«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Предыдущая страница

6. Қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылық профилактикасы мəселелері бойынша мемлекеттік органдарды үйлестіру ішкі істер органдарына жүктеледі.

 

76-бап. Экономикалық құқық бұзушылық профилактикасының ерекшеліктері

1. Экономикалық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін ведомствоішілік қауіп-қатерді мониторингтеу:

1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің құқықтық жəне өзге де актілеріндегі;

2) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұйымдастыру-басқару қызметіндегі ведомствоішілік қауіп-қатерді анықтауды қамтиды.

2. Экономикалық тергеп-тексеру қызметі ведомствоішілік қауіп-қатерге мониторинг жүргізуге арнаулы білімі бар мамандарды немесе сарапшыларды тартуға құқылы.

Экономикалық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін ведомствоішілік қауіп-қатерге мониторинг жүргізу тəртібі қаржы мониторингі жөніндегі уəкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде бекітіледі.

3. Экономикалық тергеп-тексеру қызметі ведомствоішілік қауіп-қатерді мониторингтеудің нəтижелері бойынша мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жəне квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ұсынымдар енгізеді.

4. Мемлекеттік органдар, ұйымдар жəне квазимемлекеттік сектор субъектілері экономикалық (қаржылық) құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен ведомствоішілік қауіп-қатерді жою жөнінде шаралар қабылдайды.

5. Профилактикалық есепке алу экономикалық (қаржылық) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жеке жəне виктимологиялық шараларды қабылдау үшін пайдаланылады.

6. Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке жəне заңды тұлғалардың тiзiлiмiне енгiзу тəртiбi қаржы мониторингі жөніндегі уəкілетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде бекiтiледi.

Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке жəне заңды тұлғалардың тізілімі профилактика жасау жəне экономикалық құқық бұзушылық саласында орын алған тəуекелдер мен қатерлер туралы қоғам мен кəсіпкерлік субъектілеріне хабар беру үшін пайдаланылады.

 

77-бап. Балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуы жəне кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасының ерекшеліктері

Мыналар балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының жəне кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі арнаулы шаралар болып табылады:

1) кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз жəне панасыз қалудың, кəмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастың, жəбірлеудің (буллингтің) профилактикасы, оларды əлеуметтік оңалту бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен əдістемелерді əзірлеу;

2) кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, балалардың қадағалаусыз жəне панасыз қалуы, сондай-ақ кəмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынас, жəбірлеу (буллинг) мəселелерін зерделеу жəне осындай мəселелер бойынша əлеуметтанушылық зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру;

3) кəмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыз жəне панасыз қалудың, кəмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастың профилактикасы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің оң жұмыс тəжірибесін қорыту жəне тарату, оларға əдістемелік жəне практикалық көмек көрсету;

4) кəмелетке толмағандарға арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсету;

5) қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған жəне қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, сондай-ақ ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберілетін кəмелетке толмаған баланы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ата-анасына немесе заңды өкілдеріне беру.

 

78-бап. Баса назар аударуды талап ететін кəмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу

1. Білім беру ұйымдары педагогикалық сүйемелдеу шеңберінде баса назар аударуды талап ететін білім алушылармен жəне тəрбиеленушілермен жұмысты ұйымдастырады.

2. Мынадай кəмелетке толмағандар педагогикалық сүйемелдеуге жатады:

1) оқу пəндері бойынша үлгермейтіндер;

2) қадағалаусыз, панасыз қалғандар, қаңғыбастықпен, қайыршылықпен айналысатындар;

3) білім беру ұйымының жарғысын жəне (немесе) ішкі тəртіптеме қағидаларын өрескел немесе бірнеше рет бұзғандар;

4) дəлелді себепсіз сабаққа бір ай ішінде төрт жəне одан да көп күн үнемі бармайтындар;

5) əкімшілік жəне (немесе) қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар;

6) алкогольдік, энергетикалық сусындарды, психикаға белсенді əсер ететін заттарды, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), темекі бұйымдарын тұтынатындар;

7) ойынқұмарлықтан (лудоманиядан) зардап шегетіндер;

8) жүктілер;

9) зорлық-зомбылыққа, қатыгез қарым-қатынасқа, жəбірлеуге (буллингке) ұшырағандар немесе зорлық-зомбылықтың куəсі болғандар;

10) зорлық-зомбылық, қатыгез қарым-қатынас жасағандар, жəбірлегендер (буллинг жасағандар);

11) арнаулы білім беру ұйымдарын бітіргендер;

12) қоғамға жат мінез-құлық жасағандар.

