«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

4) әскери басқару органдарының, әскери бөлімдер (мекемелер) басшылығының қарауына әскери бөлімдердің (мекемелердің) қызметінде орын алып отырған қауіп-қатерді, жүйелі проблемаларды, құқық бұзушылықтың туындау себептері мен жағдайларын барынша азайту және жою жөнінде ұсынымдар енгізеді;

5) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен, мемлекеттік органдармен және коммерциялық емес ұйымдармен, әскери бөлімдердің (мекемелердің) басшылығымен өзара іс-қимыл жасайды;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

19-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдарға құқық бұзушылық профилактикасына, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар береді.

 

20-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Білім беру саласындағы уәкілетті орган:

1) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін құқықтық тәрбиелеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

2) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға, оларға адамгершілік негіздері мен саламатты өмір салтын дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлейді;

3) білім беру ұйымдарында баса назар аударуды талап ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

4) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жәбірлеуге (буллингке) ұшыраған, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

5) зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға көмек көрсету кабинеттері қызметінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

6) кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияны құру және оның қызметін жүзеге асыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;

7) кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, қатыгез қарым-қатынастың, жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы мәселелері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

21-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының құзыреті

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдары:

1) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

2) білім беру ұйымдарының жұмыс практикасына кәмелетке толмағандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелеу бағдарламалары мен әдістемелерін ендіреді;

3) қосымша білім беру ұйымдары желісін дамытуды қамтамасыз етеді, олардың қызметін талдайды, жетілдіреді және оларға кәмелетке толмағандарды тартады;

4) құқық бұзушылық профилактикасының басқа да субъектілерімен бірлесіп, білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;

5) зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жәбірлеуге (буллингке) ұшыраған, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәсі болған кәмелетке толмағандарға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

6) кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, қатыгез қарым-қатынастың, жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы мәселелері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

7) кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзудың анықталған фактілері туралы құқық қорғау органдары мен өзге де уәкілетті органдарға дереу хабар береді;

8) пробация қызметінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың орта білім алуын қамтамасыз етеді;

9) ерекше назар аударуды талап ететін кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) күтіп-бағу бойынша өз міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-аналарын, заңды өкілдерін анықтауға, оларды ішкі істер органдарына есепке қоюға және олармен құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды жүргізуге қатысады;

10) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы бойынша білім беру ұйымдарының қызметіне, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне тоқсан сайын талдау жүргізеді;

11) білім беру ұйымдарының жұмысына қоғамға жат мінез-құлық танытқан кәмелетке толмағандарды анықтау құралдарын ендіреді.

 

22-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның құзыреті

Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган:

1) зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жәбірлеуге (буллингке) ұшыраған кәмелетке толмағандарды анықтауға қатысады;

2) зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмағандардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз етеді және білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар жібереді;

3) зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жәбірлеуге (буллингке) ұшыраған, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәсі болған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету жөніндегі қызметті үйлестіреді;

4) зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жәбірлеуге (буллингке) ұшыраған кәмелетке толмағандарды жеке қолдап отыруды жүргізеді;

5) өз құзыреті шегінде мобильді топтардың жұмысына қатысады;

6) кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу туралы сотқа өтініш береді.

 

23-бап. Білім беру ұйымдарының құзыреті

Білім беру ұйымдары:

1) кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауы немесе оларға қатысты құқық бұзушылықтың жасалуы, оның ішінде білім беру ұйымынан тыс кәсіби қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған фактілері туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлайды;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алушылар мен тәрбиеленушілерге психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жасайды;

3) баса назар аударуды талап ететін білім алушыларды педагогикалық сүйемелдеуді жүргізеді және оларға уақтылы қолдау көрсетеді;

4) кәмелетке толмағандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелеу бағдарламалары мен әдістемелерін іске асырады;

5) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастырады;

6) құқық бұзушылық профилактикасының басқа да субъектілерімен бірлесіп, білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;

7) баса назар аударуды талап ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу мәселелері бойынша психологиялық қолдау орталықтарымен өзара іс-қимыл жасайды;

8) құқық бұзушылықтың кез келген нысанына қарсы тұруға бағытталған қауіпсіз білім беру ортасын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

9) білім беру ұйымдарына дәлелсіз себептермен бармай жүрген кәмелетке толмағандарды анықтайды және есепке алуды жүргізеді, олармен және олардың заңды өкілдерімен баса назар аударуды талап ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу шеңберінде жұмыс жүргізеді;

10) өз құзыреті шегінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерімен жұмыс жүргізеді;

11) кәмелетке толмағандарға арналған қолжетімді секциялар мен үйірмелердің жұмысын ұйымдастырады;

