Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 4 наурыздағы № 148 Қаулысы
«Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Үкіметінің
2026 жылғы 4 наурыздағы
№ 148 қаулысымен
бекітілген
Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне
қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленген және жылу энергетикасы саласындағы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бюджеттік сұраным - Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес ұсынылатын құжаттар жиынтығы;
2) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы - Заңға сәйкес әзірленетін және бекітілетін, тиісті аумақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті ұсынуға перспективалық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасын дамыту жөніндегі әрекеттер кешенін сипаттайтын және негіздейтін құжат;
3) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері - ұзақ мерзімді (стратегиялық) перспективада қол жеткізу жоспарланатын түйінді көрсеткіштердің мәндері;