«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкіміне толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 353 Өкімі
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкіміне (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 53, 521-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген өкімге 3-қосымшада:
«Құрмет» (Почет) орденінің сипаттамасынан кейін осы өкімге қосымшаға сәйкес «Еңбек Даңқы» (Трудовая Слава) орденінің сипаттамасымен толықтырылсын.
Қазақстан Республикасы Президенті |
Н.Назарбаев |
Президентінің
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 353 өкіміне
ҚОСЫМША
«Еңбек Даңқы» (Трудовая Слава) ордені
«Еңбек Даңқы» ордені үш дәрежеден тұрады.
І дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің белгісі дұрыс бесбұрышты нақышталған жұлдыз болып табылады. Жұлдыз сәулелерінің жиегі көрнекі дөңес ернеумен безендірілген. Жұлдыз сәулелерінің орталарына мөлдір лағыл эмаль жағылған, оның астында ромб тәрізді бұдырлы өрнек жарқырайды. Жұлдыз сәулелерінің арасынан үшқұлақ түрінде ұлттық оюмен күлтелер орналасқан.