3. Баса назар аударуды талап ететін кəмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеуді тағайындау мəселесі білім беру ұйымының профилактика кеңесінің отырысында кəмелетке толмаған баланың жəне оның заңды өкілдерінің қатысуымен қаралады.

4. Заңды өкілдері кəмелетке толмаған баланы педагогикалық сүйемелдеуден бас тартқан жағдайда, білім беру ұйымы мəліметтерді кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға одан əрі қарау үшін береді.

 

79-бап. Кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия

1. Кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз жəне панасыз қалудың профилактикасы, олардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.

2. Кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия - Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уəкілетті органы жанынан, кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық, қалалық комиссиялар - қалада, аудандық комиссия тиісті жергілікті атқарушы органның (əкімдіктің) жанынан құрылады.

3. Қажет болған кезде комиссия аудан орталығынан едəуір алшақ орналасқан кент, ауыл, ауылдық округ əкімінің жанынан құрылуы мүмкін. Кенттік, ауылдық комиссиялар мен ауылдық округ комиссиясын құру туралы шешімді қалалық, аудандық əкімдік қабылдайды, ал дербес құрамын тиісті қаланың, ауданның мəслихаты бекітеді.

4. Кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, комиссия мүшелері мен хатшыдан тұратын құрамда құрылады.

Тиісті əкімшілік-аумақтық бірліктің əкімі басқаратын кенттік, ауылдық комиссиялар мен ауылдық округ комиссиясын қоспағанда, тиісті əкімшілік-аумақтық бірлік əкімінің орынбасары комиссия төрағасы болып табылады.

Хатшы тиісті мемлекеттік органның аппаратында штаттық лауазымды атқарады.

Хатшыға өзге де функционалдық міндеттерді жүктеуге тыйым салынады.

5. Комиссияның құрамына тиісті мəслихаттар депутаттары, ішкі істер, білім беру, мəдениет, денсаулық сақтау, əділет органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын жұмыспен қамту мəселелері жөніндегі уəкілетті органның, отбасын қолдау орталықтарының өкілдері, Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уəкілдері, адам құқықтары жөніндегі уəкілдің өңірлік өкілдері, психологтар, кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз жəне панасыз қалудың профилактикасына мүдделі қоғамдық жəне өзге де ұйымдар кіреді.

6. Кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар өз құзыреті шегінде:

1) кəмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау жəне қалпына келтіру, кəмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылық пен қоғамға жат мінез-құлқына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау жəне жою жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

2) кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз жəне панасыз қалудың, кəмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастың профилактикасы бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге, оларды əлеуметтік оңалтуға бағытталған əдістемелік көмек көрсетеді;

3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда кəмелетке толмағандарды тəрбиелеу, оқыту, күтіп-бағу жағдайларына бақылауды қамтамасыз етуге қатысады;

4) кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі төмен тұрған комиссиялардың қызметін үйлестіруді жəне мониторингтеуді жүзеге асырады, кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, балалардың қадағалаусыз жəне панасыз қалуы, сондай-ақ кəмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгез қарым-қатынас, жəбірлеу (буллинг) мəселелерін зерделейді;

5) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар желісін дамытуға жəрдем көрсетеді жəне олардың қызметін мониторингтеуді қамтамасыз етеді;

6) кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз жəне панасыз қалудың профилактикасымен айналысатын органдар мен ұйымдардың оң жұмыс тəжірибесін қорытады жəне таратады, оларға əдістемелік жəне ұйымдастырушылық-практикалық көмек көрсетеді;

7) мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз жəне панасыз қалудың профилактикасы, олардың құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы есептерін тыңдайды жəне жетекшілік ететін мəселелер бойынша олардың арасында өзара ақпарат алмасуды ұйымдастырады;

