«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы № 321-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

 ЗАҢЫ

 

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін

аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет

мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

 

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1-тармақтың күші осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады

1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (ерекше бөлім):

820-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарына қолданылмайды.».

2-тармақ 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне:

143-баптың оныншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Сотталғандарға мекемеде тиісті техникалық жағдайлар болған кезде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқуға рұқсат етіледі.».

3. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

1) 87-баптың 5-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

«7) «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдардың шығармашылық демалысы.»;

2) 2-бөлімнің 12-тарауы мынадай мазмұндағы 146-2-баппен толықтырылсын:

«146-2-бап. Ғылыми қызметкерлердің еңбегін реттеу

Ғылыми қызметкерлердің еңбегі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріліп, осы Кодекспен реттеледі.».

4. 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне:

1) 1-баптың 1-тармағында:

94) тармақшадағы «уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын;

200) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«200) өндірушінің бағасы - көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағасын реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік заттардың шекті көтерме және бөлшек сауда бағаларын есептеу үшін базалық баға болатын, дәрілік заттың сауда атауына өндіруші беретін баға, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың және бірыңғай дистрибьютормен жасалған ұзақ мерзімді беру шарттары шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын, тірі организмнен тыс (in vitro) диагностикалауға арналған медициналық бұйымдардың бағасы;»;

мынадай мазмұндағы 220-1) тармақшамен толықтырылсын:

«220-1) референс-орталық - мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету кезінде, сондай-ақ патологоанатомиялық диагностикалау кезінде үйлестіруді, ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты, сапаны және қауіпсіздікті сырттай бағалау жүйесін ендіруді үйлестіретін, қамтамасыз ететін мемлекеттік медициналық ұйымдардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі медициналық ұйымдардың уәкілетті орган айқындайтын құрылымдық бөлімшесі;»;

2) 7-бапта:

15), 47) және 50) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«15) белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекітеді;»;

«47) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын қалыптастыру қағидаларын бекітеді;»;

«50) белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін және бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;»;

мынадай мазмұндағы 104-5) тармақшамен толықтырылсын:

«104-5) дәрілік заттарға немесе медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу, оларды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу мен тіркеу, өндірушінің бағасына өзгерістер енгізу, сондай-ақ Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру қағидаларын бекітеді;»;

3) 23-бапта:

3-тармақтағы «уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган» деген сөздер «дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын;

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік затқа немесе медициналық бұйымға сараптама жүргізу - дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеудің, қайта тіркеудің, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізудің міндетті шарты.»;

5-тармақтағы «Тізбесін уәкілетті орган айқындайтын» деген сөздер «Тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленетін» деген сөздермен ауыстырылсын;

8-тармақта:

бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Дәрілік заттарға немесе медициналық бұйымдарға сараптама жүргізуге, оларды мемлекеттік тіркеуге, қайта тіркеуге, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістерді енгізу мен тіркеуге, өндірушінің бағасына өзгерістер енгізуге өтінішті композиттік қызмет көрсету шеңберінде өтініш беруші немесе дәрілік затты немесе медициналық бұйымды өндіруші немесе олардың сенім білдірілген тұлғалары береді.»;

мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Композиттік көрсетілетін қызмет деп дәрілік заттарға немесе медициналық бұйымдарға сараптама жүргізуге, оларды мемлекеттік тіркеуге, қайта тіркеуге, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістерді енгізу мен тіркеуге, өндірушінің бағасына өзгерістер енгізуге, сондай-ақ Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыруға байланысты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жиынтықты түрде немесе жеке-жеке көрсетілетін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер кешені түсініледі.»;

10-тармақта:

екінші бөліктегі «тәртібін уәкілетті орган айқындайды» деген сөздер «тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді» деген сөздермен ауыстырылсын;

мынадай мазмұндағы үшінші, төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:

«Дәрілік затқа сараптама жүргізудің жеделдетілген рәсімі:

дәрілік затты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп тіркеу рәсімі жүргізілген;

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрілік затты терең саралаудан өткізу рәсімін жүргізген;

дәрілік затты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айқындайтын қатаң реттеу жүйесі бар реттеуші органдар тіркеген жағдайларда;

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.

