Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2025 - 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 маусымдағы № 463 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2025 - 2029 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі - Кешенді жоспар) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Кешенді жоспардың орындалуына жауапты өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Кешенді жоспарда көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін;
2) тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-і күніне дейін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.
3. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жылына екі рет, 15 шілдеге және 15 қаңтарға қарай Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беріп тұрсын.
4. Мыналардың:
1) «Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2022 - 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 шілдедегі № 488 қаулысының;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 наурыздағы № 236 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 45-тармағының күші жойылды деп танылсын.
5. Кешенді жоспардың орындалуын бақылау және үйлестіру Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.