Вакцинамен және басқа да медициналық иммунобиологиялық
препараттармен жұмыс істеу туралы Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 17 маусымдағы № 484 бұйрығы
Осы редакция 2007 ж. 11 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10) тармақшасына және "Дәрілік заттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес, вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың алдын алу және азайту мақсатында Бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Вакциналар мен басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттарды сақтау және тасымалдау жөніндегі ереже;
2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес "Вакцинамен және басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттармен жұмыс істеу шарттарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (бұдан әрі ҚР ДСМ МСЭҚК) мыналарды:
1) облыстардың және Астана, Алматы қалаларының тұрғысында вакциналар мен басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттарды (бұдан әрі - МИБП) қолданудың ай сайынғы мониторингін жүргізуді;
2) вакциналар мен басқа да МИБП-ны сақтау және тасымалдау жағдайының тоқсан сайынғы мониторингін қамтамасыз етсін.
3. Облыстардың және Астана, Алматы қалаларының денсаулық сақтау, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларының (департаменттерінің) басшылары мыналарды:
1) барлық келіп түсетін вакциналар мен басқа да МИБП есепке алуды;
2) вакциналар мен басқа да МИБП-ны сақтау және тасымалдау жағдайының ай сайынғы мониторингін;
3) медициналық қызметкерлерді жыл сайын вакциналармен және басқа да МИБП-мен жұмыс істеу жөнінде даярлауды жүргізуді қамтамасыз етсін.
4. ҚР ДСМ МСЭҚК (Байсеркин Б.С.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.