Медициналық бұйымдарды сараптаудың жеделдетілген рәсімі Еуропалық Одақтағы Еуропалық комиссияның реттеуші органдарының (CE marking) немесе Медициналық бұйымдарды реттеушілердің халықаралық форумы (IMDRF) басшылық комитетінің мүшелері болатын реттеуші органдардың сертификаттары бар немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы терең саралаудан өткізген медициналық бұйымдарға қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда жүргізіледі.

Дәрілік заттарға және медициналық бұйымдарға жеделдетілген сараптама жүргізу кезінде олардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне қойылатын талаптар төмендетілмейді.»;

11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«11. Дәрілік заттар және медициналық бұйымдар сараптамасының нәтижелері бойынша теріс қорытынды берілген және құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайларда, өтініш берушіге дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеуден және қайта тіркеуден, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуден бас тартылады.»;

13-тармақтағы «уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес» деген сөздермен ауыстырылсын;

мынадай мазмұндағы 18-тармақпен толықтырылсын:

«18. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз бастамасы бойынша дәрілік затты тіркеуге бастамашылық жасауға құқылы.»;

4) 124-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

«3-1. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді референс-орталықтар мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметін үйлестіру, ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты жүргізу және сапасы мен қауіпсіздігін сырттай бағалау жүйесін ендіруді қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырады.»;

5) мынадай мазмұндағы 130-1-баппен толықтырылсын:

«130-1-бап. Референс-орталықтар

1. Мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді, сондай-ақ патологоанатомиялық диагностикалаудың сапасы мен қауіпсіздігін сырттай бағалауды референс-орталықтар бақылайды және орындайды.

2. Референс-орталықтың негізгі міндеттері - медициналық ұйымдардың мониторинг жүргізу мен әдіснамалық қолдау арқылы мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің бірыңғай стандарттарын қолдануын қамтамасыз ету, сондай-ақ ауруларды патологоанатомиялық диагностикалаудың дәлдігі мен анықтығын арттыру және диагностикалық қателіктерді азайту.

3. Референс-орталық ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты мәртебесі бар мемлекеттік медициналық ұйымдардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі медициналық ұйымдардың базасында құрылады.

Референс-орталық қызметінің тәртібін, референс-орталық мәртебесін беру немесе кері қайтарып алу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.»;

6) 244-бапта:

1-тармақтағы «уәкілетті орган айқындайтын ұйым» деген сөздер «дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы» деген сөздермен ауыстырылсын;

4-тармағы 6) тармақшасының үшінші - бесінші абзацтары 2026 ж. 27 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі

мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

«1-1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы жүргізетін фармацевтикалық инспекциялар мемлекеттік монополияға жатады.

Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.»;

7) 245-бапта:

1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Мыналардың:

1) көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағасын реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген, көтерме және бөлшек саудада өткізуге арналған дәрілік заттардың;

2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың;

3) бірыңғай дистрибьютормен жасалған ұзақ мерзімді беру шарттары шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын, тірі организмнен тыс (in vitro) диагностикалауға арналған медициналық бұйымдардың бағасын мемлекет реттейді.

Көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағасын реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

2. Уәкілетті орган өндірушінің бағаларын, көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағасын реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген, көтерме және бөлшек саудада өткізуге арналған дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаны бекітеді.»;

3-тармақтағы «монополияға қарсы органмен келісу бойынша» деген сөздер алып тасталсын;

4-тармақ алып тасталсын;

5-тармақтағы «өндірушінің шекті бағасына» деген сөздер «өндірушінің бағасына» деген сөздермен ауыстырылсын;

7-тармақтағы «Бағалық» деген сөз «Көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағасын» деген сөздермен ауыстырылсын;

8) 251-баптың 3-тармағы 10) тармақшасындағы «емдеуге арналған болса, уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде әкелуге жол беріледі.» деген сөздер «емдеуге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

«11) стандартты үлгілерін қоспағанда, балк-өнімді, сондай-ақ фармацевтикалық субстанцияларды (белсенді фармацевтикалық субстанцияларды) әкелу арқылы дәрілік затты өндіруге арналған болса, уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде әкелуге жол беріледі.»;

9) 263-бапта:

1-тармақтағы «әзірленеді» деген сөз «қалыптастырылады» деген сөзбен ауыстырылсын;

2-тармақ алып тасталсын.

