«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VI Кодексі (2026.25.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тауарларға қатысты қолданылатын салықтар мөлшерлемелерінің жалпы тізбесінің форматын, оны қалыптастыру, жүргізу және одан алынған мәліметтерді пайдалану тәртібін, сондай-ақ осындай мөлшерлемелер туралы мәліметтерді ұсынудың тәртібі мен техникалық шарттарын, оның ішінде құрылымы мен форматын Комиссия айқындайды.

 

85-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы. Кедендік баждар, салықтар төленбейтін жағдайлар

1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет осы Кодекстің 88, 157, 163, 174, 216, 217, 221, 233, 242, 254, 265, 278, 288, 297, 306, 313, 322, 328-баптарына, 360-бабының 4-тармағында, 362, 363, 367, 371, 378 және 392-баптарына сәйкес туындайды, сондай-ақ осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және Комиссия көздеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мән-жайлар басталған кезде туындайды.

2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:

1) осы Кодекстің 88, 157, 163, 174, 216, 217, 221, 233, 242, 254, 265, 278, 288, 297, 306, 313, 322, 328-баптарында, 360-бабының 4-тармағына, 362, 363, 367, 371, 378 және 392-баптарында көзделген, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуына байланысты мән-жайлар басталған кезде және шарттар сақталған кезде;

2) осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындаған және Комиссия көздеген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мән-жайлар басталған кезде;

3) осы Кодекстің 86-бабының 9-тармағында көрсетілген жағдайларда;

4) осы Кодекске сәйкес өндіріп алуға үмітсіз деп танылған кедендік баждардың, салықтардың сомасына қатысты кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алу жөніндегі шаралар осы Кодекстің 116-бабы 10-тармағының 4) тармақшасына сәйкес қабылданбайтын жағдайда, тоқтатылады.

3. Комиссия сол бір тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет әртүрлі тұлғаларда әртүрлі мән-жайлар бойынша және (немесе) бірнеше рет туындаған жағдайларда, оның ішінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің бірінде туындаған, ал кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге мемлекетте басталған жағдайда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жайларды, сондай-ақ кеден органдарының осындай мән-жайлардың басталуын растау бойынша өзара іс-қимыл жасасу тәртібін айқындауға құқылы.

4. Кедендік баждар, салықтар:

1) кедендік рәсіммен орналастыру шарттары осындай кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға немесе тоқтатылғанға дейін және осы тауарларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде кедендік баждар, салықтар төлеуді көздемейтін кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты;

2) осы Кодекстің 355-бабының 4-тармағына және 364-бабының 2-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын, жекелеген тауар санаттарына қатысты, осы Кодексте осы тауар санаттары үшін белгіленген оларды пайдалану шарттары сақталған кезде;

3) декларанттың осындай жеңілдіктерден бас тарту жағдайларын қоспағанда, кедендік әкелу бажын төлеуден босату түріндегі кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді және салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді қолдана отырып, уақытша әкелу (рұқсат ету) кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты, осындай жеңілдіктер беру талаптары сақталған кезде осындай кедендік рәсімнің қолданысы аяқталғанға немесе тоқтатылғанға дейін, тауарларды жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес келетін мақсаттарда пайдаланған кезде, осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулер сақталған кезде, сондай-ақ осындай тауарларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде;

4) декларанттың осындай жеңілдіктерден бас тарту жағдайларын қоспағанда, осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік әкелу бажын төлеуден босату түріндегі кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді және салықтар төлеу жөніндегі жеңілдіктерді қолдана отырып, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты, осындай жеңілдіктер беру шарттары сақталған кезде, тауарларды жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес келетін мақсаттарда пайдаланған кезде, сондай-ақ осындай тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулер сақталған кезде төленбейді.

 

86-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау

1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті кедендік баждарды, салықтарды төлеуші, осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеушімен бірге кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын тұлғалар орындайды.

Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті осы Кодекстің 94-бабының 11-тармағында белгіленген тәртіппен үшінші тұлға орындауы мүмкін.

Кеден өкілі кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті осы Кодекстің 494-бабын ескере отырып орындайды.

2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет оларды осы Кодекске сәйкес есептелген және төленуге жататын сомалар мөлшерінде осы Кодекстің 90, 91, 92, 93 және 94-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде төлеу арқылы орындалады.

3. Осы Кодекстің 91 және 194-баптарына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін жағдайларда, кеден органы кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімі басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, төлеушіге кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімінің басталғаны туралы еркін нысанда хабарлама жібереді.

Кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мерзімі өткеннен кейін осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін өзге жағдайларда, кеден органы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждарға, салықтарға, өсімпұлдарға, пайыздарға тиесілі сомаларды төлеу туралы талап жібереді.

4. Мынадай:

1) осы баптың 3-тармағында көзделген;

2) кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекстің 10-тарауында көзделген тәсілдермен қамтамасыз етілетін жағдайларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайларда, кеден органы кедендік баждарды, салықтарды, пайыздарды төлеу мерзімі басталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бір мезгілде төлеушіге және осы Кодекске сәйкес төлеушімен бірге кедендік баждарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын тұлғаларға белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар сомасы туралы хабарлама жібереді.

