Сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2000 ж. 18 желтоқсандағы № 126-II Заңы (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

Ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға рұқсат беру уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға рұқсат бергені үшін мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалатын алым төленеді.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) сақтандыру холдингі уәкілетті органның алдын ала келісімін алмай тұрып ұйымның капиталына қомақты қатысуды иеленген жағдайда уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына және (немесе) сақтандыру холдингіне осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады. Осындай жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) сақтандыру холдингі өздерінің капиталында қомақты қатысуы бар ұйымның оларға тиесілі акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен және (немесе) сақтандыру холдингімен ерекше қатынастар арқылы байланысты емес тұлғаларға иелігінен шығаруға және растайтын құжаттарды алты ай ішінде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 12-тармақ өзгертiлдi

12. Мазмұнына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға рұқсат алуға арналған өтініш осы баптың 4-тармағының 1-1), 2), 3), 4), 5), 6) және 11) тармақшаларында көзделген құжаттар қоса беріле отырып ұсынылады.

Ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға рұқсат беруден бас тарту осы баптың 6-тармағында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13-тармақ өзгертiлдi; 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 13-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

13. Уәкілетті орган еншілес ұйымды құруға, оған ие болуға, ұйымның капиталына қомақты қатысуға берілген рұқсатты:

1) рұқсат беруге негіз болған анық емес мәліметтер;

2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) сақтандыру холдингі капиталына қомақты қатысатын ұйымның еншілес ұйымының қызметі осы Заңның 48-бабы 3-тармағының ережелеріне сәйкес келмеуі анықталған жағдайларда кері қайтарып алады.

Еншілес ұйымды құруға, оған ие болуға, ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

Еншілес ұйымды құруға, оған ие болуға, ұйымның капиталына қомақты қатысуға берілген рұқсат кері қайтарып алынған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) сақтандыру холдингі алты ай ішінде көрсетілген ұйымдардағы өздеріне тиесілі акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) осы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен және (немесе) сақтандыру холдингімен ерекше қатынастар арқылы байланысты емес тұлғаларға иеліктен шығаруды жүргізуге және растайтын құжаттарды уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 13-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

13-1. Уәкілетті орган еншілес ұйымды құруға, оған ие болуға, ұйымның капиталына қомақты қатысуға бұрын берген рұқсаттың күшін жоюға:

1) ұйымның тиесілі акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің иеліктен шығаруы;

2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің еншілес ұйымды бақылау белгілерінің болмауы;

3) еншілес ұйымның таратылуы негіздер болып табылады.

Уәкілетті органнан бұрын берілген рұқсаттың күшін жою туралы хабарлама алынған күннен кейінгі күннен бастап бұрын берілген рұқсаттың күші жойылды деп есептеледі.

14. Осы баптың талаптары:

2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) мынадай шарттардың бірі:

сақтандыру холдингінде, сақтандыру холдингінің белгілерін иеленген тұлғада тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингінің, сондай-ақ аталған тұлғалар шыққан елдің қаржылық қадағалау органының олардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауының болуы;

уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісімнің, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингінің болуы орындалған кезде сақтандыру холдингі, сақтандыру холдингінің белгілерін иеленген тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденттері еместердің еншілес немесе тәуелді ұйымдары болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденттері еместерге, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының резиденттері емес еншілес және тәуелді ұйымдарды құрған немесе иемденген кезде сақтандыру холдингі, сақтандыру холдингінің белгілеріне ие тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденттері еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді;

2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)

2) банк холдингтері немесе банктер болып табылатын және уәкілетті органның «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген тиісті рұқсаты бар сақтандыру холдингтеріне қолданылмайды.

2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 15-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 15-тармақ өзгертiлдi (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

15. Егер банк холдингі немесе банк болып табылмайтын сақтандыру холдингі Қазақстан Республикасының заңнамасында оларға қатысты капиталға қатысуға тиісті рұқсат беру құжаттарын алу көзделген еншілес қаржы ұйымын құрған немесе сатып алған не қаржы ұйымының капиталына қомақты қатысуды сатып алған жағдайда, уәкілетті орган, рұқсат бергені үшін алымның төленгенін растайтын құжатты қоспағанда, осы бапта көзделген тиісті құжаттар ұсынылмай сақтандыру холдингіне қаржы ұйымының акцияларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын беретін тиісті құжатты берумен бір мезгілде еншілес ұйымды құруға немесе сатып алуға және (немесе) ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға рұқсат береді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары сақтандыру холдингі мәртебесін иеленуге ниет білдірген тұлғаларға қолданылады.

