(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ» 2025 ЖЫЛҒ...

Предыдущая страница

10. Дербес білім беру ұйымдарының қызметіне және (немесе) қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйымға тек қана дербес білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдарының қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін бюджеттен төленетін өтеусіз және қайтарымсыз төлемдер нысаналы салым болып табылады.

Нысаналы салым Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған мақсаттарға бағытталады.

Дербес білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдары және қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым нысаналы салымды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын нысаналы салымның пайдаланылуы туралы есептілікті тоқсан сайын қалыптастырады және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ұсынады.

Нысаналы салымның пайдаланылуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ нысаналы салымды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері - орталық салалық мемлекеттік органдар айқындайды.

Нысаналы салымды пайдалану туралы ақпарат жариялануға жатады.

11. Халықаралық қаржы орталығының органдары мен олардың ұйымдарының, сондай-ақ қатысушыларының қызметі үшін жағдайды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйымға республикалық бюджеттен төленетін, тек қана ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға, органдар мен олардың ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге және қаржыландыруға арналған өтеусіз және қайтарымсыз төлемдер нысаналы аударым болып табылады.

Халықаралық қаржы орталығының органдары мен олардың ұйымдарының, сондай-ақ қатысушыларының қызметі үшін жағдайды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым тек қана ұзақ мерзімді активтерді сатып алу, органдар мен олардың ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету және қаржыландыру үшін нысаналы аударымды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын нысаналы аударымның пайдаланылуы туралы есептілікті тоқсан сайын қалыптастырады және бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне ұсынады.

Нысаналы аударымның пайдаланылуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ нысаналы аударымды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері - орталық салалық мемлекеттік органдар айқындайды.

Нысаналы аударымның пайдаланылуы туралы ақпарат республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі және жариялануға жатады.

Халықаралық қаржы орталығының органдары мен олардың ұйымдарының, сондай-ақ қатысушыларының қызметі үшін жағдайды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйымның басшысы тек қана органдар мен олардың ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету және қаржыландыру үшін, дербес білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдарының басшылары және қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым:

мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларында, іс-шаралар жоспарларында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларында және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларында айқындалған нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу;

бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) есеп-қисаптардың негізділігі мен анық болуы, бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) ұсынудың толық әрі уақтылы болуы;

бюджет қаражаттарының пайдаланылуы туралы есептердің негізділігі мен анық болуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

12. Республикалық бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына:

1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызметтердің көрсетілгеніне ақы төлеу үшін;

2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеуден босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары түрінде;

3) әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу үшін берілетін өтеусіз және қайтарымсыз төлемдер нысаналы жарна болып табылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның даму жоспарында айқындалған нысаналы жарна нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Нысаналы жарнаны салуға бағытталған бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) қаржыландыру бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен нысаналы жарнаның пайдаланылуы туралы есептерді қалыптастырады.

Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган нысаналы жарнаның пайдаланылуы туралы есептілікті жасау тәртібін, оны ұсыну нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ нысаналы жарнаны пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

Нысаналы жарнаны пайдалану туралы ақпарат жариялануға жатады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы, тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері:

мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарларында, іс-шаралар жоспарларында және (немесе) тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларында айқындалған нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу;

бюджеттік бағдарламаға (кіші бағдарламаға) есеп-қисаптардың негізділігі мен анық болуы, бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) ұсынудың толық әрі уақтылы болуы;

бюджет қаражатының пайдаланылуы туралы есептердің негізділігі мен анық болуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

13. Міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, төлемдер бойынша түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары осы Кодексте белгіленген тәртіппен әзірленеді, бекітіледі және өзгертілуге жатады.

14. Түсімдер бойынша бюджеттерді атқару, міндеттемелерді қабылдау, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, бюджет қаражатының 2025 жылғы 1 қаңтардағы қалдығын пайдалану, 2025 жылы бюджеттерді нақтылау, секвестрлеу және түзету, мониторингтеу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

15. 2025 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау, түзету және атқару кезінде:

1) осы Кодекстің 15-бабы мынадай редакцияда қолданылады:

«Барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың шығыстары мынадай бюджеттік бағдарламалар:

мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға, трансферттер беруге және күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама;

бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың экономикалық сыныптамасының бір өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, бір функционалдық топ бойынша сыныпталады.

Арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған шығыстары шығыстардың экономикалық сыныптамасының бір өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, күрделі шығыстар мен бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған шығыстарды қоспағанда, бір функционалдық топ бойынша, мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша сыныпталады.»;

2) республикалық бюджеттің шығыстары бойынша осы Кодекстің 30-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының төртінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады:

«қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету;»;

3) республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің шығыстары бойынша осы Кодекстің 31-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады:

«3) қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік:»;

4) облыстық бюджеттің шығыстары бойынша осы Кодекстің 32-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады:

«3) қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік:».

16. 2025 қаржы жылында республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау, түзету және атқару осы Кодекстің 36-бабы 4, 5 және 6-тармақтарының, 37-бабы 4, 5, 6 және 7-тармақтарының, 38-бабының, 48-бабы 1-тармағы үшінші абзацының және 3, 4 және 5-тармақтарының, 70-бабы 3-тармағы он үшінші бөлігінің, 79-бабы 1-тармағы төртінші бөлігінің, 4, 5 және 6-тармақтарының, 83-бабы 3-тармағы үшінші бөлігінің, 148-бабы 8-тармағы бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, оныншы, он бірінші, он екінші және он үшінші бөліктерінің, 149-бабы 6-тармағы екінші абзацының ережелері қолданылмай жүзеге асырылады.

 

169-бап. 2024 және 2025 қаржы жылдарындағы республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есептерді жасау ерекшеліктері

1. 2024 және 2025 жылдардағы республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есеп мынадай бөлімдерден тұратын бюджет құрылымы бойынша жасалады:

1) кірістер:

салықтық түсімдер;

салықтық емес түсімдер;

негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер;

трансферттер түсімдері;

2) шығындар;

3) таза бюджеттік кредиттеу:

бюджеттік кредиттер;

бюджеттік кредиттерді өтеу;

4) қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша сальдо:

қаржылық активтерді сатып алу;

мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін түсімдер;

5) бюджет тапшылығы (профициті);

6) бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы (профициті)

7) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):

қарыздар түсімі;

қарыздарды өтеу;

бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.

2. 2024 және 2025 қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп:

1) республикалық бюджет туралы заңға қосымшаларға сәйкес республикалық бюджет көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіретін тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептен;

2) түсімдер бойынша, шығыстар бойынша республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есептен тұрады.

Республикалық бюджеттің шығыстары жөніндегі талдамалық есепте бюджет қаражатымен және бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштерімен өзара байланыста мемлекеттік органның даму жоспары мақсаттарының іске асырылуы мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу және бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпарат қамтылады.

Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша талдамалық ақпарат нәтижелер көрсеткіштері көрсетілген бюджеттік бағдарламалар бойынша көрсетіледі.

3) түсіндірме жазбадан;

4) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептіліктен тұрады.

3. 2024 және 2025 қаржы жылдарындағы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп:

1) жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне қосымшаларға сәйкес жергілікті бюджет көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіретін жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептен;

2) түсімдер бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуы, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы талдамалық есептен тұрады.

Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы талдамалық есепте облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының нысаналы индикаторларына, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелері көрсеткіштеріне қол жеткізу, бөлінген бюджет қаражатының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпарат қамтылады;

3) түсіндірме жазбадан;

4) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық шоғырландырылған қаржылық есептіліктен тұрады.

4. 2024 және 2025 қаржы жылдарындағы республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есеп қосымшаларымен бірге осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес жасалады, осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде ұсынылады, қаралады және бекітіледі.

 

170-бап 2027 ж. 31 желтоқсанға дейін қолданылады

170-бап. Блоктық бюджеттеу

Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджет заңнамасын жетілдіру мақсатында блоктық бюджеттеуді көздейтін пилоттық жобаны іске асыруды жүзеге асыруға (ендіруге) құқылы.

Блоктық бюджеттеу - бюджет процесінің ерекше пилоттық тәртібі, оның негізгі қағидаттары:

1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің үшжылдық кезеңге арналған шығыстарының тұрақты лимиттерін белгілеу;

2) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне шығыстардың белгіленген тұрақты лимиттері шеңберінде өз шығыстарын дербес жоспарлау және бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейте отырып, мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның мақсаттары мен міндеттерін жедел шешу үшін бөлінген бюджет қаражатын пайдалану, оның ішінде бөлу немесе қайта бөлу құқығын беру болып табылады.

Блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидаларын және блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Осы Кодекстің ережелері блоктық бюджеттеуді іске асыру (ендіру) қағидаларында белгіленетін ерекшеліктер ескеріле отырып, блоктық бюджеттеуге қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар үшін қолданылады.

 

 

33-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

171-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

 

172-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Кодекс:

1) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 135-бапты;

2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 40-баптың 3-тармағының бесінші абзацын, 47-баптың 2-тармағының 5) тармақшасын, 54-бапты, 73-баптың 2-тармағының екінші бөлігін, 90-баптың 2-тармағының 3) тармақшасын, 130-баптың 6-тармағының 2) тармақшасын, 133-баптың 2-тармағын;

3) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 71-баптың 1-тармағының 12) тармақшасын, 87-баптың 2-тармағын, 96-баптың 5-тармағының үшінші бөлігін, 121-баптың 5-тармағы 3) тармақшасы үшінші бөлігінің сегізінші абзацын қоспағанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

2. Осы Кодекстің 102-бабы 1-тармағының қолданысы 2025 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 сәуірге дейін осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«1. Ғылым, білім беру, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету, суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеу және бағалау, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелері, мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджетке есепке жатқызылуға тиіс.»;

2) 2025 жылғы 1 сәуірден бастап 2025 жылғы 1 шілдеге дейін осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«1. Ғылым, білім беру, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік мекемелері, мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджетке есепке жатқызылуға тиіс.».

3. Осы Кодекстің 83-бабы 3-тармағының бірінші және екінші бөліктері 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп белгіленсін.

4. Осы Кодекстің 170-бабы 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп белгіленсін.

5. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оған сәйкес келтірілуге тиіс.

6. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2025 жылғы 15 наурыз

         № 171-VIII ҚРЗ