Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жобаларына кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 19 қазандағы № 522 бұйрығы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 74-бабының 10-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жобаларына кешенді сараптама жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы 19 қазандағы
№ 522 бұйрығымен
бекітілген
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жобаларына кешенді сараптама жүргізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жобаларына кешенді сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әзірленген және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жобаларына кешенді сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жобаларына кешенді сараптама:
жұмыстарды орындау мақсаттарының, міндеттерінің, көлемдері мен әдістерінің ғылыми (геологиялық) және экономикалық негізділігін;