«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

3. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламада көрсетілген бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, осы Кодекстің 50-бабына сәйкес рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру түріндегі жедел ден қою шаралары қолданылады.

Рұқсаттан және (немесе) рұқсатқа қосымшадан айыру (оны кері қайтарып алу) осы Кодекстің 50-бабына сәйкес рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру түріндегі жедел ден қою шарасының орындалмағаны үшін жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптары бір жыл ішінде екі және одан көп рет бұзылған жағдайда бақылау және қадағалау субъектісіне осы Кодекстің 50-бабына сәйкес рұқсаттан және (немесе) рұқсатқа қосымшадан айыру (оны кері қайтарып алу) түріндегі жедел ден қою шарасы қолданылады.

4. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама және жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы автоматтандырылған тізілім арқылы автоматты режимде қалыптастырылады және «цифрлық үкімет» веб-порталындағы және құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласындағы цифрлық жүйедегі пайдаланушының жеке кабинеттеріне жіберіледі.

 

52-бап. Автоматтандырылған тізілім

1. Автоматтандырылған тізілімге сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке, заңды тұлғалар туралы мәліметтер мен деректер енгізіледі.

2. Автоматтандырылған тізілімді жүргізу тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

 

53-бап. Авторлық сүйемелдеу

1. Авторлық сүйемелдеуді осы Кодекстің 133-бабының 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, барлық құрылыс объектісінде құрылыс жобаларының авторы (авторлары) жүзеге асырады.

2. Құрылыс барысында жүргізілетін авторлық сүйемелдеу сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде инжинирингтік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес және шарт негізінде жүзеге асырылады.

Авторлық сүйемелдеу міндетті түрде құрылыс объектісін салудың (реконструкциялаудың, реставрациялаудың, кеңейтудің, техникалық қайта жарақтандырудың, жаңғыртудың, күрделі жөндеудің) не оны консервациялаудың бүкіл кезеңі ішінде мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес жобалау-сметалық құжаттамада көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлға құрылыс аяқталған кезде тапсырыс берушіге орындалған жұмыстардың бекітілген құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытынды береді.

3. Құрылыс жобасының авторы (авторлары) құрылысқа авторлық сүйемелдеу жүргізуді (жүзеге асыруды):

1) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына арналған сертификаты бар маманға (жұмыскерге);

2) инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына арналған тиісті сертификаты бар, авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыру бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтер ұсынушы өз бетінше таңдау үшін тапсырыс берушіге беруге құқылы.

4. Авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалардың:

1) салынып жатқан тиісті құрылыс объектісіне еркін кіруге;

2) салынып жатқан құрылыс объектісіне қатысы бар құжаттамамен танысуға;

3) тапсырыс беруші мен мердігерден (бас мердігерден) бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы және мемлекеттік нормативтік құжаттар талаптарының мүлтіксіз сақталуын талап етуге;

4) тапсырыс берушінің, мердігердің (бас мердігердің) құрылыс барысында жол берген мемлекеттік нормативтік құжаттарды бұзушылықтарды және (немесе) бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдерінен ауытқуларды міндетті түрде жоюы туралы жазбаша нұсқаулар беруге құқығы бар.

5. Авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар:

1) бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдерінің құрылыс барысында нақты орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;

2) авторлық сүйемелдеу журналын тұрақты және тиісінше жүргізуді жүзеге асыруға;

3) авторлық сүйемелдеу журналына енгізілген өз нұсқауларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

4) мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жасырын жұмыстардың негізгі түрлерін куәландыру және жауапты конструкцияларды аралық қабылдап алу актілерін ресімдеуге және оларға қол қоюға қатысуға;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құрылыс жобасына негізделген өзгерістер енгізу жөніндегі шешімдерді уақтылы қабылдауға;

6) мердігер (бас мердігер) нұсқауды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда бұл туралы тапсырыс берушінің не оның уәкілетті адамының назарына жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органды хабардар етуге;

7) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне қосымшаларды толтыруға;

8) құрылыс жобасын, сондай-ақ тиісті құрылыс жобаларының сараптама қорытындыларын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға танысу үшін ұсынуға міндетті.

