«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

5. Жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру кезінде:

1) тапсырыс берушімен (инвестормен) жасалған шартта ескерілген, жобаларды табысты іске асыру және мердігерлік шарттарды орындау үшін қажетті инжинирингтік қызметтерді көрсету;

2) техникалық шарттар мен атқарушылық геодезиялық түсірілімдердің уақтылы және дұрыс ресімделуін қамтамасыз ету;

3) мердігерлік конкурстардың (тендерлердің) ұйымдастырушысы болу, техникалық тапсырмаларды әзірлеу, қатысушылардың біліктілігін айқындау және олардың ұсыныстарын бағалау;

4) мердігерлермен - жобалауға және жабдықтар мен құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын берушілермен құрылыс салуға арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ету;

5) мердігерлік шартты іске асыруға қатысты туындаған немесе туындауы мүмкін проблемалар туралы тапсырыс берушіге (инвесторға) хабар беруге;

6) жасалған шарттарға сәйкес құрылыс объектілерін жобалауды, салуды және пайдалануға беруді жоспарлау мен бақылау жөніндегі қызметті қамтамасыз ету;

7) ай сайынғы негізде тапсырыс берушіге және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарға жобалық тәуекелдер, құрылыстың аяқталу жоспарлары мен барысы туралы есепті ұсыну;

8) авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын адамдар қатысқан кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құрылыс жобасына негізделген өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы шешімдерді уақтылы қабылдау;

9) мердігер (бас мердігер) міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда бұл туралы тапсырыс берушінің назарына жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға хабар беру қажет.

 

60-бап. Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау

1. Құрылыс объектілерін, оның ішінде автомобиль жолдарын салу кезінде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жүзеге асырылады.

2. Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды тапсырыс беруші жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыруға аккредиттелген заңды тұлғаларды және ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру құқығына арналған маман сертификаты бар жеке тұлғаларды тарта отырып, шарт негізінде жүзеге асырады.

3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (тапсырыс берушілер) мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру үшін жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейлеріндегі объектілерде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін аккредиттелген заңды тұлғаларды тартуға құқылы.

4. Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын зерттеп-қарау кезінде техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіге сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұсынымдарды көрсете отырып, ғимараттар мен құрылысжайлардың жай-күйі туралы қорытынды береді.

5. Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі объектілерде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптама жұмыстарын жүзеге асыруға аккредиттелген және құрамында жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі объектілерде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптама жұмыстарын жүзеге асыру құқығына арналған сертификаты бар кемінде үш маман, сондай-ақ жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі объектілерде қызметін жүзеге асыратын, «конструкциялық бөлік» мамандануы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасы жөніндегі сертификаты бар бір маман (сарапшы), инженер-геодезист бар заңды тұлғалар жүргізуге тиіс.

Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру құқығына арналған маман сертификаты бар жеке тұлғалар жауапкершіліктің үшінші деңгейіндегі құрылыс объектілерінде техникалық зерттеп-қарауды жеке жүзеге асырады.

Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың меншік немесе жалға алу құқығында әкімшілік-өндірістік базасы, салыстырып тексеру есеп-қисаптарын орындау үшін лицензиялық бағдарламалық қамтылыммен жарақтандырылған компьютерлері, өлшеу және бақылау құралдары, нормативтік құжаттамасы және аккредиттелген сынақ зертханасы (орталығы) (тартылған) болуы міндетті.

6. Жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі объектілерде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыруға заңды тұлғаларды аккредиттеуді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

7. Жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі объектілерде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау:

1) жауапты (тіреу) элементтері мен қосылуларда бұзылу қаупін тудыратын ақаулар мен бүлінулер, қолданылған құрылыс материалдарының, бұйымдарының, конструкцияларының сапалық көрсеткіштерінің сәйкес келмеуі анықталған;

2) өрт және төтенше жағдайлар салдары;

3) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жою туралы актілер берілген;

4) ғимараттар мен құрылысжайлардың конструктивтік схемасын, өндіріс технологиясын өзгертуге байланысты құрылыс жобасы түзетілген;

