«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VI Кодексі (2026.25.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

13) кеден ісі саласындағы Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын әзірлеуге қатысу;

14) кеден органдарының материалдық-техникалық және әлеуметтік базасын дамытуға қатысу;

15) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тауарлар өткізілетін өзге орындарда радиациялық бақылау жүргізу;

16) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізу;

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

17) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль, теңіздегі өткізу пункттерінде және тауарлар өткізілетін өзге де орындарда, оның ішінде кедендік транзиттің кедендік рәсімі аяқталған кезде тауарларды жеткізу орындарында көліктік бақылау жүргізу;

18) 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

19) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің кеден органдарымен және өзге де органдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу;

2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асыру;

2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 20-1) тармақшамен толықтырылды

20-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда тауарларды сыныптауды жүзеге асыру;

21) кеден органдарының кадрларын даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру және жүргізу функцияларын;

22) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайды.

 

13-бап. Кеден органдарының құқықтары

1. Кеден органдарының құқықтары:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттердің органдарынан, декларанттардан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және тексерілетін тұлғалардан қажетті ақпаратты, сондай-ақ кеден ісі саласына қатысты құжаттар мен мәліметтерді сұрату және алу;

2) кедендік бақылау жүргізу кезінде әртүрлі білім салаларының мамандарын тарту;

3) көлік құралдарын тоқтату, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеден органдарының рұқсатынсыз шығып кеткен су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтару;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талап қоюды беру;

5) кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұстап алу және Қазақстан Республикасының кеден немесе өзге органдарының қызметтік үй-жайларына жеткізу;

6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес фактілер мен оқиғаларды құжаттау, олардың бейне- және аудиожазбасын, кино- және фототүсірілімін жүргізу;

7) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кеден органдарының ресми өкілдерін шет мемлекеттерге жіберу;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді, байланыс жүйелерін және деректерді беру жүйелерін, кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу, құру, иелену және пайдалану;

2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кеден органдарына жүктелген функцияларды орындау үшін арнаулы құралдарды қоса алғанда, тауарларды сатып алу;

2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дене күші мен арнаулы құралдарды қолдану;

11) 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

12) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтыру және істерді қарау, әкімшілік ұстап алудыжүргізу, сондай-ақ басқа да шараларды қолдану;

2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ғылыми-зерттеу, оқу, баспа қызметін жүзеге асыру;

2025.19.09. № 219-VIII ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (2025 ж. 20 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

14) құқық қорғау органдары және (немесе) уәкілетті орган ұсынатын, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықтимал қатысы болуы туралы ақпарат алған кезде, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ұстап алуды (тоқтата тұруды) жүзеге асыру;

2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды

14-1) уәкілетті органға жүктелген міндеттерді шешу үшін осы Кодекстің 54-тарауында көзделмеген сараптамаларды жүргізу;

15) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

 

14-бап. Кеден органдарының міндеттері

1. Кеден органдарының міндеттері:

1) өз құзыреті шегінде мемлекет мүдделерін қорғау;

2) декларанттардың және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың заңды құқықтарын сақтау;

3) кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамдарының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарау;

4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауар айналымын жеделдетуге ықпал ететін жағдайлар жасау жолымен сыртқы сауданың дамуына жәрдемдесу;

5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік бақылауды жүзеге асыру;

6) 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

7) өз өкілеттіктері шегінде декларанттарға және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға олардың құқықтарын іске асыруына жәрдемдесу;

8) кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы баждардың, өтемақы баждарының толық алынуын және бюджетке уақтылы аударылуын қамтамасыз ету;

9) өз құзыреті шегінде осы Кодексте белгіленген мерзімдерде шешімдер қабылдау және декларанттар мен кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге заңнамасында белгіленген шарттарды сақтауы және міндеттерді орындауы бойынша олардың қызметін бақылауды жүзеге асыру;

10) Қазақстан Республикасының сыртқы саудасының кедендік статистикасын және арнаулы кедендік статистикасын жүргізуді жүзеге асыру;

