Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 ж. 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысы
(2017.29.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2018 жылғы 20 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Жоғарғы Сотының 2007.11.05. № 3 Нормативтік қаулысымен мәтін өзгертілді (бұр.ред.қара)
Бөтеннің мүлкіне қол сұғушылыққа байланысты қылмыстарды саралау кезінде қолданыстағы заңнаманы сот тәжірибесінде дұрыс және біртекті қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену деп пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.
2. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену және меншікке қарсы өзге де қылмыстардың заты бөтен, яғни кінәлінің меншігінде тұрмаған мүлік болып табылады. Бұл орайда заңсыз иелікке түсетін бөтеннің мүлкі қылмыс жасалған кезде меншік иесінің өз иелігінде немесе осы мүлік сеніп тапсырылған басқа тұлғалардың иелігінде немесе олардың иелігінде заңсыз тұруы мүмкін.
Басқа адамдармен, соның ішінде құрылтайшылардың қатарында кінәлі адам да бар заңды тұлғаға тиесілі бірлескен меншікте тұрған мүлікті заңсыз алып қою, пиғылдың бағыттылығына қарай бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену не озбырлық ретінде саралануы мүмкін.
Тауып алынған немесе кінәлі адамның қолына кездейсоқ түскен бөтен мүлікті иеленіп алуды бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ретінде қарауға болмайды.
3. Кінәлі адамның өзі заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкіне өз қалауы бойынша билік етуі (сатуы немесе басқа адамдарға тегін беруі, бүлдіруі, бөлшектеуі, жоюы және т. б.) қылмыстың жеке құрамын құрамайды және қосымша саралауды қажет етпейді.