Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 117 бұйрығы
(2021.23.08. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2022 жылғы 27 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңы 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Тауарлық газды тұрмыстық тұтынушыларға бөлшек саудада өткізудің үлгі шарты;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің үлгі шарты;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.