«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI Кодексі (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 18-2-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

18-2. Егер өтініш осы баптың 18-1-тармағына сәйкес, барлау нәтижелері бойынша оның күрделі жобаның қандай да бір өлшемшарттарына сәйкестігі туралы растау алынбаған жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша берілсе, өндіру кезеңіне жататын келісімшарт талаптары осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 4) тармақшасына және 2-тармағына сәйкес белгіленетін өндіруге арналған үлгілік келісімшарт талаптарына сәйкес келтірілуге тиіс, ал күрделі жобаға жатпайтын өндіру учаскесі бөліп шығарылған жағдайда, мұндай учаскеге қатысты осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 4) тармақшасына және 2-тармағына сәйкес айқындалған шарттарда өндіруге арналған келісімшарт жасалады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 18-3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

18-3. Егер өндіру кезеңіне өту туралы өтініш барлау нәтижелері бойынша оның күрделі жобаның өлшемшарттарына сәйкестігі туралы растау алынған жер қойнауы учаскесіне қатысты, осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген үлгілік келісімшарт нысаны бойынша жасалған барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша берілсе, өндіру кезеңіне жататын осындай келісімшарттың талаптары осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес белгіленетін шарттарға сәйкес келтірілуге жатады, ал күрделі жоба болып табылатын өндіру учаскесі бөліп шығарылған жағдайларда, мұндай жер қойнауы учаскесіне қатысты осы Кодекстің 36-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес айқындалған шарттарда өндіруге арналған келісімшарт жасалады.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 18-4-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

18-4. Осы баптың 18-1, 18-2 және 18-3-тармақтарына сәйкес берілетін өндіру кезеңіне өту туралы өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша осы баптың 18-2 және 18-3-тармақтарының ережелерін ескере отырып, тиісті жер қойнауы учаскесіне қатысты келісімшартқа толықтыруға қол қояды немесе өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, күрделі жобаларға жататын жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт бойынша өндіру кезеңіне өтуден бас тартады.

Құзыретті органның өндіру кезеңіне өтуден бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны барлау кезеңі ішінде қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.

19. Осы баптың 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының табуға және бағалауға жұмсалған шығындарын өтетуге құқығы бар.

Мұндай өтеуді жаңа жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпаратының негізінде айқындалатын инфляцияны ескере отырып, тиісті шығындардың толық сомасын бір уақытта төлеу тәртібімен жүзеге асырады.

Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және жаңа жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасасқан күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.

Жаңа жер қойнауын пайдаланушы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Өтелетін шығындардың мөлшері туралы жаңа және бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы арасында дау туындаған жағдайда, мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.

 

120-бап. Көмірсутектерді өндіру кезеңін ұзарту

1. Өндіру кезеңін құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қатарынан келетін жиырма бес жылға дейінгі кезеңге ұзартады.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға ұзартылатын өндіру кезеңі аяқталардан кемінде бір ай бұрын, ал осы баптың 5-тармағында көрсетілген кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей береді.

3. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініште:

1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;

2) көмірсутекті барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;

3) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) нұсқау;

4) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын мерзім қамтылуға тиіс.

4. Өтінішке қосымша:

1) 2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған өндіру кезеңінің сұралатын ұзарту мерзімі ішінде кен орнын әзірлеуді көздейтін кен орнын әзірлеудің жобасы қоса беріледі.

5. Егер есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған көмірсутектер кен орнының бастапқы геологиялық қорлары жүз миллион тонна мұнай немесе елу миллиард текше метр табиғи газ мәнінен асатын болса, өндіру кезеңін ұзарту кезіндегі келісімшарттың ережелері осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірімен толықтырылуға тиіс.

Егер мұндай кен орнына қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы басқа тұлғаға берілсе, онда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірі қосылады.

6. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап - екі ай ішінде, ал осы баптың 5-тармағында көрсетілген кен орындары бойынша жиырма төрт ай ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган ұзарту туралы шешім қабылдайды немесе мұндай ұзартудан бас тартады.