5. 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне:

1) 155-бапта:

мынадай мазмұндағы 2-1 және 7-1-тармақтармен толықтырылсын:

«2-1. Куәландырылатын адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге негіз болады.

Он сегіз жастан асқан, ес-түссіз күйдегі адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы оның келісімінсіз берген өтініш оған медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге негіз болады.

Ес-түссіз күй деп организмінің негізгі функциялары бұзылып, тіршілік ету қабілеті шектеліп, адам есінен танып жатқан орнықты ауыр патологиялық жай-күй түсініледі.»;

«7-1. Жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге өтініш берген кезде он сегіз жастан асқан, ес-түссіз күйде жатқан адамға бір жылдан аспайтын мерзімге мүгедектік белгіленеді.

Он сегіз жастан асқан, ес-түссіз күйде жатқан мүгедектігі бар адамның денсаулық жағдайы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім басталғанға дейін жақсарған жағдайда, қайта куәландыру Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.»;

10-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Осы тармақтың талабы осы баптың 7-1-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайға қолданылмайды.»;

2) 171-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

«1-1. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адам ес-түссіз күйде жатқан кезде оған күтім жасайтын адамға жәрдемақы мүгедектігі бар адамның келісімінсіз жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы берген өтініш негізінде тағайындалады.»;

5-тармағы 3) тармақшасының күші осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған зейнетақы аннуитеті шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады

3) 226-бапта:

10-тармақтың 2) тармақшасындағы «зейнетақы аннуитеті шартына» деген сөздер «сақтандырылушы болып табылмайтын пайда алушыны ауыстыру, сақтанушының (сақтанушылардың), пайда алушының жеке деректерін өзгерту жағдайларын қоспағанда, қолданыстағы зейнетақы аннуитеті шартына» деген сөздермен ауыстырылсын;

12-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Кепілдік берілген сақтандыру төлемдерін көздейтін зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтанушы (сақтанушылар) және (немесе) сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда зейнетақы аннуитеті шартында көрсетілген адам (адамдар), ал мұндай адам (адамдар) болмаған кезде сақтанушының (сақтанушылардың) және (немесе) сақтандырылушының мұрагерлері осы көрсетілген сақтандыру төлемдерін, егер сақтанушы (сақтанушылар) және (немесе) сақтандырылушы тірі кезінде оларды толық көлемде алмаса не алмаса, зейнетақы аннуитеті шартында көзделген көлемде, бір рет немесе осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен алуға құқылы.»;

4) 227-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Сақтанушы (сақтанушылар) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу немесе қолданыстағы шарттарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сақтандыру сыйлықақысының жеткіліксіз бөлігін төлеу үшін өз қаражатын тартуы кезінде өз қаражатын бір рет толық көлемде енгізуге міндетті.»;

5-тармағының 5) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

5) 238-баптың 1-тармағының 8) тармақшасындағы «он сегіз жастан асқан» деген сөздер «он сегіз жастан асқан,» деген сөздермен ауыстырылып, «немесе оны сырттай оқу нысанына ауыстыру туралы» деген сөздер алып тасталсын;

5-тармағының 6) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

6) 241-баптың 1-тармағының 7) тармақшасындағы «немесе оны сырттай оқу нысанына ауыстыру туралы» деген сөздер алып тасталсын.

6-тармақ 2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді

6. 2025 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

5-баптың 20) тармақшасы «, жоғары ғылыми ұйым» деген сөздермен толықтырылсын.

7. «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

7-тармағының 1) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

1) 5-баптың бірінші бөлігінің 45) тармақшасындағы «сырттай,» деген сөз алып тасталсын;

2) мынадай мазмұндағы 8-4-баппен толықтырылсын:

«8-4-бап. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу ерекшеліктері

Полиграфиялық ақау және (немесе) пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқадан баспаның ауытқуы салдарынан жол берілген қате (қателер) анықталған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша сатып алған таралымды баспа өз қаражаты есебінен ауыстырады.