11) өз құзыреті шегінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын күзетуді және Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органдарының қызметіне, кеден органдарының лауазымды адамдарына және олардың отбасы мүшелеріне қатысты құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету;

13) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және оларды анықтау жөнінде жұмыс жүргізу;

14) кеден ісі саласында құқық бұзушылықтардың жасалуы туралы ақпаратты жинауды және талдауды жүзеге асыру;

15) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен және басқа да тиісті мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасаса отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

16) кеден ісі саласында келіп түсетін сұрау салулар мен ұсыныстарды ескере отырып, өтініштердің уақтылы, объективті және жан-жақты қаралуын және жауап берілуін немесе тиісті әрекеттер жасалуын қамтамасыз ету;

17) кеден ісі саласында өтеусіз ақпарат және консультация беруді жүзеге асыру;

18) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының бірлескен актілері негізінде аталған органдармен келісу бойынша Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасасу;

19) кеден ісін жетілдіру және кедендік әкімшілік жүргізудің тиімді әдістерін енгізу мақсатында сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен, олардың қауымдастықтарымен (одақтарымен), Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу;

20) импорттаушылардың заңды мекенжайларын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген өнімнің (тауарлардың) көлемдері мен түрлерін көрсете отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға импорттаушылар бойынша ақпарат ұсыну;

21) белгіленген мерзімдерде бюджетке төленбеген кедендік төлемдер мен салықтардың сомасын, сондай-ақ өсімпұлдарды, пайыздарды өндіріп алу;

22) Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік әкімшілік жүргізуді жүзеге асыру;

23) мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарына берілгенге дейін осындай тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;

24) 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

25) 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

2. Кеден органдары осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге міндеттерді де жүзеге асырады.

3. Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іс жүргізілуі Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарының құзыретіне жатқызылған қылмыстық және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаған кезде, кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде осындай құқық бұзушылықтар бойынша қолда бар материалдарды Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарына беруге міндетті.

 

15-бап. Кеден органдарының және олардың лауазымды адамдарының жауапкершілігі

1. Кеден органдары құқыққа сыйымсыз шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) арқылы келтірілген зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

2. Тұлғаларға кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) арқылы келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

3. Тұлғаларға кеден органдарының лауазымды адамдарының құқыққа сыйымды шешімдері, әрекеттері арқылы келтірілген залалдар өтелуге жатпайды.

4. Кеден органдарының лауазымды адамдары құқыққа сыйымсыз шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

 

16-бап. Кедендік инфрақұрылым

1. Кедендік инфрақұрылымға кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен, инженерлік, ақпараттық, телекоммуникациялық жүйелермен және оларды қамтамасыз ету құралдарымен жарақталған (бұдан әрі осы бапта - кедендік инфрақұрылым элементтері) ғимараттар, құрылысжайлар, үй-жайлар, ашық алаңдар және кеден органдарының қызметін қамтамасыз ететін әлеуметтік мақсаттағы объектілер жатады.

2. Кедендік инфрақұрылым элементтері:

1) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында;

2) кеден органдары мен кеден органдарының жүйесіне кіретін мамандандырылған мемлекеттік мекемелер орналасқан жерлерде;

3) осы Кодексте белгіленген тәртіппен кедендік операциялар жасалуы және кедендік бақылау жүргізілуі мүмкін аумақтарда орналасуы мүмкін.

3. Комиссия тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында орналасқан кедендік инфрақұрылым элементтерін жайластыруға және техникалық жарақтандыруға қойылатын үлгілік талаптарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының қызметін қамтамасыз етуге байланысты функционалдық мақсат ерекшеліктерін ескере отырып айқындайды.

4. Кеден органдары мен кеден органдарының жүйесіне кіретін мамандандырылған мемлекеттік мекемелер орналасқан жерлерде және аумағында кедендік операциялар жасалуы және кедендік бақылау жүргізілуі мүмкін өзге жерлерде кедендік инфрақұрылым элементтерін жайластыруға және техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.

5. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында кедендік инфрақұрылымның жай-күйін, даму серпіні мен үрдістерін талдауды Комиссия кеден органдары ұсынатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таратылуы шектелген мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді қамтымайтын, белгілі бір уақыт кезеңі үшін қорытылған, тауарлар мен көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу туралы мәліметтер негізінде жүргізеді.

Тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуі туралы көрсетілген мәліметтердің құрамын, олардың құрылымы мен форматын, сондай-ақ берілу кезеңділігі мен тәртібін Комиссия айқындайды.

Кедендік инфрақұрылымның жай-күйі, даму серпіні мен үрдістері туралы ақпарат Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастырылады.

 

17-бап. Кеден ісі саласындағы құқық қорғау қызметі

1. Кеден ісі саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

2. Кеден органдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады және тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тартады.

3. Қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмек және кеден органдарының шет мемлекеттердің кеден органдарымен өзара іс-қимылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 18-баптың тақырыбы өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

18-бап. Кеден органдарының көлік құралдарын тоқтату және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығып кеткен су және әуе кемелерін ұстап алу (қайтару) жөніндегі құқықтары

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Кеден органдары көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеден органының рұқсатынсыз шығып кеткен су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға құқылы.

Кеден органдары автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймақтарында және кедендік бақылау аймақтарынан тыс жерлерде тоқтатуға құқылы.

Автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтатқан жағдайда, кедендік бақылау жүргізу уақыты осындай тоқтату кезінен бастап екі сағаттан аспауға тиіс.

Кедендік бақылау аймақтарынан тыс жерлерде автомобиль көлік құралдарын, оның ішінде тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырмайтын автомобиль көлік құралдарын тоқтату тәртібі осы бапта және осы Кодекстің 18-1-бабында айқындалады.

2. Кеден органдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерде болатын су және әуе кемелерін ұстап алу (қайтару) жөніндегі әрекеттері Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 18-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)

18-1-бап. Автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтату

1. Автомобиль көлік құралын, оның ішінде тауарларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асырмайтын автомобиль көлік құралын тоқтатуды кеден органдарының лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында жүзеге асырады.

Кеден органының лауазымды адамдары автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде көлік құралын басқаратын адамға автомобиль көлік құралын тоқтату туралы талапты табыс етеді.

Көлік құралын тоқтату туралы талаптың нысанын уәкілетті орган белгілейді.

Автомобиль көлік құралын тоқтатуға мыналар негіз болып табылады:

1) тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері;

2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу фактілері және (немесе) белгілері туралы куәландыратын ақпарат;

3) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған мәліметтерді талдау нәтижесінде алынған, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу фактілері және (немесе) белгілері туралы куәландыратын деректер;

4) Қазақстан Республикасының, Еуразиялық экономикалық одақтың немесе шет мемлекеттердің мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру қажеттігі;

5) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарынан, Еуразиялық экономикалық одақтан немесе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде халықаралық шарттар және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары жасалған шет мемлекеттерден түскен тапсырма және (немесе) өтініш (сұрау салу);

6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу фактілері және (немесе) белгілері туралы ақпарат қамтылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органының тапсырмасы.

Автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде кеден органының лауазымды адамы:

1) өзін таныстыруға және автомобиль көлік құралын басқаратын адамның талабы бойынша танысу үшін қызметтік куәлігін немесе сәйкестендіру картасын көрсетуге;

2) көлік құралын тоқтату негіздерін түсіндіруге;

3) автомобиль көлік құралын тоқтату туралы талапты табыс етуге;

4) автомобиль көлік құралын басқаратын адамның кедендік бақылау жүргізу үшін ондағы тауарлар мен оларға арналған құжаттарды ұсынуын сұрауға міндетті.

2. Автомобиль көлік құралын басқаратын адам автомобиль көлік құралын тоқтатуға, кедендік бақылау жүргізу үшін оған және ондағы тауарларға қолжетімділік беруге, кеден органының лауазымды адамына оларға арналған құжаттарды көрсетуге міндетті.

