Тиісті қаржы жылына тіркеп-белгіленген, соның шегінде мемлекеттік кепілдіктер берілуі мүмкін сома мемлекеттік кепілдіктер беру лимиті болып табылады.
Мемлекеттік кепілдіктер беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті қаржы жылы шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.
Іске асыру мерзімі бір жылдан асатын инвестициялық жобалар бойынша бас келісімге қол қоя отырып, мемлекеттік кепілдікті транштармен (бөліктермен) беруге жол беріледі.
Мемлекеттік кепілдіктер жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын қайтаруды қамтамасыз ету ретінде берілмейді.
Мемлекет кепілдік берген қарыз қаражатын қарыз талаптарында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беруге және заңды тұлғаның жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуына пайдалануға тыйым салынады.
9. Мемлекет кепілдік берген қарызды қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған жағдайда, қарыз беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша жүзеге асырылады.
Қарыз берушінің талабы бойынша мемлекет кепілдік берген қарызды қайта құрылымдау кезінде бұрын берілген мемлекеттік кепілдікті Қазақстан Республикасының Үкіметі растай алады немесе жаңасымен ауыстыра алады.
Бұл ретте кепілдік берілетін қарыз сомасы бұрын берілген мемлекеттік кепілдік бойынша қарыз сомасынан аспауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қабылданған жағдайда, қарыз шарты тараптарының келісімімен мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушыны ауыстыруға жол беріледі.
Мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушы ауыстырылған жағдайда, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдікті Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде қарыз берушінің талабы бойынша жаңасымен ауыстыра алады немесе растай алады.
Бұл ретте кепілдік берілетін қарыз сомасы бұрын берілген мемлекеттік кепілдік бойынша қарыз сомасынан аспауға тиіс.
Жаңадан берілген мемлекеттік кепілдікке осы баптың 9-тармағында белгіленген шектеулер қолданылмайды.
1) қарыз алушы немесе кепілгер Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген қарыз бойынша міндеттемелерін толық орындаған;
2) егер кепілдік шартында (кепілдік міндеттемесінде) өзгеше ескертілмесе, онда көрсетілген кепілдік мерзімі өткен;
3) қарыз шартында және (немесе) кепілдік шартында (кепілдік міндеттемесінде) арнайы ескертілген;
4) мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қайта құрылымдау және (немесе) қарыз алушыны ауыстыру кезінде кепілдік жаңасына ауыстырылған жағдайларда, қолданысын тоқтатады.
11. Берілетін мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілдік беретін қарыздар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік қазынашылықта тіркелуге және есепке алынуға жатады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілдік берген борышты мониторингтеуді және оны басқаруды жүзеге асырады.
Мемлекет кепілдік берген қарызды алған қарыз алушының қаржылық жағдайын мониторингтеу, мемлекет кепілдік берген қарыз қаражатының пайдаланылуын бақылау бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
142-бап. Мемлекеттік кепілдікті орындау
Егер қарыз шартының талаптарында өзгеше көзделмесе, қарыз алушы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген қарызды төлем мерзімі басталған күні және республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражаттар шегінде толық немесе ішінара өтемеген жағдайда, қарыз берушінің талабы бойынша мемлекеттік кепілдік төлем күні басталғаннан кейін орындалуға жатады.
Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындау республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражат шегінде мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындау жөнінде талаптар қойылған күннен бастап он сегіз ай ішінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелердің орындалуына бағытталған қаражаттарды қайтаруға, қарызды қайта құрылымдауға, борышкерді ауыстыруға, талап қою мерзімінің өтіп кетуіне, көрсетілген қаражатты қайтару бойынша талаптарды тоқтатуға осы Кодекстің 154 - 162-баптары қолданылады.
Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражат осы Кодекстің 154-бабының 15-тармағына сәйкес белгіленетін сыйақы мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімде айқындалған мерзім ішінде республикалық бюджетке қайтарылуға жатады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз шартының талаптарына сәйкес және қарыз берушінің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған және (немесе) таратылған қарыз алушы үшін республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаржы есебінен мемлекеттік кепілдікті орындау арқылы мемлекет кепілдік берген қарызды мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға құқылы.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет туралы заңда өтелуіне және қызмет көрсетілуіне шығыстар көзделген мемлекет кепілдік берген қарыздар бойынша қарыз алушыларды есепке алуды жүргізеді.
143-бап. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік
1. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі алдындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің экспортты қолдау бойынша кепілдік шартының талаптарына сәйкес сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша оның берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі (мемлекеттік кепілдік) болып табылады.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі сақтандыру және кепілдік төлемдерін жүзеге асырмаған, Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігімен қамтамасыз етілген сақтандыру шарттары және кепілдіктер бойынша өтелмеген міндеттемелердің белгілі бір күнгі сомасы экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттеме болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер берудің айрықша құқығына ие болады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және нысан бойынша экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беруді жүзеге асырады.
Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимит шегінде беріледі.
Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитін айқындау сомасы бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен белгіленеді.
3. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігіне экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік алу үшін мынадай талаптар қойылады:
1) сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындыларының болуы;
2) төлем қабілетті болуы, таратылуға жатпауы, оның мүлкіне тыйым салу қойылмаған болуға тиіс, оның қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмауға тиіс;
3) бұрын берілген мемлекеттік кепілдіктерді өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша берешегінің болмауы және кредиторлар алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы;
4) нақты жүзеге асырылған сақтандыру және кепілдік төлемдерінің көлемі экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктердің қолданылу кезеңінде меншікті капитал көлемінің қырық пайызынан аспауға тиіс. Бұл ретте сақтандыру және кепілдік төлемдерінің көлемі суброгация, қайта сақтандыру және кепілдік беру шеңберінде өтелген сақтандыру және кепілдік төлемдерінің сомасы шегеріліп көрсетіледі.
4. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді.
5. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмсайтын бюджет қаражатын Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қайтаруы шарттарымен жүзеге асырылады.
Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берілгені үшін Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінен экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік сомасының 0,2 пайызы мөлшерінде алдын ала біржолғы төлемақы (алым) алынады.
Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім ресімделгеннен және тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган, сенім білдірілген өкіл (агент) және Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі арасындағы тараптардың экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік міндеттемелері орындалған жағдайда бөлінген республикалық бюджет қаражатын қайтару жөніндегі құқықтық қатынастарын белгілейтін келісім экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім болып табылады.
6. Экспортты қолдау бойынша берілетін мемлекеттік кепілдіктер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік қазынашылықта тіркелуге және есепке алынуға жатады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттеменің мониторингін жүзеге асырады.
Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі бар Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қаржылық жай-күйінің мониторингі бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
144-бап. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті орындау және оның қолданылуын тоқтату негіздері
1. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің меншікті капиталынан асатын сақтандыру және кепілдік жағдайларын біржолғы іске асыру асып түскен кезде, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің сенім білдірілген өкілінің (агентінің) қорытындылары, екінші деңгейдегі банктер берген оның шоттарынан үзінді көшірмелер, сондай-ақ экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктің орындалуына өтініш жасаудың алдындағы қаржы жылы үшін аудиттелген қаржылық есептілік және экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктің орындалуына өтініш жасалған кезге алынған қаржылық есептілік болған кезде экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік орындалуға жатады.
2. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің меншікті капиталын шегергенде сақтандыру және кепілдік төлемдерінің жабылмаған сомасының бөлігіне ғана орындалады.
3. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелерді орындау республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражат шегінде экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік міндеттемелерін орындау жөніндегі талаптар қойылған күннен бастап он сегіз ай ішінде жүзеге асырылады.
4. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі сақтандыру және кепілдік төлемдерін өтеу қаражаты және өзге де қаржы көздері есебінен республикалық бюджетке қайтаруға тиіс.
5. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті орындауға республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты қайтарудың шарттары, мерзімдері, сыйақы мөлшерлемелері және тәртібі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган, сенім білдірілген өкіл (агент) және Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі арасында жасалатын экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімде айқындалады.
6. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік мынадай:
1) экспортты қолдау бойынша кепілдік шартында ескертілген міндеттемелер толық орындалған;
2) оның қолданылу мерзімі өткен жағдайларда, қолданысын тоқтатады.
145-бап. Мемлекет кепілгерлігі
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілгерлік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде тартылған қарыз бойынша қарыз берушінің алдындағы қарыз алушының борышын толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі мемлекет кепілгерлігі болып табылады.
Кепілгерлік бойынша міндеттемелер қарыздың негізгі сомасын және ол бойынша сыйақыны қамтиды.
2. Мемлекет кепілгерлігі республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін лимит шегінде беріледі.
Мемлекет кепілгерлігін беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті қаржы жылы шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.
3. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражаты мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін құруға ғана пайдаланылады.
4. Ұсынылатын мемлекет кепілгерлігі және мемлекет кепілгерлігімен берілетін қарыздар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік қазынашылықта тіркелуге және есепке алынуға жатады.
5. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілгерлігі бойынша борышқа мониторингті бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырады.
6. Кепілгерлік берілетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын айқындау, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Мемлекет кепілгерлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде беріледі.
8. Мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражат бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен республикалық бюджетке қайтарылуға жатады.
9. Мемлекет кепілгерлігі қарыз алушы немесе кепілгер мемлекет кепілгерлігімен қамтамасыз етілген қарыз бойынша міндеттемелерді толық орындағаннан кейін өзінің қолданысын тоқтатады.
146-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыз алуы
1. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген қарыздарын қоспағанда, белгілі бір күні алынған (игерілген) және өтелмеген қарыз сомасы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышы болып табылады.
2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ішкі және сыртқы борышы кіреді.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ішкі борышы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы ішкі қарыздары және басқа да борыштық міндеттемелері бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының құрамдас бөлігі болып табылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы сыртқы қарыздары және басқа да борыштық міндеттемелері бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген қарыздарды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарды тартуы:
1) республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы борышының лимиті шегінде;
2) республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін сыртқы қарыздарды тарту құқығы берілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесіне сәйкес;
3) инвестициялық және (немесе) инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін және сыртқы борышты басқару мақсатында жүзеге асырылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің алынған және өтелмеген сыртқы қарыздарының тіркеп-белгіленген сомасы квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы борышының лимиті болып табылады, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің белгіленген күнге (тиісті қаржы жылының соңына) нақты сыртқы борышы одан аспауға тиіс.