 

2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.07.05. № 244-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2007.19.0 2. № 230-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 33-бап өзгертілді; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

33-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру брокерінің филиалдары мен өкілдіктерін құру, жабу

1. Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы директорлар кеңесінің шешімі негізінде, Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру брокері, қатысушылардың жалпы жиналысының не акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде уәкілетті органның келісімінсіз Қазақстан Республикасының аумағында да, оның шегінен тыс жерде де өзінің оқшауланған бөлімшелерін - филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері өзінің филиалы мен өкілдігі Корпорацияда есептік тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде:

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) филиал немесе өкілдік туралы ереженің көшірмесін;

2) филиалдың немесе өкілдіктің бірінші басшысына берілген сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесін қоса бере отырып, уәкілетті органға олардың ашылуы туралы хабар беруге міндетті.

3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан сақтандыру қызметін жүзеге асырады және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзіне берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен бірыңғай балансы, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.

4. Сақтандыру брокерінің филиалы өз қызметін сақтандыру брокерінің атынан жүзеге асырады және сақтандыру брокері өзіне берген өкілеттіктер шегінде әрекет етеді. Сақтандыру брокері филиалының сақтандыру брокерімен бірыңғай балансы, сондай-ақ сақтандыру брокерінің атауымен толық сәйкес келетін атауы болады.

5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өкілдігі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атынан және оның тапсырмасы бойынша жұмыс істейді және сақтандыру қызметін жүзеге асырмайды.

6. Сақтандыру брокерінің өкілдігі сақтандыру брокерінің атынан және оның тапсырмасы бойынша әрекет етеді және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу бойынша сақтандыру брокерінің делдалдық қызметін жүзеге асырмайды.

2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

7. Осы Заңның 53-5-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген қолданыстағы санкцияның болмауы, сондай-ақ филиал Корпорацияда есептік тіркелген күннің алдындағы үш ай ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 227-бабының екінші бөлігінде, 229, 230-баптарында, 239-бабының төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаларды уәкілетті органның қолданбауы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің филиалдарын ашудың міндетті шарттары болып табылады.

8. Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру брокері аяқталған соңғы қаржы жылының қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің қызметі залал шекпеген жағдайда өкілдік ашуға құқылы.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

9. Филиал, өкілдік туралы ережелерге Корпорацияда есептік қайта тіркелуді талап ететін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері Корпорацияда есептік қайта тіркелу күнінен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға филиал, өкілдік туралы ережелерге өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмесін ұсынуға міндетті.

Филиал, өкілдік туралы ережелерге Корпорацияда есептік қайта тіркелуді талап етпейтін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы хабарламаны қабылдап алуға уәкілеттік берілген орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің құжаттарын қабылдап алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға олардың қабылдап алынғанын растайтын құжатты, филиал, өкілдік туралы ережелерге өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмесін ұсынуға міндетті.

10. Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру брокері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде филиалдар мен өкілдіктер ашқан жағдайда, мемлекеттің тиісті органында тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға мемлекеттің тиісті органында тіркелгенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, олардың ашылғаны туралы жазбаша хабар беруге міндетті.

11. Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері уәкілетті органның келісімін алмастан өз өкілдігін ашуға құқылы.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 12-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12. Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің өкілдігі Корпорацияда есептік тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде:

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) өкілдік туралы ереженің көшірмесін;

2) тиісті мемлекеттің сақтандыруды қадағалау органының Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қызметіне арналған қолданыстағы лицензиясы бар екені туралы жазбаша растамасын не сақтандыруды қадағалау органының жазбаша растаманы беру Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы шыққан елдің заңнамасында көзделмегені туралы мәлімдемесін;

3) тиісті мемлекеттің сақтандыруды қадағалау органының Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің сақтандыру брокері қызметін жүзеге асыруға арналған қолданыстағы лицензиясы бар екені туралы жазбаша растамасын немесе егер тиісті мемлекеттегі сақтандыру брокерінің қызметі лицензияланатын қызмет түрі болмаса, тіркеу нөмірін көрсете отырып, электрондық растаманы не сақтандыруды қадағалау органының жазбаша растаманы беру Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокері шыққан елдің заңнамасында көзделмегені туралы мәлімдемесін;

4) тиісті мемлекеттің сақтандыруды қадағалау органының Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің өкілдігін ашуға қарсы еместігі туралы жазбаша хабарламасын не тиісті мемлекеттің сақтандыруды қадағалау органының немесе беделді заң қызметінің Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокері мемлекетінің заңнамасы бойынша мұндай рұқсат талап етілмейтіндігі туралы мәлімдемесін;

5) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің өкілдігі басшысының атына нотариат куәландырған сенімхатты қоса бере отырып, ашылуы туралы уәкілетті органға жазбаша хабар беруге тиіс.