3. Автомобиль көлік құралын тоқтатқан кезде кеден органының лауазымды адамы кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеруді жүзеге асырады, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) осы бапта, осы Кодекстің 46, 47 және 48-тарауларында көзделген тәртіппен кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолданады.

Кедендік бақылау аяқталғанға дейін автомобиль көлік құралын басқаратын адам тоқтаған жерінен кетпеуге, сондай-ақ автомобиль көлік құралы мен ондағы тауарлардың автомобиль көлік құралы тоқтаған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.

Автомобиль көлік құралын басқаратын адамға осы тармақта көзделген автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіні табыс ету кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында кедендік бақылау жүргізілгенін куәландырады.

Автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіні толтыру тәртібін және оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.

4. Кедендік бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзу белгілері анықталған және (немесе) расталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы сақтау орнында кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.

Осы бапты қолдану мақсатында сақтау орны деп осы Кодекстің 404-бабында көзделген автомобиль көлік құралы тоқтаған жерге жақын орналасқан кедендік бақылаудың тұрақты немесе уақытша аймақтары түсініледі.

Автомобиль көлігін басқаратын адам кеден органының лауазымды адамының талабы бойынша автомобиль көлік құралын және ондағы тауарларды сақтау орнына жеткізуге міндетті.

Осы тармақта көзделген автомобиль көлік құралын жеткізу туралы талаптың нысанын уәкілетті орган бекітеді.

Бұл ретте мұндай талап, сондай-ақ осы Кодекстің 412 және 413-баптарында көзделген кедендік жете тексеруді және (немесе) кедендік қарап-тексеруді жүргізу орны мен уақытын белгілеу туралы хабарламаның көшірмесі автомобиль көлік құралын басқаратын адамға табыс етіледі.

5. Автомобиль көлік құралын және ондағы тауарларды сақтау орнына жеткізуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кеден органдарының лауазымды адамдарының сүйемелдеуімен автомобиль көлік құралын басқаратын адам жүзеге асырады.

6. Автомобиль көлік құралын басқаратын адам осы баптың 4-тармағында көзделген талапты орындаудан бас тартқан не ол мұндай талапты орындамаған кезде автомобиль көлік құралы мен ондағы тауарлар осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес ұсталуға жатады.

Бұл ретте ұсталған автомобиль көлік құралдарын және ондағы тауарларды сақтау орнына тасу (тасымалдау) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзушылықтар анықталмаған кезде автомобиль көлік құралын тоқтату туралы актіге тиісті жазба енгізіледі.

8. Автомобиль көлік құралдарын тоқтатқан кезде кеден органдары лауазымды адамдарының іс-қимыл жасау тәртібін кеден саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

 

19-бап. Кеден органдары алған ақпаратқа қарым-қатынас

1. Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасына сәйкес алған кез келген ақпаратты кеден органдары өздеріне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін ғана пайдаланады.

2. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасына сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратқа қолжетімділік алған кеден органдары, олардың лауазымды адамдары, сондай-ақ өзге де тұлғалар:

1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және осы Кодексте белгіленген;

2) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын құпияны (құпияларды) құрайтын ақпаратты, сондай-ақ басқа да жасырын ақпаратты жария етуге, жеке мақсаттары үшін пайдалануға не өзге тұлғаларға, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына беруге құқылы емес.

3. Кеден органдары өздеріне ұсынылған ақпаратты, оның ішінде алдын ала ақпаратты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, егер мұндай ақпарат көрсетілген органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен өздеріне жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру үшін қажет болса, Қазақстан Республикасының мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және заңдармен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды), сондай-ақ басқа да құпия ақпаратты қорғау жөніндегі заңнамасының талаптарын, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтай отырып, ал осы Кодекстің 49-тарауына сәйкес алынған ақпаратқа қатысты осы Кодекстің 449-бабының талаптарын да сақтай отырып, мынадай жағдайларда: