«Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Предыдущая страница

10. Жобалауға арналған тапсырмаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына және өзге де бастапқы материалдарға сәйкес әзірленген жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келісуден, құрылыс жобасының ведомстводан тыс кешенді сараптамасынан және бекітуден өтеді.

Су объектісінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің аумағында құрылыс салу үшін әзірленген жобалау-сметалық құжаттама Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілуге жатады.

11. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабардар етуге міндетті.

Егер құрылыс-монтаждау жұмыстарын су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің аумағында жүргізу жоспарланса, жұмыстарды жүргізу шарттары Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілуге жатады.

Бұл ретте энергия беруші ұйымдардың өз желілеріне кәсіпкерлік субъектілерінің белгіленген қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларын технологиялық қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастағаны туралы хабардар етуі талап етілмейді.

12. Құрылыс процесі осы Кодекстің 6-тарауының нормаларына сәйкес сәулет-құрылыс бақылауымен және қадағалаумен сүйемелденеді.

13. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау мерзімдері бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада ескерілген мерзімнен аз болған жағдайларда мердігер (бас мердігер) құрылыс мердігерлігі шартында (сметада) көзделген тұрақты баға бойынша жұмыстарға ақы төлеу құқығын сақтайды.

14. Құрылыс объектісі осы Кодекстің 18-тарауының нормаларына сәйкес пайдалануға қабылдап алуға жатады.

Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың белгіленген тәртіппен бекітілген актісі ғимараттардың, құрылысжайлардың және (немесе) жаңадан салынған жылжымайтын мүлікке олардың құрамдастарының сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрдың цифрлық жүйесіне енгізу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін негіз болып табылады.

15. Жаңа құрылыс объектілерін салуға және құрылыс объектілерін өзгертуге қажетті құжаттарды ресімдеу мен берудің тәртібі, мерзімдері құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында белгіленеді.

16. Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуеайлақ жабдығының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығы мен жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал теріс әсерлері ескеріле отырып, ұшу қауіпсіздігінің талаптарын сақтау үшін әуеайлақ маңы аумағындағы құрылыс Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

 

121-бап. Техникалық тапсырыс берушінің «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларын іске асыру кезіндегі қызметі

1. Жауапкершіліктің бірінші және екінші деңгейіндегі техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерде «толық бітіріп берілетін» құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру үшін құрылыстың тапсырыс берушісі техникалық тапсырыс берушіні тартуға құқылы.

2. Техникалық тапсырыс беруші мердігер (бас мердігер) үшін тапсырыс беруші болады және ол мынадай функцияларды жүзеге асырады:

құрылыс жобасын іске асыруды жоспарлауға қатысады;

инженерлік ізденістер жөніндегі жұмыстарды орындайды;

жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді;

құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру үшін мердігерді (бас мердігерді) айқындайды және құрылыс мердігерлігі шартын жасасады не құрылыс-монтаждау жұмыстарын өз бетінше жүзеге асырады;

мердігерлерді (бас мердігерлерді) қажетті бастапқы материалдармен және құжаттамамен қамтамасыз етеді;

орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мен көлемін, инженерлік-техникалық жұмыскерлердің болуын, жобалау-сметалық құжаттамада көзделген материалдық-техникалық жарақтандырылуын бақылауды жүзеге асырады;

орындалған жұмыстарды қабылдайды;

атқарушылық-техникалық құжаттаманың жүргізілуін қамтамасыз етеді;

құрылыс объектісін пайдалануға беруді қамтамасыз етеді.

Техникалық тапсырыс берушінің қызметін жүзеге асыру тәртібі мен оған қойылатын талаптарды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

3. Техникалық тапсырыс беруші өз функцияларын тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

 

122-бап. Кепілдік мерзімі

1. Құрылыс объектілерінің кепілдік мерзімі осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне немесе шартқа сәйкес белгіленеді.

Өзге де барлық жағдайларда кепілдік мерзімі құрылыс объектісін пайдаланудың нормативтік мерзіміне қарай тапсырыс беруші мен мердігер (бас мердігер) арасында құрылысқа шарт жасасқан кезде белгіленеді, бірақ ғимараттардың тіреу конструкцияларына, жабыны мен сыртқы қабырғаларына (қасбеттеріне) берілетін он жылдан кем емес кепілдік мерзімін қоспағанда, құрылыс объектісі пайдалануға қабылдап алынған күннен бастап бес жылдан кем болмайды. Кепілдік мерзімінің бұл шегі қосалқы-көмекші мақсаттағы, жеке тұлғалардың жеке пайдалануына арналған уақытша құрылыстар мен құрылысжайларға қолданылмайды.

Осы тармақтың нормалары өндірушілер өзге кепілдік мерзімдерін көрсеткен құрылыс материалдары мен бұйымдарына, жабдығы мен конструкцияларына қолданылмайды.

2. Белгіленген кепілдік мерзімі ішінде анықталған сәйкессіздіктер мен бұзушылықтар бойынша жауаптылық оларды жою жөніндегі міндеттемелермен қоса мердігерге (бас мердігерге) жүктеледі.

3. Егер кепілдік мерзімі ішінде анықталған сәйкессіздіктер мен бұзушылықтар құрылыс объектісінің немесе оның бөліктерінің қалыпты тозуынан, құрылыс объектісін пайдалану және күтіп-ұстау қағидаларын сақтамаудан не құрылыс-монтаждау жұмыстарының мердігеріне (бас мердігерге) байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, онда соңғылары жауаптылықтан босатылады.

4. Кепілдік мерзімдеріне байланысты жауаптылық шаралары мен дәрежесі жөніндегі даулар мен өзара наразылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

 

123-бап. Құрылыс сапасы

1. Құрылыстың, құрылыс объектілерінің және құрылыс өнімдерінің тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды белгілейтін нормалар мен ережелер осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі және көлемдік, жазықтық және желілік құрылысжайлардың (құрылыстардың, ғимараттар мен олардың кешендерінің, коммуникациялардың) барлық түрлеріне, соның ішінде оларға жататын технологиялық және инженерлік жабдыққа, сондай-ақ оларды жобалау, салу, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын дайындау (өндіру) жөніндегі жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) барлық түрлеріне қолданылады.

2. Құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасы:

1) құрылыс өнімдеріне арналған техникалық регламенттерде және стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтау;

2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерін лицензиялау және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мамандарды сертификаттау;

3) құрылысқа салынатын инвестициялар негіздемелеріне сараптама жүргізу және жобалау-сметалық құжаттама;

4) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы, техникалық қадағалау және авторлық сүйемелдеу;

5) жобалау мен құрылыста пайдаланылатын өнімдерді, оның ішінде құрылыс өнімдерін стандарттау құжаттары;

6) сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеу, құрылыста пайдаланылатын өнімдерді, оның ішінде құрылыс өнімдерін сертификаттау, сондай-ақ жаңа өнімдерді, өндіріс тәсілдерін, құрылыстағы жарақтарды техникалық бағалау;

7) жобалау мен құрылыстағы метрологиялық қызмет;

8) құрылыс объектілерін пайдалануға беру мен қабылдап алуды ұйымдастыру;

9) құрылыс техникасы мен технологиясын жетілдіру;

10) құрылыс объектілерін паспорттауды жүргізу;

11) нормативтік сипаттамаларды қамтамасыз ету мақсатында пайдаланудағы не консервацияланған құрылыс объектілерінің және құрылысы аяқталмаған өзге де объектілердің жай-күйін зерттеп-қарау және байқау арқылы қамтамасыз етіледі.

3. Құрылыс объектілерін салудың (консервациялаудың) бүкіл кезеңі мен оларды пайдалану мерзімі ішінде меншік иелері (тапсырыс берушілер, иеленушілер), жалдаушылар (жалға алушылар), мердігер (бас мердігер) олардың сапасының мынадай негізгі сипаттамаларын:

1) жұмыстар жүргізу мен күтіп-ұстауды қоса алғанда, салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздігін;

2) еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігін;

3) жұмыс істеуінің орнықтылығы мен сенімділігін;

4) экологиялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.

Сапаның негізгі сипаттамаларын қамтамасыз ету инженерлік ізденістерге, жобалауға, құрылыс материалдарын, бұйымдарын, жабдықтарын және конструкцияларын дайындауға (өндіруге) және беруге, құрылысты салуға және құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялауға, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алуға, күтіп-ұстауға және пайдалануға, сондай-ақ оларды кейіннен кәдеге жаратуға қатысушы барлық субъектілердің міндеті болып табылады.

4. Сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тұлғалар, сараптама ұйымдары, құрылыс өнімін стандарттау және сертификаттау органдары, тапсырыс берушілер, ізденушілер, жобалаушылар, техникалық қадағалау, құрылыста пайдаланылатын өнімдерді, оның ішінде құрылыс өнімдерін дайындаушылар (өндірушілер) және берушілер, жұмыстарды жүргізушілер, құрылыс объектісінің немесе құрылыс өнімдерінің меншік иелері (пайдаланушылары, жалдаушылары, жалға алушылары) өз функцияларына сәйкес құрылыстың және құрылыс өнімдерінің сапасын қамтамасыз ететін субъектілер болып табылады.

 

124-бап. Құрылыс объектілерінің қауіпсіздігін және сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етудегі меншік иелерінің міндеттері

Меншік иелері құрылыс объектілерін пайдалану кезінде олардың қауіпсіздігін және тиісті сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтау мақсатында:

1) құрылыс объектісін қалпына келтіру, күшейту, қайта салу, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, түрлендіру, реставрациялау және кейіннен кәдеге жарату, сондай-ақ елді мекеннің сәулеттік келбетін және (немесе) құрылыс объектісінің қала құрылысы аспектілерін өзгерту жөніндегі жұмыстарды рұқсат беру рәсімдерінен өтудің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібіне, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, экологиялық және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес қана жүзеге асыруға;

2) пайдаланушылардың (жалдаушылардың, жалға алушылардың) құрылыс объектісін қиратуына және (немесе) бүлдіруіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауға;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес берілген шешімнің негізінде құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының кешенін жүргізуді ұйымдастыруға міндетті.

 

125-бап. Құрылыс объектілерінің сапалық сипаттамаларын қамтамасыз етудегі пайдаланушылардың (жалдаушылардың, жалға алушылардың) міндеттері

Пайдаланушылар (жалдаушылар, жалға алушылар) құрылыс объектілерін пайдалану кезінде олардың тиісті сапасын қамтамасыз ететін негізгі сипаттамаларын сақтау мақсатында:

1) құрылыс объектісін тұтас не оның жалға алынатын бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасында және жалдау (жалға алу) шартында белгіленген талаптарға сәйкес пайдалануға;

2) жалдау (жалға алу) шартына сәйкес пайдаланушыға (жалдаушыға, жалға алушыға) жүктелген құрылыс объектісін күтіп-ұстау мен жөндеу жөніндегі жұмыстарды уақтылы және тиісінше жүзеге асыруға;

3) құрылыс объектісін қалпына келтіру, күшейту, қайта салу, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, түрлендіру, реставрациялау, сондай-ақ елді мекеннің сәулеттік келбетін және (немесе) қала құрылысы аспектілерін өзгерту жөніндегі жұмыстарды құрылыс объектісі меншік иесінің келісімімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құрылыс, санитариялық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес қана жүзеге асыруға;

4) құрылыс объектісінің меншік иесін құрылыс объектісін пайдалану кезінде болған оның сипаттамаларындағы өзгерістер немесе техникалық авариялар туралы хабардар етуге міндетті.

 

 

16-тарау. СЕЙСМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДАҒЫ ЖОБАЛАУ МЕН ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

126-бап. Сейсмикалық белсенді аумақтарды сейсмикалық аймақтарға бөлу

1. Жер сілкінісінен болатын залалды азайту үшін сейсмикалық белсенді аумақтарды аумаққа құрылыс салуды жоспарлау үшін қажетті сейсмикалық аймақтарға бөлу жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының аумағындағы зерттеулердің міндеттеріне, объектісі мен ауқымына қарай Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес жалпы сейсмикалық аймақтарға бөлу, егжей-тегжейлі сейсмикалық аймақтарға бөлу және сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары әзірленеді, оларды сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары орындайды.

3. Сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін жергілікті атқарушы орган беретін бастапқы материалдардың ажырамас бөлігі болып табылады.

 

127-бап. Сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау

1. Сейсмикалық қауіп-қатер - аумақтың есептік сейсмикалық қауіптілігіне және құрылыс объектілерінің осалдығына сәйкес, болуы мүмкін жер сілкінісінің әлеуметтік-экономикалық залалының ықтималдығы.

2. Сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау жер сілкінісі салдарынан туындауы мүмкін адам шығынының, материалдық және өзге де шығындардың ғылыми болжамын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

3. Сейсмикалық қауіп-қатер карталары:

1) аумақтардың сейсмикалық осалдығын және ықтимал залалдың әлеуетін бағалаудың;

2) құрылыс объектілерінің орнықтылығын кешенді талдаудың;

3) жер сілкінісі кезіндегі адам шығыны мен экономикалық залалдарды болжаудың;

4) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өзге де деректердің негізінде жасалады.

4. Қазақстан Республикасының аумағындағы сейсмикалық қауіп-қатерді бағалауды мамандандырылған ғылыми-зерттеу ұйымдары жер сілкінісі салдарынан болуы мүмкін әлеуметтік-экономикалық залалды ықтимал бағалау туралы деректерді алу үшін орындайды.

5. Жер сілкінісінен болатын ықтимал салдарды азайту бағдарламалары сейсмикалық қауіп-қатер картасының негізінде әзірленеді.

 

128-бап. Құрылыс объектілерін паспорттау

1. Жергілікті атқарушы органдар құрылыс объектілерін паспорттаудың орындалуын қамтамасыз етеді.

2. Құрылыс объектісін паспорттау сейсмикалық қауіп-қатерлерді, құрылыс объектісінің сейсмикалық төзімділігін және конструкцияларының нақты жай-күйін ескере отырып, оның конструкциялық осалдығын бағалауды орындау үшін қажетті толық ақпарат алу мақсатында алдын ала көзбен шолып зерттеп-қарауды жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

3. Құрылыс объектісін паспорттауды сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сейсмикалық төзімді құрылыс саласындағы мамандандырылған ғылыми-зерттеу ұйымдары орындайды.

 

129-бап. Сейсмикалық қауіптілікті бағалау

1. Сейсмикалық қауіптілікті бағалау жер сілкінісінің туындау ықтималдығын, сондай-ақ құрылыс объектілерінің осалдығын айқындау (құрылыс объектілерін паспорттау) арқылы жүзеге асырылады.

2. Жауапкершіліктің бірінші деңгейіне жатқызылған құрылыс объектілерінде пайдалану процесінде динамикалық параметрлерді айқындау үшін инженерлік-сейсмометриялық станциялар орнатылады.

3. Сейсмикалық қауіптілікті бағалау жер бетіндегі тербелістердің қарқындылығын есептеу мен олардың туындау ықтималдығын бағалауды қамтиды.

 

 

17-тарау. ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

130-бап. Жеке тұрғын үй салуға қойылатын жалпы талаптар

1. Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, белгіленген құрылыс нормалары мен қағидаларын және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларды бұзбайтын және республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органымен келісілген жоба бойынша жеке тұрғын үй салуға құқылы.

2. Белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер учаскесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің және басқа да құрылыстардың көлемдерін тапсырыс беруші олардың сыртқы габариттері (оның ішінде биіктігі) осы құрылыстар, сондай-ақ шектес жер учаскелеріндегі құрылыстар арасындағы белгіленген міндетті нормативтік, санитариялық, өртке қарсы және техникалық арақашықтықты қамтамасыз еткен жағдайда өз бетінше айқындайды.

3. Жеке тұрғын үй салу тапсырыс берушінің өз қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылады.

4. Жеке тұрғын үйлер осы Кодекске сәйкес барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалғаннан және жеке тұрғын үй салуға бөлінген жер учаскесі абаттандырылғаннан кейін пайдалануға қабылдап алынады.

 

131-бап. Жеке тұрғын үй құрылысының аумағында әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерін салу мен пайдалануды қаржыландыру

1. Жеке тұрғын үй құрылысының аумағына қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерін салу мен пайдалануды қаржыландыру, сондай-ақ инженерлік жағынан қамтамасыз ету көздерін дамытуға арналған шығындар бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүргізіледі.

2. Жеке тұрғын үй құрылысының аумақтарын әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерімен инженерлік жағынан жайластыру, сондай-ақ бұл объектілерді пайдалану, жөндеу және реконструкциялау (жаңғырту) меншік иесінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 

 

18-тарау. ҚҰРЫЛЫС ОБЪЕКТІЛЕРІН ПАЙДАЛАНУҒА ҚАБЫЛДАП АЛУ

 

132-бап. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу және беру тәртібіне қойылатын жалпы талаптар

1. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі.

2. Тапсырыс беруші құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу мен беруді бекітілген құрылыс жобасына сәйкес ол толық әзір болған және сәйкестік туралы декларациясы, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және құрылыс объектісінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылары болған кезде жүргізеді.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органымен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісілуге тиіс.

Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың белгіленген мерзімі өткеннен кейін құрылыс объектісін күтіп-ұстау шығыстарын тапсырыс беруші көтереді.

Бұл ретте құрылыс объектісінің толық әзірлігі құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес айқындалады.

Осы Кодекстің 133-бабында көзделген жекелеген жағдайларда құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуды меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор) өз бетінше жүргізеді.

3. Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы бойынша аяқталған жол жұмыстарын пайдалануға қабылдап алуды автомобиль жолдары бойындағы талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысына тапсырыс беруші олар толық әзір болған кезде жүргізеді және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Құрылысы аяқталмаған құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу мен беруге рұқсат етілмейді.

5. Құрылысы аяқталмаған құрылыс объектілерін аяқталған құрылыс кезектері (оның ішінде іске қосу кешендері мен кезеңдері) бөлігінде пайдалануға беруге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат етіледі.

6. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісімен ресімделеді. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілуге тиіс.

Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісін бекітуді тапсырыс беруші жүргізеді. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне қол қойылған күн оның бекітілген күні және құрылыс объектісінің пайдалануға берілген күні болып есептеледі.

7. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне сәйкестік туралы декларацияның және орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негізінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер), жобаны басқаруды, техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар қол қояды.

Құрылыс объектісі бұзушылықтармен және (немесе) кемшіліктерімен (ақауларымен және шалағайлықтарымен) пайдалануға қабылдап алынған жағдайда құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

8. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуға қатысушылардың міндеттеріне мыналар кіреді:

1) құрылыс объектісінің пайдалануға әзірлігін анықтау және құжаттамалық растау;

2) орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының және монтаждалған технологиялық, инженерлік немесе өзге де жабдықтың белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға, нормативтік талаптарға (шарттарға, шектеулерге) сәйкестігін бағалау;

3) құрылыс объектісінің қолданысқа енгізілетін қуатының (сыйымдылығының, өткізу қабілетінің) құрылыс жобасында бекітілген көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау;

4) монтаждалған технологиялық, инженерлік немесе өзге де жабдықтар мен инженерлік жүйелерге бақылау мақсатындағы сынамалау мен сынақтар жүргізу;

5) құрылыс объектісі пайдалануға жарамсыз болған жағдайда, тапсырыс берушіге тиісті уәжді қорытынды ұсыну.

9. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне қол қою құрылыс объектісі түпкілікті қарап-тексерілгеннен және осы тарауда белгіленген талаптар сақталғаннан кейін жүзеге асырылады.

10. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісінсіз құрылыс объектісін пайдалануға жол берілмейді. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағында өнеркәсіптік (өндірістік) объектілерді пайдалануға іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу кезінде жол беріледі. Стандарттау және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, іске қосу-баптау жұмыстары кезінде шығарылатын өнімдер құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілгеннен кейін өткізіледі.

11. Құқықтық кадастрдың цифрлық жүйесіне жаңадан салынған жылжымайтын мүлікке ғимараттардың, құрылысжайлардың және (немесе) олардың құрамдас бөліктерінің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісі негіз болып табылады.

12. Тапсырыс беруші құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілгенге дейін қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеу қағидаларына сәйкес мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеу үшін инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімін мемлекеттік қала құрылысы кадастрына жібереді.

 

133-бап. Тапсырыс беруші (меншік иесі, инвестор) өз бетінше пайдалануға қабылдап алатын құрылыс объектілері