7. Құзыретті орган:

1) егер өтініш осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімнен кеш берілсе;

2) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес болмаса;

3) егер кен орнын әзірлеу жобасында өтініште сұралатын мерзімнен аз мерзімде әзірлеу көзделсе;

4) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса;

2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) құзыретті органның келісімшартты ұзартуға ниеті болмаған, оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушының қосылған құны жоғары өнім (неғұрлым жоғары қайта жасалған және қайта өңделген) өндіруді көздейтін өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асыру жөніндегі міндеттемені не осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделгендерді қоса алғанда, өзге де инвестициялық міндеттемелерді қабылдауы жөнінде онымен келісімге келмеген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартудан бас тартады.

Осы тармақтың 1) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, құзыретті органның өндіру кезеңін ұзартудан бас тартуы өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.

8. Өндіру кезеңін ұзарту өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша ғана жүргізіледі.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9. Егер келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгі келісімшартқа сәйкес келсе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өндіру кезеңін ұзартуды көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасалады.

10. Егер келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутекті барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келмесе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде көмірсутектерді өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген жаңа редакциядағы көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт жасалады.

11. Егер келісімшарт шеңберінде көмірсутектерді өндіру кезеңі кемінде жиырма жыл мерзімге белгіленсе, онда өндіру кезеңі ұзартылған кезде келісімшарт талаптары Қазақстан Республикасының осындай ұзарту күніне қолданыста болатын заңнамасына сәйкес келтірілуге тиіс.

 

 

18-тарау. Көмірсутектерді барлау және өндіру шарттары

 

121-бап. Көмірсутектерді барлаудың және өндірудің жалпы шарттары

1. Коллектор-жыныста және өткізбейтін жыныстар жапқыштарында түзілген тұтқыштағы көмірсутектердің табиғи оқшау жинақталуын қамтитын жер қойнауының бір бөлігі көмірсутектер жатыны деп танылады.

2. Есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған бірыңғай құрылымдық элементпен бақыланатын және жергілікті бір алаңда орналасқан, бір немесе бірнеше тұтқыштарға жататын кенжатын немесе кенжатындар жиынтығы көмірсутектер кен орны деп танылады.

3. Ұңғымадан көмірсутектердің ағымын құжатпен растау арқылы алу, оның ішінде қабатты сынағышпен сынамалау жүргізген кезде және (немесе) мұнай-газдың мол болуына коллектор-жынысты зертханалық зерттеу кезінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде растаған жаңа кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) ашылуы табу болып табылады.

4. Көмірсутектер кенжатындарын іздеустірмен және бағалаумен байланысты, олардың сынамалап пайдаланылуын қоса алғандағы жұмыстар кешені көмірсутектерді барлау деп танылады.

5. Көмірсутектер кенжатындарын табу, олардың болжамдық ресурстарын айқындау, алдын ала геологиялық-экономикалық бағалау және одан арғы геологиялық барлау жұмыстарын негіздеу мақсатында жүргізілетін жұмыстар іздестіру жұмыстары деп танылады.

6. Табылған кенжатынды контурлау және бағалау, өнеркәсіптік санаттар бойынша қорларды есептеу және оларды өнеркәсіптік әзірлеуге тарту орындылығын бағалау мақсатында жүргізілетін жұмыстар бағалау жұмыстары деп танылады.

7. Қабаттар мен кенжатынның, кен орнын әзірлеу жобасын жасау үшін ұңғымаларды кешенді геологиялық-геофизикалық және гидродинамикалық зерттеудің геологиялық-кәсіпшілік сипаты туралы қолда бар ақпаратты нақтылау және қосымша ақпарат алу мақсатында жүргізілетін жұмыстар сынамалап пайдалану деп танылады. Сынамалап пайдалану ұңғымалар мен көмірсутектерді өндіруді зерттеу мақсаттарында уақытша пайдалануды көздейді.

8. Жер қойнауынан көмірсутектерді жердің бетіне шығарумен байланысты жұмыстар кешені көмірсутектерді өндіру деп танылады.

9. Көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауының жекелеген учаскелерін пайдалану ұлттық қауіпсіздікті, халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.

2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

10. Елді мекендердің, қала маңындағы аймақтардың, өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінің аумақтарында көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану адамның өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіруі, экологиялық залал немесе шаруашылық объектілеріне залал келтіруі мүмкін болған жағдайда, мұндай пайдалануға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін.