5. Өсімпұлдарды есепке жазу осы Кодекстің 124-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

6. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарлама табыс етілген күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орындалуға жатады. Мерзімінде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган бекітеді. Бұл ретте хабарламаның көрсетілген нысаны осы Кодекстің 137-бабына сәйкес, белгіленген мерзімде төленбеген арнайы, демпингке қарсы баждардың, өтемақы баждарының сомасы туралы мәліметтерді де қамтиды.

Көрсетілген хабарламаны табыс ету тәртібі осы Кодекстің 87-бабына сәйкес жүргізіледі.

7. Төлеуші белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар сомасы туралы хабарламада көрсетілген талаптарды осындай хабарлама тіркелген күннен бастап осындай талаптарды орындау күнін қоса алғанға дейінгі кезеңде есепке жазылуға жататын өсімпұлдарды төлеместен орындаған кезде, кеден органы белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы бұрын шығарылған хабарламаға толықтыру жібереді.

8. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарламада көрсетілген кедендік баждар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар сомасының өзгеруіне алып келген негізді фактілер анықталған жағдайда, кеден органы белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы жаңа хабарлама жібереді, сонымен бір мезгілде белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы бастапқы жіберілген хабарламаны кері қайтарып алады.

9. Кеден органы мынадай:

1) тауарлар шығарылғаннан кейін, ал шығарылуы тауарларға арналған декларация берілгенге дейін жүргізілген тауарларға қатысты - осы Кодекстің 194-бабының 17-тармағында көзделген электрондық құжат жіберілгеннен не тиісті белгілер қойылғаннан кейін тауарларға арналған бір декларацияда есептелген кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын жиынтықтап алғанда осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін валюталар бағамын қолдану күніне қолданыста болатын валюталар бағамы бойынша бес еуроға баламалы сомадан аспайтын мөлшерде төлемеу фактісі анықталған;

2) осы Кодекстің 83-бабының 4-тармағында көрсетілген кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының бір есеп-қисабында немесе осы Кодекстің 360-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген бір кедендік құжатта есептелген кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын жиынтықтап алғанда осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін валюталар бағамын қолдану күніне қолданыста болатын валюталар бағамы бойынша бес еуроға баламалы сомадан аспайтын мөлшерде төлемеу фактісі анықталған жағдайларда, осы баптың 4-тармағында көрсетілген хабарламаны жібермейді.

10. Осы баптың 9-тармағында көрсетілген жағдайларда кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылады.

11. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзімде орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, кедендік баждарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алуды жүзеге асыратын кеден органы осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдайды.

12. Комиссия сол бір тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет әртүрлі тұлғаларда әртүрлі мән-жайлар бойынша және (немесе) бірнеше рет туындаған жағдайларда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалу ерекшеліктерін айқындауға құқылы.

 

87-бап. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарламаны табыс ету тәртібі

1. Осы бапта өзгеше белгіленбесе, белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарлама төлеушінің жеке өзіне қолын қойғыза отырып, немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен табыс етілуге тиіс.

Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:

1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жiберiлгенде - төлеушi пошта операторының хабарламасына белгi қойған күннен бастап;

2) электрондық тәсiлмен жiберiлгенде - веб-қосымшадағы хабарлама жеткізілген күннен бастап төлеушіге табыс етілді деп есептеледі.

Көрсетілген тәсiл:

уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланушы ретінде тіркелген;

Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеушi ретiнде тiркелген төлеушiге қолданылады.

2. Кеден органы пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберген, белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы хабарламаны пошта операторы төлеушінің орналасқан жерінде болмауы себепті қайтарып берген жағдайда, кеден органы пошта операторының хабарламасын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төлеушінің орналасқан жері бойынша зерттеп-қарау жүргізеді, оның нәтижелері бойынша зерттеп-қарау актісі жасалады.

3. Зерттеп-қарау актісінде:

оның жасалу орны, күні және уақыты;

кеден органының актіні жасаған лауазымды адамының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса);

кеден органының атауы;

тартылған куәгерлердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке басты куәландыратын құжаттың атауы және нөмірі, тұрғылықты жері;

төлеушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және (немесе) атауы, оның сәйкестендіру нөмірі;

зерттеп-қарау нәтижелері туралы ақпарат көрсетіледі.

Зерттеп-қарау актісі куәгерлердің қатысуымен ресімделеді.

Куәгерлер ретінде кеден органының лауазымды адамының және төлеушінің әрекеттерінің нәтижесіне мүдделі емес, кез келген кәмелетке толған әрекетке қабілетті кемінде екі адам шақырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарының және төлеушінің жұмыскерлерінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) куәгер ретінде қатысуына жол берілмейді.

4. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы осы Кодекстің 86-бабының 4-тармағына сәйкес жіберілген хабарламаға шағым жасалған жағдайда, осындай хабарламада көрсетілген кеден органының талаптарын орындау мерзімі шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады. Бұл ретте шағым жасау өсімпұлдарды есепке жазуды тоқтата тұрмайды.

 

88-бап. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу ерекшеліктері

1. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде туындайды.

Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде туындайды.

2. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тауарларды заңсыз өткізуші тұлғаларда туындайды. Заңсыз өткізуге қатысушы тұлғалар, егер олар осындай өткізудің заңсыздығы туралы білсе немесе білуге тиіс болса, ал тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде - заңсыз әкелінген тауарларды жеке меншікке немесе иеленуге алған тұлғалар да, егер олар сатып алу кезінде олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінуінің заңсыздығы туралы білсе немесе білуге тиіс болса, тауарларды заңсыз өткізуші тұлғалармен бірге кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша ынымақты міндет атқарады.

3. Мынадай:

1) осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;

2) тауарларды осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыру;

3) осындай жойылуға немесе қайтарымсыз жоғалтуға дейін осы шетелдік тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, шетелдік тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осы тауарлардың тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларында табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін кеден органының уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тануы;

4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарларды тәркілеу немесе мемлекеттің меншігіне айналдыру;

5) кеден органының тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртуі;

6) қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмеген болса, өздеріне қатысты тауарларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қою немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастыру мән-жайлары басталған кезде, осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларда тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылады.

4. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде - тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күн, ал егер бұл күні анықталмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.

5. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар осы тауарлар мынадай кедендік рәсімдермен:

1) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде - тарифтік преференциялар және кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен;

2) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде - кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай, экспорт кедендік рәсімімен орналастырылғандай мөлшерде төленуге жатады.

6. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар осы баптың 7-тармағы ескеріле отырып, ал егер кеден органы тауарлар туралы дәл мәліметтерге ие болмаса, осы баптың 8-тармағы да ескеріле отырып, осы тарауға сәйкес есептеледі.

7. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін - тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күні қолданыста болатын кедендік баждардың, салықтардың мөлшерлемелері қолданылады.

Егер тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда, мұндай қайта есептеу - тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күні қолданыста болатын валюталар бағамы бойынша жүргізіледі.

8. Егер кеден органы тауарлар (сипаттамасы, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) туралы дәл мәліметтерге ие болмаған жағдайда, төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 4-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Егер тауардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес коды он таңбадан аз санда топтау деңгейінде айқындалған жағдайда:

кедендік баждарды есептеу үшін осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең үлкені қолданылады;

салықтарды есептеу үшін осындай топтауға кіретін, өздеріне қатысты кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең үлкені белгіленген тауарларға сәйкес келетін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең үлкені, акциздер мөлшерлемелерінің ең үлкені қолданылады.

Тауарлар туралы дәл мәліметтер кейіннен анықталған кезде кедендік баждар, салықтар осындай дәл мәліметтер негізге алынып есептеледі және осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған кедендік баждар, салықтар сомасын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады не осы Кодекстің 87-бабына сәйкес әрекеттер, осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес төленбеген соманы өндіріп алу жүзеге асырылады.

9. Тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәркіленген немесе мемлекеттің меншігіне айналдырылған, кеден органдары тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен, уақытша сақтауға қойған, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырған жағдайларда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың сомасы осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.

10. Тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде осы баптың 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарының ережелері қолданылмайды.

Тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар осы Кодекске сәйкес есептеледі. Бұл ретте тауарларды кедендік декларациялау кезінде іс жүзінде төленген кедендік баждар, салықтар қайтадан төленбейді (өндіріп алынбайды), ал артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың сомасы осы Кодекске сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.

 

89-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 550-баптың редакциясында қолданылды

89-бап. Кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі

1. Өзінің барысында:

1) кеден органы төлеушіге кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың сомасын есептеуге (есепке жазуға) немесе төлеуші есептеген олардың сомасын, сондай-ақ есепке жазылған өсімпұлдардың, пайыздардың сомасын қайта қарауға құқылы болатын;

2) төлеуші кеден органдарынан кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, өсімпұлдардың, пайыздардың, аванстық төлемдердің, оның ішінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген аванстық төлемдердің сомасын есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуді талап етуге құқылы болатын;

3) төлеуші кеден органдарынан кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізілген ақшаны қайтаруды және (немесе) алдағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу есебіне бюджетке аударуды талап етуге құқылы болатын;

4) төлеуші кеден органдарының талап етуі бойынша кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасын төлеуге міндетті болатын;

5) төлеуші Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы болатын уақыт кезеңі кеден органдарының талаптары бойынша немесе төлеушінің талабы бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі болып табылады.

2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды құрайды.

Мынадай санаттағы:

1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексіне) сәйкес салықтық мониторингке жататын;

2) жер қойнауын пайдалану (отын-энергетика секторы) саласындағы қызметті жүзеге асыратын;

3) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген төлеушілер үшін кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.

2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген төлеушілердің санаттарына қарамастан, өздеріне қатысты:

осы Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылған;

осы Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға (мемлекеттің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуы туралы халықаралық шарттарға) сәйкес кедендік әкелу баждарының Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленгенге қарағанда неғұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылған;

2001 жылғы 12 маусымдағы «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 250-бабына, 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 427-бабына жəне Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 508-бабына сəйкес қосылған құн салығы есепке жатқызу əдісімен төленген, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рəсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кеден органдарының жəне төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.