12. Сақтық аймағының шегінде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы су деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болдырмайтындай қажетті шаралар қабылдауға міндетті.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Сақтық аймағында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға осы Кодекстің теңіздегі көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар үшін белгіленген ережелері қолданылады.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14. Осы баптың 8 және 9-тармақтарының талаптары теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілу қаупі бар объектілерді пайдаланатын тұлғаларға қатысты да қолданылады.
15. Осы тараудың мақсаттары үшін мұнайдың төгілуі деп мұнай өнімдерінің төгілуі де түсініледі.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 155-бап өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
155-бап. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі
1. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін ресурстар деп теңізге мұнайдың төгілуін жою кезінде пайдаланылатын персонал, кемелер, жабдық, химиялық заттар және өзге де материалдар танылады.
2. Теңізге мұнайдың төгілу қаупі бар объектілерге теңіз объектілері, теңіз порттары және кемелер жатады.
3. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз ету мұнайдың төгілуінің болжалды көлемдеріне қарай мынадай деңгейлер бойынша жүзеге асырылады:
бірінші деңгей - мұнайдың төгілу қаупі бар объектідегі ресурстар арқылы жойылатын мұнайдың шамалы төгілуі (он тонна мұнайдан аспайтын);
екінші деңгей - мұнайдың төгілу қаупі бар объект ресурстарына қосымша жағалаудан ресурстар тартыла отырып жойылатын мұнайдың елеулі (орташа) төгілуі (он тоннадан екі жүз елу тоннаға дейін);
үшінші деңгей - мұнайдың төгілу қаупі бар объект ресурстарына және жағалау ресурстарына қосымша елдегі ресурстар мен халықаралық ресурстар тартыла отырып жойылатын мұнайдың көп көлемде төгілуі (екі жүз елу және одан да көп тонна).
Қауіпті бағалау негізінде мұнайдың ықтимал төгілуінің анықталған көлемдері көрсетілген үш деңгейден де жоғары болуы мүмкін. Ресурстар саны мұнайдың ықтимал төгілу қаупінің деңгейіне сәйкес болуға тиіс.
4. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жүйесіне:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган азаматтық қорғау және сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп бекітетін, теңізде, және Қазақстан Республикасының сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жоспары (бұдан әрі - ұлттық жоспар);
2) ұлттық жоспар негізінде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері әзірлейтін және тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін облыстардың теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің аумақтық жоспарлары;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) объектілік жоспарлар - кемелердің меншік иелерін қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесімен келісілетін, ұлттық және тиісті облыстардың аумақтық жоспарлары негізінде, сондай-ақ мұнайдың төгілу тәуекелін бағалау және жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде әзірлейтін теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылдарды қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлар;
4) 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенциясына сәйкес әзірленген мұнаймен ластауға қарсы күрес жөніндегі төтенше шаралардың кеме жоспарлары кіреді.
5. Ұлттық жоспарды іске асыруға мына мемлекеттік органдар:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган - жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайдың төгілуін жоюға әзірлігін қамтамасыз ету үшін;
2) сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы уәкілетті орган - теңіз порттарының және кемелердің мұнайдың төгілуін жоюға әзірлігін қамтамасыз ету үшін;
3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган - мұнайдың төгілуі туралы ақпаратты алу және беру, оқу және жаттығулар жүргізу, сондай-ақ мұнайдың төгілуін жою жөніндегі жедел әрекеттер үшін тиісті сұрау салуды алған жағдайда, халықаралық көмекке жүгіну және басқа елдерге көмек көрсету бойынша әрекеттерді жүзеге асыру үшін жауапты болып табылады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Объектілік жоспарларды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілгеннен кейін мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері бекітеді және бекітілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабарлама тәртібімен көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Объектілік жоспарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерімен келісу мерзімі жүгінген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
Егер меншік иесінде мұнайдың төгілу қаупі бар бірнеше объектілер бар болса, объектілік жоспарлар біріктірілуі мүмкін.
7. Мұнаймен ластауға қарсы күрес жөніндегі төтенше шаралардың кеме жоспарларын әзірлеу және бекіту тәртібі 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияда айқындалады.
8. Жер қойнауын пайдаланушы теңіз объектісінің жоспарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерімен келіскеннен кейін бекітеді және бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлама тәртібімен көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға жібереді.
9. Тиісті облыстың аумақтық жоспары мына жағдайларда:
1) мұнайдың төгілуі екінші деңгейге жеткенде және оны жою үшін жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) ол тартып отырған теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандырылған ұйымның ресурстары жеткіліксіз болса;
2) мұнай кемеден төгілген немесе кемедегі мұнайдың төгілу қатері болса;
3) шығарылған жері белгісіз мұнайдың төгілуі анықталса;
4) мұнайдың төгілуі Каспий теңізінің қорық аймағының ластануына қатер төндіргенде;
5) мұнайдың төгілуі шектес облыстың аумағына тарала бастаған жағдайда қолданысқа енгізіледі.
