«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI Кодексі (2026.02.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

2. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау субъектілеріне беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады.

3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын геологиялық есептерді, өндірілген пайдалы қазбалар туралы есептерді және нормаланған ысыраптар туралы деректерді, сондай-ақ бақылау субъектісінің қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау арқылы жүргізіледі.

Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 68-бабында көзделген тәртіппен ақпараттық хатты (хабарламаны) ресімдейді және бақылау субъектісіне жібереді.

4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпараттық хатты (хабарламаны) алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.

Ақпараттық хатта (хабарламада) көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бақылау субъектісі ақпараттық хатты (хабарламаны) жіберген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне ақпараттық хат (хабарлама) табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймау, сол сияқты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде ұсынбау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.

6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.

 

68-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы хабарлама

1. Осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары жазбаша нысанда жасалатын хабарламалар және (немесе) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарындағы жарияланымдар арқылы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы хабардар етіледі.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекске сәйкес жолданатын хабарламада осы хабарлама жіберілген тұлға туралы мәліметтер, хабарлама жіберу үшін негіз, хабарламаның мазмұны, жіберуші туралы ақпарат, оның қол қоюы қамтылуға тиіс.

Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес келмейтін хабарламаны жіберген тұлға, егер нақты мән-жайлар ескеріле отырып, осы сәйкессіздіктердің елеулі сипатта болмағынын дәлелдей алмаса, оның тиісті түрде жіберілгенін сылтау ету мүмкіндігінен айырылады.

Егер хабарламаны тұлғаның атынан және (немесе) мүдделерінде оның өкілі жіберген болса, хабарламада өкілдің өкілеттіктері туралы мәліметтер де қамтылуға тиіс. Осы бөліктің күші тиісті мемлекеттік органның құқықтық актілерінде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған лауазымдық өкілеттіктерге сәйкес әрекет ететін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қолданылмайды.

Хабарлама электрондық құжат нысанында электрондық мекенжай бойынша не жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы арқылы жіберілуге тиіс.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау, сондай-ақ мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастыру арқылы мемлекеттік органдардың белгіленбеген тұлғалар тобына арналған хабарлауы жүзеге асырылады.

Осындай хабарламаларда айтылатын оқиғалар, егер осы Кодексте өзгеше мерзім көзделмесе, жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күннен кейін туындауға тиіс.

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді

4. Хабарлаулар құзыретті орган айқындаған тәртіппен осы Кодексте көзделген ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып та жүзеге асырылуы мүмкін.

Осы Кодекстің 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 4-тармағында, 133-бабының 2, 4 және 5-тармақтарында, 146-бабының 3-тармағында, 149-бабының 2-тармағында, 163-бабының 1 және 4-тармақтарында, 164-бабының 3-тармағында, 181-бабының 2, 4 және 5-тармақтарында көзделген хабарламалар, хабархаттар және хабарлар құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы жіберіледі.

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

5. Осы Кодекстің 115-бабының 5-тармағында, 117-бабының 4-тармағында, 118-бабының 5-тармағында, 119-бабының 8-тармағында, 120-бабының 2-тармағында, 133-бабының 5-тармағында, 169-бабының 1-тармағында, 170-бабының 2-тармағында, 171-бабының 5-тармағында, 173-бабының 2-тармағында және 181-бабының 5-тармағында көзделген өтініштер мен ұсыныстар құзыретті орган айқындайтын тәртіппен жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы беріледі.

 

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 68-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

68-1-бап. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы

1. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы мемлекеттік қызметтер көрсетуді және мемлекеттік органдар, жер қойнауын пайдаланушылар және жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де мүдделі тұлғалар арасындағы, оның ішінде басқа да ақпараттандыру объектілерімен интеграциялау арқылы ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе болып табылады.

2. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы мыналарды да қамтиды:

1) осы Кодекстің 7-бабының 2-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты, осы Кодекстің талаптарына сәйкес мемлекет ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін басқа да құжаттарды және (немесе) мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар;

2) мыналар:

жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскелерінің аумақтары;

жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу аумақтары;

жер қойнауын пайдалану салдарын жою жүргізілетін аумақтар;

блоктар орналасқан аумақтар;

ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлердің, орман қоры жерлерінің аумақтары;

қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жерлер;

елді мекендердің аумақтары;

су қоры жерлерінің аумақтары, су қорғау аймақтары;

ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты суларының кен орындары мен учаскелерінің контурлары;

жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру үшін маңызы бар басқа да аумақтар туралы географиялық координаттар мен мәліметтерді қамтитын ақпараттық ресурстар.

3. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының жұмыс істеу тәртібін, сондай-ақ оның ақпараттық ресурстарының, сервистері мен функцияларының тізбесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган көмірсутектер саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

4. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген мәселелерді қарауға қатысатын уәкілетті мемлекеттік органдар шектеу аймақтары туралы кеңістіктік (географиялық) деректерді қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасындағы ақпаратты уақтылы жаңартып отыруға міндетті.

5. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы мемлекеттік меншікте болады.

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жекешелендіруге жатпайды, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ведомстволық бағынысты ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға иеленуге немесе пайдалануға берілмеуге тиіс.

 

 

11-тарау. мемлекеттік Жер қойнауы қоры

 

69-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару

1. Мемлекеттік жер қойнауы қоры Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі пайдаланылатын жер қойнауы учаскелерін, сондай-ақ пайдаланылмайтын жер қойнауын құрайды.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына, оны осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларға сәйкес жүзеге асырылады.

 

70-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы

1. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын молайту мақсатында әзірленеді.

2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы жер қойнауын пайдалану саласын дамыту перспективаларына талдау жасау негізінде және мыналар:

1) Қазақстан Республикасының ұлттық, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;

2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері;

3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бекітілген құжаттары;

4) Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалардың тиісті түрлеріне және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдеріне қажетсінулері;

5) Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын пайдалы қазбалардың түрлері бойынша толықтыру және ұлғайту қажеттілігі;

6) өңірлердің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары;

7) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтері;

8) бір тұлғаның немесе бір мемлекеттің тұлғалары тобының жер қойнауын пайдалану құқықтарындағы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердегі жиынтық үлеске ие болуы туралы мәліметтер;

9) мемлекеттік жер қойнауы мониторингінің мәліметтері;

10) геологиялық ақпаратты жинақтап қорыту және талдау;

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

11) қолда бар инфрақұрылымның мүмкіндіктері;

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

12) осы Кодекстің талаптары ескеріле отырып әзірленеді.

2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді

3. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында:

1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу процесінде олардың шегінде өңірлік геологиялық зерттеу, пайдалы қазбаларды іздеу және (немесе) бағалау жүргізілетін және жүргізілуі жоспарланған аумақтардың;

2) осы Кодекстің 189-1-бабына сәйкес берілетін аумақтарды қоспағанда, осы Кодексте көзделген жағдайларда олардың шегінде жер қойнауы учаскелері жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін аукциондар негізінде берілуге тиіс аумақтардың;

3) олардың шегінде жер қойнауы учаскелері көмірсутектер мен уран саласындағы ұлттық компанияларға ғана берілуге тиіс аумақтардың;

4) олардың шегінде жер қойнауы учаскелері кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін берілетін аумақтардың географиялық координаттары;

5) жер қойнауын басқарудың мемлекеттік саясатын және осы Кодекстің ережелерін іске асыру үшін қажетті өзге де мәліметтер айқындалуға тиіс.

Осы тармақтың 1) - 5) тармақшаларында көзделген мәліметтермен қатар, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектерді барлау жəне өндіру немесе өндіру үшін ұлттық компанияға, сондай-ақ уранды кен орнында уранды барлау немесе өндіру үшін уран саласындағы ұлттық компанияға ғана берілуі мүмкін аумақты (аумақтарды) көрсетуді қамтуы мүмкін.

Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектер немесе уран саласындағы ұлттық компанияларға ғана берілуге тиіс аумақты көрсету мыналармен:

1) тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға жəне өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін - мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына тиісті аумақ енгізілген күннен бастап қатарынан үш жылмен;

2) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны беру үшін - уранның кенденуі жəне (немесе) уран кенжатыны бар аумақтармен;

3) уран өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін уран кен орнының болуымен шектеледі.

Құзыретті орган осы тармақтың үшінші бөлігінің 1), 2) жəне 3) тармақшаларында көрсетілген аумақтарды аукцион негізінде үшінші тұлғаларға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аумақтар санатына:

1) көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға жəне өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасу үшін қатарынан үш жыл өткеннен кейін;

2) көмірсутектер немесе уран саласындағы ұлттық компаниялардың жер қойнауы учаскесінен (учаскесінің бір бөлігінен) бас тартуы, лицензияны кері қайтарып алу немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын тоқтату нəтижесінде оларға берілген жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылғаннан кейін алты ай ішінде мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы ауыстыруға тиіс.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

3-1. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын қалыптастыру осы Кодекстің 68-1-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының алтыншы - оныншы абзацтарында көзделген аумақтардың географиялық координаттары мен мәліметтері ескеріле отырып, құзыретті орган айқындайтын тәртіппен қамтамасыз етіледі.

4. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы көмірсутектерді барлау үшін берілетін жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды қамтиды.

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізу кезінде құзыретті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалғандарға қарағанда, жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша неғұрлым жоғары болатын ең төменгі талаптарды белгілеуге құқылы.

2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Құзыретті орган осы баптың 3-тармағына сəйкес мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында осы мақсаттар үшін айқындалған аумақтарда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға өзгеше түрде беруге құқылы емес.