5) ғимаратты немесе құрылысжайды пайдаланудың нормативтік мерзімдері өтіп кеткен;

6) күрделі жөндеудің немесе реконструкциялаудың экономикалық тұрғыдан орындылығы айқындалған;

7) нормаланатын табиғи-климаттық әсер ету (қардың, желдің әсері) ұлғайған;

8) құрылыс объектілерін техникалық пайдалану кезінде (тұрақты) техникалық байқаудың белгіленген мерзімдері басталған;

9) құрылысы аяқталмаған объектілер алты айдан астам мерзімге консервацияланған не тоқтатыла тұрған;

10) құрылыс объектісі кеңейтілген, жаңғыртылған, реконструкцияланған, техникалық қайта жарақтандырылған, реставрацияланған, күрделі жөнделген және оның нысаналы мақсаты өзгерген жағдайларда жүргізіледі.

8. Осы баптың 5-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру кезінде:

1) техникалық зерттеп - қарау жөніндегі тиісті жұмыстарды орындау үшін салынып жатқан немесе салынған құрылыс объектісіне еркін кіруге;

2) тапсырыс берушіден техникалық зерттеп-қарау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қажетті барлық құжаттаманы алуға;

3) техникалық зерттеп-қарауды жүргізу үшін қажетті барлық жұмыстарды орындауға құқығы бар.

9. Осы баптың 5-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдар ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру кезінде:

1) мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыруға;

2) орындалатын зерттеп-қарау түрлерінің нормативтік талаптарына сәйкес техникалық зерттеп-қарау жөніндегі жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуге;

3) техникалық зерттеп-қарауды жүргізу кезінде аккредиттелген сынақ зертханасын (орталығын) тартуға (меншікті аккредиттелген сынақ зертханасы (орталығы) болмаған жағдайда);

4) өлшеу құралдарын салыстырып тексеру әдістемесіне сәйкес салыстырып тексерілген сынау, өлшеу және бақылау құралдарын қолдануға;

5) ғимараттар мен құрылысжайлардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйі негізінде салыстырып тексеру есеп-қисаптарын орындауға міндетті.

10. Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүргізу кезінде ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру құқығына арналған сертификаты бар мамандарға осы құрылыс объектісінде қолданылатын қауіпсіздік техникасының арнаулы қағидалары туралы нұсқау берілуге тиіс.

11. Ғимараттар мен құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру құқығына арналған сертификаты бар маман жүргізілетін зерттеп-қараулардың сапасы, шығарылатын шешімдердің дұрыстығы және әзірленген ұсынымдардың толықтығы үшін жауапты болады. Осы баптың 5-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдар берген ұсынымдар техникалық зерттеп-қарау жүргізу қорытындылары бойынша ғимараттар мен құрылысжайлардың және олардың элементтерінің сенімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз етуге тиіс.

12. Ғимараттар мен құрылысжайлардың жай-күйі туралы қорытындыда санамаланған барлық тұжырымдар тапсырыс берушінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

13. Тапсырыс беруші бастапқы материалдардың, техникалық зерттеп-қарауды жүргізу үшін осы баптың 5-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде аталған тұлғаларға ұсынылған архивтік материалдардың анықтығына жауапты болады.

 

 

7-тарау. СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТІН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ

 

61-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелері

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелері сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің қызметін ақпараттық сүйемелдеу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы процестерді цифрландырудың, сондай-ақ ақпаратты қалыптастыру мен алмасудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін құрылады.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелері осы Кодекстің 114-бабына сәйкес мемлекеттік сараптама ұйымының порталы алаңында «бір терезе» қағидаты бойынша интеграциялануға және жұмыс істеуге тиіс.

3. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелерін «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізу тәртібін, оның ішінде оларды қолданудың міндеттілігін, олардың негізгі функцияларын және олардың арасында деректер алмасуды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

61-бабы 3-тармағының екінші бөлігі 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

Бұл ретте уәкілетті орган цифрландыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелерінің функционалына мүдделі тұлғалардың өтеусіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.