10. Ұлттық жоспар мына жағдайларда:
1) мұнайдың төгілуі үшінші деңгейге жеткенде және мұнайдың төгілуін жою үшін халықаралық ресурстардың келуін ұйымдастыруға жәрдемдесу қажет болғанда;
2) мұнайдың төгілуі үшінші деңгейге жетпегенде, бірақ Каспий теңізінің қорық аймағының ластануына қатер төндіргенде;
3) мұнайдың төгілуі шектес мемлекеттің аумағына тарала бастаған жағдайда қолданысқа енгізіледі.
11. Мұнайдың төгілуін жою жөніндегі іс-қимылдардың жетекшісі:
1) мұнайдың бірінші деңгейдегі төгілуі кезінде - мұнайдың төгілу қаупі бар объектінің меншік иесі немесе ол тартып отырған теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандырылған ұйым;
2) мұнайдың екінші деңгейдегі төгілуі кезінде:
тиісті облыстың аумақтық жоспары қолданысқа енгізілгенге дейін - мұнайдың төгілу қаупі бар объектінің меншік иесі немесе ол тартып отырған теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандырылған ұйым;
тиісті облыстың аумақтық жоспары қолданысқа енгізілгеннен кейін - облыс әкімі тағайындаған лауазымды адам;
3) мұнайдың үшінші деңгейдегі төгілуі кезінде - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындаған, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамы болып табылады.
Ұлттық жоспар шеңберінде мұнайдың үшінші деңгейдегі төгілуі кезінде консультациялық-кеңесші органның функциялары төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға жүктеледі.
12. Осы баптың талаптары, объектілеріне 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы Хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияның күші қолданылатын тұлғаларды қоспағанда, теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қатысты да қолданылады.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 156-бап өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
156-бап. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету
1. Кемелерді қоспағанда, мыналарсыз:
1) мұнайдың төгілу тәуекелін бағалауды өткізусіз;
2) бекітілген объектілік жоспарсыз;
3) өзінің жеке немесе шарт негізінде тартылатын ресурстардың болуынсыз;
4) осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарды орындаусыз мұнайдың төгілу тәуекеліне әкелетін объектілерге операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
2. Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекеліне әкелетін объектілердің меншік иелері:
1) теңізде мұнайдың бірінші деңгейдегі төгілуін жою үшін - теңіз объектісінде не отыз минуттық қолжетімді шекте осындай мұнайдың төгілуін толық жою үшін қажетті ресурстарға ие болуға;
2) теңізде мұнайдың екінші деңгейдегі төгілуін жою үшін:
теңіз объектісінде не отыз минуттық қолжетімді шекте жергілікті жағалау қазметтерінің ресурстары келгенге дейінгі кезеңге жеткілікті болатын көлемде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ресурстарға ие болуға;
қажеттілік болған жағдайда жергілікті жағалау қызметтері ресурстарының келуін қамтамасыз етуге міндетті.
Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері бірінші және екінші деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою үшін өздерінің жеке ресурстары болмаған кезде теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдармен шарт жасасуға міндетті.
Қажет болған жағдайда мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері мұнайдың төгілуін жою кезінде ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімдер шеңберінде ресурстарды тартуға құқылы.
Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті ресурстарға қойылатын ең төменгі нормативтер мен талаптарды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі үшінші деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою үшін ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық деңгейде танылған, білікті персоналы және тиісті жабдығы бар, теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйыммен шарт жасасуға міндетті.
4. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі анықталған жағдайда мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелеріне тез арада хабарлауға міндетті.
Кемелер үшін мұнайдың төгілуі туралы ақпараттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы заңнамасында айқындалады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою кезінде жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде адамдардың денсаулығын барынша сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әдістерді таңдауға басымдық беру керек. Жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде Қазақстан Республикасының теңізінде және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау және келісу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6. Мұнайдың төгілу көзін оқшаулау және мұнайдың төгілуін жою жөніндегі іс-шараларды, авариялар, тосын оқиғалар себептерін тергеп-тексеру жүргізілгеннен кейін мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері және (немесе) мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жүргізілген жұмыс туралы есепті ұсынады.
Теңіз объектілерінің меншік иелері көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға есепті қосымша береді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі теңізде және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі салдарынан экологиялық залалды толық көлемде жоюға және үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды, сондай-ақ мемлекеттің мұнайдың төгілуін жою жөніндегі шығыстарын толық көлемде өтеуге міндетті.
8. Осы баптың талаптары объектілеріне 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы Хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияның қолданысы қолданылатын тұлғаларды қоспағанда, теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады.
157-бап. Теңіз объектілерін құру және пайдалану
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде теңізде жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған базалық жобалау құжатына сәйкес қоршаған ортаның қорғалуын және сақталуын қамтамасыз ету жағдайында теңіз объектілерін құруға, орналастыруға және пайдалануға жол беріледі.
Теңіз объектілерін құруға және орналастыруға су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясымен, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісілген көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша жол беріледі.