2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Құзыретті орган бекіткен, оның ішінде енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып бекіткен мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы бекітілген және (немесе) өзгерістер енгізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде құзыретті органның интернет-ресурсында және жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында қазақ және орыс тілдерінде ашық қолжетімділікте орналастырылуға тиіс.

7. 2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

 

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 71-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

71-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу

1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыру үшін ғылыми, ақпараттық және талдамалық негізді қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасы, жер қойнауының жай-күйі, олардың геологиялық құрылымы және оларда болып жатқан процестер туралы мәліметтерді жаңартып отыруға бағытталған.

2. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу мыналарды қамтиды:

1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу;

2) мемлекеттік жер қойнауы мониторингі;

3) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;

4) мемлекеттік жер қойнауы мониторингі, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар нәтижесінде алынатын геологиялық ақпаратты жинау, жүйелеу, жинақтап қорыту және талдау;

5) мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі немесе пайдалануындағы геологиялық ақпаратты сақтау, талдау және беру жөніндегі инфрақұрылымды құру, пайдалану және дамыту.

3. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеуді геология саласындағы ұлттық оператор аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарта отырып, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік жер қойнауы қоры жай-күйінің зерттелуін бақылауды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өзі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу жөніндегі қызметті қаржыландыру мұнай секторы ұйымдарын қоспағанда, есепті қаржы жылында Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген қол қою бонустары сомаларынан түскен қаражаттың кемінде елу пайызын қоса алғанда, республикалық бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

6. Осы баптың 5-тармағында көзделген қаражатты пайдалануды және бөлуді геология саласындағы ұлттық оператор жүзеге асырады.

 

72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры

1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:

1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;

2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;

3) көмірсутектерді және пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің, кен іздеушіліктің, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жойылған объектілері туралы мәліметтерді;

4) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың жұмыс істеп тұрған объектілерін мемлекеттік есепке алу туралы мәліметтерді қамтиды.

2. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар, өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі туралы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылда пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.

Пайдалы қазбалардың әрбір көрініс табуы бойынша пайдалы қазбалардың болжамды (перспективалы) ресурстары, олардың көрініс табуының гидрогеологиялық және басқа да сипаттамалары туралы геологиялық-экономикалық деректер тіркеледі.

Жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтер жер қойнауы қуысының орналасу координаттары мен сипаттамалары туралы, оларда өндірістік, шаруашылық және басқа да объектілер мен заттардың орналасу, оларда технологиялық және өзге де процестерді жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы деректерді қамтиды.

3. Жер қойнауының әрбір учаскесі бойынша кеңістік шекараларда жер қойнауы учаскелерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, оның мөлшері мен орналасқан жері, жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын пайдалану құқығы солардың негізінде берілген құжаттар туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдалану құқығының кепілі туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептілік және өзге де құжаттама, геологиялық ақпарат тіркеледі.

4. Көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің жойылған объектілері туралы мәліметтерге жойылған өндіру объектілерін орналастыру жоспарлары, жою актілері және өндіру салдарын жою туралы басқа да деректер жатады.

5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтерін қалыптастыру жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу, мониторинг жүргізу, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептілік және өзге де мәліметтер есебінен қамтамасыз етіледі.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу жөніндегі ақпаратты беруді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен айқындайды.

2025.30.12. № 249-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының жай-күйін есепке алу мақсатында жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

8. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы туралы мәліметтерді енгізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы Кодекстің ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.08.07. № 121-VІІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

8-1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде ысырапты есепке алу тау-кен жұмыстарының жоспарына қосымша болып табылатын кен орындарын əзірлеудің техникалық жобаларында көзделген нормаланатын ысыраптар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кен орындарын əзірлеудің техникалық жобалары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган айқындайтын тəртіппен оның бекітуіне жатады.

Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган нормаланатын ысыраптар туралы деректері бар кен орнын əзірлеудің техникалық жобасы жəне негіздеуші құжаттар ұсынылғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға нормаланатын ысыраптар мөлшері бойынша негізделген қарсылық жіберуге құқылы. Осындай қарсылық көрсетілген мерзімде жіберілген жағдайда нормаланатын ысыраптарды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті орган ұқсас жобалар бойынша нормаланатын ысыраптар туралы қолда бар деректер негізінде не бұрын ұсынылған мəліметтерге сүйене отырып, дербес айқындайды.

2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

9. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар және минералдық қорлар туралы жария есептіліктің қазақстандық кодексіне (KAZRC кодексі) сәйкес құзыретті тұлға дайындаған және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есепте қамтылған ресурстар мен қорлар бойынша деректер пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алуға мынадай тәртіппен енгізілуге жатады:

1) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) қорларын бағалау туралы есеп күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады;