«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

6) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

7) құқық бұзушылықтан жәбір көргендерді уәкілетті мемлекеттік органдар белгілеген тәртіппен көмек көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарына жібереді;

8) құзыреті шегінде құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шараларды қабылдайды;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Коммерциялық емес (үкіметтік емес) ұйымдар:

1) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша ақпараттық-үгіт жұмыстарын жүргізеді;

2) құқық бұзушылықтан жәбір көргендерді уәкілетті мемлекеттік органдар белгілеген тәртіппен көмек көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарына жібереді;

3) отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында кәмелетке толмаған адамдарға қатысты құқық бұзушылық жасау фактілері немесе оларды жасау қатері туралы құқық қорғау органдарына хабар береді;

4) құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен психологиялық түзету бағдарламаларын жүргізеді;

5) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді;

6) әлеуметтік бейімделуге көмек көрсетеді;

7) құқық бұзушылық салдарынан жәбір көрген адамдарға қажетті психологиялық, педагогикалық көмек, заң көмегін беруді ұйымдастырады;

8) құзыреті шегінде құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы жөніндегі шараларды қабылдайды.

 

 

3-тарау. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫ СУБЪЕКТІЛЕРІН ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУЫ

 

38-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия

1. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жанынан құрылады.

3. Мемлекеттік органдардың қызметіне талдау жүргізу және ұсынымдар әзірлеу үшін ведомствоаралық топ құрылады, оның қызметі жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган бекітетін жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

Ведомствоаралық топтың ұсынымдары құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарында қаралады.

4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы, өкілеттіктері мен қызмет ету тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі өңірлік (аудандық) ведомствоаралық комиссиялардың өкілеттіктері мен қызмет ету тәртібін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары айқындайды.

 

39-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру және олардың өзара іс-қимыл жасауы

1. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру және олардың өзара іс-қимыл жасауы құқық бұзушылықтың уақтылы алдын алу, анықтау және жолын кесу, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша олармен келісілген әрекеттерді әзірлеу және жүзеге асыру арқылы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

2. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін үйлестіру және олардың өзара іс-қимыл жасауы мынадай негізгі нысандарда:

1) құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;

2) ақпарат алмасу;

3) оң тәжірибені зерделеу және тарату;

4) бірлескен профилактикалық іс-шаралар жүргізу;

5) отырыстар мен кеңестер өткізу;

6) бюллетеньдер (жинақтар) және басқа да ақпараттық басылымдар шығару арқылы жүзеге асырылады.

3. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері мемлекеттік органдардың құзыретіне жатқызылған, өздеріне белгілі болған дайындалып жатқан немесе жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы осы органдарға дереу хабар беруге міндетті.

 

40-бап. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндама

1. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндама Қазақстан Республикасының аумағындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі және оны жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халыққа жыл сайын хабар беру мақсатында жасалады.

2. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндамада мынадай мәліметтер:

1) құқық бұзушылық профилактикасы саласының ағымдағы жай-күйі;

2) криминогендік ахуалдың ағымдағы жай-күйі;

3) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі шаралардың тиімділігін бағалау;

4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау және қалпына келтіру, құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, азаматтарды зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастан, қоғамға жат мінез-құлықтан қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру көрсетіледі.

3. Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндаманы дайындау, оны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

 

 

2-БӨЛІМ. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР

 

4-тарау. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ЖАЛПЫ ШАРАЛАР

 

41-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жалпы шаралар

1. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жалпы шаралар құқық бұзушылық жасаудың әлеуметтік-экономикалық себептері мен жағдайларын жою арқылы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағытталған.

2. Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жалпы шаралар мыналар:

1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын және құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы өзге де жоспарлау құжаттарын әзірлеу, іске асыру, талдау және мониторингтеу;

2) халық арасында құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы ақпараттық және идеологиялық жұмыстарды жүргізу;

3) ғылым мен техниканың жетістіктерін интеграциялау;

4) азаматтарды құқық бұзушылық профилактикасына тарту болып табылады.

 

42-бап. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын және құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы өзге де жоспарлау құжаттарын әзірлеу, іске асыру, талдау және мониторингтеу

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын және құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы өзге де жоспарлау құжаттарын әзірлеу, іске асыру, талдау және мониторингтеу, сондай-ақ олардың тиімділігін бағалау жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес қамтамасыз етіледі.

 

43-бап. Халық арасында құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы ақпараттық және идеологиялық жұмыстарды жүргізу

1. Халық арасында құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы ақпараттық және идеологиялық жұмыстарды жүргізу қоғамда құқық бұзушылыққа жағымсыз көзқарасты қалыптастыруға, азаматтардың жалпы адамзаттық құндылықтарға, заңға бағынатын мінез-құлыққа, жанжалдарды конструктивті шешу дағдыларын дамытуға және әлеуметтік жауапкершілікті түсінуге бағдарланған құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін, адамгершілік қасиеттерін арттыруға бағытталған.

2. Құқық бұзушылық профилактикасы субъектілері ақпараттық және идеологиялық жұмыстарды құқықтық түсіндіру жұмысы арқылы проактивті форматта жүргізеді, ол құқықтық ақпараттың қолжетімділігіне, құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимыл жасауына негізделуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтық тәртіпті ұстап тұруға белсенді қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.

3. Құқықтық түсіндіру жұмысы азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттырудың ақпараттық, цифрлық, білім беру және өзге де тәсілдері арқылы жүргізіледі.

 

44-бап. Ғылым мен техниканың жетістіктерін интеграциялау

1. Құқық бұзушылық профилактикасы саласында ғылым мен техниканың жетістіктерін интеграциялау профилактика шараларының тиімділігін жақсарту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен көрсетілетін қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі.

2. Ғылым мен техниканың жетістерін интеграциялауды пайдалану:

1) криминогендік статистиканы талдау, ықтимал құқық бұзушылық үрдістерін анықтау және болжау, мемлекеттік органдардың ресурстарын кейіннен ұтымды түрде қайта бөлу және құқық бұзушылық профилактикасы бойынша мақсатты шараларды әзірлеу үшін деректерді талдау мен машиналық оқытудың қазіргі заманғы әдістерін ендіру;

2) биометрия және сәйкестендіру технологияларын қолдану;

3) әртүрлі цифрлық және геоақпараттық жүйелерді, дерекқорларды интеграциялау және пайдалану;

4) құқық бұзушылықты бейне тіркеп-белгілеудің техникалық құралдарын, жасанды интеллектіні қолдану;

5) цифрлық жүйелер мен азаматтардың дербес деректерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында оқыту;

6) криминология саласында, қоғамға жат мінез-құлық себептеріне ғылыми зерттеулер жүргізу және олардың алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу;

7) мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру;

8) құқық бұзушылық профилактикасын талдау әдістерін әзірлеу;

9) құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды әлеуметтік оңалту бағдарламаларын ғылыми деректер негізінде әзірлеу;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген басқа да цифрлық құралдар мен ғылыми әдістер арқылы жүзеге асырылады.

 

45-бап. Азаматтарды құқық бұзушылық профилактикасына тарту

1. Азаматтарды құқық бұзушылық профилактикасына тарту осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес құқық қорғау органдарына ерікті түрде жәрдем көрсету арқылы жүзеге асырылады.

2. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысуға ниет білдірген азамат құқық қорғау органына өтінішпен жүгінеді, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Азамат көрсетілген құжаттарға өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы куәліктің көшірмесін қоса беруге құқылы.

3. Құқық қорғау органы өтініш келіп түскен күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматты наркологиялық, психикалық-неврологиялық және өзге де есепке алу бойынша тексереді, содан кейін ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына тиісті өтінішхатпен жүгінеді, оған ұсынылған құжаттардың көшірмелерін қоса береді не өтініш берушіге жазбаша түрде бас тартып, қабылданған шешімнің себептерін көрсетеді.

4. Ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы келіп түскен өтінішхатты жеті жұмыс күні ішінде қарайды, тіркеу жүргізеді және оны қоғамдық көмекші ретінде есепке қояды, бұл туралы құқық қорғау органына жазбаша хабар береді.

5. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысуға:

1) кәмелет жасына толмаған;

2) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан;

3) осы Заңда көзделген профилактикалық есепте тұрған;

4) өтініш бергенге дейін бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

5) наркологиялық, психикалық-неврологиялық диспансерлерде есепте тұрған не сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтар жіберілмейді.

