ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия туралы
(2025.26.08. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 59-бабының 4-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеуді жүзеге асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Комиссияның ережесі және жұмыс тәртібі;
2) Комиссияның құрамы бекітілсін.
3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Астана, Ақорда, 2025 жылғы 19 мамыр
№ 879
Президентінің
2025 жылғы 19 мамырдағы
№ 879 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның
ЕРЕЖЕСІ ЖӘНЕ ЖҰМЫС ТӘРТІБІ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражатының пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені және жұмыс тәртібін басшылыққа алады.