Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 60 бұйрығы
(2024.15.04. берілген өзгерістермен)
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 133 бұйрығымен күші жойылды
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024.29.03. № 14 бұйрығымен кіріспе жаңа редакцияда (2024 ж. 15 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді және 2024 ж. 25 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 225-1-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Инвестициялық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.