Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың - жұмыс беретін және қызметтер көрсететін қазақстандық өндірушілердің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылар, менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, жұмыскерлердің жалпы санынан Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушілері деп танылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылардың, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін уран саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес биржалық тауарлар тізбесі бойынша жүзеге асырылады. Егер биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды сатып алудың жылдық көлемдері биржалық тауарлар тізбесінде көзделген партияның ең аз мөлшерінен аспаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы тауарларды сатып алудың өзге тәсілін таңдауға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) олардың мердігерлері уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін осындай келісімшарттарда көзделген жауаптылықта болады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уранға қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмыстарын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін уран саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі ретінде уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және оларды өндірушілерді бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) электрондық сатып алу жүйесі деп сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушылар немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін пайдаланатын, уран саласындағы уәкілетті орган бекіткен уранды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың тәртібіне сәйкес жасалатын және пайдаланылатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. 2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. 2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Жер қойнауын пайдаланушылар уран саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың бір жылдық (бір қаржы жылына) және орта мерзімдік (бес қаржы жылына) бағдарламаларын уран саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы ретінде күнтізбелік бір жылға жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілі мен мерзімін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушы жасайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орташа мерзімдік бағдарламасы ретінде бес жылға дейінгі кезеңге жоспарланатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілі мен мерзімін айқындайтын жер қойнауын пайдаланушы жасайтын құжат түсініледі.
7. Осы баптың 1-тармағының талаптары мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын ұлттық басқарушы холдинг тікелей немесе жанама иеленетін, жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қолданылмайды.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
8. Осы баптың 7-тармағының 2) тармақшасында аталған жер қойнауын пайдаланушылардың ұлттық басқарушы холдинг айқындаған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тəртібін бұза отырып шеккен шығыстары ұлттық басқарушы холдинг құзыретті органға жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қаңтарынан кешіктірмей ұсынатын сатып алу мəселелері бойынша жылдық есепте (ақпаратта) қамтылған мəліметтер негізінде, құзыретті орган тиісті жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелерін орындауы ретінде есепке алатын шығыстардан алып тасталады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 180-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
180-бап. Жер қойнауын пайдаланушының уранды барлау, тəжірибелік-өнеркəсіптік өндіру жəне өндіру кезіндегі есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша мынадай мерзімді есептерді ұсынуға міндетті:
1) келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы туралы есеп;
2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ олардағы елішілік құндылық көлемі туралы есеп;
3) кадрлардағы елішілік құндылық туралы есеп;
4) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың жəне (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есеп;
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) - 4) тармақшаларында көзделген есептер құзыретті органға оның өзі бекітетін тəртіппен ұсынылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген есеп жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті органға оның өзі бекітетін тəртіппен ұсынылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша мынадай есептерді ұсынуға міндетті:
2) Геологиялық барлау жұмыстарының нəтижелері, минералдық ресурстар жəне минералдық қорлар туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сəйкес дайындалған құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебі не қорларды есептеу бойынша есеп;
3) келісімшарттық талаптардың орындалуы туралы есеп;
4) уранды тəжірибелік-өнеркəсіптік өндіру бойынша жүргізілген операциялар, оларға жұмсалған шығыстар туралы есеп;
5) уран өндіру бойынша жүргізілген операциялар, оларға жұмсалған шығыстар туралы есеп;
6) кадрлардағы елішілік құндылық туралы есеп;
7) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есеп;
8) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық жəне тəжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар туралы есеп;
10) сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ олардағы елішілік құндылық көлемі туралы есеп;
11) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалардың жəне (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есеп.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) жəне 2) тармақшаларында көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті органға оның өзі бекітетін тəртіппен ұсынылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) - 5) тармақшаларында көзделген есептер құзыретті органға оның өзі бекітетін тəртіппен ұсынылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 6) - 11) тармақшаларында көзделген есептер уран саласындағы уəкілетті органға оның өзі бекітетін нысандар мен тəртіп бойынша ұсынылады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 181-бап өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
181-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:
1) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мөлшерде төлейтін тұрақсыздық айыбы;
2) құзыретті орган осы Кодекстің 163-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
2. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді, сондай-ақ оның белгіленген мерзімде тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттерін мынадай:
1) жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді есептілік жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
2) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес қамтамасыз етуді ұсынбай не графикті бұза отырып, жер үсті тұтастығын бұзумен байланысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген;
3) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап - алты айдан, осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген міндеттемелер бойынша - үш айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, құзыретті органға жазбаша хабарлауға міндетті.
5. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға осындай ұзартудың себептерін негіздей отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықты жою мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Құзыретті орган жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісім беретіндігі туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.
6. Осы баптың 3-тармағында айқындалған мерзімде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықты жою анық мүмкін болмаған жағдайда құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 26-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26-тарау. Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 182-бап өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
182-бап. Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары туралы жалпы ережелер
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мыналар Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары болып табылады:
1) уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы;
2) уран кен орнын әзірлеу жобасы;
3) уран өндіру салдарын жою жобасы;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4) барлау жұмыстарының жобасы.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы шарт негізінде тартатын, тиісті қызмет түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы жасайды.
3. 2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
5. 2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Жобалау құжаттарында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, көлемі мен мерзімдерін өзгертуге осындай жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін жол беріледі.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Егер бекітілген жобаларда айқындалған өндіру көлемдері жыл сайын уран кен орнын әзірлеудің тау-кен-геологиялық және технологиялық шарттары өзгертілместен бір жылда бекітілген көрсеткіштерден физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға өзгерсе, бекітілген жобаларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың жобалары жасалмайды.
Бұл ретте өндіру көлемінің артуы келісімшарттың жəне (немесе) кен орнын əзірлеу жобасының жұмыс бағдарламасында бекітілген уран қорларының ұлғаюына алып келмейді.
Жобалау құжаттары жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға сәйкес жасалады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Егер Қазақстан Республикасы экология заңнамасының ережелерінен өзгеше туындамаса, жобалау құжаттары өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі сараптама мен мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады.
9. Жер қойнауын пайдаланушы әрбір үш жыл сайын құзыретті органға игеру жобасының көрсеткіштеріне сәйкес жобалық шарттардың орындалуын талдауды сараптамаға жіберуге міндетті.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 182-1-баппен толықтырылды
182-1-бап. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы
1. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес жасалады.
2. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің бүкіл кезеңіне әзірленеді.
3. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жөніндегі жұмыстардың түрлері, әдістері мен тәсілдері, болжамды көлемдері мен оларды жүргізу мерзімдері, сондай-ақ пайдаланылатын технологиялық шешімдер сипатталады.
4. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобаларының мазмұнына қойылатын талаптар жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленеді.
5. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай жоба болмаған кезде уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 182-2-баппен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
182-2-бап. Барлау жұмыстарының жобасы
1. Барлау жұмыстарының жобасы барлауға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылданған күннен бастап он екі ай ішінде жасалады.
2. Барлау жұмыстарының жобасы барлаудың барлық кезеңіне əзірленеді.
3. Барлау жұмыстарының жобасы мыналарды қамтуға тиіс:
1) учаске бойынша уранды барлау жөніндегі жұмыстар түрлерінің, тəсілдерінің, технологияларының, көлемі мен орындау мерзімдерінің сипаттамасы;
2) жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
3) уранды барлаудың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындаудың мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпарат.
4. Барлау жұмыстарының жобасы жер қойнауын пайдаланушы жұмыс бағдарламасында мəлімдеген жұмыстардың бүкіл көлемі мен оларды орындау мерзімдерін қамтуға тиіс.
5. Табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалауды жүргізу қажет болған жағдайда, мұндай жұмыстар əрбір табылған кенжатын (кенжатындар жиынтығы) бойынша өзгерістер жəне (немесе) толықтырулар енгізу арқылы барлау жұмыстарының жобасында көзделеді.
Бұл ретте барлау жұмыстарының жобасына табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстарды жүргізу түрлерінің, тəсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы кіреді.
6. Барлау жұмыстарының жобасы жер қойнауын ұтымды жəне кешенді пайдаланудың бірыңғай қағидаларына сəйкес жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде əзірленеді.
7. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жəне осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай барлау жұмыстарының жобасы болмаған кезде кен орындарын іздестіру, барлау жəне бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
8. Жер қойнауын пайдаланушы уран кен орнын тапқан кезде геологиялық барлау жұмыстарының нəтижелері бойынша уран қорларын есептей отырып есеп жасалады. Уран қорларын есептеу жөніндегі есеп жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен жер қойнауының мемлекеттік сараптамасына жатады.