 

54-бап. Техникалық қадағалау

1. Осы Кодекстің 121-бабында және 133-бабының 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, барлық құрылыс объектісінде техникалық қадағалау міндетті түрде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде инжинирингтік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Құрылыс объектісін салу аяқталған кезде техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органымен келісілген құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды береді.

Құрылыс объектісіне бару жоспар-графигі ұсынылмаған жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылыс объектісінің пайдалануға әзірлігін анықтау бойынша құрылыс объектісіне кіруін қамтамасыз етеді.

2. Тапсырыс беруші техникалық қадағалауды өз бетінше немесе аккредиттелген заңды тұлғаны не техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік қызметтер көрсетуге арналған сертификаты бар маманды тарта отырып, құрылыс жобасында көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырады.

3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (тапсырыс берушілер) мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс жобаларының іске асырылуына техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін инжинирингтік қызметтер көрсетуге арналған тиісті сертификаты бар, нарықта жұмыс істейтін мамандарды тартуға құқылы.

4. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың:

1) салынып жатқан тиісті құрылыс объектісіне еркін кіруге;

2) салынып жатқан құрылыс объектісіне қатысы бар құжаттамамен танысуға;

3) мердігерден (бас мердігерден) бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдері мен есеп-қисаптардың, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің технологиялық процесін айқындайтын ұйымдастырушылық-технологиялық құжаттар талаптарының мүлтіксіз сақталуын талап етуге;

4) нұсқауларды белгіленген мерзімдерде орындау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру құқығымен, мердігер (бас мердігер) құрылыс барысында жол берген мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарды бұзушылықтарды, бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдерінен және (немесе) ұйымдастырушылық-технологиялық құжаттардың талаптарынан ауытқуларды міндетті түрде жоюы туралы жазбаша нұсқауларды беруге;

5) орындалған жұмыстарды қабылдап алу кезінде оларға ақы төлеу үшін, қажет болған жағдайда, меншік немесе жалға алу құқығындағы аккредиттелген сынақ зертханасының (орталығының) орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына, олардың көлеміне, қолданылатын материалдарға, бұйымдарға, конструкциялар мен жабдыққа сынақ жүргізуге құқығы бар.

5. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар:

1) мердігердің (бас мердігердің) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің технологиялық процесін айқындайтын мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың, ұйымдастырушылық-технологиялық құжаттардың талаптарын сақтауын қадағалауды қамтамасыз етуге;

2) күнделікті (үздіксіз) негізде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуге;

3) техникалық қадағалау журналын тұрақты және тиісінше жүргізуді жүзеге асыруға;

4) мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жасырын жұмыстарды куәландыру және жауапты конструкцияларды аралық қабылдап алу актілерін ресімдеуге және оларға қол қоюға қатысуға;

5) ай сайынғы негізде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға құрылыстың жай-күйі мен барысы туралы есеп ұсынуға;

6) мердігер (бас мердігер) нұсқауды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда бұл туралы тапсырыс берушінің назарына жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға хабар беруге;

7) техникалық қадағалау журналына енгізілген өз нұсқауларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;

8) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға құрылыс жобасын, сондай-ақ тиісті құрылыс жобаларының сараптама қорытындыларын танысу үшін ұсынуға міндетті.

6. Жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі объектілерде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде жол берілген бұзушылықтар үшін техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді орындайтын аккредиттелген заңды тұлға жауаптылыққа тартылады.

Осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген объектілерде жол берілген бұзушылықтар үшін техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді орындайтын тұлға жауаптылыққа тартылады.

7. Жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі объектілерде техникалық қадағалауды құрамында жауапкершіліктің тиісті деңгейін техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік қызметтер көрсетуге арналған сертификатына ие кемінде үш жұмыскері бар аккредиттелген заңды тұлғалар жүргізуге тиіс.

Техникалық қадағалау сертификаты бар мамандар осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген объектілерде қызметті жүзеге асырады.

8. Техникалық қадағалауды жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыру кезінде мамандар мен аккредиттелген заңды тұлғалардың меншік немесе жалға алу құқығында өлшеу және бақылау құралдары, нормативтік құжаттама және меншік құқығындағы не тартылған аккредиттелген сынақ зертханасы (орталығы) болуы міндетті.

 

55-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялау

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жекелеген қызмет түрлері осы Кодекске және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

2. Жобалау қызметін (жобалауды) және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғалар мынадай санаттарға бөлінеді:

I санат - осы тармақта көрсетілген қызметті қолда бар лицензия шеңберінде жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі құрылыс объектілерінде жүзеге асырады;

II санат - осы тармақта көрсетілген қызметті жауапкершіліктің екінші және үшінші деңгейіндегі құрылыс объектілерінде, сондай-ақ қосалқы мердігерлік шарттары бойынша қолда бар лицензия шеңберінде жауапкершіліктің бірінші деңгейіндегі құрылыс объектілерінде жұмыстарды жүзеге асырады;

III санат - осы тармақта көрсетілген қызметті жауапкершіліктің үшінші деңгейіндегі құрылыс объектілерінде, сондай-ақ қосалқы мердігерлік шарттары бойынша қолда бар лицензия шеңберінде жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі құрылыс объектілерінде жұмыстарды жүзеге асырады.

Жеке және заңды тұлғаларды белгілі бір санатқа жатқызуды лицензиар іздестіру қызметіне, жобалау қызметіне (жобалауға) және құрылыс-монтаждау жұмыстарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес лицензия беру кезінде жүзеге асырады және лицензияны қолданудың ерекше шарттарында көрсетіледі.

3. Жобалау қызметіне (жобалауға), іздестіру қызметіне және құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған лицензия алуға өтініш берген өтініш берушілердің және осы қызмет түрлерін жүзеге асыратын лицензиаттардың құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сертификаттаудан өткен мамандар болуға тиіс.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сертификаттаудан өткен мамандардың ұқсас қызмет түрлерін жүзеге асыратын басқа ұйымдарда қоса атқаратын жұмыс істеуіне жол берілмейді.

4. Өндірушілердің не тиісті біліктілігін және (немесе) өкілеттігін растайтын құжаттамаға сәйкес өзге де тұлғалардың технологиялық жабдықты және (немесе) материалдарды монтаждауы, іске қосу-баптау жұмыстары «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиясыз жүзеге асырылады.

5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензия және (немесе) лицензияға қосымша «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен, сондай-ақ лицензиат заңды тұлға құрылтайшыларының құрамы өзгерген кезде қайта ресімделуге жатады.

7. Лицензиат заңды тұлғаның құрылтайшылары құрамының өзгеруіне байланысты лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу кезінде лицензиар өтініш берушінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін тексереді.

 

56-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аккредиттеу

Мынадай:

техникалық қадағалауды жүргізу жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді;

жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі объектілерде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптама жұмыстарын;

жобаларды басқару бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді;

құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүзеге асыру бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын заңды тұлғалар аккредиттелуге жатады.

 

57-бап 2028 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

57-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау

1. Сертификаттаудан өтуге үміткер кандидаттың сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кәсіптік стандарттар талаптарына сәйкестігін бағалау мақсатында сертификаттау орталығы жүргізетін рәсім сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау болып танылады. Сертификаттау қорытындысы бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген үлгідегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификаты беріледі.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандары (сарапшылары) сертификаттауға жататын мамандар (сарапшылар) кәсіптерінің тізбесін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес келетін және өзінің кәсіптік біліктілігін тану үшін сертификаттау орталығына жүгінген жеке тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) ретінде сертификаттаудан өтуге үміткер кандидат болып табылады.

3. Маманды (сарапшыны) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы кәсіптік біліктіліктерге сәйкес келеді деп тану рәсімі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау үшін жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі нысанындағы заңды тұлға сертификаттау орталығы болып танылады.

Мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау құқығына арналған конкурстың танылған жеңімпазымен шарт жасасуды және оның орындалуын бақылауды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

Мамандарды (сарапшыларды) сертификаттаудан өткізу құқығына арналған шарттың қолданылу мерзімі үш жылды құрайды.

Сертификаттау орталықтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің әрбір жеке бағыты бойынша құрылады.

5. Сертификаттау рәсімінен өткені туралы куәландыратын және кәсіптік біліктілігін растайтын белгіленген үлгідегі құжат сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификаты болып танылады.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификаты сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) тізіліміне енгізіледі.

6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификатының қолданысы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы кәсіптер тізбесіне қарай бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды.

Мынадай негіздердің бірі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификатының қолданысын тоқтату болып табылады:

1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы талаптардың сақталмауы;

2) қолда бар сертификат шеңберінде екі жыл бойы үздіксіз практикалық қызметтің жүзеге асырылмауы;

3) сертификат иесінің сертификаттың қолданысын тоқтату туралы ерікті түрде жүгінуі;

4) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасын және мемлекеттік нормативтік құжаттарды бұзу фактісінің расталуы.

Осы тармақтың екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздерді қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификатының қолданысы тоқтатылған жағдайда сертификаттың қолданысы тоқтатылған кезден бастап екі жыл өткен соң сертификатты қайта алуға болады.

7. Сертификаттау нәтижелерімен келіспеген кандидат үш жұмыс күні ішінде сертификаттау нәтижесіне сертификаттау орталығының апелляциялық комиссиясына шағым жасауға құқылы.

Сертификаттау орталығының апелляциялық комиссиясы осы жолданымды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша сертификаттау орталығы бекітетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы кәсіптік білімді бағалау туралы қағидаларға сәйкес қарайды.

Сертификаттау орталығының апелляциялық комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда кандидат сотқа жүгінуге құқылы.

 

58-бап 2028 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

58-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттауға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

1. Сертификаттау орталығы:

1) мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу арқылы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттауға байланысты нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмысқа қатысуға;

2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

2. Сертификаттау орталығы:

1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттаудан өткізуге;

2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) тізіліміне деректерді енгізе отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификатын беруге;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) қызметін ішкі бақылау (мониторингтеу) тәртібін әзірлеуге және бекітуге;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) үшін біліктілікті арттыру графигін бекітуге;

5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) анықталған бұзушылықтары туралы мәліметтерді бұзушылықтар анықталған кезден бастап сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) тізіліміне енгізуге және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органды хабардар етуге;

6) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасын жол берілген бұзушылықтар үшін сертификатталған маманға (сарапшыға) шаралар қолдануға, оның ішінде сертификаттың қолданысын тоқтатуға;

7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) қызметін мониторингтеуді жүзеге асыруға;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

3. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы):

1) өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сертификаттау орталығына жүгінуге;

2) сертификаттау және мониторингтеу нәтижелеріне шағым жасауға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы):

1) біліктілікті арттырудан өтуге;

2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді сақтауға міндетті.

 

59-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару

1. Жобаны басқаруды ұйымдастыру үшін тапсырыс беруші (инвестор) жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаны тартуға құқылы.

Жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаны тапсырыс беруші (инвестор) құрылыс объектісін құру кезеңінің кез келген сатысында тарта алады.

2. Жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтерді көрсету тәртібін және аккредиттелген заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

3. Мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтерді көрсетуге арналған шығындарды есептеу мемлекеттік нормативтік құжаттарда айқындалған тәртіппен орындалады.

Инвестициялардың өзге түрлері есебінен қаржыландырылатын жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтерді көрсетуге арналған шығындарды есептеу кезінде мемлекеттік нормативтік құжаттар ұсынымдық сипатта болады.

4. Жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлға техникалық қадағалауды дербес немесе техникалық қадағалауды жүргізу жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаны тарта отырып жүргізеді.