Осы баптың бірінші бөлігінің талабы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жасау мен орындау кезіндегі міндетті шарт болады.»;

7-тармағының 3) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

3) 27-баптағы «, сырттай оқыту» деген сөздер «оқу» деген сөзбен ауыстырылсын;

7-тармағының 4) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

4) 32-баптың 1-тармағының үшінші бөлігіндегі «, сырттай» деген сөз алып тасталсын;

7-тармағының 5) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

5) 33-баптың үшінші бөлігіндегі «, сырттай» деген сөз алып тасталсын;

6) 43-1-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

«6. Азаматтық авиация саласында кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының осы баптың 2-тармағының 1), 2), 10) және 15) тармақшаларында көзделген құзыреттері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып іске асырылады.

Бұл ретте азаматтық авиация саласында кадрлар даярлау білім алушылардың Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен ұсынылатын практикасы бойынша ұшу және тренажерлық даярлығы және азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық қағидалары ескеріліп қамтамасыз етіледі.»;

7) 47-баптың 17-тармағында:

төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде авиациялық мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары кемінде бес жыл, басқа мамандықтар бойынша ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті.»;

бесінші бөлік «азаматтары» деген сөзден кейін «білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, сондай-ақ білім беру бағдарламасының бейініне сай келетін мемлекеттік органдарда және (немесе) өзге де ұйымдарда» деген сөздермен толықтырылсын;

8) 52-баптың 7-тармағының екінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

«Бұл ретте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушы құрамының жылдық оқу жүктемесі жылдық жұмыс уақытының үштен екісінен аспауға тиіс.»;

7-тармағының 9) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

9) 68-бап мынадай мазмұндағы 2-3-тармақпен толықтырылсын:

«2-3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына сырттай оқу нысанында тиісті оқыту мерзімдерімен оқуға түскен адамдар оқуды білім туралы құжат беріле отырып, оқуға түсу кезінде қолданыста болған сырттай оқу нысанындағы білім беру бағдарламалары бойынша аяқтайды.».

8. «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-4) және 2-5) тармақшалармен толықтырылсын:

«2-4) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

2-5) аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік берушінің азаматтық авиация персоналын даярлауға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аударымдары есебінен авиация персоналын даярлауды, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті ұйымдастыру мен қаржыландыру қағидаларын бекітеді;»;

2) 16-12-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді мемлекеттік беруші өз қызметінің негізгі мақсатын аэронавигациялық қызметтер көрсету, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтық авиация персоналын даярлауға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті дамытуға аударымдарды жүзеге асыру арқылы іске асырады.».

9-тармақ 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

9. «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 71-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы «(құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына, сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге)» деген сөздер алып тасталсын;

2) 75-баптың 8-тармағындағы «сырттай (кешкі)» деген сөздер «кешкі» деген сөзбен ауыстырылсын.

10-тармақ 2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді

10. «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

4-бап мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:

«7-2. Осы Заңның ережелері, егер «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, жоғары ғылыми ұйымға қолданылады.».

11-тармақ 2026 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді

11. «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1-баптың 2-1) тармақшасы «, жоғары ғылыми ұйым» деген сөздермен толықтырылсын.

12. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

1) 5-баптың 3-тармағының екінші бөлігіндегі «Офицерлер құрамын әскерге шақыру бойынша» деген сөздер «Осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған» деген сөздермен ауыстырылсын;

2) 18-баптың 1-тармағы үшінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «офицерлердің» деген сөз «офицерлер мен сержанттардың» деген сөздермен ауыстырылсын;

3) 24-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған офицерлер мен сержанттар үшін - жиырма төрт ай;»;

4) 26-баптың 6-тармағындағы «Офицерлік құрамның әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшісінің» деген сөздер «Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған әскери қызметшінің» деген сөздермен ауыстырылсын;

5) 27-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы «офицерлерді» деген сөзден кейін «және запастағы сержанттарды» деген сөздермен толықтырылсын;

6) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«32-бап. Запастағы офицерлерді және запастағы сержанттарды әскери қызметке шақыру

Әскери қызметке жарамды және әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткермеген (әскери жиындарды қоспағанда), жиырма тоғыз жасқа толмаған запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар және медициналық қызметтің отыз екі жасқа толмаған запастағы офицерлері уәкілетті органдардың өтінімдері бойынша бейбіт уақытта офицерлер мен сержанттар құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде әскерге шақырылады.»;