Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасына тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қою қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2025 жылғы 17 сәуірдегі № 130 бұйрығы
(2026.12.03. берілген өзгерістермен)
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2026.26.02. № 76 бұйрығымен кіріспе жаңа редакцияда (2026 ж. 12 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 10-32) тармақшасына және «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасына тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қою қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 168 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33835 болып тіркелді);