12) пробация қызметінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың орта білім алуына көмек көрсетеді;

13) зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жәбірлеуге (буллингке) ұшыраған, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәсі болған кәмелетке толмағандарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік оңалту көрсетеді;

14) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты анықтау және оның алдын алу бойынша профилактикалық кеңестер құрады;

15) қоғамға жат мінез-құлық танытқан кәмелетке толмағандарды анықтайды;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

24-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:

1) саламатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі саясатты қамтамасыз етеді;

2) тәуелділігі (алкогольге, есірткі заттарына, психотроптық заттарға, сол тектестерге, басқа да есеңгірететін заттарға), оның ішінде ойынға тәуелділігі (лудомания) бар адамдарға медициналық көмекті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

3) денсаулық сақтау саласында нашақорлықтың, алкоголизмнің және суицидтердің профилактикасы жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды үйлестіреді;

4) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде денсаулық сақтау саласындағы бірлескен іс-шараларды әзірлеуге қатысады;

5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

25-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының құзыреті

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өз құзыреті шегінде:

1) саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

2) құқық бұзушылық профилактикасы жүйесінің мемлекеттік органдары мен мекемелеріне консультативтік көмек көрсетеді;

3) тәуелділігі (алкогольге, есірткі заттарына, психотроптық заттарға, сол тектестерге, басқа да есеңгірететін заттарға), оның ішінде ойынға тәуелділігі (лудомания) бар адамдарға медициналық көмекті ұйымдастырады;

4) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша денсаулық сақтау жұмыскерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды жүзеге асырады;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

26-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының құзыреті

Денсаулық сақтау ұйымдары:

1) адамдарды зерттеп-қарауды, динамикалық байқауды, емдеуді жүзеге асырады, сондай-ақ тәуелділігі (алкогольге, есірткі заттарына, психотроптық заттарға, сол тектестерге, басқа да есеңгірететін заттарға), оның ішінде ойынға тәуелділігі (лудомания) бар адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз етеді;

2) құқық бұзушылықтан зардап шеккен адамдардың жүгінуі және оларға көрсетілген медициналық көмек фактілері туралы ішкі істер органдарына хабар береді;

3) кәмелетке толмағандардың денсаулық сақтау ұйымдарында қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттер (әрекетсіздік) жасауы немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарынан тыс кәсіби қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған фактілер туралы құқық қорғау органдарына хабарлайды;

4) психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеді;

5) зерттеп-қарау және емдеу кезеңінде заңды өкілдерінің қамқорлығынсыз қалған үш жасқа дейінгі адасқан, тастанды және басқа да балаларды тәулік бойы қабылдауды және күтіп-бағуды қамтамасыз етеді;

6) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі кәмелетке толмағандарды тәулік бойы қабылдауды және оларға медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

7) қылмыстық қудалау органы мен соттың сұрау салуы бойынша кәмелетке толмаған балаға оның әлеуметтік-психологиялық жай-күйі тұрғысынан жүргізілген диагностика туралы қорытынды ұсынады;

8) арнаулы білім беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандарды профилактикалық және міндетті медициналық қарап-тексеруді жүргізеді;

9) арнаулы білім беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандардың денсаулығының жай-күйі туралы қорытындыны белгіленген тәртіппен әзірлейді;

10) құқық қорғау органдарының сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кәмелетке толмағандар арасындағы психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуына байланысты психикасы мен мінез-құлқы бұзылған (ауыратын) адамдар туралы ақпарат береді;

11) зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша мобильді топтармен, отбасын қолдау орталықтарымен, психологиялық қолдау орталықтарымен өзара іс-қимыл жасайды;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

27-бап. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган:

1) халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қорғауға жәрдемдесуге бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастырады;

2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

28-бап. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы ұйымдардың құзыреті

Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы ұйымдар:

1) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді;

2) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді;

3) құзыреті шегінде азаматтарды құқықтық тәрбиелеуге қатысады;

4) баспанасыз адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту жөніндегі ұйымдар желісін дамытуды үйлестіреді;

5) құқық қорғау органдарына кәмелетке толмағандардың халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттер (әрекетсіздік) жасауы немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарынан тыс кәсіби қызметіне байланысты өздеріне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлайды;

6) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған білім алушылар мен тәрбиеленушілердің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ психологиялық, медициналық көмекке және заң көмегіне қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз етеді және ұсыныстарды білім беру және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді;

7) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелеріндегі сотталғандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі;

8) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) анықтау және қолдаумен қамту мәселелері бойынша отбасын қолдау орталықтарының, мобильді топтардың жұмысын ұйымдастырады;

9) адам (отбасы) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге ықтимал түрде мұқтаж деп танылуы мүмкін негіздерді анықтауды қамтамасыз етеді;