8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған не арнаулы білім беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарынан оралған кəмелетке толмағандарды жұмысқа орналастырудағы жəне тұрмыстық жағдайын жасаудағы мүдделі органдардың қызметін үйлестіреді, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға ұшыраған кəмелетке толмағандарды əлеуметтік оңалту бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады;

9) құқық бұзушылық жасаған кəмелетке толмағандарға, сондай-ақ кəмелетке толмағандарды тəрбиелеу, оқыту жəне күтіп-бағу жөніндегі өз міндеттерін орындамайтын не олардың мінез-құлқына теріс əсер ететін кəмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты материалдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен қарайды;

10) отбасын қолдау орталықтарымен бірлесіп, өмірде қиын жағдайға ұшыраған кəмелетке толмағандарға қатысты шаралар қолдану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

7. Кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларды құру, олардың қызметін жүзеге асыру тəртібін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уəкілетті органы айқындайды.

 

80-бап. Арнаулы білім беру ұйымдары

1. Арнаулы білім беру ұйымдары оқыту-тəрбиелеу мекемелері болып табылады жəне əкімшілік ықпал ету шараларына алып келетін құқық бұзушылықты үнемі жасайтын, бастауыш, негізгі орта жəне жалпы орта білім алудан қасақана жалтарып жүрген, отбасынан, білім беру ұйымдарынан үнемі өз бетінше кетіп қалатын, өзге де қоғамға жат мінез-құлық жасайтын он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кəмелетке толмағандарды тəрбиелеу, оқыту жəне əлеуметтік оңалту мақсатында құрылады.

2. Кəмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына жіберудің орындылығы туралы шешімді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өтініші бойынша сот не ішкі істер органы қабылдайды. Алкогольді ішімдіктерді, есірткі заттары мен психотроптық заттарды, сол тектестерді шамадан тыс пайдаланатын кəмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу туралы мəселені қарау кезінде оларға психикаға белсенді əсер ететін заттарды тұтынуына байланысты психикасының, мінез-құлқының бұзылуынан (ауыруынан) емделуден өтуді тағайындаудың орындылығы міндетті түрде зерделенеді.

3. Кəмелетке толмаған бала алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілуі мүмкін.

4. Кəмелетке толмаған баланың арнаулы білім беру ұйымында болуы, егер арнаулы білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот кəмелетке толмаған бала өзінің түзелуі үшін енді осы шараны қолдануды қажет етпейді деген тұжырымға келсе, мекеме əкімшілігінің не кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссияның ұсынуы негізінде сот тəртібімен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

5. Кəмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында болуының сот айқындаған мерзімін осы баптың 2-тармағында белгіленген тəртіппен арнаулы білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот мынадай:

1) кəмелетке толмаған баланың өтінішхаты негізінде кəмелетке толмаған баланың жалпы білім беретін немесе кəсіптік даярлықты аяқтауы қажет болған;

2) əкiмшiлiк ықпал ету шараларына алып келетін құқық бұзушылықты үнемі жасаған, орта бiлiм алудан қасақана жалтарған, арнаулы бiлiм беру ұйымынан өз бетінше кетіп қалған, өзге де қоғамға жат мінез-құлық жасаған жағдайларда ғана ұзартуы мүмкін.

6. Арнаулы білім беру ұйымдарының тəрбиеленушісі қылмыс белгілері бар іс-əрекет жасаған жағдайда, қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толғанға дейін ол ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберілуі мүмкін.

7. Кəмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу туралы мəселені қарау кезінде прокурордың қатысуы міндетті.

8. Кəмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына орналастыру үшін қажетті құжаттарды жинауды осы баптың 2-тармағында аталған кəмелетке толмағандарды анықтауды жəне есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

9. Кəмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу тəртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде айқындалады.