6. Өтініштің қабылданбауы оны қабылдаудан бас тартуға негіз болған себептер жойылған жағдайда, өтініш берушінің қайта жүгінуіне кедергі болмайды.

7. Құқық бұзушылық профилактикасына қоғамдық көмекшінің қатысуын тоқтату үшін:

1) құқық бұзушылық профилактикасына одан әрі қатысқысы келмейтіні туралы өтініші;

2) қылмыстық жауаптылыққа тартылуы;

3) қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылуы;

4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;

5) құқық бұзушылық профилактикасына одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жайлардың болуы (психикасының, мінез-құлқының бұзылуы (ауыруы), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуына, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес айналасындағыларға қауіп төндіретін өзге де ауруына байланысты бұзылуы (ауыруы) не қайтыс болуы) негіз болып табылады.

8. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген мән-жайлар болған кезде ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы тиісті құқық қорғау органының ұсынуы бойынша осы азаматты қоғамдық көмекшілер есебінен шығарады.

 

46-бап. Қоғамдық көмекшілердің құқықтары мен міндеттері

1. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын қоғамдық көмекшілер өз қызметін:

1) құқықтық насихатты ұйымдастыруға қатысу;

2) консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысу;

3) құқық бұзушылық профилактикасының басқа субъектілеріне жәрдемдесу;

4) құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу арқылы жүзеге асырады.

2. Қоғамдық көмекшілердің осы Заңның 6-бабында көрсетілген құқықтардан басқа, мыналарға:

1) құқық қорғау органдарының профилактикалық есебіне қоюға жататын адамдар туралы хабар беруге және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тікелей қатысуымен олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізуге қатысуға;

2) құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және жинау, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктердің жабайы өсетін егістері фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабар беруге;

3) есірткі заттарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар, сондай-ақ осындай мақсаттар үшін ықтимал жарамды үй-жайлар туралы құқық қорғау органдарына хабар беруге;

4) ішкі істер органдары қызметкерлерінің тікелей басшылығымен қоғамдық орындарда, сондай-ақ әртүрлі спорттық, мәдени-бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге;

5) хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге, қылмыстарды ашуға жәрдем көрсетуге;

6) құқық қорғау органдарының қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнын күзетуді жүзеге асыруға;

7) жатақханалар мен оқу-өндірістік шеберханаларды қоса алғанда, оқу орындарының аумағында құқық бұзушылық профилактикасына қатысуға;

8) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасын және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуды жүзеге асыруға;

9) құқық бұзушылықтың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстап алу мақсатында, егер көрсетілген мақсаттарға өзге де тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдануға құқығы бар. Бұл ретте осы үшін қажетті шаралардан асып кетуге жол берілмеуге тиіс.

3. Қоғамдық көмекшілер:

1) азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға;

2) дайындалып жатқан не жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың өздеріне белгілі болған фактілері туралы құқық қорғау органдарына дереу хабар беруге;

3) азаматтардың талап етуі бойынша өзінің құқық бұзушылық профилактикасына қатысуының құқыққа сыйымдылығын растайтын куәлікті көрсетуге;

4) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұстап алынған азаматтарға оларға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін түсіндіруге;

5) құпиялылықты сақтауға;

6) құқықтық даярлықтан өтуге міндетті.

4. Қоғамдық көмекшілерге:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың айрықша құзыретіне жатқызылған процестік және өзге де қызметті жүзеге асыруға;

2) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өкілеттіктерін иемденуге;

3) құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіруге;

4) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларға қатысу кезінде куәгер болуға;

5) адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын не азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құқыққа сыйымсыз шектейтін әрекеттер жасауға;

6) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларға қатысу кезінде құқық қорғау органдары қаруланатын арнаулы құралдарды пайдалануға;

7) әйелдер, мүгедектік белгілері анық адамдар, жасы белгілі немесе анық көрініп тұрған кәмелетке толмағандар қаруланып не топтасып шабуыл (зорлық-зомбылық) жасаған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты дене күшін және басқа да құралдарды қолдануға тыйым салынады.

5. Осы баптың күші Қазақстан Республикасының заңдарында регламенттелетін, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметіне байланысты туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

6. Ішкі істер органдары учаскелік полиция пункттерінің базасында қоғамдық көмекшілерді құқықтық даярлауды ұйымдастырады.