2021.23.02. № 11-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Теңіз объектілерінің айналасында осындай теңіз объектілерінің сыртқы шетінің әрбір нүктесінен өлшенетін бес жүз метр қашықтыққа созылатын қауіпсіздік аймақтары белгіленеді. Теңіз объектілері, сондай-ақ оларды қоршайтын қауіпсіздік аймақтары халықаралық кеме қатынасы мен балық аулау үшін маңызды мәні бар теңіз жолдарында кедергі болмайтын орындарда орналастырылады.
3. Теңіз объектілерін күтіп-ұстау және пайдалану үшін жауапты тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын, сондай-ақ олардың орналасқан жері туралы ескерту жөніндегі тиісті құралдардың болуын қамтамасыз етуге тиіс.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жүргізілген кезде теңіз объектілерін пайдалану аяқталған соң, осындай теңіз объектілерін, егер оларды шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалануға болмайтын болса, оларды адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтіндей, кеме қатынасына немесе балық аулау ісіне кедергі келтірмейтіндей етіп демонтаждау қажет.
2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде пайдаланылатын теңіз объектілерін теңізде құру, орналастыру және пайдалану көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
158-бап. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салу
1. Теңізде мұнай сақтау қоймалары мен резервуарларын салуға және пайдалануға тыйым салынады.
2. Мұнайды танкерлермен тікелей теңіз объектілерінен тасымалдау кезінде мұндай мұнайды уақытша (күнтізбелік жиырма күннен аспайтын) сақтауды қоспағанда, теңіз объектілерінде мұнайды қоймада сақтауға және ұстауға тыйым салынады.
159-бап. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде қалдықтарды тастауға және көмуге тыйым салу
1. Теңізде көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу кезінде теңізге қалдықтарды тастауға және теңіз түбіне көмуге тыйым салынады.
2. Өндірістік және басқа да сарқынды суларды теңізге ағызу осындай сулар белгіленген нормативтерге дейін тазартылған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның рұқсатымен және бақылауымен ғана жүзеге асырылады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен VIII бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
VIII БӨЛІМ. УРАНДЫ БАРЛАУ ЖƏНЕ ӨНДІРУ
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 22-тараудың тақырыбы өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22-тарау. Уран бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату ерекшеліктері
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 1-параграфтың тақырыбы өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-параграф. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 160-бап өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
160-бап. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттары
1. Уран саласындағы ұлттық компания ретінде акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен уран саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам танылады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уран саласындағы ұлттық компанияға барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауы учаскесі тікелей келіссөздер негізінде беріледі.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру əдісімен игере қазуға жарамды кен орнында өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) акцияларының (қатысу үлестерінің) жетпіс бес пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана берілуі мүмкін.
Мұндай заңды тұлға кез келген келесі беруде алынған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) акцияларының (қатысу үлестерінің) жетпіс бес пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана беруге құқылы.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4. Уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген ашық (карьерлік) немесе жерасты (шахталық) тəсілмен игере қазуға жарамды кен орнындағы жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана берілуі мүмкін.
Кез келген келесі беру кезінде мұндай заңды тұлға алынған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тек уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаға ғана беруге құқылы.
161-бап. Уран саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге өтініші
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1.Тікелей келіссөздер негізінде уранды барлау немесе өндіру үшін жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар уран саласындағы ұлттық компания құзыретті органға уран саласындағы ұлттық компания алуға үміттенетін жер қойнауы учаскесінің шекарасын көрсете отырып, өтініш жолдайды.
2.Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.
162-бап. Уран саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1.Уран саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер уран саласындағы ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
2. Тікелей келіссөздер өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Егер тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтінішті беру кезінде не тікелей келіссөздер барысында уран саласындағы ұлттық компания жұмыстарда және көрсетілетін қызметтерде елішілік құндылық бойынша жетпіс пайыздан астам мөлшерде міндеттемелер ұсынылған жағдайда, ұсынылған міндеттемелер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленеді.
4. Құзыретті орган тікелей келіссөздер нәтижесінде келісімшартты жасасу туралы немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда уран саласындағы ұлттық компания ол қабылданған күннен бастап күнтізбелік он екі ай ішінде:
1) тікелей келіссөздер нәтижесінде айқындалған қол қою бонусын төлейді;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) уран өндіруге арналған келісімшарттар бойынша осы Кодекске сəйкес уранды тəжірибелік-өнеркəсіптік немесе өнеркəсіптік өндіру жобасын əзірлеуді жəне оның сараптамасын қамтамасыз етуге міндетті;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша осы Кодекске сəйкес барлау жұмыстарының жобасын əзірлеуді жəне оның сараптамасын қамтамасыз етуге міндетті;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және өз тарапынан қол қойылған, құзыретті орган бекіткен, уранды барлауға немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген уранды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Уран өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы тікелей келіссөздер нәтижесінде айқындалатын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі бекітіледі.
Тиісті жобаны әзірлеу және келісу жер қойнауын пайдаланушының еркіне қатысты емес мән-жайлар бойынша мерзімінде аяқталмаса, осы тармақта көрсетілген мерзім құзыретті органның шешімі бойынша алты айға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.