11. Сынамалап пайдалануды қоса алғанда, іздестіру және бағалау жұмыстарын, сондай-ақ көмірсутектер кен орындарын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларында белгіленеді.

12. Көмірсутектерді өткізуге арналған көлік шығыстары мен шығындарды шегергенде, жер қойнауын пайдаланушы мәміле жасау кезінде мәміле жасау күніне қалыптасқан қолданатын бағадан аспайтын баға бойынша, көмірсутектерді сатып алуға басқа тұлғалар алдында Қазақстан Республикасының басым құқығы болады.

Жер қойнауын пайдаланушы мәміле жасау кезінде қолданатын көмірсутектер бағасы туралы ақпарат болмаған жағдайда, көмірсутектерді өткізуге арналған көлік шығыстары мен шығындарды шегергенде, көмірсутектерді мемлекеттің сатып алуы бойынша мәміле жасалған күнге әлемдік нарықта қалыптасқан бағадан аспайтын баға қолданылады.

Сатып алынатын көмірсутектердің шекті көлемі және төлем түрі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта айқындалады.

13. Қазақстан Республикасының көмірсутектерді сатып алуға арналған басым құқығын іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 14-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

14. Осы Кодексте тыйым салынбаған, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) ауыртпалық салу, сондай-ақ көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салу жер қойнауын пайдаланушының немесе ауыртпалық салуға жататын акциялар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) иесінің өтініші бойынша құзыретті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске), көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салуға рұқсат беру туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:

1) өтініш беруші және пайдасына ауыртпалық салу жүргізілетін тұлға (тұлғалар) туралы мәліметтер:

жеке тұлғалар үшін - өтініш берушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжаттары туралы мәліметтер;

заңды тұлғалар үшін - атауы, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді-көшірме немесе өтініш берушінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), мұндай заңды тұлғаны бақылайтын тұлғалар, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;

2) жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) туындауы және (немесе) сатып алынуы туралы мәліметтер;

3) ауыртпалық салуға жататын акциялар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) туралы мәліметтер;

4) ауыртпалықтың туындау негізі;

5) егер ауыртпалық ақшалай талапқа байланысты туындаса - талап ету сомасын, өзге талапқа байланысты туындаса - мұндай талаптың сипатын көрсету.

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске), көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салуға рұқсат беру туралы өтінішке ауыртпалықтың туындауына негіз болған құжаттың түпнұсқасы немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі.

Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде жасалуы мүмкін, әрбір құжатқа оның дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріне аудармасы міндетті түрде қоса беріледі.

Өтініш он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

Құзыретті орган жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске), жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салуға рұқсат беруден мынадай негіздер бойынша:

өтініште осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген мәліметтер болмаса;

өтінішке осы тармақтың үшінші және (немесе) төртінші бөліктерінде көзделген құжаттар қоса берілмесе;

егер ауыртпалық өзінің талаптары осы баптың 15-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдалану мақсатына не Қазақстан Республикасының аумағында кейіннен қайта бөлуді ұйымдастыру үшін пайдалануды көздемейтін, қарыз бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) кепіл шарты негізінде туындаса;

егер жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) ауыртпалық салу және (немесе) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салу ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталмауына, оның ішінде жер қойнауын пайдалану құқықтарының шоғырлануына алып келсе бас тартады.

15. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге қойып алынған қарызды жер қойнауын пайдалану не жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген Қазақстан Республикасының аумағында кейіннен қайта бөлу ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушының өзі немесе жарғылық капиталында жер қойнауын пайдаланушының жүз пайыз қатысу үлесі бар еншілес ұйым пайдалануға тиіс.

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 16-тармақ өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

16. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуы бар келісімшарттарда оператордың жарғылық капиталында ұлттық компанияның қатысу үлесі бастапқыда кемінде елу пайызды құрауға тиіс.

Оператордың жарғылық капиталында ұлттық компанияның қатысу үлесінің көрсетілген мөлшері кейіннен жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарт бойынша қабылдайтын шешімдерге ұлттық компания өз бақылауын сақтаған жағдайда төмендетілуі мүмкін.

Осы тармақтың ережелері күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттарға қолданылмайды.

