6) Қазақстан Республикасының заңдарында жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттікті атқарады.
2. Облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттігі:
1) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына облыстық маңызы бар қаланы республикалық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгізеді;
2) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына қалалардың шекараларын өзгерту, оның ішінде олардың құрамына ауылдық округтерді, кенттерді, ауылдарды енгізу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгізеді;
3) бірлескен шешіммен және ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың басқару органдарының пікірін ескере отырып, кенттердің, ауылдардың шекараларын белгілейді және өзгертеді;
4) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына ауылдық округтердің шекараларын белгілеу және өзгерту туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгізеді;
5) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына ауылдық округтерге, кенттерге, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсынысты бірлескен шешіммен және тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып енгізеді;
6) бірлескен шешіммен қаладағы аудандарды құрады және таратады, олардың шекараларын белгілейді және өзгертеді;
7) облыстардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына кенттерді, ауылдарды кенттер немесе ауылдар санатына жатқызу, ауылдық округтерді, кенттерді немесе ауылдарды құру, қайта құру және тарату, олардың бағыныстылығын өзгерту, оларды есепке алу және тіркеу туралы ұсынысты бірлескен шешіммен енгізеді;
8) жергілікті атқарушы органдар қаланың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етеді;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттікті атқарады.
18-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент, ауыл әкімінің өкілеттігі
1. Аудандық маңызы бар қала әкімі:
1) аудандық маңызы бар қала халқының пікірін ескере отырып, аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына аудандық маңызы бар қаланы кент, ауыл санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізеді;
2) аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына аудандық маңызы бар қаланың шекараларын белгілеу және өзгерту туралы ұсыныс енгізеді;
3) аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына аудандық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі ұсынысты аудандық маңызы бар қала халқының пікірін ескере отырып енгізеді.
2. Ауылдық округ, кент, ауыл әкімі:
1) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына кенттерді, ауылдарды аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар санатына жатқызу, оларды қайта құру және тарату туралы ұсынысты тиісті елді мекен халқының пікірін ескере отырып енгізеді;
2) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына ауылдық округтерге, кенттерге, ауылдарға атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы, сондай-ақ ауылдық округтердің, кенттердің, ауылдардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы ұсынысты тиісті елді мекен халқының пікірін ескере отырып енгізеді;
3) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына ауылдық округтердің, кенттердің, ауылдардың шекараларын белгілеу және өзгерту туралы ұсыныс енгізеді;
4) облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде кенттердің, ауылдардың құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып шешеді;
5) кенттердің, ауылдардың құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етеді.
4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАРАУ ТӘРТІБІ
19-бап. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттарын өзгерту тәртібі
1. Қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде осы Конституциялық заңның 1-бабының 2), 11) және 14) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.
2. Кент, ауыл мәртебесін өзгерту үш жыл ішінде осы Конституциялық заңның 1-бабының 3) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, үш жыл ішінде осы Конституциялық заңның 1-бабының 4) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ауылдық округ таратылады, ал оның ауылдық елді мекендері жақын маңдағы ауылдық округтерге немесе өзге де елді мекендерге қосылады.
4. Елді мекеннің санатын өзгерту рәсімі осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
20-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін облыстар, аудандар, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде шешу үшін қажетті құжаттар мен материалдардың тізбесі
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін облыстар, аудандар, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде шешу үшін:
1) облыстар мен аудандарды құру және тарату, олардың әкімшілік орталықтарын белгілеу және өзгерту; елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу, олардың бағыныстылығын белгілеу және өзгерту; республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің енгізген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайтын шешім;
2) тиісті өтінішхатты және енгізілетін ұсыныстың орындылығының негіздемесін, өзгертілетін аумақтың көлемі, онда тұратын халық саны туралы мәліметтерді, негізгі заңды тұлғалардың тізбесін, олардың өндірістік көрсеткіштерін, олардың әрқайсысында жұмыс істейтін адамдардың санын, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құрылымы мен штаттары, қайта ұйымдастыруға байланысты олардың өзгеруі туралы мәліметтерді, атау беру және қайта атау мәселелерін, сондай-ақ осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес мәселені шешу үшін қажетті барлық қалған мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы;
3) осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдардың (бірлескен) шешімі;
4) аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер, ауылдар әкімдерінің қаралатын мәселе бойынша ұсыныстары;
5) әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекаралары, мәселені шешу үшін маңызы бар географиялық деректер және өзге де мәліметтер көрсетілген, мемлекеттік есептеу жүйесіндегі шекаралардың координаттық сипаттамасы бар карта қажет. Картаға өңірлік даму, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдардың басшылары, сондай-ақ аумақтарды қабылдайтын және беретін жергілікті өкілді және атқарушы органдардың басшылары қол қояды, қолтаңбалар мөрмен бекемделеді.
21-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдар деңгейінде шешу үшін қажетті құжаттар мен материалдардың тізбесі
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдар деңгейінде шешу үшін:
1) осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органның бірлескен шешімі;
2) жергілікті қоғамдастық жиынының шешілетін мәселеге қатысты хаттамалары;
3) енгізілетін ұсыныстың орындылығының негіздемесін, өзгертілетін аумақтың көлемі, онда тұратын халықтың саны туралы мәліметтерді, заңды тұлғалардың, өнеркәсіптік және басқа да объектілердің тізбесін, сондай-ақ осы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттікке сәйкес мәселені шешу үшін қажетті барлық қалған мәліметтерді қамтитын түсіндірме жазба;
4) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттер мен ауылдардың шекаралары, мәселені шешу үшін маңызы бар географиялық деректер және өзге де мәліметтер көрсетілген, мемлекеттік есептеу жүйесіндегі шекаралардың координаттық сипаттамасы бар карта қажет. Картаға өзгертілетін аумақтың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының басшылары қол қояды;
5) ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер мен ауылдар әкімдерінің қаралатын мәселе бойынша ұсыныстары;
6) аудандық маңызы бар қала әкімінің аудандық маңызы бар қаланың шекараларын белгілеу және өзгерту жөніндегі ұсынысы қажет.
22-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Конституциялық заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 5 маусым
№ 300-VIII ҚРЗ