9. Барлау жұмыстарының жобасы бекітілгеннен кейін оның көшірмесі уран саласындағы уəкілетті органға ұсынылады.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 182-3-баппен толықтырылды (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
182-3-бап. Уран өндірудің салдарын жою жобасы
1. Уран өндіру жөніндегі операциялардың салдары жою жоспарының негізінде əзірленген жою жобасына сəйкес жойылады.
2. Жою жоспары - өндіру учаскесінде орналасқан кенішті жəне басқа да өндірістік жəне инфрақұрылымдық объектілерді пайдаланудан шығару жөніндегі іс-шаралардың, өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу нəтижесінде бүлінген жерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралардың, прогрессивті жоюды жүргізу жөніндегі іс-шаралардың, өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою жөніндегі өзге де жұмыстардың сипаттамасын, сондай-ақ жою жөніндегі осындай іс-шаралар құнын есептеуді қамтитын құжат.
3. Өнеркəсіптік қауіпсіздік сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған жою жоспары болмаған кезде уран өндірудің салдарын прогрессивті жоюға тыйым салынады.
4. Уран өндірудің салдарын жою жоспары мен жобасына қойылатын талаптар уран саласындағы уəкілетті орган бекітетін уранды барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау жəне жою қағидаларында белгіленеді.
5. Уран өндірудің салдарын жою жоспары жер қойнауы учаскесінің жəне жойылуға жататын тиісті технологиялық объектілердің іс жүзіндегі жай-күйі негізге алына отырып, əр үш жыл сайын жасалады.
183-бап. Уран кен орнын әзірлеу жобасы
1. Кен орнын әзірлеу жобасы осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңінде жасалады.
2. Кен орнын әзірлеу жобасы қорларды толық даярлау кезеңіне әзірленеді.
3. Кен орнын әзірлеу жобасында мыналар қамтылуға тиіс:
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есептің жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы берген оң қорытындысы;
2) жер қойнауын ұтымды пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
3) уран өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың орындалу мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпарат;
4) кен орнын әзірлеудің бүкіл кезеңіне уран өндірудің жыл сайынғы болжалды көлемі.
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 183-1-баппен толықтырылды; 2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 183-1-бап өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
183-1-бап. Уран бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес уран кен орындарын барлау жəне əзірлеу кезінде жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жобалау құжаттарына және әзірлеуді талдауларға мемлекеттік сараптаманы Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы (бұдан әрі - орталық комиссия) геология және әзірлеу саласында арнаулы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
Тəуелсіз сарапшыларды тарту жəне біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тəуелсіз сараптамаға ақы төлеу тəртібін уран саласындағы уəкілетті орган айқындайды.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарының жəне əзірлеме талдауларының тəуелсіз сараптамасына жер қойнауын пайдаланушы ақы төлейді.
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Орталық комиссияның қызметін ұйымдастыру, оның құрамы, жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу уран саласындағы уәкілетті орган бекітетін орталық комиссия туралы ережеде айқындалады.
4. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама екі ай ішінде жүргізіледі.
Мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі орталық комиссияның шешімі бойынша ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол үш айдан аспайды.
5. Жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.
6. Теріс сараптамалық қорытындыны шығаруға мыналар:
1) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, оның ішінде мазмұны, құрылымы және ресімделуі бойынша жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленген талаптарға және (немесе) келісімшарт ережелеріне сәйкес келмеуі;
2) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес келмеуі;
2026.07.07. № 337-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2026 ж. 7 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған қорларды есептеу жөніндегі есепке сәйкес келмеуі;
4) жобалау құжатында немесе әзірлеуді талдауда ұсынылған жобалау шешімдерінің техникалық және (немесе) экономикалық негіздемесінің жеткіліксіздігі негіз болып табылады.
7. Жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысында оны шығару негіздемесі және жобалау құжатын немесе әзірлеуді талдауды пысықтау жөніндегі ұсынымдар келтіріледі.
184-бап. Жобалау құжаттарын орындаудың мониторингі
1. 2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдаланушының кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және әзірлеу жобаларын орындауына мониторинг үш жылда кемінде бір рет орындалатын уран кен орнын әзірлеуге талдау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.