10. Арнаулы білім беру ұйымдарының əкімшілігі:

1) кəмелетке толмағандарды күтіп-бағудың арнаулы жағдайларын қамтамасыз етедi, бұған көрсетілген мекеменiң аумағын күзету, тəрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгi жəне олардың терiс əсерден барынша қорғалуы, көрсетілген мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн жəне одан тəрбиеленушiлердiң өз бетінше кетіп қалуын шектеу, кəмелетке толмағандарды тəулiк бойы қабылдау, кəмелетке толмағандарды, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта байқау жəне бақылау, кəмелетке толмағандарды, олардың заттары мен ұйықтайтын үй-жайларын жеке қарап-тексеруді жүргізу кіреді;

2) кəмелетке толмаған баланың арнаулы білім беру ұйымында орта білім алуын қамтамасыз етеді;

3) көрсетілген мекеменің орналасқан жері бойынша жəне кəмелетке толмағандардың тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына олардың өз бетінше кетіп қалу фактілері туралы хабар береді жəне оларды іздестіру мен қайтаруға тікелей қатысады;

4) кəмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерi бойынша кəмелетке толмағандардың iстері жəне олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға мекемеде болу мерзiмi аяқталғанға дейiн кемінде бiр ай бұрын оның көрсетілген мекемеден шығуы туралы хабархатты, сондай-ақ кəмелетке толмаған балаға мiнездеменi жəне онымен алдағы уақытта құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды жүргiзу жəне оның жұмысқа орналасуы мен тұрмыстық жағдайын жасауға жердемдесу қажеттiгi туралы ұсынымдарды жiбередi.

11. Кəмелетке толмаған бала тұрғылықты жері бойынша келгеннен кейін жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына оңалту жоспарын жасай отырып, оны алдағы уақытта одан əрі оқыту, жұмыспен қамту мəселесін шығаруға міндетті.

12. Арнаулы білім беру ұйымдарында ұстау мен оқытуға кедергi келтіретін аурулары бар кəмелетке толмағандарды көрсетілген ұйымдарға орналастыруға болмайды. Мұндай аурулардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

13. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру тəртібі жəне оларда кəмелетке толмағандарды ұстау жағдайлары білім беру саласындағы уəкілетті орган бекіткен осы ұйымдар туралы ережеде де айқындалады.

14. Жергілікті атқарушы органдар арнаулы білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру жəне тарату туралы шешімді білім беру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша қабылдайды.

 

81-бап. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы

1. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы оқыту-тəрбиелеу мекемесі болып табылады жəне кəмелетке толмағандарды тəрбиелеудің, оқытудың жəне əлеуметтік оңалтудың ерекше жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

2. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына тəрбиелеудің, оқытудың ерекше жағдайларын қажет ететiн жəне арнаулы педагогикалық тəсілді талап ететiн:

1) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмауына не татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған;

2) егер олар ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса жəне сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 83-бабында көзделген тəртіппен қылмыстық жауаптылықтан жəне жазадан босатса, он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кəмелетке толмағандар орналастырылады.

3. Қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған кəмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберудің орындылығы туралы шешімді ішкі істер органының ұсынуы бойынша сот қабылдайды.

Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған кəмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу туралы ұсынуды ішкі істер органдары аталған кəмелетке толмаған балаға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылған күннен бастап отыз тəулік ішінде сотқа жібереді.

Айрықша жағдайларда бұл мерзім ішкі істер органдарының немесе прокурордың қаулысы негізінде отыз тəулікке дейін ұзартылуы мүмкін.

4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген материалдар сотқа жіберер алдында кəмелетке толмаған балаға жəне оның заңды өкілдеріне танысу үшін ұсынылады.

Мүдделі адамдар көрсетілген материалдармен танысқандығы туралы ұсынылған материалда тиісті жазба жасайды.

5. Кəмелетке толмаған бала ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге жіберілуі мүмкін.

Кəмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында ұстауға:

1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдарға қатысты - сот шешімі;

2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдарға қатысты - сот үкімі негіз болып табылады.

6. Кəмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуы, егер ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот кəмелетке толмаған бала өзінің түзелуі үшін енді осы шараны қолдануды қажет етпейді деген тұжырымға келсе, мекеме əкімшілігінің, ішкі істер органдарының ұсынуы негізінде сот тəртібімен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

7. Кəмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуының сот айқындаған мерзімі осы баптың 3-тармағында белгіленген тəртіппен мынадай:

1) кəмелетке толмаған баланың келісімімен не оның өтінішхаты бойынша кəмелетке толмаған баланың жалпы білім беретін немесе кəсіптік даярлауды аяқтауы қажет болған;

2) қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толғанға дейін қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар іс-əрекет жасаған жағдайларда ғана ұзартылуы мүмкін.

8. Кəмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу туралы мəселені қарау кезінде прокурордың қатысуы міндетті.

9. Кəмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру үшін қажетті құжаттарды жинауды ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.

10. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған кəмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу тəртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде айқындалады.

Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған кəмелетке толмағандарды жіберу тəртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде айқындалады.

11. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының əкімшілігі:

1) кəмелетке толмағандарды ұстаудың арнаулы жағдайларын қамтамасыз етеді, бұған ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының аумағын күзету, тəрбиеленушілердің жеке қауіпсіздігі жəне олардың теріс əсерден барынша қорғалуы, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының аумағына бөгде адамдардың еркін кіруін жəне одан тəрбиеленушілердің өз бетінше кетіп қалуын шектеу, кəмелетке толмағандарды тəулік бойы, оның ішінде ұйқыға бөлінген уақытта байқау жəне бақылау, кəмелетке толмағандарды, олардың заттары мен ұйықтайтын үй-жайларын жеке қарап-тексеруді жүргізу кіреді;

2) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының орналасқан жері бойынша жəне кəмелетке толмағандардың тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына олардың өз бетінше кетіп қалуы фактілері туралы хабар береді жəне оларды іздестіру мен қайтаруға тікелей қатысады;

3) кəмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында орта білім алуын қамтамасыз етеді;

4) кəмелетке толмаған баланың тұрғылықты жері бойынша кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға, ішкі істер органдарына ұйымда болу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын оның ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымынан шығуы туралы хабархатты, сондай-ақ кəмелетке толмаған балаға мінездемені жəне онымен алдағы уақытта жеке профилактикалық жұмыс жүргізу жəне оның жұмысқа орналасуы мен тұрмыстық жағдайын жасауға жəрдемдесу қажеттігі туралы ұсынымдарды жібереді.

12. Кəмелетке толмаған бала тұрғылықты жері бойынша келгеннен кейін жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде кəмелетке толмағандардың істері жəне олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына оңалту жоспарын жасай отырып, оны алдағы уақытта одан əрі оқыту, жұмыспен қамту мəселесін шығаруға міндетті.

13. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында ұстау мен оқытуға кедергі келтіретін аурулары бар кəмелетке толмағандарды көрсетілген ұйымдарға орналастыруға болмайды. Мұндай аурулардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

14. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарын құру, олардың қызметін ұйымдастыру тəртібі жəне оларда кəмелетке толмағандарды ұстау жағдайлары білім беру саласындағы уəкілетті орган бекіткен осы ұйымдар туралы ережеде айқындалады.

15. Жергілікті атқарушы органдар ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру жəне тарату туралы шешімді білім беру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша қабылдайды.

 

82-бап. Профилактикалық есепте тұрған кəмелетке толмағандарға құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шараларды қолдану ерекшеліктері

1. Профилактикалық есепте тұратын кəмелетке толмағандарға қолданылатын құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шаралар оларды əлеуметтік оңалтуға, мінез-құлқын түзетуге жəне қайталап құқық бұзушылық жасауды болғызбауға бағытталған.

2. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы жөніндегі шаралар мынадай:

1) кəмелетке толмағандарды əлеуметтік интеграциялауға, олардың əлеуметтік дағдыларын дамытуға жəне кəсіптік бағдарлануына бағытталған əлеуметтік бейімдеу жəне оңалту жөніндегі бағдарламаларға қатысу;

2) мінез-құлықты түзету, жанжалдың жағдайларды еңсеру жəне эмоцияларды басқару дағдыларын дамыту үшін психологиялық қолдау, консультациялар, психологпен жеке немесе топтық сабақтар;