17. Ұңғымаларды пайдалану, оның ішінде барлау кезіңде пайдалану және геологиялық-техникалық іс-шараларды орындау құжаттандыруға жатады. Құжаттаманы жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі аяқталғанға дейін сақтайды.

 

122-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, көмірсутектерді барлау және өңдеу кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану

1. Мыналар:

1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;

2) жоғарғы технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық жағынан тиімді пайдалану;

3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау көмірсутектерді барлау мен өңдеуді жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.

Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын, ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тиімді болып табылатын жалпы қабылданған халықаралық практика жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы болып түсініледі.

2. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау:

1) халықтың өмірін және денсаулығын қорғауға;

2) табиғи ландшафтарды сақтауға және бүлінген жерлерді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды қалпына келтіруге;

3) жер сілкінуді, көшкінді, су басуды, топырақтың шөгуін болдырмау мақсатында жер қойнауының үстіңгі бөліктерінің энергетикалық жай-күйінің қасиеттерін сақтауға;

4) су объектілерінің табиғи жай-күйін сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, технологиялық жүйелерді және басқа да іс-шараларды қамтиды.

3. Мыналар:

1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін көмірсутектер, кен орындары мен жер қойнауы учаскелері қорларының ауқымы мен құрылымын дұрыс бағалау үшін жер қойнауын алдын ала геологиялық зерттеудің толықтығын қамтамасыз ету;

2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды және экономикалық тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

3) жер қойнауынан пайдалы қазбалар алудың толымдылығын қамтамасыз ету;

4) қорларды және өндірілген көмірсутектерді, ілеспе құрауыштарды анық есепке алуды жүргізу;

5) су жинау алаңдарында және ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын жерасты сулары жинақталған жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;

6) көмірсутектерді немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау;

7) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың, жер қойнауы учаскелерін консервациялаудың, сондай-ақ жекелеген технологиялық объектілерді жою мен консервациялаудың белгіленген тәртібін сақтау;

8) қалдықтарды жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;

2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9) шикі газды стратегиялық маңызды энергия көздерін не мұнай-химия өнеркәсібі үшін шикізат ресурстарын алу және қоршаған ортаның ластануын барынша азайту мақсатында қайта өңдеу арқылы оны барынша пайдалану көмірсутектерді барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау саласындағы талаптар болып табылады.

4. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектердің кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және жер қойнауын қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.

5. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша осы Кодекске сәйкес белгіленген талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен айқындайды.

6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінің аумағындағы бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды балансқа қабылдауға, олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.

7. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының жай-күйіне мониторинг жүргізуді және кен орындарын әзірлеуге бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етуге міндетті.

 

123-бап. Көмірсутектерді барлау шарттары

1. Іздестіру және бағалау жұмыстары барлау жұмыстарының жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.

2. Жер қойнауын пайдаланушы барлау кезеңінде және осы Кодексте белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлау аумағында көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстардың кез келген түрін жүргізуге құқылы.

3. Көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстар жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес барлау жұмыстары жобасында және (немесе) сынамалап пайдалану жобасында көзделген әдістермен және тәсілдермен жүргізілуге тиіс.

4. Көмірсутектерді барлау кезінде барлау жұмыстары жобасында және (немесе) сынамалап пайдалану жобасында көзделген ұңғымаларды бұрғылауға жол беріледі.

5. Жаңа кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) әрбір ашылуы кезінде жер қойнауын пайдаланушы осылай ашылған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға табуда растау туралы өтінішті жібереді.

6. Табуды растау туралы өтініште:

1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;

2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;

2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) ашық кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) орналасқан жеріне және болжамды контурларына нұсқама қамтылуға тиіс.

7. Өтінішке табудың мынадай құжаттамалық растаулардың кем дегенде біреуі:

1) жер қойнауын пайдаланушының ұңғымадан көмірсутектер ағынын алғанын, оның ішінде оны қабаттарды сынағышпен сынамалау жүргізген кездегі құжаттамалық растау;

2) кемінде отыз пайыз коэффициентті мұнаймен немесе газбен қаныққанын растайтын жыныс-коллекторын зертханалық зерттеудің тиісті түрде ресімделген нәтижелері қоса беріледі.

8. Өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растау туралы шешім қабылдайды немесе растаудан бас тартады.