алуды қамтамасыз ету мақсаттары үшін:

осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттар сақтала отырып жүзеге асырылатын исламдық банк операцияларына, сондай-ақ банк операциялары мен өзге де операцияларға арналған;

әмбебап банк лицензия негізінде жүзеге асырылатын банк операциялары мен өзге де операцияларға арналған жекелеген корреспонденттік шоттар мен клиенттердің жекелеген банктік шоттары болуы міндетті.

3. Исламдық банк операциялары шеңберінде түзілетін (есепке алынатын) активтер исламдық банк операцияларының қағидаттарына сәйкес келмейтін банк операциялары және (немесе) өзге де операциялар бойынша залалдарды өтеу (жабу) және (немесе) міндеттемелерді орындау үшін пайдаланылмайды.

Исламдық банк операциялары нәтижесінде туындайтын міндеттемелер мен залалдар исламдық банк операцияларының қағидаттарына сәйкес келмейтін активтер есебінен орындалмайды және (немесе) өтелмейді (жабылмайды).

 

35-бап. Исламдық банк операцияларының қағидаттары

1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының исламдық банк операцияларын жүзеге асыру процесінде:

1) пайыз түрінде сыйақы алуға;

2) инвестициялық депозитті қайтаруға немесе ол бойынша кіріске кепілдік беруге;

3) темекі және (немесе) алкоголь өнімдерін, қару-жарақты және (немесе) оқ-дәрілерді шығарумен және (немесе) сатумен, ойын бизнесімен байланысты қызметті, сондай-ақ исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес қаржыландыруға (кредит беруге) тыйым салған өзге де қызмет түрлерін қаржыландыруға (кредит беруге) құқылы емес.

2. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес:

1) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалының сақтауы міндетті исламдық банк операцияларының қосымша қағидаттарын айқындауға;

2) осы Заңның 22-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде және 3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген банк операцияларының және (немесе) өзге де операциялардың жекелеген түрлерін исламдық банк операцияларының қағидаттарына сәйкес келмейді деп тануға құқылы.

 

36-бап. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес

1. Операциялардың және (немесе) мәмілелердің осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келуін айқындау үшін ислам банкінің, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктің исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесі болуы міндетті.

Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкінің филиалы, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы операцияларының және (немесе) мәмілелерінің осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келуін айқындауды исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес не Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін өзге де ұқсас орган жүзеге асырады.

2. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес көрсетілген банктің директорлар кеңесінің ұсынымы бойынша банк акционерлерінің жалпы жиналысы тағайындайтын тәуелсіз орган болып табылады.

3. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктегі, ислам банкіндегі исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келуге тиіс.

4. Исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы талаптары туралы қағидаларды, исламдық банк операцияларына қатысты ішкі кредиттік саясат туралы қағидаларды исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) оң қорытындысы болған кезде банктің директорлар кеңесі, Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы бекітуге тиіс.

5. Егер осы Заңда, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының жарғысында және (немесе) ішкі құжаттарында өзгеше көзделмесе, кредиттік комитеттің шешімдері, сондай-ақ исламдық банк операциялары шеңберінде жасалған операциялар және (немесе) мәмілелер исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас органның) жеке бекітуін және (немесе) келісуін талап етпейді.

Бұл ретте исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас орган) кредит комитетінің исламдық банк операцияларына қатысты кез келген шешімін, сондай-ақ исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының жасау сатысындағы немесе жасаған кез келген операцияны және (немесе) мәмілені олардың осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келуі тұрғысынан өз қалауы бойынша тексеруге құқылы.

 

37-бап. Операцияларды және (немесе) мәмілелерді исламдық банк операцияларының қағидаттарына сәйкес келмейді деп танудың салдары

1. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас орган) жасалу сатысындағы операцияларды және (немесе) мәмілелерді осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келмейді деп таныған жағдайда, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы көрсетілген операцияларды және (немесе) мәмілелерді жасай алмайды (жасаспайды).

2. Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінде тұрақты жұмыс істейтін ұқсас орган) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының операцияларын және (немесе) мәмілелерін осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келмейді деп таныған жағдайда:

жасалған, бірақ орындалмаған немесе ішінара орындалған операциялар және (немесе) мәмілелер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының талап етуі бойынша бұзылуға (тоқтатылуға) жатады;

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының орындалған немесе ішінара орындалған операциялар және (немесе) мәмілелер бойынша кірісі қайырымдылыққа бағытталуға тиіс.

 

38-бап. Исламдық банк депозиттері

1. Талап етуге дейінгі пайызсыз депозит шарты бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы клиенттің ақшасын қабылданған ақша сомасының пайызы түрінде сыйақы төлеуді немесе төлеуге кепілдік беруді көздемейтін талап еткенге дейінгі банктік салымға қабылдауға және клиенттен тиісті талап түскен жағдайда көрсетілген ақшаны немесе оның бір бөлігін қайтаруға міндеттенеді.

