«Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 992 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 2 тамыздағы № 529 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 992 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12880 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде 2016 жылғы 18 ақпанда № 32 (28760) болып жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларындағы:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттарды қабылдауды, қарауды және беруді Астана, Алматы қалаларының және облыстардың ішкі істер департаменттерінің (бұдан әрі - ІІД) көші-қон қызметі басқармалары, аудандық, қалалық ішкі істер бөлімдері (бұдан әрі - ҚАІІб) және Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - ІІМ) өкілдігі жүргізеді.»;
9, 10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Қазақстан Республикасында тұрақты тұру визасымен уақытша болатын не Қазақстан Республикасымен кірудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, этникалық қазақтар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат (бұдан әрі - рұқсат) алу үшін ішкі істер органдарына өтініш береді.