Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 12 қарашадағы
№ 695 бұйрығына 7-қосымша
Нысанға қосымша
«Корпоративтік табыс салығы және үстеме пайда салығы бойынша декларация»
(150.00 нысан) салықтық есептілік нысанын толтыру бойынша
түсініктеме
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Корпоративтік табыс салығы және үстеме пайда салығы бойынша декларация» (150.00 нысан) салықтық есептілік нысаны (бұдан әрі - Ереже) корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі - КТС) және үстеме пайда салығын (бұдан әрі - ҮПС) есептеуге арналған және оны жер қойнауын пайдалану шарты шеңберінде қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілер (бұдан әрі - жер қойнауын пайдаланушылар) толтырады, келесі жағдайларды қоспағанда:
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 755-бабы 1-тармағында (бұдан әрі - Салық кодексі) көрсетілген жер қойнауын пайдаланушылар;
тек қана кең таралған пайдалы қазбаларды, Салық кодексінің 781-бабы 1-тармағының 1) тармақшасындағы кестенің 13-жолында көрсетілген бейметалл қатты пайдалы қазбаларды, жерасты суларын, емдік балшықтарды барлау және (немесе) өндірумен, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдаланумен айналысатын жер қойнауын пайдаланушылар.
2. Осы нысан 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
3. Декларация декларацияның өзінен (150.00 нысан) және оған қоса берілетін қосымшалардан (150.01-ден 150.14-ке дейінгі нысандар) тұрады, олар салықтық міндеттемені есептеу туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған.
4. Декларацияны толтыру кезінде түзетулерге, өшірулерге және қателерге жол берілмейді.
5. Егер тиісті көрсеткіштер болмаса, декларацияның сәйкес ұяшықтары толтырылмайды.