Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және алып тастау негіздерін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2022 жылғы 7 қазандағы № 417 бұйрығы
Осы редакция 2023 жылғы 26 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және алып тастау негіздері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.