Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 8 Нормативтік қаулысы
Осы редакция 2020 жылғы 11 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап (2008 жылғы 4 мамырдағы № 31-IV Қазақстан Республикасының Заңы), халықаралық құқық нормаларын негізге алып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күреске бағытталған тиімді құқықтық шараларды әзірлеу және қолдану ниетін білдірген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2003 жылғы 31 қазанда қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (Нью-Иорк) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы қызметті сипаттайтын халықаралық тәсілдер (стандарттар) көрсетілген. Онда қамтылған нормалардың қабылдауына сыбайлас жемқорлық тудыратын проблемалар мен қауіптер, сыбайлас жемқорлықтың барлық қоғамдық және құқықтық институттар мен қатынастардың жұмыс істеуіне теріс ықпалы себеп болды. Олар мемлекеттің, оның саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерінің тұрақты дамуын, ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.