Республикалық бюджет жобасына енгізу үшін квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы борышының лимитін және сыртқы қарыздарды тарту құқығы берілген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін айқындауды осы Кодекстің 47-бабының 3-тармағында көзделген оларды әдіснамалық қамтамасыз ету шеңберінде, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш саласында бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген тізбеге енгізілмеген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарды тартуына жол берілмейді.
4. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыздарын тіркеуді және есепке алуды осы ұйымдар дербес жүзеге асырады.
5. Квазимемлекеттік сектор субъектілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес қарыз алу жобалары мен мақсаттары бөлінісінде сыртқы және ішкі борыш құрылымы туралы мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізілімінде көрсетуді қамтамасыз етеді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын мониторингтеуді және бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мониторинг нәтижелерін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
6. Мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген қарыздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
147-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер - жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша белгілі бір күнге мемлекеттік әріптес, концедент қабылдаған және орындамаған қаржылық міндеттемелердің бюджеттен бөлінетін сомасы бойынша мемлекеттік әріптестің, концеденттің құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылдайтын мемлекеттік міндеттемелердің көлемдері Қазақстан Республикасының Үкіметі мен тиісті жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер лимиттерімен шектеледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің лимиттері республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.
Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің лимиттерін айқындау әдістемесін бекітеді.
3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарына қол қою арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік қазынашылық немесе мемлекеттік қазынашылық органдары оларды тіркегеннен кейін күшіне енеді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер тиісті бюджет комиссиясының шешіміне немесе мәслихаттың шешіміне, сондай-ақ ерекше маңызы бар жобалар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, шартта белгіленген сомалар мен мерзімдер шегінде ғана әрбір жеке мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша тіркелуге жатады.
4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер туралы ақпарат тиісті мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
5. Мемлекеттік қазынашылық бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын есепке алуды жүзеге асырады.
6. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің мониторингін жүзеге асырады.
7. Мемлекеттік қазынашылық пен мемлекеттік қазынашылық органдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер туралы есептерді қалыптастырады және оларды осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялауды жүзеге асыратын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің мемлекеттік-жекешелік әріптестігі жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер бойынша жауап бермейді.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларға қатысты мемлекеттік міндеттемелер толық төленген кезде орындалды деп есептеледі.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 147-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
147-1-бап. «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер
1. «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер - «толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы жасалған шарттар бойынша тапсырыс беруші қабылдаған және орындамаған қаржылық міндеттемелердің белгілі бір күніне тапсырыс берушінің және өнім берушінің бюджеттен бөлінген сома бойынша, Республикалық бюджет комиссиясы немесе жергілікті атқарушы органның бюджет комиссиясы мақұлдаған құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша қабылдайтын мемлекеттік міндеттемелердің көлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің және тиісті жергілікті атқарушы органдардың «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттерімен шектеледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді.
3. «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау Республикалық бюджет комиссиясы немесе жергілікті атқарушы органның бюджет комиссиясы мақұлдаған «толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы шарттарға қол қою арқылы жүзеге асырылады.
«Толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы шарттар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік қазынашылық немесе мемлекеттік қазынашылық органдары оларды тіркегеннен кейін күшіне енеді.
«Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер «толық бітіріп берілетін» әрбір жеке құрылыс жобасы бойынша шартта белгіленген сомалар мен мерзімдер шегінде ғана тіркелуге жатады және олар тиісті бюджет комиссиясының шешіміне немесе мәслихаттың шешіміне сәйкес мемлекет міндеттемелерін ұлғайту жағына қарай қайта қаралмайды.
«Толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы шарт сомасы мемлекеттің міндеттемелерін ұлғайту жағына қарай қайта қаралмайды.
4. Мемлекеттік қазынашылық бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын есепке алуды жүзеге асырады.
5. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдардың «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің мониторингін жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдары «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер туралы есептерді қалыптастырады және оларды осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялауды жүзеге асыратын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелері «толық бітіріп берілетін» құрылыс туралы жасалған шарттар бойынша «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер толық төленген кезде орындалған болып есептеледі.
29-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР
148-бап. Мемлекеттік инвестициялық жобалар туралы жалпы ережелер
1. Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау мемлекеттік органдардың немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму және (немесе) іс-шаралар жоспарларын, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының ұзақ мерзімді даму стратегияларын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
Даму жоспарларын әзірлемейтін мемлекеттік органдардың мемлекеттік инвестициялық жобаларын жоспарлау Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің нормаларын орындау және (немесе) бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік инвестициялық жобалар мынадай түрлерге бөлінеді:
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары;
3) мемлекеттік кепілдікпен берілген мемлекеттік емес қарыздар есебінен квазимемлекеттік сектор субъектілері іске асыратын жобалар;
4) осы Кодекстің 59-бабының 3-тармағына сәйкес бюджеттен тыс қор, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен іске асырылатын жобалар;