Пайызсыз депозит туралы шартқа сыйақы төлеу туралы талаптарды қоспағанда, банктік салым туралы шарттың қағидалары қолданылады.

2. Инвестициялық депозит туралы шарт бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы клиенттің ақшасын номиналды түрде қайтару кепілдігінсіз оны белгілі бір мерзімге қабылдауға, ол бойынша кірісті инвестициялық депозит туралы шартта көзделген тәртіппен, берілген ақшаны пайдалану нәтижелеріне байланысты төлеуге міндеттенеді.

Инвестициялық депозит туралы шартқа мыналарға:

ақшаны пайдалану және қайтару тәртібіне;

тараптардың құқықтары мен міндеттеріне;

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сенімгерлік басқарушы ретінде әрекет ететін сенімгерлік басқарушының сыйақысын айқындау және есепке жазу тәртібіне қатысты осы бапта көзделген ерекшеліктенген мүлікті сенімгерлік басқару туралы шарттың қағидалары қолданылады.

Инвестициялық депозит туралы шарт жасасу кезінде ағымдағы банктік шот ашылуы мүмкін.

3. Инвестициялық депозит туралы шартта:

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сенімгерлік басқарушы ретінде әрекет ететін сенімгерлік басқарушының сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы клиенттің ақшасын басқарғаны үшін сыйақысының мөлшері;

ақшаны қайтару мерзімі мен тәртібі;

ақшаны пайдаланудан келген залалдар тәуекелі;

тараптардың келісімі бойынша өзге де талаптар айқындалуға тиіс.

4. Инвестициялық депозит бойынша ақшаны пайдаланудан түскен кіріс есебінен ғана сыйақы төленуі мүмкін болған жағдайда, инвестициялық депозитке тартылған ақшаны пайдаланудан түскен кірістің бір бөлігі инвестициялық депозит туралы шарт бойынша исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының сыйақысы болып табылады.

Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы инвестициялық депозит шығынды болған кезде (инвестициялық депозит бойынша тартылған ақшаны пайдаланудан кіріс болмаған кезде) инвестициялық депозит туралы шарт бойынша сыйақы алу құқығын жоғалтады.

5. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының тартылған ақшаны инвестициялық депозит туралы шартта айқындалған деңгейде кіріс алынуы мүмкін активтерге орналастыруын көздейтін жағдайды қоспағанда, инвестициялық депозит туралы шарттың талаптары инвестициялық депозит бойынша кірістің және (немесе) исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы сыйақысының кепілдік берілген мөлшерін көздей алмайды.

6. Егер инвестициялық депозит туралы шартта өзгеше көзделмесе, клиент өзінің талап етуі бойынша инвестициялық депозитті мерзімінен бұрын қайтарып алған кезде кіріс алу құқығын жоғалтады.

7. Инвестициялық депозит туралы шартта мыналар:

клиенттің ақшаны пайдалану тәсілдерін айқындауы бойынша талаптар;

активтердің немесе ақша салу объектілерінің тізбесі;

клиенттің ақшасын оны біріктіру құқығынсыз, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын өзге банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының өзге клиентінің ақшасынан бөлек пайдалану бойынша талаптар көзделуі мүмкін.

8. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы ақшаны пайдаланудың тәртібі мен нәтижелерін, оның ішінде:

ақшаны пайдалану тәсілдеріне;

активтердің немесе ақша салу объектілерінің тізбесіне;

ақшаны пайдаланудан түскен кірістің немесе залалдардың мөлшеріне;

исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының сыйақы мөлшеріне қатысты айқындау мақсатында жекелеген инвестициялық депозиттер бойынша ақшаны пайдалану есебін жүргізуге міндетті.

9. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы инвестициялық депозит бойынша ақшаны пайдалану туралы есепті клиенттің талап етуі бойынша ұсынуға міндетті.

10. Егер инвестициялық депозит туралы шартта өзгеше көзделмесе, инвестициялық депозитке ақша салған клиент исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенттердің инвестициялық депозитте орналастырылған ақшаны салуына байланысты туындайтын міндеттемелері бойынша жауап бермейді, бірақ инвестициялық депозитке салынған ақша сомасы шегінде ақша салынған активтер құнының кемуіне байланысты залалдар тәуекелін көтереді.

11. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы инвестициялық депозиттің ақшасы салынған активтер құнының кемуіне байланысты залалдар исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кінәсінен болған жағдайларды қоспағанда, осындай залалдар үшін жауапты болмайды.

Егер инвестициялық депозиттің ақшасы салынған активтер құнының кемуіне байланысты залалдар исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кінәсінен болса, онда исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы клиентке осындай залалдардың туындағаны туралы хабар беруге және келтірілген залалдарды клиентке өтеуге міндетті.