2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 13-тармақ жаңа редакцияда

13. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарын ашуға осы Заңда көзделген шарттарда рұқсат етіледі.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 14-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

14. Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің өкілдігі Корпорацияда есептік тіркелген (қайта тіркелген) күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға өкілдік туралы ережеге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгені туралы, осы құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, хабар беруге міндетті.

Өкілдік туралы ережеге қайта тіркеуді талап етпейтін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің өкілдігі енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы хабарламаны қабылдауға уәкілеттік берілген орган Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокері өкілдігінің құжаттарын қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға олардың қабылданғанын растайтын құжатты, филиал, өкілдік туралы ережеге өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынуға міндетті.

2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 15-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

15. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері өзінің филиалын және (немесе) өкілдігін Корпорацияда (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде филиалдың немесе өкілдіктің қызметі тоқтатылған кезде - мемлекеттің тиісті тіркеуші органында) есептік тіркеуден шығарған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері филиалының және (немесе) өкілдігінің есептік тіркеуден шығарылғанын растайтын Корпорация (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде филиалдың немесе өкілдіктің қызметі тоқтатылған кезде - мемлекеттің тиісті тіркеуші органы) құжатының көшірмесін қоса бере отырып, олардың, өздерінің қызметінің тоқтатылғаны туралы жазбаша хабар беруге тиіс.

2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 16-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

16. Уәкілетті орган осы баптың 7, 8, 12 және 14-тармақтарының талаптары орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру брокерінің филиалын және (немесе) өкілдігін және Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезиденті-сақтандыру брокерінің өкілдігін жабуды талап етеді.

Уәкілетті орган осы баптың 2, 9, 10 және 15-тармақтарының талаптары орындалмаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, сақтандыру брокеріне қадағалап ден қою шараларын қолданады.

 

ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.23.12 № 107-III ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2009 ж. 1 қаңтарда қолданысқа енді);2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 34-бап өзгертілді; 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)

34-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің және сақтандыру брокерінің басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар

2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді бұр.ред.қара, 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді бұр.ред.қара)

1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларын және олардың бас бухгалтерлерін қоспағанда, басқару органының басшысы мен мүшелері, атқарушы органның басшысы мен мүшелері, бас бухгалтер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының екі және одан көп құрылымдық бөлімшесінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және сақтандыру қызметін және (немесе) инвестициялық қызметті жүргізуге негіз болатын құжаттарға қол қою құқығы бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзге де басшылары сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшы қызметкерлері болып танылады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атқарушы органы мүшелерінің кемінде біреуінің уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген актуарийлерді оқытудың ең қысқа міндетті бағдарламасы курстарының кемінде елу пайызын тыңдағандығы туралы растайтын құжаттары болуға тиіс.

Басшы және оның орынбасарлары, бас бухгалтер сақтандыру брокерінің басшы қызметкерлері болып танылады.

2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1-1. Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының екі және одан көп құрылымдық бөлімшесінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және солардың негізінде сақтандыру қызметі жүргізілетін құжаттарға қол қою құқығына ие Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының басшысы және оның орынбасарлары, өзге де басшылары, бас бухгалтер Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының басшы қызметкерлері болып танылады. Қазақстан Республикасы бейрезидент- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының кемінде екі басшы қызметкері Қазақстан Республикасының резиденті болуға тиіс.

Басшы және оның орынбасарлары, бас бухгалтер Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкерлері болып танылады.

Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының басшысы және оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшысы және оның орынбасарлары заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының не атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның, басқа қаржы ұйымдарында және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарында, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарында, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарында басшы қызметкер лауазымын атқаруға құқылы емес.

2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (

1-2. Осы баптың мақсаттары үшін басшы қызметкер лауазымына кандидат деп сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкері лауазымын атқару ниеті бар жеке тұлға немесе тәуелсіз директор болып табылатын басқару органының басшысы немесе мүшесі лауазымына сайланған адам түсініледі.

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бір жүз жиырма күн ішінде Ұлттық Банкке сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің барлық басшы қызметкерлеріне қаржы жылы ішінде төлеген кірістер туралы мәліметтерді қамтитын есептілікті уәкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша ұсынуға міндетті.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақы, сондай-ақ оларға материалдық көтермелеудің басқа да түрлерін есептеу бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің ішкі саясатына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.

2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)