 

47-бап. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын адамдарды көтермелеу шаралары

1. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын қоғамдық көмекшілерді көтермелеу шаралары мыналар:

1) алғыс жариялау;

2) грамотамен наградтау;

3) ақшалай сыйақы төлеу;

4) білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;

5) ұйымға, кәсіпорынға көтермелеу туралы ұсынулар жіберу;

6) құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан адамдар үшін мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен наградтау туралы ұсыныстар енгізу болып табылады.

Жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің өзге де шараларын қолдануға құқылы.

2. Қоғамдық көмекшілерді көтермелеу мәселелері мемлекеттік органдардың ұсынуы бойынша азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссияда қаралады.

Егер қоғамдық көмекшілер ретінде жергілікті атқарушы органдарда тіркелмеген азаматтар құқық бұзушылықтың алдын алуға, жолын кесуге немесе оны ашуға ықпал етсе, комиссия осы Заңда белгіленген тәртіппен оларды да көтермелеуге құқылы.

3. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісінің фото- және бейнежазбасын қоса бере отырып уәкілетті органдарға хабарлама жіберген азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша құқық бұзушыдан өндіріп алынған айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермеленуі мүмкін. Азамат сыйақы алушы ретінде қайырымдылық ұйымын көрсетуге құқылы.

Көтермелеу тәртібін, түрлерін және мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар айқындайды.

 

 

5-тарау. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ ЖЕКЕ ПРОФИЛАКТИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР

 

48-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шаралар

1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шаралар адам не адамдардың шектеулі тобы тарапынан құқық бұзушылық жасаудың алдын алу, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында олардың құқықтық санасы мен мінез-құлқына жүйелі түрде нысаналы әсер ету үшін қолданылады.

2. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды осы Заңға сәйкес мемлекеттік органдардың уәкілетті адамдары, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың уәкілетті адамдары қолданады.

3. Мыналар құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шаралар болып табылады:

1) профилактикалық әңгімелесу;

2) ресми алдын ала ескерту;

3) жақындауға тыйым салу;

4) әкімшілік жазалау;

5) өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) есепке алу;

6) өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен әлеуметтік оңалтуды ұйымдастыру;

7) жүріп-тұру еркіндігін превентивтік шектеу;

8) құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыну;

9) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;

10) профилактикалық есепке алу және бақылау;

11) баса назар аударуды талап ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу;

12) қорғау нұсқамасы;

13) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптарды белгілеу;

14) әкімшілік қадағалауды белгілеу;

15) арнаулы білім беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу;

16) тәрбиелік тұрғыдан әсер ету шаралары;

17) ата-ана құқықтарынан айыру не оларды шектеу, бала асырап алудың күшін жою, қорғаншылар мен қамқоршыларды өз міндеттерін орындаудан босату және шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу;

18) психологиялық көмек көрсету.

4. Мүдделі тұлғалар құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.

5. Уәкілетті мемлекеттік орган профилактикалық есепке алудың қолданылу мерзімі өткен соң шектеулер немесе міндеттер жүктеген органның алдында құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды ұзарту туралы өтінішхат бере алады.

6. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қолдану осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

 

49-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қабылдау себептері мен негізі

1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қабылдауға мынадай мән-жайлар:

1) жеке және заңды тұлғалардың хабарлары немесе өтініштері, сондай-ақ масс-медиадағы хабарлар;

2) уәкілетті лауазымды адамның құқық бұзушылықтың жасалуы не құқық бұзушылықты жасау қатерінің төнуі фактісін тікелей анықтауы;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан келіп түскен материалдар себеп болып табылады.

2. Мемлекеттік органдар құқық бұзушылықтың жасалуы немесе құқық бұзушылықты жасау қатерінің төнуі туралы өтініштер мен хабарларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.

3. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қолдануға мыналарды:

1) адамның құқық бұзушылық жасауға жағдай туғызатын іс-әрекетін (әрекетін немесе әрекетсіздігін);

2) адамның қоғамға жат мінез-құлқын;

3) заңды күшіне енген сот актісін көрсететін жеткілікті деректердің болуы негіз болып табылады.