4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелері өзге де мемлекеттік цифрлық жүйелермен, «цифрлық үкіметтің» цифрлық объектілерімен, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік функцияларды іске асыруы немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыруы үшін олардың цифрлық жүйелерімен интеграциялау шеңберінде деректер алмасуды қамтамасыз етеді.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін сүйемелдеудің мемлекеттік цифрлық жүйелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес цифрлық жүйелермен интеграциялануға (қажет болған кезде) тиіс.

5. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесін цифрлық объектілермен интеграциялау және олардың арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасында пайдаланылатын деректерді берудің стандартты хаттамалары негізінде жүзеге асырылады.

 

62-бап. Құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясы

1. Құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен, құру және пайдалану кезінде қолдану міндетті болып табылатын құрылыс объектілері түрлерінің тізбесіне сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде қолданылады.

2. Құрылыс объектісінің пайдаланылу циклінің кезеңдерінде цифрлық модельдердің құрамына қойылатын талаптарды қоса алғанда, құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясын қолдана отырып, құрылыс объектісі туралы ақпаратты басқару процесіне қойылатын талаптар мемлекеттік нормативтік құжаттарда айқындалады.

 

 

3-БӨЛІМ. СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ

 

8-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ КАДАСТРЫ

 

63-бап. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының нысанасы мен мақсаты

1. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры қала құрылысы регламенттерін, бұрыннан бар және жоспарланатын, жобаланатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері, аумақтар мен елді мекендерді қала құрылысына жоспарлау мен оларда құрылыс салу туралы картографиялық, статистикалық және мәтіндік ақпаратты қамтитын сандық және сапалық көрсеткіштер туралы мәліметтерді қамтиды.

2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры мынадай деңгейлер бойынша бөлінеді:

1) республикалық;

2) облыстық;

3) аудандық;

4) базалық (республикалық маңызы бар қалаларды және астананы қоса алғанда, елді мекендер).

3. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтері мемлекеттік цифрлық ресурс болып табылады.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мемлекеттік цифрлық ресурсында жалпыға бірдей қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі дерекқорларды қамтитын мәліметтер қамтылады.

 

64-бап. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры

1. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілері жөніндегі ақпаратты және (немесе) мәліметтерді жинаудың, өңдеудің, есепке алудың, тіркеудің, енгізудің (толықтырудың), түгендеудің, сақтаудың және берудің бірыңғай жүйесі бойынша жүргізіледі.

2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаны монополияға қарсы органмен келісу бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.

3. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпаратын және (немесе) мәліметтерін жинау, өңдеу, есепке алу, тіркеу, енгізу (толықтыру), түгендеу, сақтау және беру жерді қашықтан зондтау, жерүсті түсірілімдері және байқаулар, инженерлік коммуникацияларды түгендеу әдістері, қор деректерін, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау кезінде алынған ақпаратты пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне белгіленген тәртіппен бекітіліп берілетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің бұрыннан бар, салынып жатқан және жобаланатын объектілері мемлекеттік қала құрылысы кадастрының есептік бірліктері болып табылады.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің әрбір объектісі үшін оның нақты орналасқан жерін (жер учаскесінің кадастрлық нөмірін (бар болса), алаңын, масштабын, координаттар жүйесін) айқындауға мүмкіндік беретін кеңістіктік байланыс тіркеп-белгіленеді.

5. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу бойынша тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесін монополияға қарсы органмен келісу бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу бойынша тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлеріне бағаны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік монополия субъектісі белгілейді.

 

65-бап. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтерін есепке алу және жаңартып отыру

1. Мыналар мемлекеттік қала құрылысы кадастрын есепке алу, тіркеу және жаңартып отыру үшін бастапқы ақпарат (мәліметтер) көзі болып табылады:

1) орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар;

2) мемлекеттік сараптама ұйымы және сараптама ұйымдары;

3) жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсететін табиғи монополия, квазимемлекеттік сектор субъектілері;

4) жобалау алдындағы құжаттама мен жобалау құжаттамасын, топографиялық және атқарушылық геодезиялық түсірілімдерді ұсынатын тапсырыс берушілер;

5) жер, су кадастрлары мен басқа да салалық кадастрлардың, тіркелімдердің және өзге де цифрлық объектілердің деректері.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базалық субъектілері сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер беру қағидаларына сәйкес айқындалады.

2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне ақпарат және (немесе) мәліметтер беру деректерінің форматы мен құрылымы сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі нормативтік құжатта белгіленеді.

3. Жобалау алдындағы құжаттаманы және жобалау құжаттамасын мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде есепке алуды және тіркеуді, оның ішінде инженерлік-геодезиялық ізденістер материалдарын (жобалау құжаттамасының топографиялық түсірілімдерін және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу сатысындағы атқарушылық геодезиялық түсірілімдерді) қала құрылысы қызметінің цифрлық негізін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкестігі тұрғысынан қарауды және тіркеуді жеке және заңды тұлғалар ақылы негізде жүзеге асырады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген материалдарды мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеуге арналған шығындар мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларына сәйкес айқындалады.

Мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметтерді көрсететін ұйымдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсететін ұйымдардың мемлекеттік қала құрылысы кадастрына мәліметтер енгізуі осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

4. Жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсететін табиғи монополиялар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер беру қағидаларына сәйкес өз балансындағы инженерлік желілердің бос және қолжетімді қуаттарының, сыйымдылықтарының, орындарының, өткізу қабілеттерінің резерві, бар-жоғы туралы мәліметтерді мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне орналастырады және жаңартып отырады.

5. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдары мен табиғи монополиялар субъектілері табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосылуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттармен сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруге өтінішті қабылдауды, сондай-ақ оны қарау нәтижелерін «цифрлық үкімет» веб-порталының немесе мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінің көмегімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруді жүзеге асырады.

 

66-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мониторингтеу

1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мониторингтеу олардың пайдаланылу циклін қадағалап отыру жүйесін білдіреді.

2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мониторингтеу мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі.

3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде кезекші топографиялық жоспарды жүргізеді, оны жаңарту және өзгерту тұрақты негізде жүзеге асырылады.

4. Салынуы белгіленген құрылыс объектілері мен кешендерін мониторингтеуді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тұрақты негізде жүзеге асырады.

5. Құрылыс объектісін мониторингтеу мақсатында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде құрылыс объектісінің бірегей нөмірі қалыптастырылады.

Құрылыс объектісіне бірегей нөмір беру құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу, эскизді (эскиздік жобаны) келісу және құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу кезінде мемлекеттік қызметтер көрсету, бастапқы материалдарды беру кезеңінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы автоматты режимде жүзеге асырылады.

Құрылыс объектісіне бірегей нөмір беру тәртібі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі нормативтік құжатта белгіленеді.

 

67-бап. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтерін ұсыну және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпаратын пайдалану

1. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтерін ұсыну мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректері:

1) қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасын, оның ішінде қала құрылысы жобаларын әзірлеу және іске асыру;

2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін дамыту және өзгерту;

3) инвестициялық қызметті бағалау;

4) бастапқы материалдарды және рұқсат құжаттарын беру;

5) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау;

6) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес табиғи монополиялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсетуі;

7) әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерінің орналасуын мониторингтеу және есепке алу құралы ретінде қала құрылысына жоспарлау;

8) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысжайларын есепке қою және есептен шығару кезінде пайдалануға жатады.

3. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдаланады.

Мемлекеттік құпиялар мен өзге де шектеулерді қамтымайтын мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтері мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде ұсынылады. Мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті қызметтер көрсететін табиғи монополиялар, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ міндетті қызметтер көрсететін ұйымдарға мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мәліметтерін ұсыну осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер беру қағидаларында айқындалатын мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базалық субъектілері мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне енгізілген ақпараттың және (немесе) мәліметтердің сапасына, анықтығына және толықтығына жауапты болады.