«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 88 Қаулысы
(2018.25.08. берілген өзгерістермен)
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына, «2018 - 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2017 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Үкіметінің 2018.25.08. № 523 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды беру мақсатында «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамына кредит беру үшін «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамына кейіннен кредит бере отырып, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму, Қаржы министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) «Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасауды;
2) кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;
3) бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.
3. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) тоқсан сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.