10) өмірде қиын жағдайдағы адамдарды (отбасыларды) қолдап отыруды және мұндай жағдайдан шығаруды қамтамасыз етеді;

11) жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің түрлері, оларды алу тәсілдері, осы елді мекенде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың бар-жоғы туралы хабар береді;

12) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша әлеуметтік жұмыскерлердің біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды жүзеге асырады;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

29-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның құзыреті

1. Дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган:

1) құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтайды және өз құзыреті шегінде оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды;

2) өзге де мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, құқық қорғау органдарында есепте тұрған жастарды қоса алғанда, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту жөніндегі жұмысты үйлестіреді;

3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Дене шынықтыру-спорт ұйымдары:

1) халықты дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту жөнінде шаралар қабылдайды;

2) өзге де мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, құқық қорғау органдарында есепте тұрған жастарды қоса алғанда, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартады;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік спорттық тапсырыс іске асырылатын балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының қызметтерін көрсетеді;

4) құзыреті шегінде құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шараларды қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

30-бап. Масс-медиа саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Масс-медиа саласындағы уәкілетті орган:

1) бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық насихат жүргізуді қамтамасыз етеді;

2) бұқаралық ақпарат құралдарында құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері қызметінің жариялануына ықпал етеді;

3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

31-бап. Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті

Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:

1) жастар арасында құқық бұзушылыққа төзбеушілік идеологиясын қалыптастырады;

2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

32-бап. Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік ұйымдардың құзыреті

Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік ұйымдар:

1) жастарды құқыққа қайшы әрекетке тарту қауіп-қатерін төмендету және олардың Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдайды;

2) мыналарға:

жастарды әлеуметтік пайдалы қызметке тартуға;

жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға;

жастар кәсіпкерлігін қолдауға;

сапалы білім мен жұмысқа орналасуға қолжетімділік беруге бағытталған бағдарламалар мен іс-шараларды әзірлейді, іске асырады;

3) құзыреті шегінде құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шараларды қабылдайды;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

33-бап. Цифрландыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Цифрландыру саласындағы уәкілетті орган:

1) құқық бұзушылықтың алдын алуға, оны анықтауға, тіркеп-белгілеуге бағытталған цифрлық технологияларды дамытуға ықпал етеді;

2) құқық бұзушылықтың профилактикасы мақсатында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жөніндегі шараларды іске асырады;

3) мемлекеттік органдардың қолда бар цифрлық жүйелерін интеграциялайды;

4) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық инфрақұрылымын дамытады;

5) тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген азаматтарға әртүрлі коммуникация арналары арқылы консультация береді, психологиялық көмек көрсетеді;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

34-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын органның құзыреті

Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган:

1) қаржылық қызметтер көрсету саласындағы құқыққа қайшы әрекеттердің орын алып отырған қатерлері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

35-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары

Кәсіпкерлік субъектілері:

1) құқық бұзушылық профилактикасы саласында мемлекеттік органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

2) құқық бұзушылық профилактикасы жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) жария консультациялар мен қоғамдық кеңестерге қатысуға;

4) құқық бұзушылық жасау фактілері және құқық бұзушылық жасауға бейім адамдар туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлауға;

5) қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған техникалық құралдарды қолдануға;

6) құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықты болғызбауға және ашуға, оның ішінде күдікті әрекеттер немесе адамдар туралы деректер ұсыну арқылы жәрдемдесуге;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

 

36-бап. Мүліктің меншік иелері бірлестіктері төрағаларының құзыреті

Мүліктің меншік иелері бірлестіктерінің төрағалары:

1) кондоминиум объектісінде тұру (болу) қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарды олардың мінез-құлқының құқықтық салдары туралы хабардар етуге;

2) құқық бұзушылық жасау фактілері және құқық бұзушылық жасауға бейім адамдар туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлауға;

3) қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған техникалық құралдарды қолдануға;

4) кондоминиум объектісінде пәтердің меншік иелерінің тұруына (болуына) қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қамтамасыз етуге;

5) ішкі істер органдарында құқықтық даярлықтан өтуге;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

 

37-бап. Көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік және коммерциялық емес ұйымдардың құзыреті

1. Көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік ұйымдар:

1) жәбір көрген адамдарға, сондай-ақ құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарға қажетті психологиялық, педагогикалық, медициналық көмекті, заң көмегін беруді ұйымдастырады;

2) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді;

3) психологиялық түзету бағдарламаларын жүргізеді;

4) құқық бұзушылық жасау фактілері немесе оларды жасау қатері туралы құқық қорғау органдарына хабар береді;

5) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады;